Жазықсыз қарғау қабыл болмайды!

Дініміз өз-өзін, бала-шағасын, мүлкін және малын қарғауға, жаман сөз айтуға тыйым салған.Тілімізді қарғыс айтуға үйретпеуіміз керек! Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе қарғыс айтпаңдар! Дұғаларың қабыл болатын уақытқа тура түсіп қалса, қарғыстарың орындалады.» (Мүслим)

Күнәхарларды, бидғатшыларды және кәпірлерді де есімдерін атап қарғау дұрыс емес. Әсіресе, мұсылман кісіні кәпір деуден, оған қарғыс айтудан сақтану керек! Қарғыс айтқан адамына қайтып келеді. Хадис шәрифте былай делінеді: «Пенде қарғыс айтқан кезде қарғалған адам лайықты болмаса, қарғысы өзіне қайтады.» (Бәйһақи)

Жазықсыз қарғау қабыл болмайды. Патшалардың бірі айтып берген:

«Өткінші қызық және ойын-сауықтарымыз бізді маңызды шаруалармен айналысуымызға бөгет болды. Әскерімізге қажетті түрде мән бермейтін болдық, айлықтарын қысқарттық. Көмекшілеріміз азайды. Мемлекетіміздегі адамдарға зұлымдық жасадық. Зұлымдығымыздан құтылу үшін олар қарғыс айтты, қиындықтардан құтқаратын билік сұрап жалынды. Бұлардың бәрінен де маңызды болғаны, лайықты және маманы болмаған адамдарды үлкен қызметтерге тағайындадық, маңызды жұмыстардың басына отырғыздық. Міне, осы себептен үлкен мемлекетіміз құлады, мүлкіміз қолдан кетті.»

Мұсылмандардың патшасына, мемлекет басшысына бағынуы және жақсы дұға етуі Әһли сүннет сенімінен. Фиқһ кітаптарында жазылғанындай, патшаға қарғыс айту дұрыс емес, жақсы дұға ету керек. (Р.Насихин)

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Патшаға жақсылық тілеп дұға еткен адам хидаят (тура жол) табады. Қарғыс айтқан және жақсылық тілемеген адам адасады.» (Дәйләми)

Қарғыста да ерекше жағдайлар болады. Мысалы, Аллаһу та'ала, пайғамбарымыз және Ислам ғұламалары залымдарға, кәпірлерге қарғыс айтқан...

Аяти каримада былай делінеді:

«Біз кітапта айқын белгілегеннен кейін, біз түсірген анық дәлелдерді және хидаятты жасырғандар бар ғой, соларды әрі Аллаһ лағнет етеді (қарғыс айтады), әрі бүкіл қарғаушылар лағнет етеді.» (Бақара 159)

Хадис шәрифте де пайғамбарымыз: «Бидғатшыларға лағнет (қарғыс) болсын!» деген. (Дәйләми)

Пайғамбарымыздың есімін атап қарғаған кездері де болған. Мысалы, мына оқиға:

Әбу Ләһәбтің ұлы Утәйбә «Тәббәт» сүресі келген кезде Расулуллаһты (алейһиссалам) мазақтады. Расулуллаһ ренжіп, «Йа, Раббым, мынаған бір жануарды бәле қыл» деді. Әбу Ләһәбтің ұлы Утәйбә Шамға бара жатқанда, жолда түнеуге тоқтағанда бір арыстан келіп, ұйықтап жатқан жолдастарын бір иіскеп өтіп кетті. Утәйбаға рет келгенде оны бөлшектеп тастады. (Мират-и каинат)

Қорыта айтқанда, ешкімді өз нәпсі үшін қарғау дұрыс емес.