Баршаға жақсылық жасау, қарыз немесе садақа беру үлкен сауап. Бірақ, өтеуге тырысып, қарызын өтей алмай жүрген кедейлерді қинамау керек. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Қиямет күнінің қиыншылықтарынан құтылуды қалаған адам күнкөрісі төмен, қиналып жүрген кісіге қарыз мерзімін созсын немесе кешірсін!» (Мүслим)
Қарызын шынымен де бере алмай жүргендерге уақыт беру үлкен сауап. Хадис шәрифте былай делінген:
«Қиыншылықтан құтылуды, қалағанына қолжеткізуді және Арштың көлеңкесінде паналауды қалаған адам күнкөрісі төмен адамның қарызының мерзімін созсын немесе ол қарызды кешіріп жіберсін!» (Абдурраззақ)
«Қияметте күнәсі көп бір мұсылман есепке тартылады. Ол адам: «Менің ешқандай жақсылығым жоқ. Тек қызметшіме «Кедей болған қарыздарларды қинама, мүмкіндіктері болған кезде берсін деп айт, тағы бір нәрсе сұрап келсе, сұрағанын бер, қолын бос қайтарма!» деп айтатынмын» дейді. Аллаһу та'ала ол адамды кешіріп, былай дейді: Ей, құлым, бүгін сен кедейсің, мұқтажсың. Сен дүниеде менің құлдарыма жанашыр болғаныңдай, бүгін біз де саған жанашыр боламыз.» (Бұхари)
Әбу Бәкір бин Әли бин Абдуллаһ бір кісінің былай айтып бергенін жеткізген:
«Бір жұма күні жұма намазын оқуға мешітке барған едім. Алдымдағы сапта байсалды, ықыласты бір кісіні байқадым. Үздіксіз намаз оқып жатқан еді. Жұма намазы басталғанша нәпіл намаз оқыды. Оның айбындылығынан жүрегімде оған деген сүйіспеншілік пайда болды. Кейін жұма намазын оқуға тұрдық. Әлгі кісі абыржыған күйде киіміне бүркеніп, біреуден тығылғандай болды. Намаздан кейін себебін сұрадым. Былай түсіндірді:
- Менің бір кісіге қарызым бар. Осы себептен, ұялғанымнан осылай істеймін.
- Кімге қарызсың.
- Мына артымда тұрған кісіге.
Сөйтсе, алашақты кісі Далеж бин Ахмед хазреттері екен. Бұл сөздерді Далеждің сол саптағы досы естіп, барып жағдайды айтып берді. Далеж бин Ахмед ол кісіні үйіне шақырды. Үйіне келгенде дастархан жайып, сый-сияпат көрсетіп, әлгі кісіге:
- Сенің қарызың ұмытылды, - деп қарызды кешіп жіберді. Одан бөлек тағы бес мың дирхам сыйлық беріп:
- Мешітте мені байқап, қарыз болғаныңнан қиналып, абыржығаның үшін кешір, - деді.»
Мұхаммед Рази айтып берген:
«Жылдар бойы Хатим Әсамның үйінде қызмет еттім. Жұмсақ мінезді кісі еді. Бір рет қана ашуланғанын көрдім. Ол базардан өтіп бара жатқанда бір дүкендегі сатушы оның сүйікті шәкіртін ұстап алып:
- Тауарымды алдың ғой, қарызыңды өте, - деп жатқан еді. Хатим мұны байқап:
- Ей, мырза! Қарызын өтеуге біраз уақыт бер, көмегің тисін, - деді. Бірақ дүкен сатушысы:
- Жоқ, болмайды, - деп қоймады. Бұған қатты ашуланған Хатим Әсам қолындағы орамалымен жерді ұрды. Бір сәтте базардың ортасы алтынға толды. Хатим Әсам сатушыға:
- Саған қанша қарыз болса, сонша ал, ашкөз болып, артық алушы болма, әйтпесе қолын құрыйды, - деді.
Сатушы алашағын алды, бірақ ақшақұмарлығынан көбірек алуға тырысқанында бірден қолы құрып, істемей шолақ болып қалды...»
Осындай қиын күндерде қарызын өтей алмай жүргендерді қинамаған жандарға сүйінші...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024