Салих, тақуа адамдармен көрісудің пайдалары

Адам баласы – табиғатынан әлеуметке мұқтаж болмыс, яғни жалғыз өзі, доссыз өмір сүре алмайды. Осы себептен әр адам жақсы кісілермен достасуы керек. Жақсы адамдармен көріскен кісі ешқашан өкінбейді. Адамның басына келетін бәле-жаланың бәрі жаман достың кесірінен келеді.

Әркімге өз сырын айтпау керек. Әр адамға сене бермеу керек. Адамдардың сөзіне емес, ісіне қараған жөн. Өзіне пайдасы тимейтін адамнан аулақ болу қажет. Өзіне пайдасы болмаған адам өзгелерге пайдалы бола алмайды.

Жаман адаммен көрісіп, оны дұрыс жолға түсіру өте пайдалы, дегенмен бұл қауіпті. Өйткені, біреуді құтқарамын деп өзі де жамандыққа батуы мүмкін. Әулиелер, Ислам ғұламалары көптеген жаман мінезді адамдарды дұрыс жолға түсіргенімен, мұны әр адам істей алмайды. Біреуге жақсы үлгі болатындай қасиеті болмаған адамдар, өздерін толық түзетпегенше, басқаларды түзетуге тырысса, пайданың орнына зиян көреді.

Салих (діндар), тақуа адамдармен көрісу, олармен дос болу өте пайдалы.

Аллаһу та'ала Мұса пайғамбарға (алейһиссалам) айтты:

- Йа, Мұса! Құлдарымнан ең жақсы көргендерім – тақуа болғандары. Маған ең көп жақындағаны – тыйым салған нәрселерімнен сақтанған кісі. Маған ең сүйікті болғаны – маған ғибадат еткенде менен қорқып жылаған адам.

Мұса алейһиссалам сұрады:

- Йа, Раббым, сен жақсы мінезді, салих құлдарыңа не дайындадың? Марапат ретінде оларға не бересің?

Аллаһу та'ала жауап беріп:

- Оларға жәннатты бердік. Жәннатта қалағанындай қыдырады. Не қаласа да беріледі. Харамдардан сақтанған тақуаларды есепке тартуға ұяламын! Ғибадаттарында менен қорқып жылағандарға ешкімге берілмеген үстем дәрежелер беремін, - деді.

Адам танысқан, көріскен, бірге болған адамының жақсы немесе жаман екенін былай аңғарады:

Жақсы дос әрдайым Аллаһу та'аланы еске түсіреді. Аллаһу та'аланы жүрекпен, тілмен, іс-әрекетпен еске алуымызға жол ашады. Егер адам онымен бірге болған кезде Аллаһу та'аланы еске түсіріп, көкірегін ояу ұстайтын болса, онда ол нағыз жақсы дос екенін біл. Бірақ, бірге болған кезде Аллаһтан қорқуды және Аллаһу та'аланы ұмыттыратын болса, ол шынында жаман дос. Одан аулақ болу, сақтану шарт. Ондай адамнан арыстаннан қашқандай қашу керек. Тіпті арыстаннан қашудан да көбірек қашу керек. Өйткені, арыстан тек адамның жанын ғана алады. Адам иманды болса, жәннатқа кіреді. Ал жаман дос адамның әрі жанының, әрі иманының кетуіне, осылайша мәңгі пәлекетке ұшырауына себеп болады.