Раббымыз біз құлдарын кешіру үшін түрлі мүмкіндіктер жаратқан. Оларды қолдана білсек, мүлдем күнә істемегендей боламыз. Олардың біріншісі: Тәубе ету. Пенде жасаған қателіктерін мойындап, өкінетін болса, мұны шын көңілімен жасаса және ендігәрі істемеуге бел буса, күнәлары кешіріледі. Раббымыз «Бақара» сүресінің 222-аятында: «Міндетті түрде Аллаһ көп тәубе етушілерді және тазаланғандарды жақсы көреді» делінген.
Екінші мүмкіндік: Истиғфар. Яғни кешірім тілеу, кешірілуге үміткер болу деген сөз. Бұл да күнәлардың кешірілуіне үлкен себептердің бірі. Бұл да шын көңілмен жасалса, үлкен ниғметтер беріледі.
Үшіншісі: Салих амалдар мен ғибадаттар. Бұлар одан бұрын жасалған күнәлардың кешірілуіне себеп болады. «Худ» сүресінің 114-аятында: «Жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» делінген.
Абдулуаһһаб Шарани (рахметуллаһи алейһ) айтқан: Бір жерде күнә істеген кезіңде дереу артынша сауап істе. Қиямет күні адамның мүшелері (аяқ-қолы, көзі сияқты) егесіне қарсы куәгер болады. Қол «Менімен мынадай күнәлар істеді», ал аяқ «Менімен мынадай күнәларды істеуге жаман жерлерге барды» дейді. Басқа мүшелер де осылай куәлік етеді. Олармен бірге топырақ та куәгер болып, «Менің үстімде мынадай күнәлар істеді» дейді. Олай болса, сауаптарымызға да оларды куәгер қылайық, бұл күнәлардың кешірілуіне себеп болуы мүмкін. Күнә істеген жерімізде ең болмағанда кейбір тәсбихтерді айтайық, дұғаларды оқиық, кедей тапсақ, оған садақа берейік және артынша тәубе етуді ұмытпайық.
Төртіншісі: Аурулар, қиыншылықтар, кедейлік. Бұларды ешкім қаламайды, көбісі келмесін деп көп күш жұмсайды. Келген кезінде құтылу үшін барын салады. Осылардың бәрін істеген кезімізде бұлардың Раббымыздың қалауымен келгендігін және шағымданбайтынымызды айтуымыз керек.
Адам баласы әлсіз болып жаратылғандықтан, жеңіл ауруларға, қиыншылықтарға шамадан тыс зар шегеді. Алайда, дүниенің өзі де, ішіндегілері де фәни (өткінші), мәңгі емес. Ата-бабаларымыз «Қайғы да, шаттық та мәңгі емес» дейтін еді.
Хадис шәрифте былай делінген:
«Мұсылман әрқашан сауап алады: Ниғметтерге қауышса, шүкір етеді – сауап алады. Қиыншылықтарға тап болса, оған да сабыр етеді – тағы сауап алады.»
Бесіншісі: Періштелердің бізге дұға етуі. Жақсы адамдарды періштелер жақсы көреді, оларға дұға етеді. Бұл ниғметке қауышу үшін періштелер жақсы көретін амалдарды жасайық.
Алтыншысы: Мұсылманның мұсылманға дұға етуі. Салих кісінің дұғасымен біздің кешірілу ықтималымыз өте жоғары.
Күнәларымыз осы аталған алты нәрсемен кешірілмейтін болса, өлім сәтінің ауыр өтуі, қабір азабы сияқты қиыншылықтар бізді күтіп тұр деген сөз. Раббым баршамызды соңымыздың жаман болуынан сақтасын... Әмин!
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024