Өткен сұхбаттарымыздың бірінде («Кемшіліксіз жар іздегендер бойдақ қалады» мақаласында) әйелдің күйеуі алдындағы ақысы туралы жазған едік. Ал енді еркектің әйелі алдындағы ақысы туралы сөз қозғайық.
Құнды кітаптарда «Еркектің әйелінің мойнындағы ақысы одан да көп» делінген. Әйел күйеуіне қолынан келгенше жылы жүзбен күлімдеп қарап, сүйіспеншілік көрсетуі керек, тілімен оны ренжітпеуі қажет. Хадис шәрифте былай делінген:
«Қияметте Аллаһу та'ала күйеуін тілімен жәбірлеген әйелдің тілін 70 аршын ұзын қылып, мойнына орайды. Күйеуіне жаман көзбен қараған әйелді де басы кесілген және денесі бөлшектенген күйге түсіреді.» (Шира)
Ерлі-зайыптылар жақсы қарым-қатынаста болып, бір-бірінің разылығын алуға тырысуы керек. Бір-бірінің жаман мінездеріне сабыр етуі қажет! Хадис шәрифте: «Жұбайының жаман мінезіне шыдаған еркек бәле-жалаға сабыр еткен Әйюб алейһиссалам сияқты марапаттарға қауышады. Күйеуінің жаман мінезіне сабыр еткен әйел де хазреті Әсия сияқты сауапқа қауышады» делінген. (И.Ғазали)
Бір күні хазреті Фатима жылап әкесінің алдына келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):
- Йа, Фатима, неге жылап жатырсың, - деп сұрады.
- Байқамай айтып қойған сөзіме күйеуім Әли маған ашуланды. Кешірім сұрадым. Бірақ, сонда да оны ренжіткенім үшін жылап жатырмын.
- Қызым, білмейсің бе, Аллаһу та'аланың разылығы күйеуінің разылығына байланысты. Әрдайым күйеуінің разылығын көздейтін, күйеуі одан разы болатын әйел қандай бақытты. Әйелдерге ең үстем ғибадат – күйеуіне бағыну. Еркек әйелінен разы болса, ол әйел қалаған есігінен жәннатқа кіруге ерікті болады. Күйеуін ренжіткен әйел, оны разы қылғанға дейін, Аллаһу та'аланың лағнетінде болады. (Р.Насихин)
Заманымыздың жұмыс шарттары ауыр, ақша табу өте қиын. Іскерлік әдеп, көркем мінез жоқ дерлік. Ер кісі көбінесе осы шарттар арасында көп қиыншылық шегеді. Кешке үйіне шаршап, дымы құрып келеді. Осындай күйде үйге келген еркек әйелінен ең аз дегенде жылы сөз, күлімдеген жүз және қамқорлық күтеді. Мұны көрмейтін болса, көңіл күйі бұзылып, күйзеліске түсіп, сөздері мен әрекеттері әдеттегідей қалыпты болмайды. Әйелдің міндеті – осы аталғандарды жасай алмаса, ең болмағанда үндемей отырып, оның көңіл күйін бұзбау. Ғалымдарымыз «Шаңырағында бақыты болмаған адам – зынданда» деген екен.
Дін ғұламалары айтады: «Шайтандар кәпірлермен емес, мұсылмандармен әуре болады. Шайтан әскерін таңертең жіберіп, кешке есеп сұрайды. Біреуі «Намазын бұздым» десе, екіншісі «Оразасын бұздым» дейді. Ал басқасы «Харам жегіздім» дейді. Шайтан бәріне «Жарайды» деп құптайды. Бірақ араларынан біреуі «Мен ерлі-зайыптылардың арасын бұздым» деген кезде шайтан бұған қатты қуанып, «Жарайсың» деп әбден мақтап, «Ең үлкен жұмысты сен атқардың, мұны жасай алған болсаң, қалғанының бәрі уақыт өте бұзылады» дейді. Сондықтан, үнемі сақ болып, шайтан мен нәпіске бұл мүмкіндікті бермеу керек.»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024