Сұрақ: Халал (адал) мал-мүлікті жақсы көріп, құмар болудың зияны бар ма?
Жауап: Халал мал-мүлікті қажеттіліктен артық жинау мәкрух. Зекетін бермесе, азапқа себеп болады. Хадис шәрифте: «Ақшаның құлына, ақшаға табынатын адамға лағнет болсын!» делінген. Дүниелік мал-мүліктің соңынан жүгіру нәпсінің құмарлығының (қалауларының) соңынан жүгіруден де жаман. Мал-мүліктің, ақшаның соңынан жүгіру Аллаһу та'аланың бұйрықтарын ұмыттыратын болса, бұған «Дүниелікке берілгендік» делінеді. Аллаһ зікірі (ойы) болмаған жүрекке шайтан орналасады. Шайтанның ең үлкен айласы – адамға қайырымды амалдар жасатқызып, оған өзін тақуа, жақсы адам деп санатқызу. Ондай адам өзінің құлы болады. Хадис шәрифте: «Өткен үмбеттердің әрқайсысына фитналар берілді. Менің үмбетімнің фитнасы – мал-мүлік, ақша жинау болады» делінген. Дүниеліктің соңына түсіп, ахиретті ұмытып кетеді.
Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала адамды жаратқан кезде ажалын, өмірін және ризығын тағдырға жазып қойған» делінген. Адамның ризығы өзгермейді, азаймайды да, көбеймейді де, әрі уақытынан кешікпейді. Адам өз ризығын іздегеніндей, ризық та иесін іздейді. Көптеген кедейлер бар, байлардан да жақсы, олардан да бақытты өмір сүреді. Аллаһу та'ала өзінен қорыққандарға, дінін берік ұстанғандарға күтпеген жерінен ризық жібереді. Хадис құдсида: «Ей, дүние! Маған қызмет еткенге сен қызметші бол! Саған қызмет еткенді қина!» делінген. Хадис шәрифте: «Йа, Раббым! Мені жақсы көргендерге қайырлы мал-мүлік бер. Маған дұшпан болып жүргендерге көп мал-мүлік пен көп бала-шаға бер!» делінген.
Байлардың бірі қайтыс болған екен. Артында үлкен үйі және екі баласы қалды. Үлкен үйді екі ұлы бөлісе алмады. Таласып жатқанында қабырғадан дауыс шықты. «Мен үшін бір-біріңе дұшпан болмаңдар. Мен кезінде патша едім. Ұзақ өмір сүрдім. Өлгеннен кейін қабірде жүз отыз жыл жаттым. Денем шіріп, топыраққа айналды, сол топырағымнан ыдыс-аяқ жасалды. Қырық жыл үйде қолданылды. Сынған кезде көшеге тасталдым. Кейін менен кірпіш жасады. Осы қабырғаны көтерген кезде қолданылды. Бір-біріңмен таласпаңдар. Сендер де мен сияқты боласыңдар» деді.
Дүниені жақсы көру, яғни дүниеге берілу дегеніміз – нәпістің қалауларын, жағымды нәрселерді және оларға қолжеткізудің себебі болған ақшаны харам жолдардан іздеу деген сөз. Дүниеге берілу – қиялдың соңынан жүгіруге жатады. Өйткені, дүниелік рахаттықтың зияны пайдасынан әлдеқайда көп. Қолыңда қалмайды, тез таусылады. Ал оған қолжеткізу өте қиын. Мүлдем пайдасы болмағандарына арабша «Лаб» және «Ләһв» делінеді, яғни ойын-сауық дегенді білдіреді.
Хадис шәрифте: «Дүниелік болған нәрселер малғұн (лағнеттелген). Аллаһ үшін болған нәрселер, Аллаһу та'аланың разы болғандары малғұн емес» делінген. Дүниелік болғандардың Аллаһтың дәргейінде ешқандай қадірі жоқ. Ислам үкімдеріне сай табылған және қолданылған ризық дүниелікке жатпайды. Ол дүниенің ниғметі саналады.
Хадис шәрифте: «Дүниелікке берілу – қателіктердің басы» делінген. Яғни ол әртүрлі қателіктерге себеп болады.
Дүниенің соңынан жүгірген адам күмәнді нәрселерге, кейін мәкрухтарға, кейін харамдарға, тіпті күпірге түседі. Өткен үмбеттердің пайғамбарларына сенбеуінің себебі – дүниеге берілуі болған еді. Мұса алейһиссалам Тур тауына бара жатқанында біреудің қатты жылап отырғанын көрді. «Йа, Раббым! Мына құлың сенен қорыққанынан жылап отыр» деді. Сонда «Көзінен қан ақса да оны кешірмеймін. Өйткені, ол дүниеге берілген» делінді. Хадис шәрифте: «Дүниені халалдан тапқандар ахиретте есепке тартылады. Ал харамнан тапқандарға бірден азап беріледі» делінген. (Ислам Ахлақы)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024