Сұрақ: Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарын ұстанатын адам ауырмайды деген рас па?
Жауап: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) медицина ғылымын әрқалай мақтады:
«Ғылым екіге бөлінеді: Дене білімі, діни білім.» Яғни «Ғылымдар арасында ең қажеттісі рухты қорғайтын діни білім және денені қорғайтын саулық білімі» деп, бәрінен бұрын рух пен дененің бақуат болуына тырысу керектігін бұйырды. Ислам діні дене білімін діни білімнен бұрын үйренуді әмір етеді. Өйткені, барлық жақсылықтар дененің сау болуы арқылы жасала алады.
Қазіргі таңда барлық университеттерде оқытылып жатқаны бойынша, дәрігерлік екі бөлімнен тұрады:
Біріншісі, гигиена, денсаулықты сақтау.
Екіншісі, терапия, ауруларды емдеу.
Бұл екеуінің біріншісі маңыздырақ. Адамдарды аурулардан қорғау – медицинаның алғашқы міндеті. Науқас адам жазылатын болса да, көбінесе, қал-жағдайы нашарлап қалады. Ислам діні медицинаның бірінші міндеті – гигиенаны қамтамасыз етеді. «Мәуаһиб-и ләдунния» кітабында Құран кәрімнің медицинаның екі бөлімін де қолдайтындығын аяти карималар көрсетіліп дәлелденген.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Рим императоры Гераклиуспен хат жазысып тұратын. Бір ретінде Гераклиус көп сыйлықтар жолдаған еді. Бұл сыйлықтардың бірі – дәрігер еді. Дәрігер келгенде:
- Мені император сізге қызмет етуім үшін жіберді. Науқастарыңызды тегін емдеймін! – деді. Расулуллаһ қабыл етіп, оны бір үйге орналастырды. Күндер, айлар өтті, бірақ дәрігерге ешкім келмеді. Ақыр соңында дәрігер пайғамбарымызға келіп:
- Сізге қызмет етуге келген едім, бірақ маған бірде-бір науқас та келмеді. Бос отырдым, ішіп-жедім, кеткенім жөн болар, – деп рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз:
«Өзің білесің. Егер қаламын десең, қонаққа қызмет ету, оған сый-сияпат көрсету мұсылмандардың міндеті. Кетемін десең, онда жолың болсын. Бірақ, біліп қой, егер осында жылдар бойы қалсаң да, саған ешкім келмейтін еді. Өйткені, сахабаларым ауырмайды! Ислам діні ауырмау жолын көрсеткен. Сахабаларым тазалыққа аса мән береді. Қарындары ашпағанша ештеңе жемейді және дастарханнан әлі тоймастан тұрып кетеді» деді.
Денсаулығына және тазалыққа мұқият болған мұсылманның денсаулығы мықты болып, оңайшылықпен ауырып қалмайды. Өлім хақ. Ешкім өлімнен құтыла алмайды және кезкелген аурудың нәтижесінде өледі. Бірақ, ол уақытқа дейін денсаулығын сақтай алуы тек қана мұсылмандықта әмір етілген негіздерге және тазалыққа мән беру арқылы мүмкін болмақ.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024