Қайырлы перзент жетілдіру адамның ең үлкен мақсаты болуы керек. Құндылықтарымыздың сақталуы олар арқылы мүмкін болады. Бізден кейін өмірімізді олар жалғастырады. Біздің орнымызды олар басып, не мақтанышымыз, не масқарамыз болады.
Балаға қалдырылатын ең құнды мирас – жақсы тәрбие мен көркем мінез (ахлақ). Қайырлы бала өсіру үшін ер кісі салиха қызбен үйленуі керек, қыздар да салих жігітпен тұрмыс құруы қажет.
Бір адам балаларына айтқан екен:
«Балаларым, менің сендерге жасаған жақсылықтарым көп. Сендер әлі дүниеге келмей тұрып сендерге үлкен жақсылық жасадым.» Мұны естіген балалары:
«Біз дүниеге келгеннен кейін бізге жасаған жақсылықтарыңыз санауға келмейтіндей көп. Өзіңіз жемегеніңізді бізге жегіздіңіз, ішпегеніңізді ішкіздіңіз, бізге қамқор болып жетілдірдіңіз. Бірақ әлі дүниеге келмей тұрғанымызда бізге қандай жақсылық жасадыңыз?» деп сұрады. Сонда әкесі:
«Сендерге салиха ана таңдадым. Осының өзі жетпей ма?» деген екен.
Қайырлы перзент өсіру үшін ата-ана харам азықтан сақтануы керек, анасы сәбиін халал сүтімен емізуі қажет. Харамнан пайда болған, яғни харам жеп өскен денеден қайыр күту әбестік.
Бала дүниеге келгенде құлағына азан мен қамат айтылады. Жақсы есім қойылады. Жеті жасында намаз үйретіледі. Дінімізде білу әмір етілген нәрселер оған үйретіледі. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Әрқайсысың бір отардың шопаны сияқтысыңдар. Шопан отарын қорғағанындай, сендер де үйлеріңде және қоластыларыңда болғандарды тозақтан қорғауларың керек! Оларға мұсылмандықты үйретулерің қажет! Үйретпейтін болсаңдар, онда жауапкер боласыңдар!» Басқа хадис шәрифте:
«Көп мұсылман баласы әкелері кесірінен Уәйл атты тозаққа тасталады. Олардың әкелері тек қана ақша табу және рахат өмір сүру қызығына беріліп, тек қана дүниелік жұмыстардың соңынан еріп, балаларына мұсылмандықты және Құран кәрімді үйретпеді. Мен ондай әкелерден ұзақпын. Олар да менен ұзақ» делінген.
Бір адам баласының қолынан жетектеп хазреті Омар халифаға (радиаллаһу анһ) алып келеді. Баласынан шағымданып:
- Мына балам мені тыңдамайды, маған қарсы шығады, қандай болса да, жазасын беріңізші, – дейді. Мұсылмандардың халифасы хазреті Омар:
- Сен бұл балаға дінін үйреттің бе, Құран кәрім оқыттың ба? – деп сұрайды. Сонда әлгі адам «жоқ» деп жауап беріп, себебін былай түсіндіреді:
- Мен диқанмын, таңның ерте уақытында егістікке кетіп, кешке дейін жұмыс істеймін. Үйге шаршап келемін. Баламмен айналысуға уақытым жетпейді, – дейді. Мұны естіген хазреті Омар оған:
- Сенің балаңнан шағымдануға ақың жоқ. Оның сенен шағымдануға ақысы бар. Өйткені, сен балаңа егістігіңе қарағаныңдай мән бермеген екенсің, – деп ұрсады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024