Дүниеде біз ойлағандай рахаттықтың болмайтынын білген адам уайымға берілмейді. Егер дүниеде рахаттық болғанда, ол пайғамбарларға нәсіп болар еді. Алайда олар көрген қиыншылықтар басқаларға қарағанда әлдеқайда көп.
Адам баласы әр қалаған нәрсесіне қолжеткізе бермейді. Пенденің айтқаны бола бермейді. Бай кісі байлығын өмірінің соңына дейін сақтай алмауы мүмкін. Бұлардың бәрі қайғы-қасіретке себеп болады.
Қайғыларымыздың азаюының ең үлкен шарасы – тағдырға иман келтіру және Раббымыздың тағдырына разы болу. Біз оған разы болсақ, ол да бізге разы болады. «Тағдырға сенген кісі қайғыдан құтылады» делінген.
Ибраһим бин Әдхам хазреті бір адамның қайғырып отырғанын байқап қалады. Қасына жақындап оған үш сұрақ қояды:
«Дүниеде болатын құбылыстардың барлығы Аллаһу та'аланың тағдырынсыз бола алады ма?» Бұл сұраққа адам «Жоқ» деп жауап береді.
Екіншісі: «Саған ажыратылған ризықты басқа біреу жей алады ма?» Бұл сұраққа да «Жоқ» дейді.
Үшіншісі: «Саған берілген, тағдырыңа жазылған өмірің қысқаруы мүмкін бе?» Адам бұған да «Жоқ» деп жауап береді. Сонда Ибраһим бин Әдхам хазреті ол адамнан: «Онда неге қайғырып отырсың?» деп сұраған екен.
Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Басыма қиыншылық келген кезде үш нәрсеге шүкіршілік етемін:
1) Дініме келмегендіктен. Ең үлкен қиыншылық – дінге келгені, одан кейін денеге, содан соң мал-мүлікке келгені. Дінге келген қиыншылық ахиреттік өмірге тікелей қатысты. Мысалы, бір уақыт намазды біліп тұрып қазаға қалдыру ең үлкен ауруға шалдығудан жаман.
2) Үлкенірегі келмегеніне шүкіршілік етемін. Қандай қиыншылық болса да, одан да үлкені келуі мүмкін. Яки оның қасында басқа қиыншылық болуы мүмкін. Апатта бір баласынан айрылған кісі екі баласынан да айрылуы мүмкін еді.
3) Басымызға келген қиыншылықтарға сабыр етсек, бұл күнәларымызға өтем болады...»
Істеген әрбір күнәміздің жазасын тартамыз. Раббымыз сүйіктілерінің жазасын осы дүниеде береді, дүниедегі жаза оңай. Ал жақсы көрмейтін құлдарының жазасын ахиретке қалдырады...
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір кісіге көңілін сұрап барады. Сөйтсе әлгі кісі ауырғанынан азып тозып, терісі мен сүйегі ғана қалған екен. Пайғамбарымыз сұрайды:
- Сен дұға еткенде не тілейсің?
- Мен «Йа, Раббым! Менің жазамды осы дүниеде бер, ахиретке қалдырма» деймін.
Бұл жауапты алған пайғамбарымыз оған айтады:
- Сен оның дүниедегі жазасына да шыдай алмайсың. Сен «Раббана әтина» дұғасын оқы! Дүниеде де, ахиретте де жақсылық нәсіп етуін сұра!..
Әлгі ауру кісі бірнеше күн осы дұғаны оқыды, жазылып, намазын мешітте жамағатпен оқи бастады.
Біз әлсіз болып жаратылғанбыз, бұл дұғаны көп оқиық:
«Раббанә әтина фиддуния хасанатән уә фил ахирати хасанатән уә қина азабәннар».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024