Зина – дінімізде тыйым салынған ең үлкен күнәлардың бірі. Өйткені, хадис шәрифте: «Аллаһ дәргейінде зинадан асқан күнә жоқ» делінген. Бұл үлкен күнә мәселесінде дініміз көп тоқталған . Бұл күнә адамға дүниеде де, ахиретте де зиянын тигізеді, әрі барлық діндерде тыйым салынған және жаман деп қабылданған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зинаның дүниеде және ахиретте себеп болатын жамандықтарын былай көрсетті:
«Зинаның дүниеде үш жамандығы бар: біріншісі, әдемілікті және жарқын жүзділікті кетіреді. Екіншісі, кедейлікке себеп болады. Үшіншісі, өмірінің қысқаруына себеп болады. Ахиреттегі үш зиянына келер болсақ, Аллаһу та'аланың ашуына себеп болады. Екіншісі, сұрақтың, есептің жаман өтуіне себеп болады. Үшіншісі, тозақ отында азап шегуге себеп болады.»
«Нұр» сүресіндегі аяти каримада: «Мүминдерге айт, бөтен әйелдерге қарамасын және зина жасамасын! Әрі мүмин әйелдерге айт! Олар да бөтен еркектерге қарамасын және зина жасамасын!» делінген.
Жүрек көзге бағынады. Көз харамнан сақтанбаса, жүректі қорғау қиынға соғады. Жүрек харамға берілсе, зинадан сақтану қиын болады. Олай болса, иманды болғандардың, Аллаһу та'аладан қорқатындардың харамға қарамауы керек. Тек осы жолмен ғана өзін қорғау, дүние мен ахиретте зияннан құтылу мүмкін болмақ.
Аллаһу та'ала Құран кәрімде әйелдердің, қыздардың бөтен еркектермен жағымды дауыспен, жылы сөйлесуіне, осылайша жаман адамдардың жүректеріне жамандық түсіруіне тыйым салуда, бұған себеп болмайтындай түрде сөйлеуін талап етуде.
Дініміз әйелдердің бөтен еркектер үшін сәнденуіне тыйым салуда. Білезіктерінің дауысын естіртпеу үшін ақырын, дауыссыз жүруін әмір етуде. Яғни күнәға себеп болатын барлық нәрсе де күнә. Олай болса, күнәға, харамға себеп болатын нәрселерден сақтану керек. Құран кәрімде: «Зинаға жоламаңдар! Өйткені, ол жаман, төмен іс, жаман жол» делінген. (Исра 32)
«Зинаға жоламаңдар» дегені – зинаға жетелейтін себептерден, іс-әрекеттерден сақтаныңдар, бөтен әйелдерді ойламаңдар, олармен сөйлеспеңдер, олардың дауысын тыңдамаңдар, оларға қарамаңдар деген сөз.
Ашық-шашық киіну жаман істерге жол ашуы мүмкін. Құран кәрімде: «Ей, Расулым, мүминдерге айт, харамға қарамасын және әурет жерлерін харамнан қорғасын! Мұсылман әйелдер де әшекейлерін көрсетпесін, орамалдарын жағаларына дейін жауып алсын!» делінген.
Бөтен әйелдерге қарау көзді әлсіретеді, жүректі қарайтады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Бөтен әйелді байқағанда Аллаһу та'аланың азабынан қорқып одан бетін бұрған адамға Аллаһу та'ала ғибадаттың дәмін сездіреді.»
«Харамға қарамайтын көздер тозақ отын көрмейді.»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024