Сұрақ: Кей адамдар өте қажет болып тұр деп пайызға ақша алады және мұны рұқсат дейді. Шынымен де қажеттілік үшін пайызға ақша алу дінімізде рұқсат па?
Жауап: Бұл жайында Имам Раббани хазреттері «Мәктубат» кітабында былай дейді:
«Үстіне қосып төлеу шартымен қарыз беру пайызға жатады. Мұндай келісім-шарт харам болып табылады. Харам келісім-шартпен алынған заттың бәрі харам болады. Мысалы, он екі келі қайтарасың деген шартпен он келі бидайды қарыз берсе, алынған он екі келінің бәрі харам болады. Пайызға қарыз берудің және алудың харам екендігі Құран кәрімде анық айтылған. Өте қажет болса да, болмаса да пайызға қарыз алу харам. Мұқтаж кезде пайыз харам емес деп айту Құран кәрімнің әмірін өзгерту болады. «Қыния» кітабы Құран кәрімнің әмірін өзгерте алмайды. Қынияның бұл жазбасын дұрыс деп қабылдасақ та, бұл жердегі қажеттілік сөзіне зәрулік және өлім қаупі деген мағына беру керек. Осылайша, «Маида» сүресінің: «Өлімге себеп болатын қиын жағдайға түскен» деген төртінші аятының рұқсатын пайдаланған болады.
Пайызға қарыз алу үшін қажеттіліктің бәрі үзір (кешірімді себеп) болғанда, пайыздың харам етілуіне себеп қалмас еді. Аллаһу та'аланың бұл тыйымы орынсыз, қажетсіз болар еді. Бір сәтке қажеттілігі бар адамның бәріне пайызға ақша алу рұқсат деп ойласақ, қажеттілік те зәруліктің бір түрі. Зәруліктің дәрежелері бар. Қонақ шақыру (той жасау) үшін пайызға ақша алу қажеттілік емес. Мәйіттің қалдырған мүлкінде мәйіттің қажеттіліктері – кебіні мен жаназа шығындары екендігі кітаптарда жазылған. Оның әруағына деп ас беруге қажеттілік делінбеген. Мәйіт садақаның сауабына бәрінен де мұқтаж бола тұра, оның рухына тисін деп ас беруді Ислам діні әмір етпеді. Олай болса, бұларды жасау пайызға ақша алу үшін қажеттілік, үзір болады ма? Өлінің қажеттілігі деп қабылдағанның өзінде, пайызға алынған ақшамен піскен тамақтарды жеу халал болады ма?
Бала-шағаның көп болуын үзір, қажеттілік деп санап, пайызға ақша алуды рұқсат және халал деу мұсылманға жараспайды. Осындай бәлеге ұшыраған адамдарға тура жолды көрсету керек. Қажеттілікті халалдан табуға болатын жолдар көп. Осындай жолдарды іздеу керек. Іздеп таба алмаған жағдайда тек қана напақа қажеттілігі, яғни азық-түлік, киім-кешек және баспана қажеттілігі зәрулік күйін алады. Бұл зәрулік тек баспана үшін ғана туындауда.»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024