Сұрақ: Расулуллаһқа арнап құрбандық шалғанда қалай ниет етіледі, неге мән беру керек?
Жауап: «Сауабын пайғамбарымыздың мүбәрәк рухына арнап, Аллаһ разылығы үшін құрбандық шалуға ниет еттім» деп ниет етіледі. (Бәдайи) Басқа қайтыс болған жақындарымызға да солай ниет етуге болады. Мысалы, қайтыс болған әкенің рухы үшін соярда «Сауабын әкемнің рухына арнап Аллаһ разылығы үшін құрбандық шалуға ниет еттім» деуге болады.
Расулуллаһ алейһиссаламға арнап құрбандық шалу мүстаһаб және өте сауапты. Пайғамбарымыз өзі екі құрбандық шалатын. Бірі өзі үшін, екіншісі үмбеті үшін еді. Шалған құрбандығы туралы «Бірі өзім және бала-шағам үшін, екіншісі құрбандық шала алмайтын үмбетім үшін» дейтін. Расулуллаһ соңғы (қоштасу) қажылығына барғанда жүз құрбандық түйе алып барды. 63-ін өзі сойды. Кейін пышақты хазреті Әлиге берді. Қалғандарын ол сойды. Осылайша 63 жыл өмір сүретініне белгі берген болды. (Жәуһара, Рух-ул-баян)
Кез-келген ғибадаттың сауабын Расулуллаһтың мүбәрәк рухына да бағыштауға болады. Ибн Омар хазреттері пайғамбарымызға арнап умра жасады. Ибн-ус-Сарраж Расулуллаһқа арнап он мың хатым оқып, мубәрәк рухына арнап құрбандық шалған еді.
Олай болса, әр мұсылман жасаған ғибадаттарының сауабын Расулуллаһ алейһиссаламнан бастап, ата-анасына және бүкіл мұсылмандарға бағыштауы керек! Сауабы бәріне тиеді. Өз сауабы еш кемімейді. Бұл Аллаһу та'аланың бізге деген мейірімі.
Сұрақ: «Пайғамбарымызға нәпіл құрбандық шаламыз» деген ниетпен әр адамнан 500-1000 теңгеден жинайтындар бар. 50-100 адамның бір қойды құрбандыққа шалуы рұқсат па?
Жауап: Жоқ, рұқсат емес.
Пайғамбарымызға құрбандық шаламыз деген сөз дұрыс емес. Әулиелерге, пайғамбарларға немесе басқа біреуге құрбандық шалынбайды. Құрбандық шалып, сауабын олардың рухына бағыштайды.
Сауабын пайғамбарымызға бағыштау немесе басқа нәпіл ниетімен болса да, бір қойды тек қана бір адам соя алады. Ал сиырды ең көп жеті адам союына болады. Нәпіл құрбандық ретінде бір қойды екі немесе одан көп адам, ал сиырды сегіз немесе одан көп адам соя алмайды.
Құрбандық – қой, ешкі, сиыр немесе түйеден бірін құрбан айттың алғашқы үш күнінде құрбандық ниетімен сою деген сөз. Бір сиырды немесе бір түйені жеті адамға дейін ортақ болып союға болады. Ешқайсысының үлесі жетіде бірден аз болмауы керек. Сегіз адамның жеті сиырды және екі адамның екі қойды сатып алып, ортақтасып союына болмайды, өйткені, әрқайсысының әр малда өзінің үлесі бар.
Сондай-ақ, пайыз болмауы үшін етті таразыда тартып, салмағын теңдей бөлісу қажет. (С.Әбәдия)
Дінде осындай бидғаттар шығармау керек. Мұсылман кісі діннің бұйрықтарына бағынады. Менің ниетім жақсы деп айту адамды құтқармайды. Хадис шәрифте: «Тозақ жақсы ниеттілерге толы» делінген. Яғни жақсы ниетпен дінге қайшы амал еткен адам тозаққа түседі деген сөз. Мысалы, кәпір әйелді мұсылман қылу дегендей жақсы ниетпен онымен зина жасаған немесе дұшпанның алдында қуатты болу дегендей жақсы ниетпен шарап ішкен адам харам істеген болады, жақсы ниеті оны мүлде құтқармайды. «Амалдар ниетке байланысты жақсы немесе жаман болады» деген хадис шәриф мубах амалдарға қатысты, харамдарға қатысы жоқ. Көп адам бұл хадис шәрифті қате түсініп «Ниет маңызды, менің ниетім жақсы» деп жасап жүрген бидғаттары мен харамдарын жақсы қылып көрсетуге тырысады. Жақсы ниетпен харам халалға айналмайды.
Сұрақ: Сауабын пайғамбарымызға бағыштау ниетімен құрбандық шалуға болады ма?
Жауап: Расулуллаһ алейһиссалам екі құрбандық шалатын. Бірін өзіне, бірін үмбетіне шалатын. Пайғамбарымыз үшін де құрбандық шалу мүстаһаб және үлкен сауап болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024