Адам ауру болса, дәрі қолданбастан жазылып кетуі өте қиын. Адамдар сабыр етуге мәжбүр. Сабыр етпейтін болса, бүкіл өмірі қиыншылықтармен өтеді.
Құран кәрімде жетпістен астам аяти карима сабырға шақыруда, сабыр етушілерге үлкен марапаттар берілетінін сүйіншілеуде. «Бақара» сүресінің 153-аяти каримасында былай делінген:
«Ей, иман келтіргендер! Сабыр етіп және намаз оқып Аллаһтан жәрдем тілеңдер. Күмәнсіз, Аллаһ сабыр етушілермен бірге.»
Сабыр ету адамдарға тән. Періштелерде сабыр болмайды. Оларда нәпіс жоқ, ауру жоқ. Жануарларда да сабыр болмайды. Оларда ақыл жоқ, бұған олар жауапкер емес. Адам осы екі болмыстың арасында жаратылған. Періштелер сияқты ақылды, жануарлар сияқты нәпсі бар. Ақылын жоғары тұтса, періштедей көтеріледі, тіпті дәрежесі періштелерден де өтіп кетуі мүмкін. Өйткені, періштелер өздері қаласа да, қаламаса да, жақсы жаратылыстар, олардан жамандық шықпайды. Ал адам жақсы бола алуы үшін көп күш жұмсауы керек. Екі үлкен дұшпаны болған нәпіс пен шайтанды жеңіп шығуы арқылы бұған жету мүмкін. Нәпсін жоғары тұтса, хайуан дәрежесіне қарай төмендейді, тіпті олардан да төмен түседі.
Кейбір адамдардың қиямет күні есебі жақсы шықпаса, тозаққа тасталады. Ал тозаққа тасталатын адам дүниеде адам болып емес, хайуан болып жаратылуды аңсайды. Өйткені хайуандар тозаққа кірмейді.
Отта жану өте ауыр, әсіресе тозақ отында! Дүниедегі өртену ауыртпалығы үш-бес минуттан кейін өліммен аяқталады, бірақ тозақтағы өртену өте ұзақ және өте ауыр.
Адам баласы бұл дүние өмірінде көптеген жағдайларға тап болады. Олардың кейбірлері дәл өзі қалағанындай болса, ал кейде өзі күтпеген, ойламаған жағдайларға кезігеді. Екеуінде де сабыр ету керек. Өз қалағандарына қолжеткізсе, мысалы мал-мүлік, атақ-даңқ, абырой, мансап, денсаулық және осыған ұқсас нәрселерге бөленсе, оларға көңілмен байланбай, оларды аманат деп біліп сабыр ету керек. Олардың бәрі өткінші, егер тәкәппарлыққа, менмендікке, бұзылуға жол ашса, басымызға үлкен пәлекеттің келуіне себеп болуы мүмкін.
Ниғметтерге сабыр ету қиыншылықтарға сабыр етуден қиынырақ. Адамдар емтиханда. Ол бір жағынан нәпсінің қалауларын істеуге итермелейтін күшпен күресуге, бір жағынан діни, әдеп-ахлақ және адамға тән өмірге қолжеткізуге мәжбүр. Бұл сабырмен, қалаумен және тәрбиемен мүмкін бола алады.
Соңғы кездері сахабалардың байлықтары артқанда олар: «Қиналып жүрген кездері сабыр ету қазіргі ниғметтер арасында жүріп сабыр етуден оңайрақ еді» деген екен.
Дүниеде рахаттық жоқ, рахаттық пен бақыт тек қана жәннатта болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024