Мешіт ішінде тыйым салынғандар

Сұрақ: Мешіт ішінде сөйлесу, сауда жасау, балаларға ойнайтын орын ажырату, мешіттің ішімен өту дініміз бойынша рұқсат па?

Жауап: Бұл туралы Ибн Абидинде былай жазылған:

«Мешіттен кейде өтуге болады. Жолға айналдыру мәкрух. Үзірлі себеп бар болса, мәкрух болмайды.

Мешітке нәжіс кіргізу мәкрух. Үстінде нәжісі бар адам мешітке кіре алмайды. Фәтауа-и фиқһия кітабында жазылған:

«Мешітте нәжіс көрген адамның мұны дереу тазалауы керек. Тазалауды үзірсіз кешіктірсе, күнә болады. Намаз оқып жатқан кісінің үстінде, сәжде жасайтын жерінде нәжіс байқаған адамның мұны оған хабарлауы керек. Мұны хабар беру және намаз уақытын өткізетін кісіні ояту уәжіп емес, сүннет.»

Мешітте сауда құру, дауыс көтеріп сөйлесу, сөз сөйлеу, ұрыс-керіс шығару, қару шығару, жаза беру тахримән мәкрух.

Мүминді мазақтау, ғашықтық, әдепсіздік сияқты харам нәрселер бар болған өлеңдер оқу тахримән мәкрух. Мешітте илаһи мен нашидаларды, намаз оқып жатқандарға кедергі болмау шартымен, анда-санда оқуға болады. Әрдайым оқып, әдетке айналдыру рұқсат емес.

Мешітте бір нәрсе жеу, ұйықтау мәкрух. Бірақ сапардағы жолаушыға болады. Жолаушы мешітке кірерде итикафқа ниет етіп, алдымен тахиятул мәсжид намазын оқуы керек. Кейін ішіп-жеп, дүниелік сөз сөйлеуіне болады. Итикаф еткен адамның да ішіп-жеуіне, жатуына болады. Итикаф – муәккәд сүннет. Итикафты тәрк етудің бес уақыт намаздың сүннеттерін үзірсіз оқымау сияқты екендігі Бәриқа кітабында жазылған.

Мешітте пияз, сарымсақ сияқты иісі жаман нәрселерді жеген, шылым шеккен адамға тосқауыл болу керек. Қасапшыларды, балықшыларды және осы сияқты жұмыстарда істейтіндерді үсті-басы лас болса және сасып тұрса, осыларды және жамағатты сөзбен ренжітетіндерді мешіттен шығару керек. Дәрі ретінде иісі бар нәрсені үзірмен немесе ұмытып жеген адам жамағатқа келмейді, кешірімді болады. Жаман иіс адамдарды және періштелерді қинайды.

Мешітте сауда-саттық болған барлық келісім-шарттар жасау мәкрух. Ал неке қию мүстаһаб.

Ғибадат жасамастан мешітте дүниелік сөйлеп отыру тахримән мәкрух. От алауының отынды жағып бітіргеніндей, мешітте дүниелік сөйлесу де адамның сауаптарын жояды. Ғибадаттан кейін мубах болған нәрселерді жай дауыспен сөйлесуге болады. Ислам діні ұнатпаған нәрселерді сөйлесу әр уақытта рұқсат емес.

Мешіт ішінде шылым шегу, пияз, сарымсақ жеу харам.»