Тозақ оты жақпайтын адамдар

Дін ғұламаларымыздың айтуынша, ата-анаға жақсылық жасау баланың мойнына парыз. Ешқашан және ешқандай себеппен оларға дөрекі сөйлеуге рұқсат жоқ. Аллаһу та'ала «Исра» сүресінде былай деген:

«Ата-ананың бірі немесе екеуі де қартайған кезде олардан жалығып «Уф» деме! Ауыр сөздер айтпа! Оларға жұмсақ және жылы сөйле!»

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Үш топ адамға тозақ оты тимейді. Олар: күйеуіне бағынған әйел, ата-анасына жақсылық жасаған перзент және адамдарға қамқор болған кісі.»

Ата-ана залым болса да, зұлымдық көрсетсе де, перзент оларды ренжітпеуі керек. Әкенің, ананың, күйеуінің, ешкімнің Исламға қайшы бұйрықтары орындалмайды. Бірақ, ата-анаға сонда да жылы сөйлеу, оларды ренжітпеу керек. Ата-ана тіпті кәпір болса, оларды шіркеуден, сыраханадан, арқалап болса да, алып келу керек. Бірақ, ондай жерлерге алып бару қажет емес.

Ата-ананың алдында барынша қарапайым, сыпайы, ізетті болып, оларға көзі тірісінде қызмет етіп, олардың разылығын алу, көңілін аулау керек.

Перзент ата-анасына мейіріммен, қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен қараған кезде оған сол қарағаны үшін қабыл болған қажылық сауабы жазылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әкесіне және анасына мейірім назарымен қараған перзентке қажылық және умра сауабы беріледі» деді. «Күніне мың рет қараса да солай ма?» деп сұралғанда: «Күніне жүз мың рет қараса да солай...» деп жауап берді.

Бір кісі пайғамбарымызға (алейһиссалам) келіп:

- Йа, Расулаллаһ, қолымда кәрі анам бар. Тамақ-шайын өз қолыммен ішкіземін. Дәретін алғызамын. Арқамда тасимын. Оның ақысын өтеген боламын ба? – деп сұрады. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай жауап берді:

- Жоқ, жүзден бірін де өтеген болмайсың. Сен тек оған жақсылық жасап жатырсың. Аллаһу та'ала осы аздаған жақсылығыңа көп сауап береді.

Ата-ана қайтыс болғаннан кейін де оларға жақсылық жасау әмір етілген. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Садақа берген адам садақасын неліктен мұсылман болған ата-анасының рухына бағыштамайды? Алайда, егер солай істесе, берген садақасының сауабы олардың рухына тиюімен қатар, олардың сауабындай сауап, мүлдем кеміместен, оған да жазылады.»

Ата-ананы зиярат етпеу үлкен күнә. Алыста болса, ең болмағанда сәлем жолдап, хат арқылы жылы сөздер жазып, телефон соғып, олардың көңілін аулау керек, осылайша осы күнәдан құтылу қажет.

Әкенің, ананың баласына жасаған дұғасы пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы сияқты, осыны естен шығармайық...