Ең қажетті және ең пайдалы білім қайбірі?

Хужжәт-ул-Ислам Имам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) хазретіне жылдар бойы қызмет етіп, одан білім алған бір шәкірті хат жазып былай сұраған екен:

- Ұстаз, жылдар бойы бейнетпен көп нәрсе үйрендім. Енді осыншама білімнен маған ең қажетті және ең пайдалы болғаны қайбірі? Ахиретте маған көмекке келетін, қабірде дүниедегі достарым мені жалғыз қалдырып кеткенде маған жолдас болатын, қабірден тұрғанда анасы баласынан, ағасы інісінен, дүниедегі достар бір-бірінен қашып, жеке басының қамын ойлайтын кезде мені құтқаратын білім қайбірі? Соны біліп алып, сол білімге берік болсам деймін. Ал дүниеде, ахиретте пайдасы жоқ болғаны қайбірі? Соны біліп алып, ол білімнен аулақ болсам деймін. Өйткені, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Пайдасыз білімді үйренуден, Аллаһу та'аладан қорықпайтын жүректен, дүниелікке тоймайтын нәпістен, Аллаһ үшін жыламайтын көзден, қабыл болуға лайықсыз дұғадан Аллаһу та'ала бізді қорғасын!» деген...

Имам Ғазали хазреттері шәкіртіне мынадай жауап жазып жолдады:

- Ей, сүйікті ұлым және адал досым! Бүкіл насихаттар пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламнан алынған. Одан келмеген насихаттар пайдасыз. Пайғамбарымыздың әлемге жайылған насихаттарының бірі мынадай:

«Аллаһу та'аланың бір құлына мейірім көрсетпейтіндігінің, оған ашуланып, азап беретіндігінің белгісі – оның дүние мен ахиретке пайдасы тимейтін нәрселермен айналысуы, уақытын қажетсіз бос нәрселермен өткізуі. Адам өмірінің бір сағаты Аллаһу та'ала ұнатпайтын нәрсемен өтсе, қанша көп өкінсе де, қайғырса да, орны бар. Адамның, қырық жастан асса да, қайырлы амалдары, яғни сауаптары жаман істерінен, яғни күнәларынан көбірек болмаса, тозаққа дайындала берсін!»

Бұл хадис шәрифтің мағынасын жақсы түсінгендерге бұл насихат жеткілікті болады. Жақсылап біліп ал, амалсыз білім адамды құтқармайды. Мұны саған мысал келтіріп түсіндірейін:

Бір адам тауда жүргенде алдынан арыстан шықса, қолында мылтығы мен қылышы болса, оларды жақсы қолдануды білсе, қаншалықты ержүрек болса да, сол құралдарды қолданбастан арыстаннан құтыла алады ма? Құтыла алмайтынын өзің де білесің. Дәл осы сияқты, адам қаншалықты білімді болса да, білгенімен амал етпейтін болса, білімінің еш пайдасын көрмейді...

Біліп қой, еңбектенбегенше, дін жолында жүрмегенше сауап ала алмайсың! Әрбір ісіңнің, ғибадатыңның дінге сай болуы қажет. Пайғамбарымыз осы себептен бұрыннан қалған білімдер мен әдеттердің үкімін жойды, өзгертті. Олай болса, Ислам дінінің рұқсаты болмастан ауыз ашпау керек. Исламда орны болмаған сөздер мен білімдер және шәһуатпен араласқан ғапіл жүрек тозақтық болудың және пәлекеттің белгісі...