Күнәлар кәбаир (үлкен күнәлар) және сағаир (кіші күнәлар) болып екіге бөлінеді. Кейбір жағдайларда кіші күнәлар үлкен саналады. Бұған мән бермеу өте қауіпті. Олардың біразы төменде жазылған:
* Кіші болса да, күнә істеуді доғармау, тұрақты істеп жүру. «Тама, тама көл болады» деген мақал бар. Қайта істелмеген үлкен күнәнің кешірілуі тұрақты түрде істеліп жүрген кіші күнәнің кешірілуінен тезірек. Тастың үстіне көп мөлшерде су төгілсе, тасқа ешқандай із қалдырмай ағып кетеді. Дәл сол мөлшердегі суды тамшылатып ағызса, таста із қалады.
* Күнәні кішімсіну. Адамдар күнәні үлкен деп көрсе, Аллаһу та'ала оны кішірейтеді. Ал кіші деп көрген сайын оны үлкейтеді.
Хадис шәрифте айтылған:
«Мүмин күнәсін басының үстінде асылып тұрған таудай көреді және үстіне құлап кетуінен қорқады. Ал мұнафиқ (екіжүзді) оны мұрнына қонған шыбындай кіші көреді, түртіп жіберсе ұшып кетеді деп ойлайды.»
Күнәнің үлкен немесе кіші болуын ойламай тұрып, алдымен кімге қарсы істелетінін есепке алған жөн.
* Істеген күнәсін басқаларға айтып беру. Осылайша сол күнәні басқалардың істеуіне себеп болу. Естігендерді, сондай күнәні істеуге ниеттері болмаса да, соған ынталандыру – дәл сол күнәні істеумен тең. Бір іске себеп болу – оны істеу деген сөз. Жақсы болса – жақсы, жаман болса – жаман.
* Жұртқа үлгі болып жүрген, халық арасында абыройы бар кісілердің істеген күнәлары кіші болса да, үлкен саналады. Білімді адамдар, қажылар және қарт кісілер – өзгелер тарапынан үнемі бақылауда болатын адамдар. Олардан көрген күнәларды басқалар еркін істей бастайды. Тіпті, одан да үлкенін істеуге болады деп ойлайды. «Пәлен кісі істеген болса, неге маған істемеске? Жаман іс болса, сондай құрметті кісі оны істемес еді ғой» дегендей сөздер айта бастайды. Осылайша мән берместен, қысылмастан күнәға батады.
* Аллаһу та'аланың азабынан қорқпай, сенімді болу. «Раббым маған азап бермейді, жәннатында маған орын жоқ па екен?» деп күнә істеуді тоқтатпау. Тозақта да орын көп, бірақ оны ойламайды.
* Аллаһу та'аланың мейірімінен үмітін үзу. «Өте көп күнә істедім, менің құтылуым мүмкін емес!» деп айтудың өзі жеке күнә саналады. Мүминге жарасатыны «қорқумен және үмітпен» өмір сүру. Күнәсі қаншалықты көп болса да, Раббының кешірімінен үміт үзбеу және азап бермейтініне де сенімді болмау.
Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) көп күнә істеп, үмітін үзген адаммен кездесіп қалады. Одан:
- Неліктен шөл далада жынды сияқты әрі-бері жүрсің? – деп сұрайды. Ол күнәсі көп екенін, кешірілмейтінін айтады. Мұны естіген хазреті Әли (радиаллаһу анһ) ол кісіге:
- Сенің күнәң қанша көп болса да, Раббымыздың мейірімінен көп бола алмайды! – деп жауаптаған екен.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024