Мұсылман бүлік, фитна шығармайды

Сұрақ: Сәйид Құтбтың «Әлемдегі бейбітшілік» атты кітабында «Мұсылмандар революционер, көтерілісші болады. Зұлымдық, әділетсіздік жасаған үкіметке қарсы көтеріліске шығады» деп жазылған. Бұл сөз дұрыс па?

Жауап: Бұл сөздер Ислам ғалымдарының айтқандарына қайшы. Мұсылмандар көтеріліске шықпайды, фитна және бүлік шығармайды. Залым болған үкіметке де қарсы көтеріліске шығу күнә болады. Заңға, бұйрықтарға қарсы шығу – жиһад емес, фитна, бүліншілік болады. Сәйид Құтб, Мәудуди секілді дүмше сектанттарға  алданғандар «Хаж» сүресінің 39-аятына қате мағына бергендіктен, осы пәлекетке түскен. Бұл аятта:

«Мүминдерге шабуылдаған залымдарға қарсы күресуге рұқсат берілді» делінген. Меккеде кәпірлер мұсылмандарға зұлымдық жасап, жарақаттап, өлтірген кезде зұлымдық көргендер оларға қарсы соғысу үшін қайта-қайта рұқсат сұрады. Рұқсат берілмеді. Мәдинаға хижрет еткенде (көшкенде, жер аударғанда) осы аят түсіп, жаңадан құрылған Ислам мемлекетінің Меккедегі залымдарға қарсы соғысуына рұқсат берілді. Бұл аяти карима мұсылмандардың залым үкіметке қарсы шығуына емес, адамдардың Ислам дінін естуіне, мұсылман болуына тосқауыл болған залымдарға қарсы соғысуға Ислам мемлекетіне рұқсат беруде. Сияр кәбирдегі хадис шәрифтерде:

«Әмірге (басшыға) қарсы шыққан адамға жәннат харам.»

«Әділетті және залым, барлық әмірдің (басшының) қоластында жиһад етіңдер!» делінген. Кітаптарда жазылған жиһад басқа мемлекеттердегі кәпірлермен соғысу деген сөз. Бәйһақида өткен хадис шәрифте:

«Қате істі түзете алмаған кездеріңде сабыр етіңдер! Аллаһу та'ала оны түзетеді» делінген. Бұл хадис шәриф заңға қарсы шығып, көтеріліс шығаруды емес, рұқсат етілген жолдармен насихат етіп, сабыр сақтауды әмір етуде. Тирмизи және Табараниде өткен хадис шәрифте:

«Жиһадтың ең құндысы – залым сұлтанның қасында дұрыс жолды нұсқайтын сөз айту» делінген.

Ғалымдардың шамасы жеткенше әмри маруф (насихат) жасауы керек. Бірақ әмри маруф жасағанда фитна шықпауына аса мән берген жөн...

Көрініп тұрғанындай, мұсылмандар көтеріліс жасамайды. Бірақ зұлымдыққа, әділетсіздікке де бағынбайды. Рұқсат етілген жолдармен құқығын сақтайды. Үкіметтің күнә болмаған бұйрықтарына бағыну әр мұсылманға уәжіп. Ешкімнің харам болған бұйрықтары орындалмайды. Бірақ, оған қарсы шығуға, фитна шығаруға болмайды. Залымдармен сөз тартыспау керек. Өйткені, фитна шығару, мұсылмандардың қорлануына себеп болу – харам.