УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (4)

39) Таифта мұсылман қанын төккен сорлылар кейіннен Меккеге шапса да, қажылық мезгілі болғандықтан, қалаға кіруге қорқты. Мекке халқы Таифтағы мұсылмандардың қырып тасталғанын естігенде Шәриф Ғалиб мырза уаһһабилерге қарсы қорғану үшін Жиддаға әскер жинауға кетті. Бірақ, Мекке халқы Таиф оқиғасынан қатты қорқып, уаһһабилерге елші жіберіп жалынды. 1218 [м.1803] жылы мухаррам айында уаһһабилер Меккеге кіріп, өз ақидаларын (сенімдерін) қалада жая бастады. Қабір зиярат еткендерді, Расулуллаһтың кесенесіне барып дұға еткендерді өлтіреміз деп мәлімедеді. Он төрт күннен кейін шәриф Ғалибты тұтқындауға Жиддаға аттанды. Шәриф Ғалиб мырза Жидда қамалынан батылдықпен шабуылдап, уаһһаби қарақшыларының көбін өлтірді. Қалғандары Меккеге қашты. Халықтың жалбараныуының арқасында Шәриф Ғалибтің бауыры шәриф Абдулмуинды Меккеге әмір тағайындап, өздері Дәрийяға қайтып кетті. Шәриф Абдулмуин мырза уаһһабилердің азабынан меккеліктерді қорғай алу мақсатымен әмір болуға көнген еді.

Шәриф Ғалиб мырза қарақшылардың жеңілісінен отыз сегіз күн өткеннен кейін Жидда әкімі Шәриф пашамен Жиддадағы әскерді ертіп, Меккеге келді. Ол жерде қалдырылған қарақшыларды қуып шықты. Әмірлікті қайтадан өзіне алды. Қарақшылар меккеліктерден кек алу үшін Таиф маңындағы ауылдарды басып, көп адам өлтірді. Осман-ул-Мудайықи деген оңбағанды Таифқа әкім қылып тағайындады. Осман Мекке айналасындағы қарақшыларды жинап, көп санды тобымен 1220 [м.1805] жылы Мекке қаласын қоршап алды. Меккедегі мұсылмандар айлар бойы қиыншылық тартты. Аш қалды. Соңғы күндерінде тіпті жеуге иттің етін де таба алмайтын жағдайға түсті. Шәриф Ғалиб мырза халықты аман алып қалу үшін дұшпанмен келісімге келуден басқа шара жоқ екенін түсінді. Мекке әмірлігі өзінде қалу және мұсылмандардың жанына, мал-мүлкіне тиіспеу шартымен қаланы тапсырды.

Меккені алғаннан кейін уаһһабилер Мәдинаға да шапқыншылық жасады. Қалаға басып кірді. Бүкіл әлем мұсылмандары жіберген құнды сыйлықтар сақталатын «Хазина-и нәбәуия» деген пайғамбар қазынасында мың жылдан бері жиналып келген әлемнің ең құнды тарихи жәдігерлерін тонады. Мұсылмандарға мұнда жазуға қолымыз бармайтын жаман, ұят тірліктер жасады. Мубарак бин Мағян деген бір адамды әкім қылып қалдырып, өздері Дәрийяға кетті. Мекке мен Мәдина қалаларын жеті жыл ұстап тұрған олар сол жеті жыл Әһли сүннет қажыларын Меккеге кіргізбеді. Қағбаны «Қайлан» деп аталатын қара матадан жасалған екі жамылғымен қаптады. Қорқор (кальян) шегуге тыйым салды. Шеккендерді таяққа жығып сабады. Мекке мен Мәдина халқы олармен мүлдем араласпай, оларды жақтырмайтын еді.

Меккедегі мұсылмандарға көрсеткен қорлықтары мен қинағандары жайлы Әйюб Сабри пашаның (рахимә-һуллаһу та'ала) 1301 [м.1883] жылы басылған «Мират-ул-Харамейн» кітабының бірінші томында былай баяндалған:

Мекке қаласындағы мұсылмандарға және жыл сайын қажыларға көрсетілген қорлықтар өте көп болды.

Сауд Мекке халқына және олардың әмірі Шәриф Ғалиб мырзаға жиі-жиі бопсалаған хаттар жолдап тұратын. Бірнеше рет әскер жіберіп, Меккені қоршап алды, дегенмен 1218 [м.1802] жылға дейін бұл қаланы ала алмады. Шәриф Ғалиб мырза 1217 жылы Жидда әкімі және Шам мен Мысыр қажы тайпаларының басшыларын жинап, «Қарақшылар Мекке қаласына шабуылдамақшы. Маған көмектесетін болсаңдар, олардың көсемдері Саудты ұстап аламыз» деді. Олар келіспеді. Шәриф Ғалиб мырза өз бауыры шәриф Абдулмуинды орнына өкіл ретінде қалдырып, Жиддаға кетті. Шәриф Абдулмуин Меккенің әмірі болғанда Әһли сүннет ғалымдарынан Мұхаммед Тахирды, сәйид Мұхаммед Әбу Бәкірді, Мир Ғаниды, сәйид Мұхаммед Аққасты, Абдулхафыз Ажемиді Сауд бин Абдулазизге жіберіп, кешірім мен қамқорлық сұрады. 1218-ші жыл еді. Сауд мұны қабылдап, әскерімен Меккеге келді. Абдулмуинды өзінің әкімі етіп жариялады. Кесенелердің, мазарлардың барлығын қиратты. Уаһһабилердің сенімі бойынша, Мекке мен Мәдина халқы Аллаһу та'алаға ғибадат етпей, кесенелерге табынады екен-міс. Егер кесенелер мен мазарлар жойылса, бәрі қайта Аллаһқа табына бастайды екен-міс. Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммедтің ойынша, хижралық 500 [м.1106] жылдан кейін қайтыс болған мұсылмандардың барлығы кәпір болып, ширкке батып өлген. Исламның хақ жолы оған аян беріп білдірілген екен-міс. Уаһһаби болғаннан кейін өлгендерді оған дейін өлген мүшриктердің қасына жерлеуге болмайды екен-міс.

Сауд Шәриф Ғалиб мырзаны (рахметуллаһи алейһ) ұстап алу және Жидданы басып алу үшін Жиддаға шабуылдады. Бірақ, Жидда халқы сол жақтағы Османлы әскерімен бірігіп, оларға қарсы ержүректілікпен қақтығысты. Саудтың әскерін жайпап жіберді. Сауд қашқандарды жинап, Меккеге қайтты.

Шәриф Абдулмуин мырза (рахимә-һуллаһу та'ала) Меккедегі мұсылмандарды өлімнен және зорлық-зомбылықтан құтқару үшін уаһһабилерге дос болып көрінгенімен, азғын уаһһабилер күн сайын азаптауды және қарақшылықты арттыра берді. Шәриф Абдулмуин мырза жылы сөзбен қарым-қатынас құрудың мүмкін емес екенін түсінді. Шәриф Ғалиб мырзаға (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар жолдап, «Саудтың Меккеде, ал әскерінің [Муалла] деп аталатын алаңдағы шатырларда екендігін, біраз әскермен барса, Саудты қолға түсіре алатындығын» айтты.

Шәриф Ғалиб мырза (рахимә-һуллаһу та'ала) мұны естігенде Жидда әкімі Шәриф пашамен бірге және таңдаулы әскерін алып, бір түнде Меккедегі уаһһабилерді басты. Шатырларды қоршап алғанымен, Сауд қашып құтылды. Әскері қаруын тапсырып, кешірім сұрады. Кешірімдері қабылданды. Мекке қаласы залымдардан құтқарылды. Бұл жетістік Таифтағы уаһһабилерді де үрейге түсірді. Олар да қан төкпестен бағынды. Осман Мудайықи деген залым адамдарымен бірге Йемен тауларына қашты. Меккеден шыққандары ауылдарды және тайпаларды қыспаққа түсіргендіктен, Шәриф Ғалиб мырза (рахметуллаһи алейһ) «Бәни Сақиф» тайпасына дереу хабаршы жолдады. «Таифқа барып, уаһһабилерді басыңдар! Қолға түсіргендеріңнің бәрі сендердікі болсын» деді. Бәни Сақиф тайпасы қарақшылардан кек алу үшін Таифқа шабуыл жасады. Таиф осылайша азат болды.

Осман Мудайықи Йемен тауларындағы сауатсыз, жабайы ауылдықтарды жинап, жолда кезіккен уаһһабилерін де қосып алып, Меккені қоршап алды. Халық үш айдай қалада қатты қиналды. Шәриф Ғалиб мырза он рет қоршауды бұзбақшы болғанымен, жүзеге асыра алмады. Меккеде азық қалмады. Нанның бiр келісі бес риялға, майдың бiр келісі алты риялға көтеріліп кетуімен қатар, сататындар да болмады. Халық ит, мысық жеді. Кейіннен оларды да таба алмай қалды. Шөп, ағаш жапырағын жей бастады. Олар да қалмаған соң, қорлық көрсетпеу және қан төкпеу шартымен Мекке қаласы Саудқа тапсырылды. Шәриф Ғалиб мырзаның мұнда кінәсі жоқ еді. Бірақ, алдын ала оны тыңдайтын тайпалардан жәрдемші әкелгенінде, бұл жағдайға түспейтін еді. Тіпті, меккеліктер Шәриф Ғалиб мырзаға жалынып, «Бізді қолдайтын тайпалардан жәрдемші әкелсеңіз, қажылық мезгіліне дейін төтеп бере аламыз. Мысыр және Шам қажылары келгенде құтыламыз» деген еді. Ол өзі де «Мұны бас кезінде жасай алатын едім, қазір мүмкін емес» деп басындағы қателігін мойындаған болатын. Уаһһабилерге берілгісі де келмеді. Бірақ, халық «Мубәрәк атаңыз Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұшпанмен келісім жасаған еді. Сіз де келісімге келіп, бізді бұл қиыншылықтан құтқарыңыз. Расулуллаһтың сүннетін орындаған боласыз. Өйткені, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мәмілеге келу және келісімге отыру үшін хазреті Османды [Худайбиядан] Меккедегі құрайштықтарға жіберген еді» деді. Шәриф Ғалиб мырза халықтың бұл өтінішін орындауға асықпай, соңына дейін келісім жасамады. Халық шыдай алмайтын жағдайға келгенде Меккедегі Абдуррахман есімді молданың талап етуімен келісім жасауға көнді. Шәриф Ғалиб мырза (рахметуллаһи алейһ) бұл әрекетін алдын ала ойластырып, қулық жасаған еді. Абдуррахманның араға түсуімен Саудтың азаптауының алдын алған болды. Мұсылмандарға «Келісімге өз қалауымсыз бардым. Әйтпесе қажылық мезгіліне дейін күтетін едім» деп халық пен әскерді өзіне баурап алды.

Осы келісімнен кейін Абдулазиздың ұлы Сауд Меккеге кірді. Қағбаны ұсқынсыз киізбен қаптады. Шәриф Ғалиб мырзаны (рахметуллаһи алейһ) қызметінен босатты. Перғауын сияқты барлық жерге шапқыншылық жасап, ақылға қонымсыз қорлықтар жасай бастады. Шәриф Ғалиб мырза Османлылардан көмек келмегеніне ашуланып, «Саудтың Меккеге орналасуының себебі – Османлы мемлекетінің немқұрайлылығы» деген сөзді халық арасына жайды. Османлы мемлекетін ашуына тиiп, әрекетке түсіру үшін Мысыр мен Шам қажыларын Меккеге кіргізбеу керектігін Саудқа иландырды.

Шәриф Ғалиб мырзаның (рахметуллаһи алейһ) бұл сөздері Саудтың қаһарына және азаптауды арттыруына жол ашты. Әһли сүннет ғалымдарының көбісін және Меккенің зиялылары мен ауқаттыларын ұстап алып, азаптап өлтірді. Уаһһаби екендігін айтпағандарды қорқытты. Сауда орындарында, базарларда, көшелерде адамдар жар салғызып: «Саудтың дініне кіріңдер! Оның үлкен көлеңкесінің астына кіріңдер!» дегізді. Мұсылмандарды  Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммедтің дініне кіруге мәжбүрледі. Шөлдегі ауылдардағыдай қалаларда да хақ дінін және дұрыс мазһабын қорғай алатын сенімді адамдар күрт азайды.

Шәриф Ғалиб бұл ауыр жағдайларды көріп, Арабстан шөлдеріндегідей, Хижазда және қасиетті қалаларда да Ислам діні жойылып кететінін түсініп, Саудқа мынадай хабар жолдады: «Қажылықтан кейін Меккеде қалатын болсаң, Османлы мемлекетінің Стамбұлдан жіберетін әскеріне төтеп бере алмайсың. Лезде ұсталып, өлтірілесің. Қажылықтан кейін Меккеде қалма, тез шығып кетіп қал!» дегенімен, бұл сөздер Саудтың азғындап, қорлықтарын арттыруына жол ашты.

Сауд бин Абдулазиз жан-жағына зұлымдық, қорлық алауын жайған кездерінде Әһли сүннет ғалымдарының бірін шақырып: «Хазреті Мұхаммед (алейһиссалам) қабірінде тірі ме? Әлде біздің сеніміміз бойынша, мәйіттер сияқты өлі ме?» деп сұрады, «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) біз білмейтін өмірмен тірі» жауабын алды. Сауд бұл сұрақты, оның жауап бере алатынын ойлап, қорлап өлтіру үшін сұраған еді. «Пайғамбардың қабірінде тірі екендігін бізге көрсет, біз саған сенейік. Сандырақтап жауап беретін болсаң, менің хақ дінімді табан тіреп қабылдамағаның кесірінен сені өлтіремін» деді. Әһли сүннет ғалымы: «Сырттан бір нәрсе көрсетіп, сені сендіруге талпынбаймын. Жүріңдер, бірге Мәдинаға барайық! «Муважәһә-и са’адат» терезесінің алдына тұрайық. Мен сәлем берейін. Егер сәлеміме жауап берсе, сонда сенесің. Расулуллаһтың қабірінде тірі екендігіне, сәлем бергендерді еститіндігіне және жауап беретіндігіне көз жеткізген боласың. Сәлеміме жауап берілмесе, менің өтірікші екендігім аңғарылады. Маған қалаған жазаңды берсең болады» деді. Сауд бұл сөздерді естігенде Әһли сүннет ғалымын жібере салды. Сауд бұл жауапқа қатты ашуланған еді. Өйткені, егер бұл әрекетке барса, өз сенімі бойынша өзі де кәпір, мүшрик болып қалар еді. Не істерін білмей сасып қалды. Өйткені, бұған жауап беретіндей білімі жоқ еді. Масқара болмау үшін ғалымды босатып жіберді. Кейін өз адамдарының біріне «Мына молданы тауып өлтіресің және өлгенін маған дереу хабар бересін» деді. Аллаһу та'аланың тағдырымен бұл уаһһаби сәті түспей ол кісіні өлтіре алмады. Бұл қорқынышты хабар тілден тілге өтіп, сол кісіге дейін жетіп барды. Ол кісі бұдан былай Меккеде тұрудың қауіпті екенін ойлап, басқа жерге хижрет етті.

Сауд ол кісінің Меккеден шығып кеткенінен хабар тапты. Оны өлтіру үшін артынан ақылы баскесер жолдады. Баскесер «Әһли сүннет адамды өлтіремін, көп сауап аламын» деп күндіз-түні тоқтамай жүрді. Әлгі кісіге жетіп барғанымен, ол өз ажалымен біраз уақыт бұрын қайтыс болған еді. Ол кісінің түйесін ағашқа байлап, өзі су іздеп, бір құдық басына кетті. Келген кезінде түйенің өзін ғана көрді, әлгі кісіні таба алмай қалды. Саудқа барып, болған жағдайды айтып берді. Сауд «Иә, иә! Мен ол кісінің зікір және тәсбихпен аспанға көтерілгенін түсімде көрдім. Нұрлы жүзді біреулер «бұл мәйіт – пәленше деген кісі. Ақыр заман пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұрыс сенгендіктен, мәйіті аспанға көтерілді» дегенін естідім» жауабын бергенде «Мені осындай мүбәрәк кісіні өлтіруге жібересің. Аллаһу та'аланың оған берген ихсанын, сыйын көріп тұрсаң да, қате сеніміңді түзетпейсің» деп сөге бастады. Өзі тәубе етті. Сауд адамының бұл сөздеріне құлақ та аспады. Осман Мудайықиды Меккеге әкім қылып тағайындап, өзі Дәрийяға кетті.

Сауд бин Абдулазиз Дәрийяда қалды. Мәдинаны да жаулап алды. Қажылық жасағысы келгендерді және сөзуар болғандарын бірге алып, Меккеге қарай жолға шықты. Уаһһабилікті мақтайтын және жаятын молдалары алдында жүрген еді. Олар Меккеге кіргенде 1221 [м.1806] жылы, Мухаррам айының жетінші жұма күні Абдулуаһһаб ұлы жазған уаһһаби кітабын «Мәсжиди харам» ішінде оқып, түсіндіре бастады. Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) оларға жауап берді. Бұл жауаптары «Сәйф-ул-Жәббар» кітабында жазулы. Шамамен он күннен кейін Сауд бин Абдулазиз да келді. Шәриф Ғалиб мырзаның «Муалла» деген жердегі қонақжайына орналасты. Шәриф Ғалиб мырзаға достық ишарасы ретінде үстіндегі жамылғысының бір бөлігін оның үстіне жапты. Шәриф Ғалиб мырза да оған достық ишарасын көрсетті.

Шәриф Ғалиб мырза Саудпен бірге Мәсжиди Харамға кіріп, қағбаны тауаф етті.

1221 [м.1806] жылы Шамнан қажылыққа келе жатқан керуеннің Меккеге жақындаған хабары келді. Сауд ол қажыларды Меккеге кіргізбейтінін хабарлау үшін Мәсуд бин Мудайықи есімді адамын керуенге жіберді. Мәсуд керуенге барып: «Сендер бұған дейін айтылған шарттарды орындамадыңдар. Сауд бин Абдулазиз сендерге Салих бин Салих арқылы бұйрық жолдаған болатын. Әскерсіз келіңдер деген еді. Неге әскерлеріңді ертіп келдіңдер? Бұйрыққа бағынбағандарың үшін Меккеге кіре алмайсыңдар» деді. Қажылық керуенінің әмірі Абдуллаһ паша қажылыққа келгендерін айту және рұқсат сұрау үшін Юсуф пашаны Саудқа жіберді. (Паша – Османлы мемлекетіндегі жоғары лауазым атауы.) Сауд Юсуф пашаны көргенде: «Паша! Аллаһтан қорқпасам, бәріңді өлтірер едім. Харамәйн халқы үшін және араб тұрғындары үшін алып келген алтын дорбаларыңды мұнда әкеліп, өздерің дереу кері қайтыңдар! Бұл жылы қажылық жасауға сендерге тыйым салдым» деді. Юсуф паша алтын дорбаларды тапсырып, кері қайтты.

Шам керуеніне қажылық жасауға тыйым салынғаны туралы хабар жан-жаққа жайылды. Хабардар болған мұсылмандар абыржып қалды. Меккедегі мұсылмандар бізге де Арафатқа шығуға тыйым салыныпты деп ойлап, қайғырып жылады. Ертеңіне меккеліктердің Арафатқа баруына рұқсат берілгенімен, махфә және тахт-и рәуан (адам тасуға арналған үсті жабық, таққа ұқсас, салтанатты зембіл) ішінде жүруге тыйым салынды. Қазылар, ғалымдар және бәрі жаяу, есек немесе түйемен Арафатқа барды. Арафат алаңында хұтбаны Мекке қазысының орнына уаһһабилердің бірі оқыды. Қажылықтан кейін бәрі Меккеге қайтты.

Сауд Арафаттан қайтқан соң Мекке қазысы Хатиб-зада Мұхаммед мырзаны қызметінен босатып, орнына уаһһабилердің арасынан Абдуррахманды тағайындады. Абдуррахман болса Мұхаммед мырза мен Мәдина бас имамы Суада бекті және Мекке қаласының өкілі Атаи мырзаны шақыртып, жердегі киізге отырғызды. Саудқа бағыныңдар деді. Ғалымдар уаһһаби сенімі бойынша «Лә илаһа иллаллаһ уаһдәһу лә шәрикә ләһ» деп, қол алысып орындарына отырды. Сауд күліп: «Мен сендерді және Шамнан қажылыққа келген керуенді Салих бин Салихқа тапсырдым. Салих менің сенімді адамым. Оған сенемін. Адам таситын және жүк таситын түйелер үшін әрқайсысына үш жүзден және есек үшін жүз елу тиыннан беру шартымен Шамға қайтуларыңа рұқсат бердім. Осылай арзанға Шамға қайтуларың сендерге жасаған үлкен сияпатым болсын. Менің арқамда рахаттанып, қуанып кететін болдыңдар. Қажылардың барлығы осылай келіп кететін болады. Менің әділетім осындай. Османлы мемлекетінің патшасы сұлтан үшінші Сәлим хан хазреттеріне (рахметуллаһи алейһ) хат жаздым. Қабірлердің үстіне кесене салуға, өлілерге атап құрбандық шалуға және оларды арашы қылып дұға етуге тыйым салуын талап еттім» деді.

Саудтың Меккеде орналасуы төрт жылға созылды.

1227 [м.1812] жылы Мысыр әкімі Мұхаммед Әли паша Сұлтан Махмұд Адлиден (рахметуллаһи та'ала алейһима) келген бұйрық бойынша Жиддаға барды. Жиддадан және Мәдинадан жіберген Мысыр әскерлерімен бірігіп, қанды шайқастан кейін Саудты Меккеден қуып шықты.