Сұрақ: Кейбір адамдар «Сахабалар, яғни алғашқы мұсылмандар кедей болғандықтан, оларға алтын жүзік тағуына тыйым салынды. Ал бай адамдардың тағуына болады» дейді. Ондай үкім бар ма, бұл сөздер дұрыс па?
Жауап: Бұл сөздер ешқандай негізге, ешқандай дәлелге сүйенбейді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) еркектерге алтын жүзік тағуға тыйым салғанда себебін де айтты. Кедейлерге ғана емес, барлық еркектерге тыйым салды. Тек кедейлерге ғана харам болса, онда кедей әйелдерге де харам болар еді. Сонымен қатар, тек алтынды ғана емес, өте арзан болған басқа металлдардан жасалған жүзік тағуға да тыйым салған. Айта кететін тағы бір жайт, күмістен басқа жүзіктердің еркектерге харам болуы Мәдинаға көшкенде орын алған еді. Ал сахабалардың кедей болған шағы хижреттен бұрын Меккеде еді. Бәдір соғысына қатысқан үш жүзден астам сахабалардан алпыс төрті мухажир болғанына қарағанда, Меккеде иманға келгендердің саны жүзден аз еді. Мәдиналық ансарлардың кедей болғандары мен мухажирлердің кедейлері Мәсжиди нәби маңындағы Соффа деп аталатын үлкен шатыр астында тұрып, білім үйренумен және үйретумен айналысатын, өмірлерінің көбі Расулуллаһпен бірге соғысқа қатысумен өтетін еді. Олар Асхаби соффа деп аталған. Сандары өзгеріп тұратын. Көбінесе жетпіс кісі болатын. Көбісі шәһид болды. Олардан басқа барлық сахабалар бай еді. Араларында өте бай болғандары аз емес еді. «Бостан» кітабында былай жазылған:
«Зубайр бин Аууам қайтыс болғанда мирасқоларының әрқайсысына қырық мың дирхам күміс қалды. Абдуррахман бин Ауф хазреттері ауырып қалған кезінде ажырасқан әйеліне мирасының жиырма төрттен бірінің берілуін айтқан еді. Оған сексен үш мың алтын берілді. Хазреті Талханың бір күндік табысы мың алтын еді.»
Олардың үшеуі де жәннатпен сүйіншіленген еді. Хазреті Османның байлығының есебі біліне алмады. Зекет, олжа және сауда себебімен Мәдинада кедей адам қалмады. Алтын жүзіктің харам болуын кедейлікке байлауға тырысқандардың сөзінің ешқандай негізі жоқ екендігі мәлім. Төрт мазһабта да харам болған нәрсенің харам екеніне сену керек. Ұстанған мазһабы харам дегенін өзгертуге тырысып, аяти карималарға немесе хадис шәрифтерге басқа мағына берген адамның мазһабсыз екендігі аңғарылады. Ал мазһабсыз болған адам не адасушы, не кәпір болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024