УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (24)

24) Бұл уаһһаби кітабының төрт жүз он алтыншы бетінде «Ибраһим Нәхаи "Аллаһу та'алаға, кейін саған сиынамын деп айту рұқсат" деген, алайда бұл сөз тірі және әзір болып, бір нәрсе істеуге күші жететін және себеп болатын адамға айтылады. Өлілер ештеңе сезбейді, естімейді, пайда мен зиян тигізуге күштері жоқ. Өлілерге және ғайып болған тірілерге олай айтуға болмайды. Өлілерге қандай да бір жолмен байлануға болмайды. Мұны Құран айқын көрсеткен. Өлілерден бір нәрсе сұрау немесе оларға бір нәрсе айтып қадірін көтеру, жүрекпен немесе бір іспен байлану оларды тәңір, құдай қылу болып саналады» делінген.

Бұл сандырақ жазбаларымен Құран кәрімге де жала жабуда. Ислам ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) бұл сандырақ жазбаларға аяти карималармен және хадис шәрифтермен жауап берген. Олардың алданғанын және жастарды алдап пәлекетке жетелеп жатқанын дәлелдеген. Бұл құнды кітаптардан Сәйид Дауд бин Сүлейманның (рахимә-һуллаһу та'ала) «Минхат-ул-уәһбия фи рәддил-уаһһабия» кітабы офсеттік баспада 1389 [м.1969] жылы Стамбұлда басылған. 1973 жылы екінші, 1990 жылы үшінші басылымы шыққан. Араб тіліндегі бұл кітап ең алғаш 1305 хижри жылы Мумбаида (Бомбейде) басылған еді. Сәйид Дауд үлкен ғалым, әулие, кереметтер иесі болған Маулана Халид Бағдадидің (рахимә-һуллаһу та'ала) шәкірті болып, 1222 жылы Бағдадта туылған, 1299 [м.1881] жылы сол жерде қайтыс болған. Өмірбаяны «Мүнжид» сөздік кітабында «Халиди» есімінде жазылған. Ибраһим Нәхаи Имам Ағзамның ұстазының ұстазы. 96 жылы Куфада қайтыс болды. «Минхат-ул-уәһбия» кітабында былай жазылған:

Әһли сүннет сенімінен және мазһабтардан айрылғандар қазіргі таңда көбейіп жатыр. Ол адасқандар Мұхаммед алейһиссаламның үмбетіне мүшрик дейді. Осы мүбәрәк үмбетті өлтіру керек, мал-мүлкін тартып алу қажет дейді. Олар осылайша пәлекетке түсіп жатыр. Аллаһу та'аланың жәрдемімен уаһһаби деп аталған осы адасушыларға мына кішкентай кітабыммен қарсы шығуға, жазбаларының қателігін дәлелдеуге тырыстым. Мұны оқып, бәлкім қателескенін түсініп, хидаятқа қауышады. Осылайша үлкен қызмет еткен боламын.

Уаһһабилер пайғамбарларды (алейһимуссалауату уәттәслимат) және салих құлдардан әулиелерді (рахимә-һумуллаһу та'ала) арашы қылып, оларды шапағатшы етіп, Аллаһу та'аладан тілеуге, Аллаһу та'аланың керемет ретінде оларға берген қуатпен қиыншылықтан құтқаруын сұрауға, Аллаһу та'аланың тілекті орындауы немесе бұл қиыншылықтан құтқаруы үшін қабірлерге барып олардан шапағат сұрауға сенбейді. Адам өліп, топыраққа айналғанда естімейді, көрмейді, қабір өмірі деген нәрсе жоқ дейді. Дүниеде бір нәрсеге қолжеткізу үшін тірілер себепші болғанындай, өлілердің де бір нәрсеге қолжеткізу үшін себепші бола алатынына еш сенбейді. Егер өлілердің қабір өмірі деп аталатын өмірмен тірі екендігіне және осы өмірдің арқасында білетіндігіне, еститіндігіне, көретіндігіне және оларды зиярат етушілерді танитындығына, сәлем бергендерге сәлеммен жауап беретіндігіне, азаптың рух пен денеге бірге берілетіндігіне, танитын тірілерінің амалдары оларға білдірілетіндігіне, жақсы амалдарды көргенде Аллаһу та'аланы мадақтап, бір-біріне сүйінші беретіндігі, әрі жақсы амалды істегендерге дұға ететіндігіне, жаман амалды көргенде оны істегенге дұға етіп «Йа, Раббым! Оларға жақсы амал істеуді нәсіп ет! Бізге бергеніңдей, оларға да хидаят нәсіп ет!» дейтіндігіне сенгенде еді, бұлай қарсы шықпас еді. Өйткені, өлу – бір үйден басқа үйге көшу деген сөз. Осы жазғандарымыздың барлығының дұрыс екендігін Құран кәрім, хадис шәриф және ижма-и үммет көрсетуде. Бұларға сенбеген адам иман келтіруі уәжіп болған нәрсеге сенбеген болып, бидғат жолдарының бірі болады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүннетінен айрылған болады. Өйткені, Махшар алаңында жиналу үшін тіріліп, мазардан шығуға сену – иманның алты шартының бірі. Бұған сенбеген адам кәпір болады. Өлілерде қабір өмірі болатынына, ниғметті және азапты сезетініне сену – кіші қияметкен сену деген сөз. Кіші қиямет – үлкен қияметтің үлгісі.

[Қабір азабына сенбейтін надандар «Мазарда дене шіріп кеткен. Мүшелер жоқ болып кеткен. Олар ештеңе сезбейді, көрмейді. Денеге азап пен ниғмет болмайды» дейді. Бұл сөзге айтатынымыз, рухтың өлмейтініне сендер де сенесіңдер. Сондықтан, оның сезетініне, еститініне, көретініне де сенулерің керек. Олай болса, рухтан шапағат сұрау, одан көмек сұрау сияқты Аллаһу та'аланың жаратуына себепші болуын күтуге қарсы шықпауларың керек болады. Өйткені, барлық діндер адам өлгенде рухтың тірі қалатынын айтуда. Тірі адамдар Аллаһу та'аланың жаратуына себепші болғанындай, тірі рухтардың да Аллаһу та'аланың жаратуына себеп болатынын жоққа шығаруға болмайды. Мұны дұрыс ойлай алмағандықтан, «Өліден көмек күтуге болмайды. Аллаһу та'аланың бір нәрсені жаратуы үшін Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарының рухтарынан көмек күткен, олардан шапағат сұраған адам кәпір, мүшрик болады» дейді.

Османлы мемлекетінде жетіліп шыққан ғалымдардың ұлыларынан Ахизада Абдулхалим бин Мұхаммед (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әссадат фи исбат-ил-карамати лил-Әулия-и халәл-хаят уә бәдал мәмат» кітабында Аллаһу та'аланың әулиелерге керемет бергенін, кереметтердің өлгеннен кейін де жалғасатынын дәлелдерімен анықтаған. Абдулхалим хазреттері 1013 [м.1604] жылы қайтыс болған. Марғинанидің «Хидая» кітабына жасаған шәрһі мен «Әшбах» кітабына түсіндірмесі және «Дүрәр уә Гүрәр» хашиялары өте құнды.

Садуддин Тафтазани (рахимә-һуллаһу та'ала) «Ақаиди Нәсәфия» шәрһінде әулиелердің кереметтерін ұзақ жазған. Көптеген ғалымдар бұл шәрһке хашиялар жасаған. Олардың бірі, Үндістан ғалымдарынан Абдулазиз Фәрхаридің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Нәбрас» атты арабша шәрһі. Бұған да Мұхаммед Бәрхурдар Мултани (рахимә-һуллаһу та'ала) өте құнды хашия жасаған. Мұның 476-бетінде былай жазылған: «Кереметтің бар екенін анықтайтын дәлелдердің ең қуаттысы – Асхаби кирамның (сахабалардың) көбінде пайда болған кереметтер. Оларды баяндаған әртүрлі кітаптардың арасында Имам Жафар Мустағфиридің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Дәлаил-ун-нубуввә» кітабы. Мүтәзилә адасқан топта болғандар кереметті жоққа шығарған, бірақ Әһли сүннет ғалымдары оларға ұзақ жауаптар берген.» Абдулазиз Фәрхари 1239 [м.1824] жылы Үндістанда, Имам Жафар Мустағфири Нәсәфи 432 [м.1041] жылы қайтыс болған.

Қазір Сауд Арабия үкіметінің әлемге уаһһабилікті жаю үшін үгіт-насихат мекемесін құрғанын, ол үшін әр жылы миллиондаған алтын ақша тарататынын естудеміз. Әр мемлекетте бар болған дінін, намысын сата алатын бірнеше тексіз, ақылсыз адам ақшаға қолжеткізу үшін, ал көбісі Ислам дінін білмегендіктен өтіріктерге алданып, дінде реформа жасау ағынына түскендіктен, мазһабсыздықты жаюда, жастардың санасын улап, пәлекетке жетелеуде. Өздерін дін ғалымы ретінде танытқан бұл сауатсыздар аяти карималарды және хадис шәрифтерді танымайды. Асхаби кирамның және табииннің сөздерін білмейді. Олар өте сауатсыз надандар. Кішкене арабша үйренгенде өздерін ғалым санау – үлкен надандықтың белгісі. Ондай адам оқып үйренуге, адам болуға талпынбайды. Алған алтындарымен ойын-сауық пен зауыққа салынады. Діннен де, дүние білімдерінен де бейхабар қалады. Байғұс жастар ондай адамды дін ғалымы деп санайды. Ислам дінін құлататындар, жоятындар осылар. Дін ғалымы атын жамылып, мұсылмандардың басына өтуі үлкен пәлекет болады. Осылай сауатсыз қалған адамдар діни білім деп шолақ ақылы мен ақымақ бастарына келген қиялдарын жазады. Өздері адасқан, басқаларды да жолдан адастырып жатыр. Бұхаридегі хадис шәриф олардың көбейетінін хабар беруде.]

Қабірде рухқа да, денеге де ниғмет пен азап бар. Бұған осылай сену керек. Имам Мұхаммед бин Хасан Шайбани (рахимә-һуллаһу та'ала) 135-189 [м.805] «Ақаид-и Шайбания» кітабында «Қабір азабы бар. Қабір азабы әрі рухқа, әрі денеге беріледі» деген. Яғни қабірде ниғметтер мен азаптар рух пен денеге бірге жасалады. Тірілер мұны көрмесе де, сенуі керек. Ғайыпқа иман ету қажет. Бұған сенбеу қиямет күні болатын «Ба’с», яғни қабірден тіріліп тұруға сенуге жол ашады. Өйткені екеуі де Аллаһу та'аланың құдіретімен болуда. Біріне сенген адамның басқасына сенуі де ақылға қонымды. Адам қабір азабын тірі кезінде түсіне алмаса да, аяти карималар мен хадис шәрифтер және бұл үмбеттің бұрын келгендері қабір азабы болатынын хабар берген. Бұл хабарларды төменде бөлек-бөлек жазамыз. Кейін Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарының қабірлерінен шапағат және Аллаһу та'аланың жаратуына себепкер, арашы болуын сұраудың рұқсат екенін көрсететін хадис шәрифтерді келтіреміз. Бұларды оқып түсінгендер өлілердің өздері ештеңе істемейтіндігін, мазһабсыздардың жала жапқанындай, олардан бірнәрсе жасауын сұрамақшы болмағанын көреді. Олар тірілердің әрекет еткенін, іс атқарғанын көріп, олардан көмек, шапағат сұраушыларды олардың өздерінен сұрады деп ойлайды. Алайда, тірілерден сұрау да олардың Аллаһу та'аланың жаратуына себеп болуын сұрау деген сөз. Барлық нәрсені жарататын, істейтін жалғыз Аллаһу та'ала. Тірі де, өлі де, жанды да, жансыз да Оның жаратуына себеп болуда. Оның жаратуына махлұқтардың (жаратылыстардың) себеп болуын да Ол қалаған. Әлемнің тәртіпті, ретті болуы үшін көптеген нәрсені себеппен жаратуды тілеген. Ол қалаған көп нәрселерін себепсіз де жаратуда.

[Тафтазани Мәсуд 792 [м.1389] жылы Самарқандта қайтыс болды.]

Пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әулиелер (рахимә-һумуллаһу та'ала) қабірлерінде қабір өмірі деп аталатын біз білмейтін өмірмен тірі. Олар өздігінен ештеңе істей алмайды. Аллаһу та'ала оларға себеп болатындай күш пен қадір берген. Оларды жақсы көргендіктен, оларға әдетінің тысында сый-сияпат пен ихсан жасауда. Олардың құрметіне сұралғандарды жаратады. Адамдар тілектерінің жаратылуына себеп болуын олардан сұрайды. Мазһабсыздардың «Әһли сүннет қабірлерге табынады, мүшрик болады» деген сөздері жалған. Бұл мұсылманға жала жабуға жатады. Бірнеше сауатсыз немесе дінсіз надандар ақкөңіл қарапайым адамдарды тонау, дүниелік пайдаға қолжеткізу үшін Ислам дініне қайшы жаман істер жасауы мүмкін. Ислам білімдері, Ислам ахлақы бір мемлекетте азайса, осындай адасқандардың, бұзақылардың шығатындығы белгілі нәрсе. Осыларды сылтау қылып, мазһабсыздықты қорғаудың орнына осы қате істерді түзету, бұзушы емес, құрушы болу қажет болады. Мұсылмандар арасында қабір өміріне, қабірде ниғмет пен азаптар болатына сене тұра, пайғамбарлардың және әулиелердің өлгеннен кейін Аллаһу та'аланың жаратуына себеп болатынына сенбейтіндер бар. Яки Аллаһу та'аланың жаратуын ойламастан тікелей олардан сұрайды, олардан шапағат сұрау, тілектерге олар арқылы қолжеткізу Ислам дінінде көрсетілмеген дейтіндер де бар. Осылай айтатындар қабір өміріне сенбейтіндер сияқты зиянды емес. Олар Құран кәрімді және хадис шәрифтерді білмегендіктен немесе қырсығып осылай айтады. Мұсылмандардың қырсық болмай, дұрыс сөзді қабылдауы керек. Жауаптарымызды сегіз бөлімде жазамыз.

 

Бірінші бөлім: Пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәссәләм) қабірлерінде тірі. Тірі болуы сөзде ғана емес, олар толықтай тірі. «Али Имран» сүресінің жүз алпыс тоғызыншы аятында «Аллаһ жолында өлтірілгендерді өлі деп санамаңдар! Олар Раббыларының қасында тірі. Олар ризықтануда» делінген. Бұл аяти карима шәһидтердің тірі екендігін көрсетуде. Шәһидтер басқа мұсылмандар сияқты. Олардан үстемдіктері жоқ. Пайғамбарлар шәһидтерден әлбетте жоғары және үстем. Ислам ғалымдарының айтуынша, әр пайғамбар шәһид болып өлген. Мұны білмейтін адам жоқ. Бурханеддин Әли Халеби «Инсан-ул-уюн» атты «Сияр» кітабында «Дәрежесі төмен болған адамда дәрежесі жоғары болған кісіде жоқ үстемдіктер болуы мүмкін» деген болса да, бұл сөздің мұнда орны жоқ. Өйткені, бұл сөз аяти каримада немесе хадис шәрифте айқын көрсетілмеген үстемдікке қатысты. Пайғамбарлардың шәһид екендігін хадис шәрифтер көрсеткендіктен, Халебидің сөзі бұл жерде негізге алынбайды. Бұхариде және Мүслимде хабар берілген хадис шәрифте: «Миғраж түнінде Мұса алейһиссаламның қабірінің қасынан өттім. Қабірінде түрегеп намаз оқып тұрған еді» делінген. Бәйһақи және басқалары хабар берген хадис шәрифте «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі. Олар намаз оқиды» делінген. Басқа хадис шәрифте «Аллаһу та'ала топыраққа пайғамбарларды шірітуін харам қылған» делінген. Мұның дұрыс екендігін ғалымдар бірауыздан айтқан. Бұхариде және Мүслимде «Аллаһу та'ала Миғраж түнінде барлық пайғамбарларды біздің пайғамбарымызға жіберді. Оларға имам болып, бірге екі рәкат намаз оқыды» деп жазылған. Намаз оқу руку мен сәжде жасау арқылы орындалады. Бұл хабар тірі болып, денесімен, тәнімен оқығанын көрсетіп тұр. Мұса алейһиссаламның қабірінде намаз оқуы да осыны көрсетіп тұр. «Мишкат» кітабының соңғы томында «Миғраж» бабының бірінші тақырыбы соңында Мүслимнен алып, Әбу Хурайра жеткізген хадис шәрифте: «Қағбаның қасында Құрайыш кәпірлері менен Бәйт-ул-муқаддастың қандай екенін сұрады. Ол жерлерге мән бермеген едім, қиналып қалдым. Аллаһу та'ала маған көрсетті. Өзімді пайғамбарлардың арасында көрдім. Мұса алейһиссалам түрегеп намаз оқып тұрған, арық еді. Шаштары ұйпалақтанған болып, жайылып тұрған жоқ еді. Шән’ә тайпасының жігіті сияқты еді. Иса алейһиссалам Уруә бин Мәсуд Сәкафиге ұқсаған еді» делінген. Шән’ә – Йемендегі тайпаның атауы. Бұл хадис шәрифтер пайғамбарлардың Раббыларының қасында тірі екендігін көрсетуде. Олардың денелері рухтары сияқты нәзік болған. Қатты, бекем емес. Зат және рух әлемінде көріне алады. Сондықтан пайғамбарлар рухтарымен және денелерімен көріне алады. Хадис шәрифте Мұса және Иса алейһимассаламның намаз оқығандығы айтылған. Намаз оқу – әртүрлі әрекеттер жасау деген сөз. Бұл әрекеттер денемен атқарылады, рухпен жасалмайды. Мұса алейһиссаламды орта бойлы, арық, әлсіз, шаштары жиналып тұрғанын көрдім деуі рухын емес, денесін көргенін көрсетіп тұр. Пайғамбарлар басқа адамдар сияқты өлмейді. Өткінші болған дүниеден мәңгі қалатын ахиретке көшеді. Имам Бәйһақи «Итиқад» кітабында жазғанындай, пайғамбарлар қабірге қойылғаннан кейін рухтары денелеріне қайтарылады. Біз оларды көре алмаймыз. Олар періштелердей көрінбейтін болады. Тек қана Аллаһу та'ала керемет ретінде нәсіп еткен таңдаулы адамдар ғана көре алады. Имам Суюти де осылай айтқан. Имам Нәуәуи, Субқи, Имам Қуртуби ұстазынан осылай хабар берген. [Имам Бәйһақи 458 [м.1066] жылы Нишапурда, Имам Әбул-Хасан Әли Субқи 756 [м.1355] жылы Мысырда, Мұхаммед Қуртуби 671 [м.1272] жылы қайтыс болған.] Ханбали ғалымдарынан Ибн Қайим Жәузи «Китаб-ур-Рух»-та оның осы хабарын жазуда. Шафии ғалымдарынан ибн Хажәр Хитәми, Шәмсуддин Рәмли, қазы Зәкәрия, ханафи ғалымдарынан Әкмулуддин, Шәрнблали, малики ғалымдарынан Ибн Әби Жәмрә және оның шәкірті Ибнулхаж «Мәдхал» кітабында, Ибраһим Лакани «Жәуһаратут-тәухид» кітабында және тағы көптеген ғалымдар осындай екендігін айтқан. [Ибн Қайим Жәузия 751 [м.1350] жылы, Ибн Тәймия 728 [м.1328] жылы, Шәмсуддин Мұхаммед Рәмли 1004 [м.1596] жылы, Қазы Мұхаммед Зәкәрия 926 [м.1520] жылы Мысырда қайтыс болған.] Хижреттің алпыс бірінші жылы «Харра» оқиғасында Язидтің адамдары Мәдина қаласында қорлық көрсеткен күні Саид бин Мусәйибтің айтуынша, Мәсжиди нәбиде азан, намаз оқыла алмай қалған кезде «Хужрә-и нәбәуия»-ден азан мен қамат даусы естілді. Мұны Ибн Тәймия да «Иктиза-ус-Сырат-ил-мүстәқим» кітабында жазған. Көп адам сәлемдерге Қабри саадаттан жауап берілгенін көп естіген. Басқа қабірлерден де сәлемдерге жауап берілгендігі көп байқалған. Бұл туралы алда жазамыз. Пайғамбарлардың қабірлерінде тірі екендігі бірауыздан айтылғаны аңғарылды. Сахих хадисте «Маған сәлем берілгенде Аллаһу та'ала рухымды қайтарып, оған жауап беремін» делінген. Бұл хадис шәрифті жоғарыда жазылғандарға қайшы деуге болмайды. Яғни мубәрәк рухының денесінен айрылғанын, сәлем берілгенде қайтарылғанын көрсетіп тұр деуге болмайды. Осылай айтатындарға ғалымдар әртүрлі жауаптар берген. Имам Суюти (рахметуллаһи та'ала алейһ) бұл жауаптардың он жетісін көрсеткен. Бұл жауаптардың ең жақсысы: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аллаһу та'аланың жамалын көріп есінен танған. Денедегі сезімдерді ұмытқан. Мұсылман сәлем бергенде мүбәрәк рухы осы шомудан айрылып, дене сезе бастайды. Дүниеде де осындайлар аз емес. Дүние ісі немесе ахирет ісі туралы терең ойланған кезде адам қасында айтылып жатқандарды естімейді. Аллаһу та'аланың жамалына шомып кеткен адам дауыс ести алады ма?

[Әли Халеби Шафии 1044 [м.1634] жылы Мысырда қайтыс болды.]

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұйқыда және ояу кезде көріне алады ма? Көріне алса, көрінгені өзі ме, әлде ұқсасы ма? Ғалымдарымыз бұған әртүрлі жауап берген. Қабірде тірі екенін бірауыздан айтқаннан кейін өзінің көрінетіндігін көбісі хабар берген. Осындай екендігі хадис шәрифтерден де аңғарылып тұр. Хадис шәрифте: «Мені түсінде көрген адам ояу кезінде көрген сияқты болады» делінген. Сондықтан Имам Нәуәуи хазреттері «Оны түсте көру өзін көру болып саналады» деді. Расында, Абдуррауф Мүнауидің «Кунуз-уд-дақаиқ» кітабында жазған және Бұхариде, Мүслимде бар екенін айтқан хадис шәрифінде: «Мені түсінде көрген адам дұрыс көрген. Өйткені шайтан менің кейіпіме ене алмайды» делінген. Егер ұқсасы көрінген болса, дұрыс көрінген болмас еді. Ибраһим Лақани «Жәуһарат-ут-тәухид» кітабында жазғанындай, хадис ғалымдары Расулуллаһтың ояу кезде де, түсте де көріне алатындығын бірауыздан айтқан. Көрінгені өзі ме, ұқсасы ма, осы мәселеде пiкiрлер әртүрлі болды. Көбісі өзі деді. Имам Ғазали, Ахмед Қарафи және бірнеше ғалым ұқсасы деді. Өзі көрінеді дегендер басым. Араларында отыздан астам хадис имамы, үлкен ғалымдар бар. Әрқайсысының дәлелдерін бөлек кітапта жаздым. [Әкмалуддин Мұхаммед Баберти 786 [м.1384] жылы, Шәрнблали Хасан 1069 [м.1658] жылы Мысырда, Абдуллаһ ибн Әби Жәмрә 675 [м.1276] жылы, Мұхаммед Ибнулхаж Фаси 737 [м.1337] жылы, Ибраһим Лақани 1041 [м.1632] жылы, Ахмед Шихабуддин Қарафи 684 [м.1285] жылы қайтыс болған (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).]

[Мүнауи 1031 м.1621 жылы Каирде қайтыс болды.]

 

Екінші бөлім: Өлілердің еститіндігіне және көретіндігіне келер болсақ, шәһидтердің қабірлерінде тірі екендігі Құран кәрімде айқын көрсетілген. Әулиелер Аллаһу та'аланың керемет ретінде нәсіп етуімен естиді және көреді. Аллаһу та'ала сүйікті құлдары үшін әдетінің, заңдылықтарының тысында болған нәрселер жаратады. Алдымен пайғамбарлардың, әсіресе олардың ең үстемі болған Мұхаммед алейһиссаламның және шәһидтердің, әулиелердің қабірлерінде еститіндігіне және көретіндігіне сенбейтін сауатсыздардың аузын жабу үшін тіпті кәпірлердің де қабірде бәрін сезетіндігін және еститіндігін айтамыз. Бұхариде өткен хадис шәрифте «Мәйіт қабірге қойылып, қабірдің басындағылар тарап жатқанда олардың аяқтарының дауысын естиді» делінген. Бұхари мен Мүслимде жазылған хадис шәрифте баяндалғанындай, Бәдірде өлтірілген кәпірлердің бірнеше күннен кейін шұңқырдың ішіне тасталуы әмір етілді. Содан бірнеше күннен кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шұңқырдың басына келіп тұрды. Шұңқырдағыларға есімдері мен әкелерінің есімін жеке-жеке айтып, «Раббыларыңның сендерге сөз бергеніне жеттіңдер ме? Мен Раббым сөз берген жеңіске жеттім» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) мұны естігенде «Йа, Расулаллаһ! Өлiктерге сөйлеп жатырсыз ба?» деп сұрағанында, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Раббымның хаққы үшін айтайын, олар мені сендерден жақсы естиді. Бірақ жауап бере алмайды» деді. Бұхари мен Мүслим жеткізген хадис шәрифте: «Мәйіт жақындарының айқайлап жылауынан азап көреді» делінген. Имам Нәуәуи Мүслим кітабын түсіндіргенде бұл хадис шәриф туралы «Мәйіт жақындарының айқайлап жылауынан қиналады және оларға ренжиді» деді. Мұхаммед бин Жәрир Табари да осылай айтты. Қазы Аяз да ең жақсы сөз осы деп, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) баласы үшін дауыс шығарып жылап жатқан әйелді доғартқанын айтты. «Ей, мұсылмандар! Қабірдегі бауырларыңа дауыс шығарып жылап, оларды ренжітпеңдер!» деді. Бұл хадис шәриф көрсетіп тұрғанындай, мәйіт жақындарының жылағанын естуде. Соған ренжіп, қиналуда. [Мұхаммед бин Жәрир 310 [м.923] жылы Бағдадта, Қазы Аяз Малики 544 [м.1150] жылы Марракуште (Маракеште) қайтыс болды (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).]

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Қабірдегілерге сәлем беретін кездеріңде ассаламу алейкум деңдер!» Сондықтан «Ассаламу алейкум! Йа әһлә дарил қаумил мү’минин» делінеді. Мұндай сәлемнің еститін және түсінетін адамға айтылатыны белгілі нәрсе. Егер естімесе, онда жоқтыққа және тасқа сәлем беру болар еді. Сәләф, яғни Исламның үлкен ғалымдары осылай сәлем берілетіндігін бірауыздан айтты.

 

Үшінші бөлім: Мәйіт өзін зиярат етіп келгендерді таниды. Әбу Бәкір Абдуллаһ бин Әбиддуния «Китаб-ул-қубур»-да жазғанындай, хазреті Айша (радиаллаһу анһа) хабар берген хадис шәрифте: «Кімде-кім дін бауырының қабірін зияратқа барып, қабірінің басында отырса, ол танып, сәлеміне жауап береді» делінген. Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) жеткізген хадис шәрифте: «Кімде-кім танысының қабіріне барып, сәлем бергенде мәйіт оны танып, сәлеміне жауап береді. Танымайтын адамның қабіріне барып, сәлем берсе, мәйіт сәлеміне жауап береді» делінген. Юсуф ибн Абдулбәрр және «Ахкам» кітабының авторы Абдулхақ бұл хадис шәрифті сахих деді. Ибн Қайим Жәузия бұл хадис шәрифті «Китаб-ур-рух»-та көрсеткен. Кейін әртүрлі хабарларды да жазып, «Бұл жерде жазатын тағы көптеген хабарлар бар» деген. Хадис шәрифтерде «зиярат» сөзі қолданылуда. Мәйіт қабірге келген адамды танымағанда, зиярат сөзі қолданбас еді. Барлық тілде, барлық сөздікте зиярат сөзі танитын және түсінетін адамдардың кездесуінде қолданылады. «Ассаламу алейкум» сәлемі де түсінетін адамға айтылады. Кімде-кім қабірге жақын жерде намаз оқыса, мәйіттер оны көреді. Намаз оқығанын түсініп, оған сүйсінеді. Язид бин Харун Суләми айтып берген: «Ибн Сасаб бір жаназаға қатысты. Бір қабірдің қасында екі рәкат намаз оқыды. Кейін қабірге сүйенді де, былай деді: Ояу едім. Қабірден «Мені ренжітпе! Сендер ғибадат жасайсыңдар, бірақ естімейсіңдер, білмейсіңдер. Ал біз білеміз, бірақ әрекет ете алмаймыз. Менің ойымша, осы оқыған екі рәкатыңнан құндырақ басқа ештеңе жоқ» деген дауыс естідім.» Мәйіт Ибн Сасабтың қабірге сүйенгенін және намаз оқығанын түсінген еді. Ибн Қайим мұны айтқаннан кейін мәйіттің еститінін көрсететін сахабалардан келген түрлі хабарларды жазған. Мазһабсыздар Ибн Қайимды мүжтәһид деп атайды. Оны аса мақтайды. Бірақ Ибн Қайимның бұл жазбаларына сенбейді. Сенетіндерге мүшрик дейді. Бұл жағдайлары Ислам ғалымдарына немқұрайлы қарауын емес, өздеріне керек кезде ғана мақтайтындығын, ешбір ғалымды ұнатпайтындығын көрсетіп тұр. [Ибн Әбиддуния 261 [м.864] жылы Бағдадта, Ибн Абдулбәрр 463 [м.1071] жылы Шатибада, Язид бин Харун Суләми 206 [м.821] жылы қайтыс болды.]

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) Бәдір соғысында шұңқырға тасталған кәпірлердің естімейтінін айтты. Сондықтан, кейбір адамдар ешбір мәйіт, тіпті мүминдер де қабірде естімейді деп санады. Кейбір сауатсыздар шәһидтердің, тіпті Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) да естімейтінін айтты. Мәйіттің еститініне сенбейтіндер алданды. Өйткені Айша (радиаллаһу анһа) тек сол шұңқырдағы кәпірлердің ғана естімейтінін айтты. Қабірдегі кәпірлердің еститінін «Фатыр» сүресінің жиырма екінші аятының «Сен өліге естірте алмайсың. Сен қабірдегілерге естірте алмайсың!» деген мағынасындағы есту деп санады. Алайда олай емес. Үлкен ғалымдардың айтқаны бойынша, аяти каримадағы естірте алмау, естіп қабылдау және иман келтіру деген сөз. Аллаһу та'ала осы сияқты аяти карималарды тірі болған және құлақтары, көздері, миы бар болған кәпірлерді қабірдегі өлілерге ұқсатқан. Бұл ұқсату есту және ұғыну тұрғысынан емес, сезімсіз және түсініксіз болу, яғни қабылдамау және сенбеу тұрғысынан айтылған. Ауру кісінің рухы алқымға келгенде, яғни ахиреттегі орнын көре бастағанда иманға келуінің пайдасы жоқ. Аллаһу та'ала айтқан: «Әзелде шақи (тозақтық) болып жазылған адамдарды иманға шақыруың оларға пайдасын тигізбейді.» Олардың иманға шақырылуы қабірдегілердің иман келтіруі сияқты оларға пайдасын тигізбейді. Өйткені қабірдегілер көрмей тұрып сенуі керек болған нәрселерді көргеннен кейін иман келтірген. Ондай имандары қабыл болмайды. Бұл жердегі есту – қабылдау деген сөз. «Пәленше әйел еш сөз тыңдамайды» деп айтылады. Мұның мағынасы «естісе де, қабылдамайды» деген сөз. Кәпірлерге келген екі аят та осындай. Олар тірі, көздері мен құлақтары бар. Бірақ Аллаһу та'ала оларды шақи қылғандықтан, жүректерін мөрлегендіктен, пайғамбарына «Сен оларға естірте алмайсың» деген. Яғни сенің сөзіңмен олар иманды қабылдамайды. Қабірдегілердің имандары қабыл болмағанындай, олар да иманды қабылдамайды деген сөз. Хадис шәрифтерде өлілердің еститіндігі айтылған. Бұл есту – құлақпен болған есту. Екі аяти каримада айтылған естірте алмау болса, қабылдатқыза алмау деген сөз. Ақылы бар, жақсы ойлана алатын адам бұл екі естуді бір-бірінен оңай ажырата алады. Аллаһу та'ала «Нәмл» сүресінің сексенінші аятында «Сен өліге естірте алмайсың» дегеннен кейін «Сен тек иман келтіргендерге ғана естірте аласың» деді. Мүминдердің еститіндігін көрсетті. Есту – қабыл ету деген сөз екендігі осыдан да аңғарылып тұр. Аяти каримада естірте алмайсың деп айтылуы «Құлақтарымен естімейді» дегенді білдіреді делінетін болса, Аллаһу та'ала қабірдегі мүминдердің еститіндігін айтқан болады, біздің түсіндірмекші болғанымыз да осы. Қабірдегі мүминдердің еститіні Құран кәріммен айқын айтылған болса, бұған ешкім сенбей жүрмейді. Құран кәрімнен кейін мұсылмандардың ең дұрыс қайнар көзі болған хадис шәрифке сенбеген адамның да бұған сенуі керек болады.

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) қабірдегі тек кәпірлердің естімейтіндігін айтқан. Өйткені, жоғарыдағы Ол жеткізген хадис шәрифте: «Кімде-кім мүмин бауырының қабірін зиярат етсе және қабірдің қасында отырып, сәлем берсе, мәйіт оны таниды және сәлеміне жауап береді» делінген. Оны тануы және сәлем беруі мәйіттің оны көргенін және сәлемін естігенін көрсетуде. Айша (радиаллаһу анһа) кәпірлердің естімейтіндігін хабар берген болса да, олардың білетіндігін де хабар беруде. Өзі жеткізген хадис шәрифте: «Менің шын айтқанымды олар қазір біледі» делінген. Ғалымдардың айтуынша, білу естумен болады. Сондықтан, екеуінің арасында ешқандай қайшылық жоқ. Ибн Тәймия, Ибн Қайим Жәузия, Ибн Ражаб, Суюти және тағы көптеген ғалымдар осындай екендігін айтқан. Өйткені, өлу, кейбір сауатсыздардың айтқанындай, жоқ болып кету болғанда, оның бүкіл сезімдерінің жоқ болуы керек болар еді. Хазреті Айша жеткізген, Бұхариде жазылған хадис шәрифте мәйіттің білетіндігі хабар берілгендіктен, сезімдердің кетпегендігі аңғарылуда. Басқа сахабалар хабар берген хадис шәрифтерде өлілердің еститіндігі айтылған. Хазреті Айшаның осы «есту» сөзінің «қабылдау, иман келтіру» деген мағынада деп ойлауы ғалымдардың сөзбірлігіне сай келмеуде. Асхаби кирамның сөздері мен Оның сөзін және Оның хабарындағы сөздерін біріктіретін ең дұрыс сөз тағы да Ол хабар берген зиярат хадис шәрифі. [Абдуррахман ибн Ражаб Ханбели 795 [м.1393] жылы Шамда қайтыс болды (рахметуллаһи алейһ).]

Ибн Хумам «Хидая шәрһі» болған «Фәтх-ул-қадир» кітабында жазғанындай, Ханафи мазһабының ғалымдары ант ету білімдерін түсіндіріп жатқанда былай деген: «Мәйіт естімейді. Бір кісімен сөйлеспеуге ант еткен кісі оның өлісімен сөйлессе, анты бұзылмайды.» «Ханафи мазһабының антқа қатысты сөздері салт-дәстүр мен әдетке сүйенуде. Бұл сөздер өлінің естімейтіндігін көрсетпейді. Ханафи ғалымдары ант туралы мәлімет бергенде «бір адам ет жемеуге ант етсе, кейін балық жесе, анты бұзылмайды» деген. Алайда, Аллаһу та’ала балыққа жақсы ет деген. Бірақ әдет-ғұрыпта балық еті басқа. Осы сияқты, бір адам біреумен сөйлеспеуге ант етсе, өлгеннен кейін оған сөйлесе, анты бұзылмайды. Өйткені, әдетте сөйлесу дегеніміз екі тарапты сөйлесу деген сөз. Мәйіт естиді, бірақ естігеніндей сөйлей алмағандықтан, әдет бойынша сөйлескен болып саналмайды. Сондықтан ол кісінің анты бұзылмайды» делінген. Мәйіт естімегені үшін анты бұзылмайды деген сөз емес. Ибн Хумам хазреті Айшаның «Бәдір шұңқырындағы кәпірлерге сөйледі және тірілер олардан жақсырақ естімейді деп ант етті» деген хадис шәрифке сахих емес дегенін айтқан. Айша (радиаллаһу анһа) «Аллаһу та’ала «Сен қабірде болғандарға естіртуші емессің. Сен өліге естірте алмайсың» дегеннен кейін Расулуллаһтың олай айтқаны дұрыс болмайды деген» дейді. Бірақ бұл хадис шәрифті ғалымдар бірауыздан жеткізген. Хазреті Айшаның бұған сенбегенін ойлауға болмайды. Бұл хадис шәриф пен аяти карима арасында қайшылық та жоқ. Аяти каримадағы өлі – кәпірлерді көрсетіп тұр.

Ал естірте алмайсың дегені «пайдасы жоқ» деген сөз. Естімейді деген мағынада емес. «Бақара» сүресінің «Олар керең, тілсіз, соқыр, олар түсінбейді» деген жүз жетпіс бірінші аяти каримасы да осындай. Яғни құлақтары бар, көздері бар, бірақ иманға және дұрыс жолға шақыруыңды естімегендіктен және көрмегендіктен, Аллаһу та’ала оларға керең, соқыр деген. «Сен өліге естірте алмайсың» аяти каримасы туралы Имам Бәйдауи хазреттері «Олар дұрыс сөзге қарсы құлақтарын бітегендер сияқты. Аллаһу та’ала қалағанына естіртіп, хидаятқа қауыштырады» дейді. Күпірде аяқ тіреп алғандарды Аллаһу та’ала өлілерге ұқсатуда. Бұл аяти карима «Қасас» сүресінің «Сен сүйгендердіңді иманға келтіре алмайсың. Бірақ Аллаһу та’ала қалағанын иманға қауыштырады» деген елу алтыншы аяти каримасына ұқсауда. Ибн Хумам сөзін жалғастырып, «өлілерге естірту тек Расулуллаһқа қатысты» деген. Бұған жауап ретінде «бір нәрсенің Расулуллаһқа тән екенін айта алу үшін дәлел, құжат керек» дейміз. Бұл жерде ондай дәлел жоқ. Хазреті Омардың сұрағы және берілген жауап бір адамға тән еместігін көрсетіп тұр. Ибн Хумам Бәдір шұңқырындағы кәпірлерге сөйлеу мақалды қайталау сияқты болады деген болса да, хазреті Омарға берілген жауап ондай еместігін көрсетіп тұр. Ибн Хумамның айтуынша, «Мүслим» кітабындағы мәйіттердің жаназаға қатысқандар қайтқан кезде олардың аяқ дауыстарын еститіндігін хабарлаған хадис шәриф мәйіттің қабірге қойылған кезде сұрақ-жауап үшін еститінін көрсетуде. Одан кейін мүлдем естімейтіндігін көрсетуде. Өйткені, аяти каримадан мәйіттің естімейтіндігі аңғарылуда. Аллаһу та’ала кәпірлердің естімейтіндігін көрсету үшін оларды өліге ұқсатқан дейді. Бұған берілетін жауап, бұл сөз өз-өзін жоққа шығаруда. Өйткені мәйіттің қабірге қойылған кезінде еститіндігін айтқан адамның әрдайым еститініне де сенуі керек. Басқа уақыттарда естімейді делінбеген. Қабірге қойылған кезде еститіндігін аятудың да аяти каримаға сай болмауы керек болады.

Қабірдегі мәйіттерге сәлем берудің сүннет екендігін Әһли сүннет ғалымдары бірауыздан айтқан. Үлкен ғалым Ибн Мәләк «Мәсабиһ» кітабын шәрһ еткенде «Қабірдегілерге сәлем беру» хадисін түсіндіргеннен кейін «Бұл хадис шәриф мәйіттің естімейтіндігін айтқандардың қателескенін көрсетумен қатар, Имам Ахмедтің және Әбу Даудтың «Сүнән» кітаптарында, Хакимнің «Мүстәдрәк» кітабында, Ибн Әби Шәйбәнің «Әл-мусаннәф» кітабында, Бәйһақидың «Азаб-ул-қабр» кітабында, Таялиси мен Абду ибн Хамидтің «Мүснәд» кітаптарында, Хаммад ибн Сырридің «Әз-зухд» кітабында, Ибн Жәрир, Ибн Әби Хатем және басқа да ғалымдардың сахих жолдармен жеткізген Бәра бин Азиб (радиаллаһу анһ) хабар берген «Қабірдегі фитна мен сұрақ» хадисінің соңында «Мүмин болған мәйітке "құлым дұрыс айтты" деген дауыс естіледі. Қабірде жәннаттан төсеніш жайылады. Жәннат киімдері кигізіледі. Мәйітке жәннаттан есік ашылады. Қабірге жәннат иістері жайылады. Көре алатын жеріне дейін тарайды. Сұлу жүзді, әдемі киімді, хош иісі аңқып тұрған біреу келеді. Одан "сен кімсің, сенің қайырлы жүзің не?" деп сұралады. "Мен сенің салих амалыңмын" деп жауаптайды. Мұны естігенде "Йа, Раббым! Қиямет тез басталса ғой! Йа, Раббым, қиямет тез басталып, бала-шағама және мал-мүлкіме қауышсам ғой" дейді» делінген. Кәпір болған мәйітке бұлардың терісі болады, қиыншылықтар келеді. Бұл хадис шәриф мәйіттің еститіндігін, көретіндігін, сөйлейтіндігін, иіс сезетіндігін, ұғынатындығын, ойланатындығын және жауап беретіндігін көрсетуде. Бұл істердің бәрі қабір сұрағынан кейін болады. Осындай екендігін ғалымдар бірауыздан айтқан. Имам Суюти сияқты хадис имамдары бұл хадистің «Мутәуатыр», яғни ең дұрыс хадистерден екендігін айтқан. Бұл хадис шәриф өлілерге сәлем берудің тірілерге сәлем беру сияқты екендігін және олардың да еститіндігін көрсетіп тұр» деген.

[Имам Ахмед 241 [м.855] жылы Бағдадта, Әбу Дауд Сүлейман Сижстани Ханбали 275 [м.888] жылы Басрада, Хаким Мұхаммед Нишапури 405 [м.1014] жылы Нишапурда, Абдуллаһ ибн Әби Шәйбә 235 [м.850] жылы, Әбу Бәкір Ахмед Бәйһақи 458 [м.1066] жылы Нишапурда, Әбу Дауд Сүлейман Таялиси Басри 204 [м.818] жылы, Әбу Мұхаммед Абду ибн Хамид Кеши 249 [м.863] жылы, Хаммад ибн Сырри Дарими 243 [м.857] жылы Куфада, Мұхаммед бин Жәрир Табари 310 [м.923] жылы Бағдадта, Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Әби Хатәм Нишапури 320 [м.932] жылы, Абдуллатиф ибн Мәләк 801 [м.1399] жылы Измирде Тирда қайтыс болған (рахметуллаһи алейһим әжмаин).]

«Фәтауа-и Хиндия» кітабында «Қабір зияратына тыйым салынбағандығын Имам Ағзам Әбу Ханифа айтқан. [Уаһһаби кітабы да қабірді зиярат етудің рұқсат екендігін жазуда.] Имам Мұхаммедтің сөзінен қабір зияратының әйелдерге де рұқсат екендігі аңғарылуда» делінген. «Тәһзиб» кітабында «Қабір зияраты мүстаһаб. Мәйітті зиярат ету, жақын және алыс болуына қарай, оны тірі кезінде зиярат ету сияқты» делінген. Хусейн Сәманидің «Хазанатул-муфтин» кітабында да осылай жазылған. Қабірлерді зиярат еткенде аяқ киім шешіледі. Мәйіттің бетіне бұрылып, құбылаға артымен қарап тұрады. «Әссәләму алейкум йа әһләл қубур! Аллаһу та'ала сендерді және біздерді кешірсін! Сендер бізге дейін өттіңдер. Біз сендердің арттарыңнан барушылармыз!» делінеді. «Ғараиб» кітабында да осылай жазылған. Мазарда дауыстап немесе жай дауыспен «Мүлк» сүресін оқуға болады. Басқа сүрелерді де оқуға болатындығы «Захира» кітабында «Қабірлердің басында Құран кәрім оқудың құндылығы» баяндалған жерінде айтылған. Қазыхан Хасанның «Хания» фәтуаларында жазылғанындай, мәйіттің Құран кәрім дауысын естіп рахаттануына ниет еткен адам дауыстап оқиды. Бұлай ниет етпеген адам жай дауыспен оқиды. Өйткені Аллаһу та'ала Құран кәрімді қалай оқылса да естиді. «Баззаззия»-да жазылғанындай, мазарда қабір үстіндегі жасыл шөпті жұлу мәкрух. Өйткені бұл шөптер тәсбих етеді. Бұл тәсбихтер мәйіттің азаптан құтылуына көмектеседі. Мәйіт осы тәсбихтерді естіп рахаттанады. Шәрнблалидің «Имдад-ул-фитах» кітабында және басқа да Ханафи ғалымдарының кітаптарында осылай жазылған. Фәтуа беру дәрежесіне көтерілген осындай үлкен ғалымдардың айтуынша, мәйіт тірілер ести алмаған жасыл шөптің тәсбих етуі сияқты дауыстарды естісе, оған сөйлеген адамның дауысын естімеуі мүмкін бе? Естімейді дейтіндер, бәлкім, дүниеде құлақпен естігендей естімейді демекші болған. Олай болса, фиқһ кітаптарында ант ету бөліміндегі антты түсіндіргенде айтылғандар бір-біріне сай түскен болады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифіне де сенген болады. Ғалымдар арасында сөзбірлігі пайда болады. Мазһаб көсемі болған Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһ) бұған сенбегендігін айтты делінсе, бұл үлкен ғалым да басқа мазһаб имамдары сияқты «Сахих хадистер менің мазһабым» деген. Тіпті Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) аса бағынғандықтан, «Мүрсәл», тіпті «Заиф» болған хадис шәрифтерді де мазһабында дәлел қылып алған. Осындай имамның сахих хадистерге бағынбауын ойлауға болады ма? Бұдан да аңғарылып тұрғаны, мәйіттердің естімейтіндігін айтқан бірнеше ғалым «дүниеде естігендей естімейді» демекші болған. Өйткені, сахих хадисті тастап, басқасының сөзіне еру ешқандай ғалымға рұқсат емес.

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және екі қабір досы болған Әбу Бәкір мен Омардың (радиаллаһу та'ала анһума) мүбәрәк қабірлерін зиярат етудің және оларға сәлем берудің, олардан шапағат сұраудың сүннет екендігін Ханафи мазһабының ғалымдары бірауыздан айтқан. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және екі досының еститіндігіне сенбегенде бұл сөздері бір-біріне сай болмас еді. Тіпті «Барлық қабірді зиярат ету сүннет» деген сөзіне де сай болмас еді. Олардың ант ету туралы сөздері дүниеде тірілердің естуіне қатысты екені айтылса, сөздерінің арасында қарама-қайшылық мүлдем қалмаған болады.

[Қадихан Фәрғани 592 [м.1196] жылы қайтыс болды.]

 

НӘТИЖЕ: Ахмед ибн Тәймия «Китаб-ул-интисар-фил-имам-и Ахмед» кітабында жазғанындай, «Бәдір»-де шұңқырға толтырылған кәпірлердің естуіне хазреті Айшаның сенбеуі оған кінә болмайды. Өйткені, Ол хадис шәрифті естімеген. Бірақ басқалардың сенбеуі кінә болады. Өйткені, бұл хадис шәриф барлық жерге тарады. Зәру түрде сенуі қажет болған білімдерден саналды. Ибн Тәймияның бұл сөзі Бәдір шұңқырындағы кәпірлердің естігендігіне сенбейтіндердің кәпір болатынын көрсетуде. Өйткені, дінде сену зәру болған бір нәрсеге сенбеген адамның кәпір болатындығы мазһаб кітаптарының барлығында жазылған. Мәйіттің естімейтіндігін айтқан бірнеше ғалым және мысалы, Айша (радиаллаһу анһа) қабірдегі кәпірлердің естімейтіндігін айтқан. Бірақ Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және үмбетінің арасында шәһид болғандардың, әулие болғандардың қабірлерінде еститіндігіне сенбеген бірде-бір ғалым жоқ. Хазреті Айша да, басқалары да бұған сенген. Қазіргі заманда кеңінен тарап жатқан мазһабсыздардың және оларға алданған сауатсыздардың мәйіт естімейді деп айтуының, тіпті Расулуллаһты да сол қатарға қосуларының жаман екендігі осыдан да аңғарылуда. Бұл сауатсыздардың, бұл адасушылардың жазасын Қаһһар болған Аллаһу та'ала әлбетте береді. Ибн Тәймия өлілердің тірілуіне қатысты фәтуаларында «Өлілер өздерін зиярат еткендерді біледі ме? Таныстарынан немесе танымайтындарынан біреу келгенде оның келгенін аңғарады ма?» деген сұраққа «Иә, біледі және аңғарады» деп жауаптаған. Өлілердің кездесетіндігін, сұрасатындығын және тірілердің амалдары оларға көрсетілетіндігін мәлімдейтін хабарларды жазған. Хазреті Халид ибн Зәйд Әбу Әйюб Ансари хазреттері хабар берген хадис шәрифті Абдуллаһ ибн Мубәрәк жеткізген. Бұл хадис шәрифте: «Мүмин қайтыс боларда рахмет періштесі оның рухын алады. Мәйіттер, дүниеде сүйінші сұрағандардың жиналғанындай, оның айналасына жиналады. Одан сұрай бастайды. Араларынан бірнешеуі "Бауырларыңды мазаламаңдар, тынықсын! Өте қиын жерден келе жатыр" деседі. Оның айналасына үймелейді. Дүниедегі таныстарын сұрайды. "Пәленше не істеп жүр? Пәленше әйел күйеуге шықты ма?" деп сұрайды» делінгендігін хабар беруде. [Халид бин Зәйд (радиаллаһу анһ) 49 [м.670] жылы Суфиян бин Ауф басшылығындағы әскермен Стамбұлды қоршаған кезде дизентерия ауруынан қайтыс болды. Стамбұлда «Әйюб» деп аталатын жердегі кесенесі аса көрнекті болып, зиярат етушілері оның рухымен тәуәссул етуде.]

Аллаһу та'ала шәһидтердің тірі екендігін және ризықтандырылатындығын айтты. Хадис шәрифте шәһидтердің рухтарының жәннатқа кіргендігі хабар берілген. Ғалымдардың бірнешеуі бұл ниғметтердің тек шәһидтерге арналғанын, сыддықтардың ондай болмайдығын айтқанымен, имамдарымыздың және Әһли сүннет ғалымдарының көбінің айтқаны дұрыс. Олар тірі болу, ризықтану және рухтардың жәннатқа кіруі тек шәһидтерге ғана тән емес деді. Аяти карималардан және хадис шәрифтерден осылай аңғарылуда деді. Бұлардың тек қана шәһидтерге қатысты етіп айтылуы шәһидтердің өліп жоқ болды деп саналып, соғыстан қорқуының алдын алу үшін. Соғысқа баруға және шәһид болуға тосқауыл болатын күмәнді кетіру үшін. «Исра» сүресінің «Кедейліктен қорқып балаларыңды өлтірмеңдер!» деген отыз бірінші аяты да осы сияқты. Кедейліктен қорқпай да өлтіру рұқсат болмағанымен, кедейліктен қорқып өлтіргендер көп болғандықтан, аяти карима оқиғаларға қарай жіберілген. Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед осы аяти кариманы көрсетіп, қабірді зиярат етуге тыйым салуда.

[Ибн Тәймия 728 [м.1328] жылы Шамда қайтыс болды.]

Осы жерге дейін Ахмед ибн Тәймия Харранидің кітабындағы дәлелдерді көрсеттік. Уаһһабилер Ибн Тәймияның жолында жүргенін айтады. Оның үлкен ғалым екендігін айтады. Оны Шайх-ул-ислам дейді. Алайда, оның кітаптарын және пікірлерін қабыл етпейді. Ол барлық мәйіттердің шәһидтер сияқты тірі екендігін және шәһидтер сияқты ризықтанатынын айтқан. Оның сөзіне бағынбайтын және оның сөзіне бағынғандарға кәпір, мүшрик деп атайтындардың оның жолында жүргеніне сенуге болады ма? Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естімейді және зияратқа келгендерді, одан сұрағандарды көрмейді, білмейді, танымайды дейтін ақымақтар Ибн Тәймияның және ешкімнің жолында емес. Олар өз нәпістерінің, өз рахаттарының соңында. Аллаһу та'ала оларға ақыл берсін және дұрыс жолын көрсетсін! Әмин!

Мәйіттердің тірілерді көретіндігін көрсететін дәлелдердің бірі – Бұхаридегі «Әр мәйітке күнде таңертең және кешке ахиреттегі орны көрсетіледі. Жәннаттық болғанға жәннаттағы орны, ал тозақтық болғанға тозақтағы орны көрсетіледі» хадис шәрифі. «Көрсетіледі» сөзі олардың көретіндігін айқындап тұр. Аллаһу та'ала «Перғауын»-ның адамдары туралы «Оларға таңертең-кешке от көрсетіледі» деді. Мәйіт көрмегенде, көрсетіледі сөзі пайдасыз болар еді. Әбу Нуайм Амр бин Динардан алып хабар беруде: «Адам өлгенде рухын періште ұстайды. Рух дененің жуылуына, кебінделуіне қарайды. Оған "Адамдар сені қалай мақтап жатыр, есті" делінеді.» Абдуллаһ ибн Әбиддунияның Амр бин Динардан алып жеткізген хадис шәрифінде «Адам өлгеннен кейін бала-шағасының басына келгендерді біледі. Өзін жуындырғандарға және кебіндегендерге қарайды» делінген. «Бұхари»-дегі сахих хадисте «Мүнкәр мен Нәкир періштелері сұрақ-жауаптан кейін мәйітке "Тозақтағы орныңа қара! Аллаһу та'ала ауыстырып, саған жәннаттағы орынды сыйлады" дейді. Ол қарайды, екеуін бірге көреді» делінген.

[Ибн Әбиддуния 281 [м.894] жылы Бағдадта қайтыс болды.]

Ибн Әбиддуния және Бәйһақи «Шуаб-ул-иман» кітабында Әбу Хурайрадан (радиаллаһу та'ала анһум) жеткізген хадис шәрифте: «Бір адам танысының қабірінің қасына келіп, сәлем берсе, мәйіт оны танып, сәлем береді. Танымайтын қабірінің қасына келіп сәлем берсе, сәлеміне жауап береді» делінген. Бұл хадис шәрифтен аңғарылып тұрғаны, мәйіт өзін зиярат етушіні, қабіріне келген адамды көреді. Егер көрмейтін болғанда, дүниеде танымаған адамын танымайтындығы айтылмас еді. Біріншісін танып, жауап береді. Екіншісінің сәлеміне танымай жауап береді.

Имам Ахмед және Хаким хазреті Айшадан (радиаллаһу та'ала анһа) хабар берген: «Бөлмеме кіріп, киімімді шешетін едім. Өйткені қабірлерде әкем мен күйеуім бар еді. Хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) да жерленгеннен кейін бөлмеме кіргенде киімімді шешпейтін болдым. Өйткені ол бөтен (намахрем) еді. Одан ұялатын едім.» «Әрбаин-ут-тайия» кітабында жазылған хадис шәрифте «Мәйіт дүниеде жақсы көрген адамы зиярат етіп келгенде қуанады» делінген. Бұл хадис шәриф мәйіттің зияратқа келген адамды көретінін көрсетіп тұр. Егер көрмесе, онда танымайтын және қуанбайтын еді. «Сахих Мүслим»-де Амр ибн Астан (радиаллаһу анһ) хабар берілген. Өлетін кезінде айтты: «Мені жерлеген кезде үстіме топырақ тастаңдар! Кейін мал сойып, етін бөлетіндей уақыт қабірімнің басында күтіңдер. Сендермен бірге қабіріме үйренейін және сендерді көріп тұрайын. Осылайша, Раббым жіберген сұрақ періштелеріне оңай жауап берейін.» Қабірдегі мәйіттердің еститіндігін және көретіндігін айқындайтын осындай дұрыс хабарлар көп. Біз қажетінше көрсеттік. Ұзатуға қажеттілік жоқ болса керек. Тірілердің амалдары өлілерге көрсетілетінін жоғарыда жазған едік. Оларда көру болмағанда, амалдардың оларға көрсетілуі дұрыс болмас еді. Өйткені амалдардың көрсетілуі дегеніміз – екі иықтағы «Кирамән катибин» періштелері жазған нәрселердің көрсетілуі екендігі аңғарылып тұр. Бұл мәйіттердің көретіндігін айқындап тұр. Сондықтан, біз де өлілердің көретіндігін түсіндіргеннен кейін тірілердің амалдарының оларға көрсетілуін хабарлаған хадис шәрифтерді жазуды жөн санадық.

[Амр ибн Ас 43 [м.663] жылы Мысырда қайтыс болды.]

Бұл білімдерді сауатсыздар түсінбейді. Өйткені, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүннетін және бұл туралы хадис шәрифтерін естімеген. Өздерін ғалым санайтын бұл адамдар соншылықты сауатсыз және соншалықты ақымақ, «қабірдегі пайғамбарлар (салауатуллаһи та'ала алейһим әжмаин) және әулиелер (рахимә-һумуллаһу та'ала) қабір басына келіп, олардан шапағат және көмек сұраған адамдарды қалайша біледі?» дейді. Оларға айтарымыз, оларға дүниеде кезінде көптеген нәрселер білдіріледі. Өлгеннен кейін де неге білдірімеске? Яки Аллаһу та'ала өз әдетінен тыс оларға нәсіп етіп, олар естиді және біледі. Тірілердің амалдарының өлілерге көрсетілетіндігі хадис шәрифте айтылған. Бұған сенбейтіндерге дәлел болған хадис шәрифтерді жоғарыда жаздық. Бұл хадис шәрифтерді оқып түсінбейтін адам өлі тек қана дүниеде танитын адамдарын көреді, естиді десе, оған айтарымыз, хадис шәрифтер таныс және бейтаныс деп ажыратпаған. Бірақ олар сонда да қарсы шығады. Өліп, өз бастарына келгенге дейін сенбейді.

 Үмбеттің амалдарының Расулуллаһқа көрсетілетіндігін хабар берген көптеген хадис шәрифтер бар. Бәззаздың сахих адамдардан алып, Абдуллаһ ибн Мәсуд хазреттерінен хабар берген хадис шәрифінде: «Менің өмірім, тірі болғаным сендерге қайырлы. Өйткені сендер маған айтып жеткізесіңдер, мен де айтып жеткіземін. Ажалым жеткенде қайтыс болуым да сендерге қайырлы болады. Амалдарың маған көрсетіледі. Жақсы амалдарыңды көрген кезімде Аллаһу та'алаға шүкір етемін. Жаман амалдарыңды көрген кезімде сендер үшін кешірім сұраймын» делінген. Бұл хадис шәриф Расулуллаһтан естідім деп хабар берілген. Басқа да сенімді ғалымдар мұны «Мүрсәл» деп хабарлаған. Амалдардың, істердің таныстарға көрсетілетіндігін хабарларған хадис шәрифке келер болсақ, Имам Ахмед және Хаким Тирмузи «Нәуадир-ул-усул» кітабында және Мұхаммед бин Исхақ ибн Мәндә есімді әйгілі хадис ғалымдары хабар берген хадис шәрифте: «Жасаған амалдарың қабірдегі жақындарыңа және таныстарыңа көрсетіледі. Олар жақсы амалдарыңды көргенде қуанады. Ондай болмаған амалдарыңа "Йа, Раббым! Бізді дұрыс жолға түсіргенің сияқты бұл бауырымызды да түсір. Одан кейін рухын ал!" дейді» делінген. Үлкен хадис ғалымы Сүлейман Әбу Дауд Таялиси «Мүснәд» кітабында Жабир бин Абдуллаһтан келген хадис шәрифті былай жеткізген: «Жасаған амалдарың мазардағы жақындарыңа және таныстарыңа көрсетіледі. Амалдарың жақсы болса, қуанады. Жақсы болмаса, "Йа, Раббым! Оларға жақсы амалдар істеуіне жүректеріне шабыт бере гөр!" дейді.» Ибн әби Шәйбә «Мусаннәф» кітабында, Хаким Тирмузи мен Ибн Әбиддуния Ибраһим бин Мәйсарадан хабар бергені бойынша, Әбу Әйюб-әл-Ансари Стамбұлға соғысуға кетті. Біреудің қасынан өтіп бара жатып «Адамның түсте жасаған істері кеш болғанда мазардағыларға көрсетіледі. Кешке жасаған істері таң болғанда мазардағыларға көрсетіледі» дегенін естіді. Әбу Әйюб хазреттері «Не айтып жатырсың?» деп сұрағанында, «Уаллаһи мұны сіз үшін айтып жатырмын» деді. Әбу Әйюб «Йа, Раббым, саған сыйынамын. Убадәт-әбни Самиттің және Сад бин Убаданың алдында олар өлгеннен кейін жасағандарым үшін қарабет қылма» деді. Ол адам жауап ретінде «Аллаһу та'ала құлдарының кемшіліктерін жасырады, амалдардың жақсысын көрсетеді» деді. Хаким Тирмузидің «Нәуадир» кітабында хабар берген хадис шәрифінде: «Адамдардың амалдары дүйсенбі және бейсенбі күндері Аллаһу та'алаға ұсынылады. Пайғамбарларға, әулиелерге және ата-анаға жұма күндері көрсетіледі. Жақсы амалдарын көргенде олар қуанады. Жүздерінің нұры артады. Аллаһтан қорқыңдар! Өлілерді ренжітпеңдер!» делінген. Адамдардың амалдары мазардағы танымайтын өлілерге де көрсетіледі. Абдуллаһ ибн Мүбәрәк пен Ибн Әбиддунияның Әбу Әйюб-әл-Ансариден (радиаллаһу та'ала анһ) хабар берген хадис шәрифінде «Жасаған амалдарың өлілерге көрсетіледі. Олар жақсы амалдарыңды көріп қуанады. Жаман амалдарыңды көргенде мұңаяды» делінген. Хаким Тирмузидің, Ибн Әбиддунияның, Бәйһақидың «Шуаб-ул-иман» кітабында Нуман бин Бәширден хабар берген хадис шәрифінде: «Мазардағы бауырларың үшін Аллаһу та'аладан қорқыңдар! Жасаған амалдарың оларға көрсетіледі» делінген. Бұл екі хадис шәриф барлық өлілерге қатысты. Әбуд-дәрда (радиаллаһу та'ала анһ) айтқанындай, жасаған амалдарың өлілеріңе көрсетіледі. Олар бұған қуанады немесе мұңаяды. Ибнул Қайим Жәузия «Китабур-рух» кітабында Ибн Әбиддуниядан, ол Садақа бин Сүлейман Жафардан хабар берген: «Бір жаман қасиетім бар еді. Әкемнің өлімінен кейін өкіндім. Бұл қылықтарымды доғардым. Бір арада күнә істеп қойдым. Кейін әкемді түсімде көрдім. "Балам! Сенің жақсы амалдарыңмен қабірімде рахаттанып жатқан едім. Жасаған амалдарың бізге көрсетіледі. Сенің істерің салихтардың амалына ұқсайды. Бірақ соңғы істегеніңе қатты ренжідім, ұялдым. Қасымдағы мәйіттер арасында мені ұятқа қалдырма" деді.» Бұл хабар бөтен мәйіттердің де дүниедегі істерді аңғаратынын көрсетіп тұр. Өйткені, баласының істері әкесіне көрсетілген кезде әкесі ұлына мені қасымдағы өлілерден ұялтпа деген. Бөтен өлілер баланың амалдарының әкесіне көрсетілгендігін аңғармағанда, әкесі түсте олай айтпас еді. Хазреті Халид бин Зәйд Әбу Әйюб-әл-Ансаридың (радиаллаһу та'ала анһ) хабар берген хадис шәрифінде де танитын барлық өлілерге дүниедегі істердің көрсетілетіндігін жоғарыда жазған едік.

[Ибн Мәндә 395 [м.1005] жылы қайтыс болды.]

[Әбу Дауд 204 [м.819] жылы қайтыс болды.]

 

Төртінші бөлім: Мәйіттердің бір-бірін зиярат етуі және кездесуі де сахих хабарлармен жеткен. Харис бин Әби Усама және Убайдуллаһ бин Саид Уаили «Ибанә» кітабында және Уқайлидің Жабир бин Абдуллаһтан хабар берген хадис шәрифінде «Өлілеріңнің кебінін жақсылап жасаңдар! Олар қабірлерінде бір-бірін зиярат етеді және мақтанады» делінген. «Мүслим» сахихындағы хадис шәрифте: «Бауырының жаназа істерімен айналысқандарың кебінін жақсылап жасасын!» делінген. Өйткені, мәйіттер бір-бірін зиярат етеді және мақтанады. Әбу Хурайра жеткізген хадис шәрифте: «Өлілеріңнің кебіндерін жақсылап жасаңдар! Өйткені, олар бір-бірін кебіндерінің ішінде зиярат етеді» делінген. Тирмузи, Ибн Мажа, Мұхаммед бин Яхия Хамадани «Сахих» кітабында және Ибн Әбиддуния, Бәйһақи «Шуаб-ул-иман» кітабында Әбу Қатададан жеткізген хадис шәрифтерінде: «Араларыңнан біреуің дін бауырларыңның жаназа істерімен айналысатын болса, оның кебінін жақсылап жасасын! Өйткені, олар қабірлерінің ішінде бір-бірін зиярат етеді» делінген.

[Харис бин Әби Усама Бағдади 282 [м.895] жылы, Убайдуллаһ Уаили 440 [м.1048] жылы, Мұхаммед бин Омар Хижази Уқайли 322 [м.934] жылы, Мұхаммед Тирмузи 320 [м.932] жылы Бағ қаласында, Мұхаммед ибн Мажа 273 [м.886] жылы Қазуинде, Мұхаммед Хамадани Мысри Шафии 347 [м.959] жылы, Абдуллаһ ибн Әбиддуния 281 [м.894] жылы Бағдадта, Ахмед Әбу Бәкір Бәйһақи 458 [м.1066] жылы Нишапурдың Бәйһақ ауылында қайтыс болған (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).]

Ибн Тәймия фәтуаларының әртүрлі жерінде айтады: «Қабірлер орналасқан қалалар әлемде бір-біріне жақын болса да, алыс болса да, мәйіттер бірін-бірі зиярат етеді. Алыс қалада болған мәйіттердің рухтары бір-бірімен кездеседі.» Ханафи мазһабының ғалымдары фиқһ кітаптарында «Кебіннің жақсы болуы сүннет. Өйткені, мәйіттер бір-біріне мақтанады және бірін-бірі зиярат етеді» деп жазылған. Тіпті, барлық мазһабтардың ғалымдары фиқһ кітаптарында мұның осындай екендігін айтқан. Осындай екендігін көрсететін хабарлар және адамды таңқалдыратын оқиғалар көп жетіп келген. Оқығысы келгендер хадис ғалымы Имам Суюти хазреттерінің «Шәрһ-ус-судур» кітабын пайдалана алады. [Мазһабсыздар хадис ғалымдарына жүгінгендігін айтады. Хадис кітаптарынан дәлел ретінде көп хадистер жазады. Ең үлкен Ислам ғалымы – Ибн Тәймия дейді. Бұл хадис кітаптарында өлілердің біз білмейтін және түсінбейтін көрумен және естумен сезетіндігін оқиды да, бұған сенбейді. Расулуллаһ алейһиссаламның және әулиелердің еститіндігіне сенетіндерге кәпір дейді. Мүшрик деп атайды. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк кесенесінің алдында «Шапағат, Йа, Расулаллаһ» деген қажыларды мүшрик деп санайды. Осы себептен жүз мыңдаған қажылардың «Мина»-да сойған жүз мыңдаған құрбандықтарын нәжіс, өлексе деп сол құрбандық еттерін жемейді. Топыраққа көміп, үстінен бульдозермен өтіп тегістейді. Мүшриктердің сойғанын жеуге және сатуға болмайды дейді.]

 

Бесінші бөлім: Өлілер дүниеде тірі болғандардың жасаған амалдарын, оларға көрсетілмесе де, біледі. Мазһабсыздар ғұлама деген, өте ұлы деп санаған Ибн-ул-Қайим Жәузия «Китаб-ур-рух» кітабында былай жазған:

ТАРАУ: Хафыз, яғни хадис ғалымы Әбу Мұхаммед Абдуллаһ Әшбили (рахимә-һуллаһу та'ала) бұл жерде ұзақ мәліметтер берген. Өлілер тірілердің амалдарын сұрайды. Тірілердің сөздері мен іс-әрекеттерін аңғарады. Кітабында бір беттен кейін Амр бин Динар айтады: «Адам өлгенде тастап кеткендерінің басына келгендердің бәрін біледі. Оны жуындырғанын және кебіндегенін көреді, оларға қарап тұрады». Ибн Қайим Жәузия кітабында тағы бір беттен кейін жазған: «Са'б бин Жусама мен Ауф бин Малик бір-бірімен ахиреттік бауыр болды. Өзара "Қайбіріміз ертерек өлсек, түске кірейік" деп келісті. Са'б бұрын өлді. Ауфтың түсіне кірді. Ауфтың "Аллаһу та'ала саған не істеді?" деген сұрағына "Кешірді" деп жауап берді. Сөйлесуінің соңында бауырым: "Мен өлгеннен кейін менің жақындарымның істегендерінің барлығы маған көрсетіліп тұрады. Тіпті мысығымыздың пәлен күн бұрын өлгенін хабар алдым. Қызым алты күнге дейін өледі. Сен оған уаси бол" деді. Түсте айтқанындай болды.» Кітабында бұдан кейін Сабит бин Қайстың Халид бин Уәлидтің (радиаллаһу та'ала анһ) әскері арасындағы біреудің түсіне кіргендігі айтылған. «Халид бин Уәлидке бар, оған айт, мен шәһид болған кезімде Ислам әскерінен біреу менің қасыма келді. Үстімдегі болат сауытымды шешіп, шатырына алып барды. Оның шатыры ең соңында. Шатырының қасында ұзын жүгені болған ат жайылып жүр. Сауытымды одан алсын» деді. Бұл адам Халидқа осыларды айтып берді. Сөйтіп бірге барды. Сауытты сол шатырдан тапты.

 

Алтыншы бөлім: Тірілердің амалдарынан хабар алғанда өлілердің қынжылатындығын Имам Суютидің «Шәрһ-ус-судур» кітабында Дәйләмидің Айша анамыздан (радиаллаһу анһа) жеткізген хадис шәрифі жазуда. Бұл жерде: «Адам үйінде болғанда не нәрселерге қынжылатын болса, қабірінде де сол нәрселерге қынжылады» делінген. Имам Қуртуби «Тәзкирә» кітабында жазғанындай, дүниеде болғандардың амалдарын Аллаһу та'ала періште арқылы немесе ишара арқылы, белгі беріп, яки басқа жолмен өлілерге хабарлайды.

Ибн Қайим Жәузия «Китаб-ур-рух» кітабында жазған: «Тірілердің рухтары мен өлілердің рухтарының кездесетіндігін хабарлағандардың бірі мынау: Тірі өліні түсінде көріп, оған сұрақтарын қояды. Мәйіт тірінің білмейтіндерін оған хабар береді. Берген болған немесе болатын хабарлары дұрыс шығады. Көбінесе тірі кезінде көміп, ешкімге айтпаған затының орнын хабар береді. Алашағының бар екенін және куәгерлерді айтуы көп байқалған. Ешкім білмейтін, өзі жасырын жасаған ісін хабар бергені және айтқанындай шыққаны көп байқалған. Ең таңқалдыратыны, пәлен уақытта өлесің деген адамдары сол уақытта өлгендігі байқалған. Тірі адамның жасырын жасаған ісін өлі тарапынан басқа тіріге хабарланғаны да көп байқалған. Са’б және Сабит өлгеннен кейін түсте тірілермен сөйлескен. Бұл туралы жоғарыда жазған едік.» Имам Суюти «Шәрһ-ус-судур» кітабында Мұхаммед бин Сыриннен (радиаллаһу анһ) хабар бергені бойынша, мәйіттердің айтқан нәрселерінің бәрі дұрыс. Өйткені, мәйіт мүлдем өтірік пен қателік болмаған әлемде. Бұл әлемде болғандар тек қана дұрыс айтады. Көргендеріміз және түсінгендеріміз бұл сөзімізді растап тұр. Ибн-ул-Қайим және басқалары да осылай айтты. Рух латиф (жеңіл) болғандықтан, сезім мүшелерімен аңғарылмайтын нәрселерді түсінеді. Хаким және Бәйһақи «Дәлаил» кітабында Сүлейманнан хабар бергені: «Умми Сәләмә хазреттерінің қасына кірдім. Ол жылап отырған еді. Неліктен жылап отырғанын сұрадым. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түсімде көрдім. Жылап жатқан еді. Мүбәрәк басында және мүбәрәк сақалында топырақ бар еді. "Мүбәрәк жүзіңіз неге осындай болып тұр?" деп сұрадым. "Балам Хусейннің шәһид етілгенін көрдім" деді.» Мұны Хатиб Тәбризи «Мишкат-ул-мәсабиһ» кітабында да жазуда. Ибн Әбиддуния (рахметуллаһи алейһ) Бәни Әсәд тайпасынан бір мазаршыдан хабарлаған. Мазаршы былай айтып берген: «Бір түні мазарда едім. Бір қабірден мынадай дауыстар келді:

"-Ей, Абдуллаһ!

-Не болды, ей, Жабир?

-Ертең біздің қасымызға анамыз келеді.

-Оның бізге пайдасы жоқ, бізге дұға жасалмайды. Әкем оған ашуланып, оған дұға етпеуге ант еткен еді."

Таң атқанда бір кісі келді. Мына екі қабірдің арасына қабір қазуымды айтты. Түнде дауыс естілген екі қабірді көрсетті. Бұл қабірдегілердің есімдерін сұрадым. "Мынаның есімі Жабир, ал мынаның есімі Абдуллаһ" деп көрсетті. Түнде естігендерімді оған айтып бердім. "Иә, оған дұға етпеуге ант еткен едім, Қазір антымды бұзып дұға етемін, артынша кафаратын өтеймін" деді.»

[Абдуллаһ Әшбили 497 [м.1104] жылы, Са’б бин Жусама – Әбу Суфиянның қыз бауыры Зейнеп бинти Харбтың баласы болып, хазреті Әбу Бәкірдің халифалығы дәуірінде қайтыс болды. Әбу Шужа Шәһрдар Дәйләми 558 [м.1164] жылы, Хаким Мұхаммед Нишапури 405 [м.1014] жылы, Сүлейман бин Ясар – Мәймунаның азат еткен құлы еді. 107 [м.726] жылы, Уәлиюддин Мұхаммед Хатиб Тәбризи Шафии 749 [м.1347] жылы, Ахмед ибн Хажәр Асқалани 852 [м.1448] жылы Мысырда, Хафыз Юсуф ибн Абдилбәрр Малики 463 [м.1071] жылы Әндүлүсте, Шатибада қайтыс болды (рахметуллаһи алейһим әжмаин).]

 

Жетінші бөлім: Өлілердің іс атқарғандығы, Аллаһу та'аланың рұқсатымен оларда көптеген нәрселер байқалғандығы сахих кітаптарда жазылған. Хадис ғалымы Имам Суюти «Әл-мутақаддим» кітабында және хафыз Ибн Хажәр фәтуаларында жазғанындай, мүминдердің рухтары «Иллийин» деп аталатын дәрежеде, кәпірлердің рухтары «Сижжин» деп аталатын жерде. Әр рух денесіне белгісіз бір күйде байланған. Бұл байланыстары дүниедегі байлану сияқты емес. Түс көрген адамның көрген нәрселеріне байлануы сияқты. Бірақ өлілердің денелеріне және басқа нәрселерге байланысы түс көрген адамның байланысынан әлдеқайда күштірек. Сондықтан Ибн Абдилбәррдің «Рухтар қабірлерінің қасында» деген сөзі мен жоғарыдағы сөздің байланысын табу қиын емес. Рухтардың өз денелеріне әсер етуі мен қолдануына және қабірде болуына рұқсат берілген. Мәйіт қабірден шығарылып, басқа қабірге қойылса, рухтың денеге деген байланысы бұзылмайды. Дене шіріп, топырақ заттары, сұйықтықтары және пайда болған газдары тараған кезде де бұл байланыс бұзылмайды. Имам Суюти айтқанындай, рухтың Иллийинде болса да, денеге байлануына және қолдануына рұқсат берілгенін Ибн Асакирдің Абдуллаһ ибн Аббастан хабар берген мына хадис шәрифі көрсетуде: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жафар Тайяр хазреттері шәһид болғаннан кейін айтқан: «Бір түні Жафар Тайяр қасыма келді. Қасында періште бар еді. Екі қанатты еді. Қанаттарының ұшы қанға боялған еді. Олар Йемендегі Бишә деп аталатын аймаққа бара жатқан еді.» Ибн Абидин хазреті Әли ибн Әби Талибтен хабар берген хадис шәрифінде: «Жафар бин Әби Талибті періштелердің арасында көрдім. Бишә халқына жаңбыр келетінін сүйіншілеп жатқан еді» делінген. Хадис ғалымдарынан Хакимнің Абдуллаһ ибн Аббастан берген хабарында, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында отырған едім. Әсма бинти Умәйс қасымызда еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Алейкум салам» дегеннен кейін «Йа, Әсма! Қазір күйеуің Жафар Жәбрейіл және Микайлмен бірге қасыма келді. Маған сәлем берді. Сәлемдеріне жауап бердім. Маған айтты: «Мутә» соғысында кәпірлерге қарсы бірнеше күн соғыстым. Денемнің әр жерінде жетпіс үш жерден жараландым. Байрақты оң қолыма алдым. Оң қолым кесілді. Сол қолыма алдым, сол қолым да кесілді. Аллаһу та'ала екі қолымның орнына маған екі қанат берді, Жәбрейіл және Микайлмен бірге ұшып жүрмін. Қалаған кезімде жәннаттан шығамын. Қалаған кезімде кіріп, жемістерін жеймін» деді. Әсма мұны естігенде «Аллаһу та'аланың ниғметтері Жафарға бұйырсын. Бірақ, адамдар мұны менен естісе сенбейді ме деп қорқамын. Йа, Расулаллаһ, мінберге шығып, сіз айтыңызшы! Сізге сенеді» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітке келіп, мінберге шықты. Аллаһу та'алаға мақтау айтқаннан кейін «Жафар ибн Әби Талиб Жәбрейіл және Микайлмен бірге қасыма келді. Аллаһу та'ала оған екі қанат берген екен. Маған сәлем берді» деді. Кейін Әсмаға хабар бергендерін жеке-жеке айтып шықты. Бұл хадис шәрифтердің көрсетіп тұрғаны, Аллаһу та'ала шәһид болған және салих болған құлдарына адамдарға пайдалы болған істерді жасауға рұқсат беруде. Мұны көрсететін тағы әртүрлі хабарларды хадис ғалымдары жазған. Олардың біреуін Имам Жалаледдин Суюти былай хабарлаған: Ибн Әбиддуния айтып берген: Әбу Абдуллаһ Шами гректерге қарсы соғысқа кеткен еді. Олар дұшпанды қуып жатқан еді. Екі адам әскерден алыстады. Біреуі былай айтып берген: Дұшпан қолбасшысын кездестірдік. Оған шабуылдадық. Көп соғыстық. Досым шәһид болды. Мен кері қайттым. Әскерімізді іздедім. Кейін өз-өзіме «Обал болсын саған! Неге қашып жатырсың» дедім де, қайта оралдым. Дұшпанның қолбасшысына шабуылдадым. Қылышымды түсіріп алдым. Ол маған шабуылдап, мені құлатты. Кеудеме отырып алды да, мені өлтіру үшін қолына бір нәрсе алды. Дәл сол сәтте шәһид болған досым орнына атып тұрды. Шашынан ұстап, үстімнен түсірді. Екеуміз бірге кәпірді өлтірдік. Алыстағы ағашқа дейін бірге сөйлесіп бардық. Сол жерде өлі болып жатты. Достарыма келіп, болғандарды айтып бердім. Ханафи мазһабы ғалымдарынан «Раудат-ул-Улема» кітабының авторы Хусейн Бұхари Зәндувисти және «Зубдәт-ул-Фуқаха» кітабының авторы да бұл оқиғаны жеткізген. Хадис ғалымдарынан Мәхамили «Әмалиюл-Исфәхания» кітабында жазғаны бойынша, Абдулазиз бин Абдуллаһ айтып берген: бір досыммен Шамда едік. Оның қасында әйелі де бар еді. Олардың баласының шәһид болғанын бұрыннан білетін едім. Қасымызға бір атты кісі келді. Досым оны күтіп алды. Әйеліне қарап, «мынау біздің баламыз» деді. Әйелі «Шайтан сенен аулақ болсын. Сен алданудасың. Балаңның бұрыннан шәһид болғанын ұмыттың ба?» деді. Адам сөйлегеніне өкініп қалды. Бірақ атты кісіге жақындады. Мұқият қарап, «Уаллаһи, бұл біздің баламыз» деді. Әйелдің де қарауына тура келді. «Уаллаһи, ол баламыз» деп айқайлай бастады. Әкесі «Балам, сен шәһид болған едің ғой» деді. «Иә, әкешім. Бірақ Омар бин Абдулазиз қазір қайтыс болды. Шәһидтер болып оны зиярат етуге Раббымыздан рұқсат сұрадық. Мен одан бөлек сіздерге сәлем беруге де рұқсат сұрадым» деді. Қоштасып, кетіп қалды. Аз уақыттан кейін Омар бин Абдулазиздің қайтыс болған хабары келді. Имам Суютидің айтуынша, бұл хабарлар дұрыс. Хадис ғалымдары дәлелдерімен бірге осыларды жазған. Мұны Имам Яфии (рахметуллаһи алейһ) жазған. Оның жазбасын күшейту үшін мен де хабарладым. Осындай оқиғалар Имам Суютидің кітабында көп жазылған. Қалағандар сол кітаптан оқуына болады.

Имам Яфиидың айтуынша, мәйіттерді жақсы немесе жаман жағдайда көру Аллаһу та'аланың кейбір құлдарына нәсіп еткен аяны, кереметі. Тірілерге сүйінші беру – насихат беру, яки өлілердің артынан қайырлы іс атқару, қарыздарының өтелуіне жарауы үшін көрсетіледі. Өлілерді көру көбінесе түсте болады. Ояу кезде көретіндер де бар. Әулиелерде? һал иелерінде бұл керемет саналады. Кітаптың басқа жерінде жазғаны бойынша, Әһли сүннет мазһабының ғалымдары айтады, өлілердің Иллийиндегі немесе Сижжиндегі рухтары анда-санда, яғни Аллаһу та'ала қалаған кезде қабірдегі денелеріне қайтарылады. Ең көп жұма түндері осылай болады. Олар бір-бірімен кездеседі, сөйлеседі. Жәннаттық болғандар ниғметтерге қауышады. Азап көретіндер азапталады. Рухтар Иллийинде немесе Сижжинде болғанда денесіз де ниғмет немесе азап көреді. Ал қабірде рух пен дене бірге ниғмет көреді. Яки азапталады. Ибн-ул Қайим Жәузия «Китаб-ур-рух»-та айтқанындай, бұл жазбалардан аңғарылып тұрғаны, рухтын жағдайы күшті және әлсіз, үлкен және кіші болуына қарай өзгеруде. Үлкен рухтарға берілетіндер басқа рухтарға берілмейді. Дүниеде де рухтардың күшті, әлсіз, жылдам болуына қарай өзгеше жағдайлары бар екені аңғарылуда. Дененің тұтқындығынан, байлануынан, қолданылуынан құтылған рухтардың күші, әсері, пайдасы, жылдамдығы және Аллаһу та'ала мен заттық әлемге байланысы денеге байланған рухтар сияқты емес. Рухтың өзі жоғары, таза, биік. Денеден айрылғаннан кейін өзгеше болады. Басқа нәрселер атқара алады. Адамдардың өлгеннен кейін рухтары түске кіріп сондай нәрселер жасаған, тірі кезінде денед тұрып ондай нәрсе жасағандығы байқалмаған. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), Әбу Бәкір, Омар (радиаллаһу анһума) көп рет түсте көрілген және олардың рухтары кәпір, залым әскерлерін таратып жіберген. Осы жазғандарымыз «Назиат» сүресінің бесінші аятының тәфсирінде кейбір муфәссирлердің (тәфсиршілердің), мысалы Бәйдауидің «Әулиелердің рухы денеден айрылғанда періштелер әлеміне кетеді. Ол жақта жәннат бақшаларында қыдырады. Денесіне де байланысын жоғалтпай, әсер ете алады» дегеніне сай келеді.

[Хусейн бин Яхия Зәндувисти Бұхари 400 [м.1010] жылы қайтыс болды. «Раудат-ул-уләма» кітабы мәшһүр. Ахмед Мәһамили Шафии 415 [м.1024] жылы Бағдатта, Омар бин Абдулазиз 101 [м.720] жылы, Афифуддин Абдуллаһ Яфии Шафии 768 [м.1367] жылы Меккеде, Қазы Абдуллаһ Бәйдауи Ширази 685 [м.1281] жылы Тәбризде қайтыс болды.]

 

Сегізінші бөлім: Тірілердің қабірдегі ниғметтер мен азаптарды түсінуі және дене көзімен көруі мүмкін екендігі Аллаһу та'ала мен Расулы тарапынан хабар берілген. Әһли сүннет уәл жамағат ғалымдары қабірде ниғмет пен азаптың бар екендігін, мұның әрі рухқа, әрі денеге бірге берілетіндігіне сену керектігін бірауыздан айтқан. «Ақаид» кітаптары бұларды ұзақ баяндауда. Қабір азабына тек «Мүтәзила» және «Харижилер» сенбейді. Қабір азабының рас екендігі хадис шәрифтерде және Асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала алейһим әжмаин) еңбектерімен, Сәләфи салихинның жазбаларымен хабарланған. Кейбір сауатсыздардың қабір азабына сенбеуі бұл дәлелдерден бейхабар болғаны себебінен. Олардың иманын күшейту үшін дәлелдердің бірнешеуін келтіру жөн көрілді.

Пайғамбарлардың қабірде біз білмейтін өмірмен тірі екендігін, намаз оқитындығын жоғарыда жазған едік. Пайғамбарлардың қайтыс болғаннан кейін қажылыққа барғандығы Бұхари мен Мүслимде айтылған. Пайғамбар болмағандарға келер болсақ, Әбу Нуаймның хабарлауы бойынша, Сабит-ул-Бәнани айтып берген: Хамид Тауилден: «Мазарда тек пайғамбарлар ғана намаз оқиды ма?» деп сұрадым. «Жоқ, басқалар да оқи алады» деп жауаптады. Сабит «Йа, Раббым! Бір адамға қабірде намаз оқуына рұқсат берген болсаң, Сабиттің де қабірде намаз оқуын нәсіп ете гөр!» деді. Тағы Әбу Нуайм хабарлаған: Шайбан бин Жиср «Өзінен басқа тәңір болмаған Аллаһу та'алаға ант етемін, Сабит Бәнаниді қабірге қойдым. Хамид Тауил де қасымда еді. Үстін топырақпен жаптық. Топырақ бір жерінен шөгіп қалды. Қабірге қарап едім, оның намаз оқып жатқанын көрдім» деді. Ибн Жәрир «Тәхзиб-ул-Асар» кітабында және Әбу Нуайм Ибраһим бин Самиттен хабар бергені бойынша, сәре уақытында мазардан өткендер Сабит Бәнанидің қабірінен Құран кәрімнің дауысы естілгендігін айтатын еді. Ибнул Жәузи «Сафуәт-ус-Сафуә» кітабында да осыны жазған. Тирмузи, Хаким, Бәйһақи Абдуллаһ ибн Аббастан хабар берген: Сахабалардың бірнешеуі бір жерге шатыр құрған еді. Ол жерде қабір бар екенін білмеген еді. Шатырда «Мүлк» сүресінің оқылғаны естілді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұны хабар бергенде: «Бұл сүре адамды қабір азабынан қорғайды» деді. Ибнул-Қайим Жәузияның «Китаб-ур-рух» кітабында жазылғанындай, мәйіттің қабірде оқитындығын осы хадис шәриф дәлелдеуде. Өйткені Абдуллаһ ибн Омар да бір жерге шатыр құрған еді. Шатырда Құран кәрім дауысы естілді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар бергенде Ол бұл сөзді растады. Хадис ғалымдарынан Абдуррахман ибн Ражаб «Ахуал-ул-қубур» кітабында жазғанындай, Аллаһу та'ала қалаған құлына қабірде салих амал жасауды нәсіп етеді. Адам өлгенде амал, ғибадат жасау міндеті бітеді. Қабірдегі ғибадатқа сауап берілмейді. Бірақ Аллаһу та'аланың есімін айтумен және ғибадат етумен мәйіт зауықтанады. Періштелер мен жәннаттағылар да осындай. Ғибадат жасаудан ләззат алады. Өйткені, зікір мен ғибадат рухы таза болғандарға ең рахат нәрсе. Рухы ауру болғандар оның ләззатын сезе алмайды. Ибнул Қайим Жәузия «Китаб-ур-рух»-та, Ибн Тәймия және тағы да көптеген ғалымдар және Имам Суюти «Шәрһ-ус-судур» кітабында осыны жазған. Әбул-Хасан бин Бәра «Рауда» кітабында жазғанындай, шырақшы Ибраһим: «Қабір қазған едім. Қабірден және кесек бөлшектерінен хош иіс сездім. Қабірдің ішіне қарасам, бір қарт кісі Құран кәрім оқып отыр екен» деп айтып берді. Мұхаммед бин Исхақ ибн Мәндә Асым Сақатиден хабар берген: «Бәлх қаласында қабір қаздық. Көрші қабірдің іші көрініп қалды. Ішінде жасыл кебінді қарт кісі қолындағы Құран кәрімді оқып отырған еді.» Бұл кітапта осы сияқты көп нәрсе жазылған. Хадис ғалымдарынан Әбу Мұхаммед Халал «Карамат-ул-әулия» кітабында Әбу Юсуф Ғасулиден хабар берген: Шамда Ибраһим бин Әдхам хазреттеріне бардым. Ол «Бүгін таңқаларлық бір нәрсе көрдім» деді. «Не көрдіңіз?» деп сұрағанымда: «Алдымыздағы мазардағы бір қабірдің қасында отырған едім, қабір жарылып, ішінен жасыл кебінді қарт кісі көрінді. Маған "Йа, Ибраһим! Аллаһу та'ала мені сен үшін тірілтті. Қалағаныңды менен сұра" деді. Мен "Аллаһу та'ала сені қалай қарсы алды?" деп сұрадым. Ол "Айналамды жаман амалдарым қоршап алған еді. Сені үш нәрсе үшін кешірдім: менің сүйіктілерімді жақсы көретін едің, дүниеде мүлдем ішкілік ішпейтін едің, ақ сақалыңмен алдыма келдің. Алдыма осылай келген мүминдерді азаптауға ұяламын" деді. Қарт кісі осыны айтқаннан кейін қабірде ғайып болды.» Ибнул Жәузи «Сафуәт-ус-сафуә» кітабында Муазә туралы баяндаған жерінде былай жазған: Үммул Әсуад айтып берген: Муазә менің сүт анам еді. Бір күні «Әбус-сахба және балам шәһид болғанда дүние көзіме зындандай болып көрінді. Ештеңенің қызығы қалмады. Тек қана Аллаһу та'аланың разылығына жеткізетін амал жасай алсам, сөйтіп Әбус-сахбамен және ұлыммен жәннатта кездесе алсам деген ой үшін ғана өмір сүргім келеді» деді. Мұхаммед бин Хусейннің айтуынша, Муазә қайтыс боларда жылады, артынша күлді. Себебін сұрадық. «Намаздан, оразадан, Құран кәрім оқудан және Аллаһу та'аланы зікір етуден айрылып жатырмын деп мұңайдым. Кейін Әбус-сахбаны көрдім. Екі бөлік жасыл киім киген екен. Дүниеде оны осылай көрмеген едім. Соған күлдім» деді. Муазә хазреті Айшаны (радиаллаһу анһа) көрген еді. Одан хадис шәриф хабар берген. Хасан Басри, Әбу Килабә, Язид Рақаши сияқты үлкен ғалымдар Муазәден хадис риуаят еткен.

[Зубдә авторы Ибраһим Мысри 957 жылы, Мұхаммед ибн Жәрир Табари 310 [м.923] жылы, Әбулфәрәж Абдуррахман ибнул Жәузи Ханбали 597 [м.1005] жылы, Әбу Мұхаммед Абдуллаһ Халал Малики 616 [м.1219] жылы Мысырда, Ибн Ражаб Ханбали 795 жылы қайтыс болған (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).]

 Қабір азабын көре алатындар да бар. «Мүмин» сүресінің қырық алтыншы аятында: «Перғауынға және оның адамдарына күнде таңертең және кешке өздері баратын тозақ оты көрсетіледі» делінген. «Бұхари» және «Мүслим»-дегі хадис шәрифте: «Егер жасыра алғандарыңда, қабір азабын менің естігенімдей сендерге де естірту үшін дұға етер едім» делінген. Қабір азабы рухқа және денеге бірге болады. Өйткені, күпір мен күнәларды екеуі бірге жасауда. Тек рухқа ғана азаб берілуі хикметке және илаһи әділеттікке сай емес. Ғалымдардың айтуынша, дене қабірде шіріп кетіп, жоқ болып көрінгенімен, Аллаһу та'аланың ілімінде бар. Асхаби кирамның көбісі өлілердің рухтарына денелерімен бірге азаб берілгенін көрген және хабар берген. Ибн Қайим Жәузия «Китаб-ур-рух»-та, Имам Суюти «Шәрһ-ус-Судур»-да, Абдуррахман ибн Ражаб Ханбали «Ахуал-ул-қубур»-да айтқанындай, бір адам Расулуллаһтың қасында «Топырақтан біреудің шыққанын көрдім. Бір адам оны таяқпен ұрып, жерге батырғанын, осылайша топыраққа кіріп шыққанын көрдім» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұны естігенде: «Ол көргенің – Әбу Жәһл. Ол қияметке дейін осылай азапталады» деді. Осы және осыған ұқсас хабарлар пайғамбарлар мен әулиелер сияқты бәрінің де қабірдегілерді көре алатынын хабарлауда. Әулиелердің көруін мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Олар Аллаһу та'аланың құдіретімен көруде.

Осы жерге дейін жазғандарымыз мәйіттердің мазарда қабір өмірі деп аталатын біз білмейтін өмірмен тірі екендігін көрсетуде. Ислам ғалымдарының бәрінің айтуынша, өлу – жоқ болу деген сөз емес. Бір үйден басқа үйге көшу деген сөз. Пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әулиелер (рахимә-һумуллаһу та'ала) де Ислам дінін жаюға күш салған. Бәрі шәһидтік дәрежесіне жеткен. Шәһидтердің тірі екендігі Құран кәрімде айқын көрсетілген. Олай болса, олардан тәсәббуб (себеб қылу), тәшәффу және тәуәссул (арашы) қылу таңқалдыратын нәрсе ме? «Тәсәббуб» дегеніміз – оларды себеп қылу, яғни Аллаһу та'ала дәргейінде көмектесуін сұрау деген сөз. «Тәуәссул» дегеніміз – бізге дұға етуін сұрау. Өйткені олар – Аллаһу та'аланың дүниеде де, ахиретте де сүйікті құлдары. Олардың тілегеніне жететінін, әр қалағандарының берілетіндігін Құран кәрім көрсетуде. Осындай мәйіттерден тірілерден күтетін нәрсесін күткен адамды жамандауға болады ма? Олардан күткен нәрселерді Аллаһу та'аланың жарататынына, Аллаһтан басқа жаратушының жоқ екендігіне сенген адамның қабірдегі пайғамбарларды, әулиелерді себеп қылуына, арашы қылуына қарсы шығуға болады ма? Бұларға «Олар шіріп, топыраққа айналды, жоқ болып кетті» деп санайтындар қарсы шығады. Ислам дінін білмейтіндер және олардың ұлылығын, үстемдігін түсінбегендер сенбейді. Пайғамбарлардың және әулиелердің ұлылығын, үстемдігін түсінбеген адамдар – діндегі сауатсыздар. Олар Ислам дінін түсінбеген. Олардың надан деген мұсылмандары олардан да білімді және түсініктері олардан мол. Әулиелердің және пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) қабірлеріне барып, олар арқылы, оларды себеп қылып, Аллаһу та'аладан бір нәрсе сұраудың және қиямет күні бізге шапағат етуін олардан сұраудың рұқсат екендігі хадис шәрифтерде айтылған, әрі Ислам ғалымдары бірауыздан хабар берген. Адамдардың ең үстемі болған Мұхаммед алейһиссаламның хадис шәрифтеріне және Оның ізімен жүрген таңдаулылардың, сүйіктілердің кітаптарына сену ниғметін бізге нәсіп еткен Аллаһу та'алаға мақтау мен шүкір болсын! Бұл үлкен ниғметті Раббымыз бізге нәсіп етпегенде, біз өзіміз түсіне алмай, таба алмай, құритын едік.

Пайғамбарлардың және әулиелердің арашылығымен, яғни оларды себеп, арашы қылып, Аллаһу та'аланың жаратуын сұраудың рұқсат екендігін көрсететін аяти карималарды келтірейік. «Маида» сүресінің отыз бесінші аятында: «Ей, иман келтіргендер! Аллаһу та'аладан қорқыңдар! Оған жақындауға арашы іздеңдер», «Исра» сүресінің елу жетінші аятында: «Олар сондай адамдар, дұға мен ғибадат етеді, Раббыларына жақындау үшін арашы мен себеп іздейді. Себептердің Аллаһу та'алаға ең көп жақындататынын сұрайды» делінген. Бұл аяти карималарда Аллаһу та'ала себепке, арашыға жүгінуді әмір етуде. Арашының өзіне ең көп жақындатушы екенін көрсетуде. Арашының белгілі бір нәрсе екенін хабарламады. Сондықтан, Аллаһу та'аланың разылығына жеткізетін барлық нәрселер, яғни Харижи сектасы айтқандай тек қана дұғалар емес, олардың шапағаттары, Аллаһу та'аланың алдындағы мәртебелері мен қадірліліктері және өздері – барлығы арашылар. [«Уаһһаби» кітабының тоқсан жетінші бетінде де осы аяти карималардың екіншісі жазылған болып, Қатаданың «Аллаһу та'алаға разы болған ғибадаттарын жасап жақындаңдар» дегенін көрсеткен. Арашы – пайғамбарлар және олардың жолында болғандардың жүрген жолы. Олардың жолы арашы, өздері арашы емес дейді.] Ал Әһли сүннет ғалымдары пайғамбарлардың және оларға ергендердің жолы, яғни иман, ғибадат, ықылас арашы болғанындай, ол ұлылардың шапағаттары, дәрежелері, кереметтері, дұғалары және өздері де арашы деді. Олар өздері арашы бола алмайды дейтіндер Құран кәрімге және хадис шәрифтерге, пайғамбарларға, әулиелерге жала жауып жатыр. Пайғамбарлар мен әулиелердің өздерінің арашы қылынуы Құран кәрімде және хадис шәрифтерде айқын көрсетілген.

«Әнфал» сүресінің отыз үшінші аятында: «Сен араларында болған кезде ол кәпірлерге азап бермеймін» делінген. Тәфсир кітаптарында және Бұхариде жазылғанындай, кәпірлер пайғамбарымызды мазақтаған еді. «Құдайыңа айт, бізге тез азап жіберсін» деген еді. Осы сөздерге орай жоғарыдағы аяти карима түсті. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк денесінің кәпірлердің арасында болуы оларға азап берілуінің алдын алуда делінген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлық дәрежесімен немесе дұға етіп, яки шапағат етіп азаптың келуінің алдын алатын еді деуге болмайды. Өйткені, кәпірлерге дұға мен шапағат жасалмауымен қатар, өздері сенбеген пайғамбарлықтың оларға пайдасы тие алмайды.

«Әнфал» сүресінің отыз үшінші аятының жалғасында: «Олар истиғфар еткендіктен Аллаһу та'ала оларға азап бермейді» делінген. Сәләф-и салихиннің көбісі бұл аяти каримаға «Олардан истиғфар ететін ұрпақ дүниеге келетіндіктен оларға азап етпеймін» деген мағына берді. Аллаһу та'ала кәпірлерден мүминдерді дүниеге әкелуді тағдырға жазғандықтан, ол кәпірлерді азаптамаймын деді. Осылай айтқан ғалымдардың ойынша, кәпірлердің қанындағы мүминдердің түйірлері азаптың алдын алуға себеп болуда.

«Бақара» сүресінің екі жүз елу бірінші аятында және «Хаж» сүресінің қырқыншы аятында «Аллаһу та'ала адамдарды бір-бірінің алдында еркін қалдырғанда, жер жүзі астаң-кестең болар еді» делінген. Тәфсир ғалымдарының бірнешеуі бұл аяти каримаға «Аллаһу та'ала мүминдерді жаратпай, тек қана кәпірлерді жаратқанда, жер жүзі астаң-кестең болар еді. Мүминдердің денелері жер жүзінің астаң-кестең болуының алдын алуда» деген мағына берді. Бақыттылық адамның өзінде, іс-әрекеттерімен пайда болмайды. Сондықтан хадис шәрифте «Адам дүниеге келуден бұрын саид (жәннаттық), жақсы. Яки шақи (тозақтық), жаман» делінген. Адамға саид болуында жақсы амалдарының әсер етуі көріністе. Ақиқатында олай емес. Сондықтан да хадис шәрифте «Бір адам тозаққа жетелейтін жаман істер жасайды. Тозаққа жақындайды. Уммул кітапта, яғни илми илаһиде саид болса, соңғы күндерінде жәннатқа апаратын бір амал жасап, жәннатқа кіреді» делінген. Амал адамды жәннатқа апармайды, жәннатқа кіруге себеп болады. Сондықтан да хадис шәрифте «Ешкім жақсылықтарымен, ғибадаттарымен жәннатқа кірмейді» делінген. «Сіз үшін де сондай ма? Йа, Расулаллаһ?!» деп сұралғанда: «Мен үшін де сондай. Бірақ Аллаһу та'аланың мейірімімен, сыйымен құтыламын» деп жауаптады. «Жақсы амалдар, ғибадаттар жасаған адам әлбетте жәннатқа кіреді» деп айтуға келмейді. «Ежелде саид жазылған адам әлбетте жәннатқа кіреді» деп айтылады. Жәннаттық пен тозақтық болу адамдардың амалдарына байланысты емес, өзіне байланысты. Аллаһу та'аланың Мұхаммед алейһиссаламды адамдар арасынан таңдауы және Оны бүкіл пайғамбарлардан үстем қылуы мүбәрәк тұлғасы үшін, өзі үшін. Мансап, дәреже және барлық үстемдік тұлғаға бағынышты. Тұлға мансапқа бағынышты емес. [Мысалы, адам сұлтан болғаны үшін қадірлі деуге болмайды, қадірлі болғаны үшін сұлтан болған делінеді.] Уаһһабилердің зат, дене себеп бола алмайды деген сөздерінің қате екендігі аңғарылды. Аяти карималар мен хадис шәрифтер және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүннети сәниясы олардың қате және адасқан жолда екендігін көрсетуде.

Хадис шәрифте «Топырағымыздың және біреуіміздің сілекейінің берекетімен және Раббымыздың рұқсатымен ауруларымыз шипа табады» делінген. Кімде-кім таза топырақты таза сілекейімен араластырып, ауруға дәрі жасаса, Аллаһу та'ала шипа нәсіп етеді. Топырақ пен түкірік және дәріханадағы әсері белгілі болған дәрілер – бәрі зат, дене. Олардың мансабын, абыройын және шапағатын ойлауға болмайды. Имам Мүслим Шафиидың (рахметуллаһи алейһ) «Сахих Мүслим» кітабындағы сахих хадисінде: «Зәмзәм суы ішкен адамның ниетіне қарай пайдасын тигізеді» деп жазылған. Зәмзәм суы дүние мен ахиреттің қандай да бір пайдасына ниет етіп ішілетін болса, көзделген пайдасы тиеді. Осылай болғаны көп байқалған. Зәмзәм суы зат, дене. Шипа, пайда беру үшін мансабымен әсер етуін, яки дұға мен шапағат етуін ойлауға келмейді.

Сахих болған хадис шәрифте және барлық фиқһ ғалымдары бірауыздан хабарлағанындай, Қағбаның есігі мен «Хажәр-ул-әсуад» тасының арасындағы тауаф орны «Мүлтәзәм» деп аталады. Кімде-кім осы жерде қарнын Қағба қабырғасына тигізіп, «Мүлтәзәм»-ді арашы қылып, Аллаһу та'алаға жалбарынса, Аллаһу та'ала оны зияннан, кемшіліктен қорғайды. Осындай екендігі көп тәжірибемен байқалған. Баршаға мәлім, Мүлтәзәм – Қағба қабырғасындағы бірнеше тас. Бұл тас – зат. Яғни дене. Аллаһу та'ала әр затқа белгілі бір ерекшеліктер бергеніндей, бұл тастарға да қайырға, пайдаға арашы болу ерекшелігін берген. [Аспиринге ауруды басу, хининге безгек плазмодийлерін өлтіру, алкогольді сусынға ақылды жоғалту ерекшеліктерін бергеніндей, осы тастарға, басқа тастардан ерекше қылып, дұғалардың қабыл болуына себеп болу ерекшелігін берген.]

Қағбаның солтүстік тарапындағы су науасының астындағы тауаф орнына, Мәсжиди Харам ішіндегі Қағба есігіне қарама-қарсы тұрған «Мақамы Ибраһим» деп аталатын жерге  және «Хажәр-ул-әсуәд» деп аталатын Қағба бұрышындағы тасты сүюге, беті-қолын сүртуге де осындай пайдалы ерекшеліктер берілген. Оларға тәуәссул еткендердің, яғни оларды арашы қылып дұға еткендердің дұғалары қабыл болу қасиетін Аллаһу та'ала осы заттарға берген. Бұл заттардың дұғалардың қабыл болуына арашы болғандығын бүкіл үмбет біледі, көреді және сенеді де, Расулуллаһты және Оның жолындағы Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарын арашы қылып жасаған дұғалар қабыл болмайды ма? Егер бір адам жердегі топырақтың, кейбір адамдардың сілекейінің, зәмзәм суының, Мүлтәзәмдегі тастардың, Ибраһим алейһиссаламның мүбәрәк аяқтарының ізі бар болған Мақамы Ибраһимнің, Хажәр-ул-әсуәд тасының, яғни осы заттардың бәрінің пайдалы нәрселерге арашы себеп болуы пайғамбарлар мен әулиелердің қабірлерінің де арашы болатынын көрсетпейді десе, бұл ол адамның діни сауатсыздығын, Аллаһтан және Расулуллаһтан, мұсылмандардан ұялмағанын көрсетеді. Өйткені, Асхаби кирам (алейһимурридуан) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тұлғасын өте биік деп біліп, үнемі құрмет көрсететін еді.

Уруа-тәбни Мәсуд-ис-Сәқафидің «Бұхари»-де және басқа кітаптарда айтқан сөздері мәшһүр. Уруа айтып берген: «Худайбия» бейбітшілігі үшін мүшриктердің елшісі ретінде Расулуллаһқа келген едім. Жұмысым біткеннен кейін Меккеге, Құрайыш үлкендерінің қасына қайттым. Оларға айттым «Өздеріңіз де білесіздер, Иран шахы Кисраларға, Византия королі Кайзерлерге, Хабеш патшасы Нәжашилерге елші ретінде бір неше рет барып келдім. Оларға көрсетілген құрметтің сахабалары Мұхаммед алейһиссаламға көрсеткен құрметінен артық екенін көрмедім. Мұхаммед алейһиссаламның түкірігінің жерге түскенін еш көрмедім. Сахабалары қолдарымен ұстап, беттеріне, көздеріне жағатын еді. Дәрет алған суын да тосып алып, берекет үшін сақтайтын еді. Шашын алғанда бір қылын да жерге түсірместен сахабалары жинап алатын. Ең құнды гауһардай сақтайтын. Құрметінен, әдебінен бетіне қарай алмайтын еді» деді. Асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) денесінен айрылған ең ұсақ түйірлерін, тіпті басқаларға лас, жаман болып саналатын нәрселерін де қалай қадірлейтіні осы хабардан аңғарылып тұр. Осы құрмет пен әдеп түкірігінің және мүбәрәк мүшелеріне тиген дәрет суының оларға дұға ету немесе шапағат ету үшін, яки қадірі мен абыройы бар болғандықтан деуге болады ма? Бұлардың бәрі зат. Бірақ ең қадірлі денеге тигендіктен қадірлі болған. Уаһһабилер және олардың жолындағылар шынайы дін ғалымымыз, тәухидшіміз деп мақтанса да, Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Лат пұтымен бір ұстайды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және Оның сахабаларының (радиаллаһу анһум әжмаин) істегендерін және бұйырғандарын пұтқа табынуға ұқсатады. Біз, олар сияқты сөйлеуден, олар сияқты ойлаудан және олар сияқты сенуден Аллаһу та'алаға сиынамыз.

Пайғамбарларды (алейһимуссалауату уәттәслимат) және Олардың жолындағы таңдаулы, сүйікті әулиелерді арашы қылып Аллаһу та'аладан тілеудің рұқсат екендігін көрсететін хадис шәрифтердің көптігі соншалық, оларға жаман дұшпандарымыз мүлдем жауап бере алмай, сасып қалуда. Бұхари және Мүслим кітаптарында жазылғаны бойынша, Әсма бинти Әбу Бәкір (радиаллаһу та'ала анһа уә Әбиха) қасындағыларға пайғамбарымыздың бір жасыл шапанын көрсетті. Оның жағасы жібектен еді. «Бұл шапан хазреті Айшада еді. Ол қайтыс болғаннан кейін мен алдым. Бұл шапанды ауруларымызға кигізіп, емдеп жүрміз. Ауруларымыз осылай жазылып жүр» деді. Көрініп тұрғанындай, Аллаһу та'аланың сүйікті пайғамбары (саллаллаһу та'ала алейһи уә Алиһи уәсәлләм), бүкіл үстемдіктердің иесі кигендіктен, Асхаби кирам (алейһимурридуан) бұл шапанды шипа табуға арашы қылуда.

Мұхаммед Хумәйди Эзди Малики Әндулусидің екі сахих кітаптан жинақтап дайындаған кітабында жазылғанындай, Абдуллаһ бин Мәухиб айтып берген: «Жұбайым мені Үмми Сәләмә анамызға жіберді. Қолымда ішінде суымен ыдыс бар еді. Үмми Сәләмә хазреттері күмістен жасалған құты алып шықты. Ішінде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк сақалы бар еді. Сақалды қолымдағы суға салып, қасық сияқты аралыстырды да, шығарды. Назар тигендер және басқа дерті бар адамдар су алып келіп, осылай істейтін, сол суды ішіп, шипа табатын еді. Күміс құтыға қарағанымда бірнеше қызыл қыл көрдім» деді.

[Хумәйди 488 [м.1095] жылы Бағдадта қайтыс болды.]

Хумәйдидің Бұхариден және Мүслим сахихынан жинақтаған кітабында Сәһл бин Сад айтады: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк көйлегін маған сыйлаған болатын. Анам оны менен алмақшы болды. Мен оны өзіме кебін жасауға сақтаймын дедім. Расулуллаһ алейһиссаламның мүбәрәк көйлегімен берекеттенгім келді» деді. Көрініп тұрғанындай, Асхаби кирам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк көйлегін азаптан құтылу үшін арашы және себеп қылатын еді.

Бұхари мен Мүслимде Үмми Сәлимнен хабар берілген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасымда ұйықтап жатқан еді. Мүбәрәк жүзі інжу-маржандай терлеген болатын. Терін алып жинағанымда оянып кетті. «Йа, Үмми Сәлим! Не істеп жатырсың?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Мүбәрәк теріңізбен бала-шағамның берекеттенуін қалаймын» деп жауап бердім. Пайғамбарымыз «Жақсы істеп жатырсың» деді.» Ибн Мәләк «Мәсабиһ» кітабының шәрһінде айтқанындай, бұл хадис шәриф тасауф ғұламаларының, ғалымдардың, салихтардың қолданған заттарымен де Аллаһу та'аланың разылығын табу рұқсат екенін көрсетіп тұр.

Имам Мүслим (рахимә-һуллаһу та'ала) Сахихында жазғанындай, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) таң намазын оқығанда Мәдина халқы суы бар ыдыстарымен алдына келетін еді. Ол әр ыдысқа мүбәрәк қолын салатын еді. Ибнул Жәузи «Баян-ул мүшкил-ил Хадис» кітабында жазғанындай, Мәдина халқы осылайша Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) берекеттенетін еді. Бір ғалымға келіп, осылай берекеттенуді қалайтын адамдарды ғалымның бос қайтармағаны жақсы болады. Ибн Жәузидің осы сөзі, Имам Нәуәуидің «Сахих Мүслим» шәрһіндегі жазбалары, Қазы Аяздың «Мүслим шәрһі», Ханафи ғалымдарынан Абдуллатиф ибн Мәләктің (рахметуллаһи алейһим әжмаин) жазбаларынан аңғарылғаны, осылай берекеттену, пайдалану, Харижи сектасы ойлағанындай, тек Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғана тән емес. [Харижилердің бұл ғалымдардың кітаптарынан хабары болмағандығы немесе біліп тұрып қырсыққандығы аңғарылуда. Бұл болса жаман ниетті, арам ойлы болу деген сөз.]

Бұхари кітабында Ибн Сириннен хабар берілген. Ибн Сирин айтып берді: «Расулуллаһ алейһиссаламның мүбәрәк сақалы қолыма түсті. Мұны Убәйдаға айттым. Ол менде бір сақалдың болуын әлемдегі барлық нәрседен артық жақсы көремін деді.»

[Ибн Мәләк 801 [м.1399] жылы Тирада қайтыс болды.]

Бұхариде жазылғанындай, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көп уақыт бойы қызметінде болып қадірленген Әнәс бин Малик өзімен бірге пайғамбарымыздың сақалын қосып жерлеуді өсиет етті. Қабірде Аллаһу та'аланың алдына пайғамбарымыздың сақалымен бірге шыққысы келді. Қазы Аяз «Шипа» кітабында жазғанындай, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құндылықтары, кереметтері және берекеттерінің бірін айтар болсақ, Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) басында сәлдесінің арасында пайғамбарымыздың бір сақалын салып жүретін еді. Сонымен шыққан әр соғысында жеңіске жететін. Халид мүбәрәк бір қылының себебімен мақсатына жетеді де, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк тұлғасын арашы қылып, Аллаһу та'аладан тілеушілер мақсатына жетпейді ме? Үлкен Ислам ғалымы, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғашық болған Имам Мұхаммед Бусайри Шазили (рахметуллаһи алейһ) «Қасида-и бурда» кітабында осы нәзік мәселені өте жақсы түсіндірген.

Бұхари мен Мүслим сахихтарында жазылғанындай, Абдуллаһ ибн Аббас хабар берген хадис шәриф бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі қабірдің қасына келді. Екеуінің де азапталып жатқанын аңғарды. Қасындағылардан құрма ағашының бұтағын сұрады. Соны екіге бөліп, қабірлердің үстіне қадады. «Бұлар жасыл болып тұрған уақыт бойы олардың азаптары жеңілдейді» деді. Қабірде азаптың жеңілдеуі үшін үстіне құрма бұтағының қойылуы хадис шәрифте айтылған. Аллаһу та'ала жасыл шөптің берекетімен қабірдегі азапты жеңілдетуде. Жасыл шөп – зат. Оны қадау арқылы азаптың азаюы Расулуллаһқа тән емес. Жасыл құрма көшетінің әрдайым қабірдің үстіне егілуін Ислам ғалымдары бірауыздан хабарлаған. Ислам мазарларында сауырағаштың егілуі осыдан шыққан. Құрма бұтағы сияқты зат азаптың азаюына себеп болады да, болмыстардың, заттардың ең құрметтісі болғанды себеп және арашы қылу рұқсат болмайды ма? Ақылы бар, дұрыс ойлана алатын адам бұған «Болмайды» дей алады ма?

[Бусайри 695 [м.1295] жылы Мысырда қайтыс болды.]

Денені, затты Аллаһу та'аланың разылығын алуға арашы ету жаиз (рұқсат). Әбу Суфянның жұбайы Хинд «Ухуд» соғысында хазреті Хамзаның (радиаллаһу анһума) бауырының бір бөлшегін аузына салып шайнаған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Хамза Аллаһу та'аланың дәргейінде өте қадірлі. Оның денесінің ешбір бөлшегін тозақта жақпайды» деді. [Хиндтің иманға келгендігі, тозаққа түспейтіндігі осыдан да аңғарылуда.] Малик бин Синан (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың мүбәрәк қанын ішкен кезінде «Тозақ оты сені жақпайды!» деді. Осы сияқты, Абдуллаһ бин Зубайр (радиаллаһу анһ) мүбәрәк хижама қанын ішкенде «Адамдардан саған көп нәрселер келеді. Сенен де адамдарға көп нәрселер келеді» деді. Ішкеніне ренжімеді. Мүбәрәк артығын ішкен әйелге де «Ешқашан ішің ауырмайды» деді. Бұл хадис шәриф сахих. Әйелдің есімі «Береке» еді. Мұны көптеген ғалымдар, мысалы Қазы Аяз «Шифа» кітабында және Қасталани «Мәуаһиб-ул-ләдунния» кітабында жазған. Ей, мұсылмандар! Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк денесінен шыққан қан және сол сияқты нәрселер оларды ішкендердің тозақ отынан құтылуына себеп пен арашы болады және аурулардың алдын алады, ал мүбәрәк денесінің, тұлғасының осы жақсылықтарға арашы мен себеп болуына неге сенбеске? Мүбәрәк денесі Аллаһу та'аланың нұрынан еді. Көлеңкесі жерге түспейтін. Осындай екендігін Жабир және басқалары (радиаллаһу та'ала анһум) айтты. Аллаһу та'аланың сүйіктісі және пайғамбарлардың ең үстемі туралы «Арашы қылуға болмайды, Аллаһу та'аланың жаратуына себеп болмайды» деген адам осы ұлы пайғамбардың үмбетінен бе, әлде дұшпандарынан ба? Тіпті кәпірлерге де мейірім болғандығы аяти карималарда айтылған. Мұсылмандарға және Оған ғашық болған «Әһли сүннет уәл жамағат»-қа мейірімге арашы мен себеп болмайды ма?

«Арашы іздеңдер!» аяти каримасында бұйрылған «арашы» – әрі ғибадаттар, әрі дұғалар, әрі мүбәрәк, қадірлі адамдардың өздері. Жоғарыда жазған хадис шәрифтеріміз және оқиғалар мұны айқын көрсетуде.

Махлұқтардан барлық нәрсені, тіпті адам істей алмайтын, бірақ керемет ретінде Аллаһу та'аланың әулиелеріне нәсіп еткен нәрселерді сұраудың рұқсат екендігін көрсететін әртүрлі аяти карималар бар. Олардың бірі «Нәмл» сүресіндегі аяти карима. Бұл аяти карима Сүлейман алейһиссаламның «Ей, жамағатым! Оны тағымен бірге қайбірің алып келесіңдер?» дегенін хабарлауда. Жамағаттың арасында жындар мен адамдар және шайтандар да бар еді. Жынның жаман тобынан Ифрит «Сіз орныңыздан тұрғанша оны алып келемін» деді. Сүлейман алейһиссалам «Одан да тез алып келуін қалаймын» деді. Сүлейман алейһиссаламның хатшысы Асаф бин Бәрхия «Мен тезірек алып келемін» деді. Бәлқистың тағы Йеменде еді. Ал Сүлейман алейһиссалам Шамда еді. Арада [адамның жүрісімен] үш айлық жол бар еді. Ол жерден Шамға жер астымен дереу алып келді. Бұл тақ алтын және құнды тастармен безендірілген орындық еді. Бұл керемет еді. Аллаһу та'ала әулиелері үшін, сүйікті құлдары үшін әдетінің, заңдарының тысында керемет береді. Аллаһу та'ала салих құлы болған әулиесіне берген кереметін Құран кәрімде мақтап көрсеткен. Бұл кереметті сұрағаны үшін Сүлейман алейһиссаламға ренжімеген. «Мен саған күре тамырыңнан да жақынмын, осылай бола тұра неліктен өзгеден сұрадың? Адамдар жасай алмайтын нәрсені, менен басқасының шамасы жетпейтін нәрсені неліктен менен сұрамадың?» демеді. Өйткені Сүлейман алейһиссалам Аллаһу та'аланың пайғамбары еді. Бұл сөздің, бұл тілектің себептерге жүгіну екендігін, себептерге жүгінудің Оның дініне сай екендігін белетін еді. Аллаһу та'ала себептерге жүгінуді әмір етуде. Расулуллаһтан, шәһидтерден, салих құлдардан бір нәрсе сұрау да осы сияқты. Аллаһу та'аланың оларға нәсіп еткен кереметтерінен пайдалану болып табылады. Олар – себепші, арашы, құрал. Жарататын да, істейтін де тек қана Аллаһу та'ала. Әулиелердің кереметі пайғамбарлардың (салауатуллаһи алейһим әжмаин) үстемдіктерінен, мұғжизаларынан. Әулиелер пайғамбарларға бағынғандықтан, олар арқылы кереметтерге қолжеткізуде.

Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарына және бәрінен бұрын пайғамбарлардың үстемі болған Мұхаммед алейһиссаламға тәуәссул етудің, олардан шапағат сұраудың рұқсат екендігін көрсететін аяти карималардың бірі «Бақара» сүресінің сексен тоғызыншы аяты. Хадис ғалымдары бірауыздан айтқанындай, бұл аяти карима Хайбар яһудилеріне келген. Сауатсыздық заманында, яғни Расулуллаһтан бұрын бұл яһудилер «Әсәд» және «Ғафтан» тайпаларымен соғысқан еді. Соғысқанда «Йа, Раббым! Ақыр заманда жіберетін пайғамбарыңның хаққы үшін, бізге көмектесе гөр!» деп жалбарынатын. Ақыр заман пайғамбарын арашы қылып, жеңіске жететін еді. Бірақ, Расулуллаһ келіп, Ислам дінін үйреткенде олар қызғанып, қырсығып, сенбей қойды. Ибн-ул-Қайим Жәузия «Бәдайи-ул-Фәраид» кітабында жазғаны бойынша, яһудилер Исламнан бұрынғы жаһилия заманында көршілері болған арабтармен соғысатын еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келмей тұрып Оның мүбәрәк тұлғасымен Аллаһу та'аладан көмек сұрайтын. Аллаһу та'ала оларға көмектесіп, жеңіске жететін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келіп, Ислам дінін жая бастағанда олар сенбей, кәпір болды. Дүниеге келуден бұрын сенбегендерінде, ол пайғамбардың құрметіне көмек сұрамас еді. «Бәйдауи» тәфсирінің кейбір түсіндірмелерінде Садеддин Тафтазаниден мынадай нақыл етіледі: олар Расулуллаһтың мүбәрәк есімін айтып көмек сұрайтын еді. Мүбәрәк есімін өздеріне шапағатшы қылған еді. Салих және тақуа ғалымдардан Тақиюддин Хусни «Мәулид-ун-нәби» кітабында жазғанындай, мұсылман Расулуллаһтың жақсы мінездерін, жұмсақтығын, кешірімділігін және сабырын үйренгенде Оның Аллаһу та'ала алдындағы қадір-құрметін, үстемдігін түсініп, әр жұмысында Оны арашы қылады. Өйткені, Ол – шапағатшы. Аллаһу та'ала Оның шапағатын қайтармайды. Ол Аллаһу та'аланың сүйіктісі. Оны арашы қылып, Оны шапағатшы етіп сұралғандарды Аллаһу та'ала береді. Аллаһу та'ала мұны Құран кәрімде хабарлаған және әулиелеріне аян берген. Оның және бүкіл мұсылмандардың дұшпаны болғандар да Оны арашы қылып, тілектеріне жеткендігін Құран кәрім хабар беруде. Оны қатты жақсы көргендіктен, өте үстем қылғандықтан, олардың тілегендерін бердім дейді. Абдуллаһ ибн Аббас айтуынша, сауатсыздық заманында Хайбар яһудилері Ғафтан деген араб кәпірлерімен қақтығысатын еді. Яһудилер жеңілетін еді. Аллаһу та'алаға дұға етіп, «Йа Раббым! Ақыр заманда бізге жіберемін деп сөз берген сүйікті пайғамбарыңның хаққы үшін, құрметі үшін бізге көмектес» деп жалбарынатын еді. Әр уақытта осылай дұға етіп, Ғафтан кәпірлерін жеңетін еді. Аллаһу та'ала Мұхаммед алейһиссаламды пайғамбар қылып жібергенде сенбей қойды, кәпір болды. Аллаһу та'ала мұны жоғарыдағы аяти каримада баяндаған. Мұхаммед алейһиссаламның Аллаһу та'аланың алдындағы қадіріне, құрметіне және үстемдігіне қараңыз, Оны арашы қылған кәпірлердің де дұғасын қабыл етуде. Яһудилердің сол сүйікті пайғамбарға ең үлкен дұшпан болатынын және сол ұлы пайғамбарды көп ренжітетінін біле тұра, Оны арашы қылған тіпті кәпірлердің де дұғасын қабыл етті. Дүниеге келмей тұрған күннің өзінде абыройы, шапағаты осындай болса, әлемдерге мейірім болып жіберілгеннен кейін Оны арашы және шапағатшы қылудың қате іс болатынын қайбір ақылды, ынсапты адам айта алады? Бұған сенбейтіндердің яһудилерден де жаман екені аңғарылуда. Пайғамбарлардың (алейһимуссалам) алғашқысы Адам алейһиссалам да Оны арашы қылып дұға еткенінде дұғасы қабыл болған еді. Тәфсирлер және хадис кітаптары мұны ұзақ баяндауда. Бұларды түсінгендер Оны арашы қылуға сенбейтіндердің қандай адам екенін жақсы аңғарады.

 

ҚОСЫМША: Пайғамбарларды (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әулиелерді (рахимә-һумуллаһу та'ала) арашы және шапағатшы қылып, Аллаһу та'аладан сұралған нәрселердің орындалуы олардың кереметі мен үстемдіктерінен. Қайтыс болғаннан кейін де олар қабірлерінде керемет иесі болып қалабереді. Әһли сүннет уәл жамағат ғалымдары кереметтің хақ екендігін және кереметке сену уәжіп екендігін бірауыздан айтқан. Аяти карима Сүлейман алейһиссаламның Бәлқистың тағының бір сәтте Йемендегі Сәбә қаласынан Шамға әкелінуін сұрағанын хабар беруде. Бұл тақ алтын және құнды тастармен безендірілген еді. Оны Асаф бин Бәрхия бір сәтте алып келді. Тақтың ешбір жері бұзылмай келді. Асаф әулие еді. Тақты бір сәтте алып келуі оның кереметі болды. Хазреті Мәриямның кереметі де Құран кәрімде «Али Имран» сүресінің отыз жетінші аятында көрсетілген. Хазреті Мәриямның қасына Зәкәрия алейһиссаламнан басқа ешкім кірмейтін еді. Зәкәрия алейһиссалам әр кіргенінде хазреті Мәриямның алдында балғын жеміс-жидек көретін. Олардың Аллаһу та'аладан келгенін айтатын. Әһли сүннет ғалымдары бірауыздан айтқанындай, пайғамбарлардың мұғжизалары болғанындай, әулиелердің де кереметтері бар.

Өйткені, пайғамбарларға бағынышты болғандарды, оларға ергендерді Аллаһу та'ала жақсы көреді. Оларға тірі кезінде де, кейіннен де кереметтер сыйлайды. Пайғамбарлардың және әулиелердің қайтыс болғаннан кейін де мұғжиза мен керемет көрсетуі олардың сөздерінің хақ екендігің нақтырақ білдіруде. Өйткені тірі кезіндегі мұғжизалары мен кереметтерін көрген дұшпандар, кәпірлер оларды басқа біреуден үйреніп жасап жатыр деп санайды. Бірақ, өлгеннен кейін пайда болған мұғжиза мен кереметтер жайлы ешкім олай ойлай да, айта да алмайды. Мұғжизалар мен кереметтерді Аллаһу та'ала жаратуда. Тек Оның құдіретімен ғана болуда. Пайғамбарларына және әулиелеріне нәсіп етіп, сыйлап, олардың себебімен, олардың шапағаттарымен жаратуда. «Мұғжиза» пайғамбарларда, ал «Керемет» пайғамбардың ізімен жүретін салих мүминдерде пайда болады. Пайғамбарлар күнәсіз, мүлдем күнә істемейді. Шайтан пайғамбардың кейіпіне ене алмайды. Әулиелер – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шайтан оларға да жақындай алмайды. Омардан (радиаллаһу анһ), Абдуллаһ ибн Мәсудтен (радиаллаһу анһ) және көптеген сахабалардан (радиаллаһу анһум) шайтанның қашқандығы кітаптарда жазылған. Әли Оши Фәрғанауи (рахметуллаһи алейһ) «Бәд-ул-әмали» қасидасында:

Әулиенің кереметтері дүниеде,

бар, олар ихсан иелері»

делінген. Түсінігі бар, ақылды адамдарға бұл шумақта ерекше ештеңе жоқ. Өйткені, әулиелердің кереметтері дүниеде пайда болады делінген. Өйткені, Әһли сүннет пен мутәзила арасында дүниедегі кереметке қатысты келіспеушілік болған. Олар дүниеде керемет болмайды деді. Керемет болса, мұғжизамен араласып, пайғамбарлар мен әулиелерді ажырату мүмкін болмайды деп санады. Әһли сүннет бойынша, мұғжиза иесінің пайғамбар екендігін айтуы керек. Керемет иесінің әулие екендігін айтуына тыйым салынған.

Егер айтса, әулие емес екендігі аңғарылады. Мазһабсыздар мұны түсінсе, дүмшелердің, өтірікшілердің жаман сөздерін көрсетіп, әулиелерге тіл тигізбес еді. Жоғарыдағы өлең шумағы «Әулиенің кереметтері дүниеде де бар. Олардан сұраған нәрселерді және шапағат етуін Аллаһу та'ала тілеген құлдарына нәсіп етеді» деген мағынада. Түсінігі аз адамдар жоғарыдағы шумақты әулиенің тек дүниеде ғана кереметі болады деп санайды. Әулие қайтыс болғанда кереметі болмайды дейді. Олай түсіну қате. Өйткені, үлкен ғалымдар, мысалы Шәрәфуддин Халил Нәжжари Йемени Ханафи «Нәфис-ур-рияд» атты Әмали қасидасы шәрһінде және Әшбах кітабына хашия жазған шайх Ахмед [және Қамус аудармашысы Ахмед Асым (рахметуллаһи алейһ) Әмали қасидасын шәрһ еткенде] бұл шумақты біздің жазғанымыздай түсіндірген. Тіпті, адамдар қиямет басталғанға дейін, яғни ахирет өмірі басталғанға дейін дүниеде делінеді. Мұхаммед бин Сүлейман Халеби Рәйхауи (рахметуллаһи алейһ) Әмали қасидасының шәрһі болған «Нухбет-ул-ләали» кітабында да мұны ұзақ түсіндірген.

Әулиелердің өлгеннен кейін санауға келмейтіндей көп кереметтері байқалған. Ғалымдар оларды бірауыздан хабар берген. Бұл жерде тек бірнешеуін ғана жазамыз. «Бұхари» кітабында жазылғанындай, Асхаби кирамнан Асым (радиаллаһу анһ) ешбір мүшрикке қол тигізбеуге және ешбір мүшриктің өзіне қол тигізбеуіне Аллаһу та'алаға сөз берген еді. Кәпірлер оны шәһид еткенде қасына жақындамақшы болды. Аллаһу та'ала аралар жіберіп, Асымды қорғады. Аралардың көптігі соншалық, мүшриктер еш жақындай алмады. Бұл Асымға өлімінен кейін сыйланған керемет еді. Асхаби кирамнан Хубәйбті кәпірлер ұстап алды. «Егер Мұхаммед өтірікші десең, сені жібереміз. Айтпасаң, сені өлтіреміз» деді. Ол «Мұхаммед алейһиссаламның мүбәрәк аяғына тікен кірмеуі үшін жанымды пида етемін» деді. Кәпірлер оны шәһид етті. Бірнеше сахаба түнде келіп, шәһидтің жібін кесіп, [алып қашып бара жатқанда] ол жерге құлап қалды. Жерде оны таба алмай қалды. Қайда кеткенін түсінбей қалды. Ханзала есімді сахаба Расулуллаһпен соғысқа бірге баруға асықты. Ғұсыл алуға уақыт таба алмаған еді. Соғыста шәһид болды. Оны періштелер жуындырды. Осы себептен «Ғасил-ул-Мәлаика» деген атақпен әйгілі болды. Бұлардың бәрі «Бұхари» кітабында жазылған. Мұхаммед бин Абдуллаһ Тәбризи Шафии «Мишкәт» кітабында жазғанындай, Айша (радиаллаһу анһа) айқан: Хабеш патшасы «Нәжаши» иманға келді. Қабірінің үстінде әрдайым нұр жарқырап тұрғанын көп адамнан естідім. Хазреті Әлидің бауыры болған Жафар шәһид болғаннан кейін Йемендегі «Бишә» қаласына періштелермен барып, жаңбыр жауатынын сүйіншілегенін Расулуллаһ хабар берді. Мұны жоғарыда жазған едік. Хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк басында қари, яғни хафыз «Кәһф» сүресін оқып отырған еді. «Асхаби Кәһф біздің аяттарымызға таңқалды» деген аяти кариманы оқығанда мүбәрәк бастан «Мені өлтіру және сүйреу Асхаби Кәһфтен де көбірек таңқалдыратын жағдай» деген дауыс естілді. Наср-ул-Хазаи Мәмун халифа тарапынан дарға асылған еді. Қолында найзасы болған бір адам қасында тұрып, Насрдың бетін құбыладан басқа жаққа бұрып тұрумен міндеттелген еді. Түнде қараңғы түскенде мүбәрәк жүзі құбылаға бұрылды. Сол кезде «Анкебут» сүресінің «Иман келтірдік дегендер өз жағдайына қалдырылды деп саналатын болды ма?» деген екінші аяти каримасын оқығаны естілді. Бір қабірдің ішінде «Мүлк» сүресінің соңына дейін оқылғандығы естілді. Мұны жоғарыда жазған едік. Бұл хабарлардың бәрі дұрыс. Хадис ғалымдары хабар берген.

[Халил Йемени 332 [м.943] жылы қайтыс болды.]

[Тәбризи 749 [м.1348] жылы қайтыс болды.]

Ибн Асакир Әлидің хабар бергені бойынша, Умәйр бин Хаббаб Сәләми айтып берді: «Сегіз досыммен бірге Әмәуилер дәуірінде римдықтарға тұтқын болдық. Бізді Рим кайзеріне алып барды. «Мойындарынан шабыңдар» деген бұйрық берді. Бірінші болып өлтірілу үшін достарымның алдына өттім. Поптар мені аяды. Менің бұл жағдайыма таңданды. Мені кешіруі үшін кайзердің аяқ-қолын сүйді. Поптардың бірі мені үйіне алып барды. Бір сұлу қызды қасыма отырғызып, «Бұл менің қызым. Сенімен некелестіремін, біздің дінімізге кір» деді. Мен «Әйел үшін және мал-мүлік үшін дінімді тастамаймын» дедім. Бірнеше күн өтті. Бір түні поптың қызы мені бақшаға шақырды. Менен «Әкемнің айтқандарын неге істемейсің?» деп сұрады. Мен «Әйел үшін, мал-мүлік үшін дінімнен қайтпаймын» дедім. Сонда ол «Осында қалғың келеді ме, әлде отаныңа оралғың келеді ме?» деп сұрады. Мен «Отаныма қайтқым келеді» деп едім, ол маған аспандағы бір жұлдызды көрсетті де, «Түнде мына жұлдызға қарай жүр, ал күндіз тығыл! Осылайша отаныңа жетесің» деп кетіп қалды. Үш түн жүрдім. Төртінші күні тығылған едім. Бір дауыстар естідім. «Умәйр, Умәйр» деп мені шақырған еді. Қарасам, шәһид болған достарымды көрдім. «Сендер шәһид болмадыңдар ма?» деп сұрадым, «Иә, шәһид болдық. Бірақ Аллаһу та'ала қазір шәһидтерге әмір берді. Омар бин Абдулазиздің (рахметуллаһи алейһ) жаназасына қатысыңдар деді» деп жауаптады. Олар аттың үстінде еді, араларынан біреуі «Йа, Умәйр! Қолыңды бер» деді. Қолымды бердім, мені артына отырғызды. Өте жылдам шаптық. Әлжазирада, үйімнің қасында екенімді байқадым» деді.

Абдуррахман ибнул Жәузи айтады: «Әбу Әли Бербери – Шамнан Тарсусқа ең алғаш барып орналасқан үш адамның бірі. Римдықтармен соғысып жатқан еді. Достарымен бірге тұтқынға түсті. Умәйрдің басына келгендер олардың да басына келді. Оның екі досын шәһид етті. Поптардың бірі оны құтқарып, үйіне алып барды. Оны алдау үшін ортаға қызын отырғызды. Бірақ Аллаһу та'ала қызға хидаят нәсіп етті. Екеуі жолға шықты, күндіз тығылды. Біреулердің жүргенін естіді. Шәһид болған екі досын көрді. Олардың қасында періштелер бар еді. Екі досына сәлем берді. Қал-жағдайын сұрады. Олар «Аллаһу та'ала бізді саған жіберді. Мына қызбен некелескеніңде саған куәгер боламыз» деді. Некеден кейін кетіп қалды. Олар Шамға келді. Бірге ұзақ өмір сүрді. Бұл оқиға Шамда тарап кетті. [Мұхаммед Масум Фаруқи Сәрһәнди 1068 [м.1658] жылдың басында Үндістаннан кетіп, теңіз арқылы алдымен Мәдинаға, кейін Ражаб айының басында Меккеге барды. Мүбәрәк ұлдарымен берге қажылық жасап, 1069 жылдың басында Үндістанға кері қайтты. Осы бір жылдың ішінде Жәннатул муаллада және Жәннатул Бақиде (Бақи мазарында) зиярат еткен ұлы тұлғалардың және Хужрә-и саадәтті зиярат еткенінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк денесімен көрініп, берген сүйіншілерін күнде ұлдарына хабар берген еді. Олардан Мұхаммед Убайдуллаһ бұл хабарларды араб тілінде жинақтап, пайда болған кітапты «Йәуакит-ул-харамәйн» деп атаған. Үш жылдан кейін парсы тіліне аударылды.] Ибн Әбиддунияның кітабында осындай оқиғалар және өлілердің қабір өмірлері жазылған. Әбу Нуаймның «Хилия» кітабында, Ибн-ул-Жәузидің «Сафуәт-ус-Сафуә», «Уюн-ул-Хикаят» кітаптарында және тағы көптеген кітаптарда жазулы. Ибн Тәймия және Ибн-ул-Қайим Жәузия да Әулиелердің кереметтерін жақсы жазған.

[Ибн Асакир 571 [м.1176] жылы Шамда қайтыс болды.]

[Ибнул-Жәузи Ханбали 597 [м.1202] жылы қайтыс болды.]

[Шафии ғалымдарының ұлыларынан Исмаил Мусили (рахметуллаһи алейһ) «Музил-ул-шубухат фи-исбат-ил-Карамат» кітабында әулиелердің керемет иелері екендігін дәлелдермен анықтаған. Ол 654 [м.1255] жылы қайтыс болды.]

Ханафи мазһабындағы бірнеше дін адамдарының және уаһһабилердің әулиелердің аз уақытта алыс жерлерге баруына сенбеуі таңқалатын жағдай. Бұл да әртүрлі кереметтердің бірі. Ханафи ғалымдары фиқһ және ақида кітаптарында оларға жақсы жауап берген. Мысалы, батыстағы бір адам шығыстағы бір әйелге үйленсе, әйелінен ұзақ уақыт алыс қалса, бірнеше жылдан кейін әйелі жүкті болса, туылатын бала осы адамның баласы болады делінген. Өйткені, «Тайй-и мәкан»-мен әйеліне келген болуы мүмкін. Сондай керемет иесі болуы жаиз деді. Фиқһ ғалымдары мұны бірауыздан хабарлаған. Ақаид кітаптарында да жазылған. «Уаһбания» кітабында бір мезетте алыс жерге бару әулиелерге нәсіп болған кереметтерден. Бұған сену уәжіп делінген. «Нәсәфи», «Фиқһ-и әкбар», «Сиуад-и Ағзам» және «Уасият-и Әбу Юсуф» кітаптарында және олардың шәрһтерінде, сондай-ақ «Мәуақиф» пен «Мәқасид» кітаптарында және олардың шәрһтерінде [және «Ибн Абидин»-де] жазылған. Бұған қалайша сенбеуге болады, бұл аяти каримада айқын жазылған ғой. Әһли сүннет ғалымдары аяти каримадан алып жазған. Кереметке сену уәжіп деген. Аяти каримада айтылған «Бәлқис»-тың тағының бір мезетте Шамға әкелінуі тайи мәканның керемет екендігін көрсетуде.

Хаким Самарқанди Исхақ бин Мұхаммедтің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әс-Сиуад-ул-Ағзам» кітабының отыз екінші бөлімінде әулиелердің кереметі өте жақсы түсіндірілген. Осы жерге жазып кетуді жөн көрдік:

Әулиенің кереметіне сену керек. Әулиенің кереметіне сенбеген адам бидғатшы, адасушы болады. Әулиенің кереметіне сенбеу екі түрлі болады: Кереметтерді хабарлаған аяти карималарға сенбесе, кәпір болады. Бұл аяти карималарға сеніп, бірақ олар пайғамбар еді десе, сонда да кәпір болады. Аяти карималарға сеніп, олар пайғамбар еді демесе және аяти карималар әулиелердің кереметтерін көрсетіп тұр деуі жаиз болады. Өйткені, Аллаһу та'ала жоғарыда жазған аяти каримамызда Бәлқистың тағын бір сәтте алып келген адамның білім иесі екендігін айтқан. Ол Асаф бин Бәрхия еді, ол пайғамбар емес, әулие еді. Сүлейман алейһиссаламның үмбетінен еді. Сүлейман алейһиссаламның үмбетінен бір адамның кереметі Құран кәрімде жазылған болса, Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінің кереметіне неге сенбеске? Мұхаммед алейһиссалам Сүлейман алейһиссаламнан әлбетте үстемірек. Мұхаммед алейһиссаламның үмбеті де Сүлейман алейһиссаламның үмбетінен әлбетте үстемірек. Мазһабсыздар бұл сөзімізге қарсы шығып, «бұл керемет Сүлейман алейһиссаламның кереметі ғой» десе, оған жауап ретінде айтарымыз, бұл үмбеттің әулиесінің кереметі де Мұхаммед алейһиссаламнан. «Мәриәм» сүресінің жиырма төртінші аятында «Құрма бұтағын өзіңе қарай тарт! Саған одан жас құрма түседі» делінген. Аллаһу та'ала құрма бұтағынан хазреті Мәриәмға жеміс шығарғанын айтуда. Хазреті Мәриәм пайғамбар емес еді. Зәкәрия алейһиссаламның хазреті Мәриәмның қасында көрген жемістері және Асхаби Кәһфтің оқиғасы бәрі керемет еді. Бұл кереметтердің иелері пайғамбар емес еді. Ертерек келген пайғамбарлардың үмбеттерінде керемет көрсететін әулиелер болады да, Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінде керемет көрсететін әулие неге болмасын?  «Али Имран» сүресінің жүз оныншы аятында «Сендер үмбеттердің ең жақсысы болдыңдар» делінген. Кереметке сенбейтіндер бұл сөзімізге қарсы шығып, адамның бір түнде қағбаға барып қайтуы мүмкін емес десе, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір мезетте жеті қабат аспанға және Аллаһу та'аланың қалаған жерлеріне апарылды. Бұдан асатын керемет болады ма? Тағы айтарымыз, мүмин қадірлі ме, әлде кәпір ме? Кәпірлердің бірінің бір мезетте шығыстан батысқа барып келгенін естиміз және сенеміз. Ол кәпір – бәріміз білетін Ібіліс. Ол кәпірге берілген нәрсе Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарына неліктен берімесін? Мұны жақсылап ойлау және ынсапты сөйлеу керек. «Сиуад-ул Ағзам» кітабының шәрһінен аударма осы жерде тәмәм болды. Ибн Тәймия және басқалары хабарлағаны бойынша, әулиелердің кереметтеріне сенбейтіндер – харижи, мүтәзили секталары және кейбір шиилер. Өйткені, бұл адасқандардың кереметтері жоқ. Керемет иелері де жоқ. Сондықтан да көрмейді, естімейді және сенбейді.

[Самарқанди 342 [м.953] жылы қайтыс болды.]

«Фәтх-ул-мәжид» атты уаһһаби кітабына жауап ретінде Дауд бин Сүлейманның «Минһат-ул-Уәһбия фи Рәддил Уаһһабия» кітабынан аудармамыз осы жерде тәмәм болды. Осы қайырлы себеппен кітап толықтай аударылған болды.

[Хасан Басри 110 [м.727] жылы Басрада, Әбу Килабә Абдулмәлик 276 [м.889] жылы Бағдадта, Садуддин Тафтазани Мәсуд Шафии 792 [м.1389] жылы Самарқандта, Әли Оши 575 [м.1180] жылы, Шәрәфуддин Халил Нәжжари Йемени 632 [м.1235] жылы, Сәйид Ахмед Асым Айнтаби 1235 [м.1820] жылы Стамбұлда, Мұхаммед бин Сүлейман Халеби Рәйхауи 1228 [м.1813] жылы, Халифа Мәмун бин Харун 218 [м.833] жылы, Дауд бин Сүлейман Бағдади 1299 [м.1881] жылы қайтыс болған (рахметуллаһи алейһим әжмаин).]

Абдулғани Наблуси «Кәшф-ун-Нур мин-Асхаб-ил-қубур» кітабында жазғанындай, Аллаһу та'ала өзіне жақындаған құлдарына керемет берген. «Керемет» – әулие деп аталатын адамдарда Аллаһу та'ала жаратқан, әдет пен жаратылыстану ғылымдары тысында болған нәрселер. Аллаһу та'ала өз құдіретімен және өз қалауымен, яғни тілеген кезінде осы нәрселерді осы құлдарында жаратуда. Құлдың құдіретін де Аллаһу та'ала жаратуда. Бұл нәрселердің жаратылуында құлдың құдіреті мен қалауының әсері жоқ. Құлдың қалауы мен құдіреті кереметтердің жаратылуына тек қана себеп болуда. Құл қалаған кезінде өз күшімен керемет жасайды дейтін және солай сенетін адам кәпір болады.

Керемет пайда болған әулие бұл кереметтің тек Аллаһу та'аланың тілегімен және құдіретімен ғана жаратылғандығын, өз тілегі мен құдіретінің ешқандай әсері болмайтындығын біледі. Сонымен қатар, өз денесіндегі көру, есту, дәмін тату, қаттыны, ыстықты сезу, ойлау, жаттау, еске алу сияқты сезімдерді және ішкі-сыртқы мүшелердің әрекеттерін, қысқасы барлық істерінің тек Аллаһу та'аланың тілеуімен және құдіретімен, жаратуымен болатындығын әр сәтте біледі. Әулиелік дегеніміз осы. Яғни осылай екендігін әр сәтте білетін, сенетін адам Аллаһу та'алаға жақындаған, әулие болған деген сөз. Бұл білуі әр сәтте бүкіл болмысын қаптап тұрады. Аллаһу та'ала әулиесіне кейде ғапілдік (көңіл ұйқысы) береді. Осы білуін ұмыттырады. Бұл кезде әулиелігі қалмайтын болса да, оған дейінгі уақыттарда әулие болғандықтан, осындай кездерде де оған әулие делінеді. Сол сияқты, иманы бар адамға мұсылман делінгендіктен, ол ұйықтап жатқанда да, ғапіл жағдайында да оған мұсылман делінеді. Бұл ғапілдік уақыты әулиенің төмен жағдайлары. Аллаһу та'аланың «Сен әлбетте өлісің. Олар да өлі!» деген өлі болу жағдайы осы сияқты. Сондықтан әулиелер (рахимә-һуллаһу та'ала) барлық нәрселерінің Аллаһу та'аладан болғандығын түсінуі жағдайларына [«Фәна филлаһ» немесе] «Мәут-и ихтияри» деген. Хадис шәрифте: «Өзін таныған адам Раббын таныған болады» делінген. Бүкіл іс-әрекеттерінің көрінетін-көрінбейтін күштерінің өзінен болмағандығын, басқа қалау мен құдірет иесі тарапынан пайда болғандығын түсінген адам осы құдірет иесі болған Аллаһу та'аланы таныған болады. Аллаһу та'ала әмір еткен парыздардың барлығын орындайтын және одан бөлек Мұхаммед алейһиссаламның ғибадаттарын, өмір сүру салтын, жағдайларын, яғни нәпіл ғибадаттарды да орындайтын мұсылман Аллаһқа жақындайды, әулие болады. Сезімдері мен әрекеттері өзінен емес, Аллаһу та'аладан екендігі көрінеді. Осылай екендігін мәлімдейтін хадис шәриф тасаууф кітаптарында жазылған.

Арифтердің айтуынша, әулие болу үшін өзінің «Мәут-и ихтияри» деп аталатын өліммен өлі екендігін білуі керек. Әулиелерде (рахимә-һумуллаһу та'ала) кереметтің пайда болуы үшін осылай өлі болу керек. Осындай болғандығын түсінген адам мәйітте керемет болмайды дей алады ма? Сауатсыздар, ғапілдер өз істерін өз қалауларымен және өз құдіреттерімен жасап жатырмын деп санайды. Барлық нәрсені Аллаһу та'аланың жаратқандығын ұмытады.

Әулиенің өлгеннен кейін де керемет иесі болғандығын фиқһ кітаптары да жазуда. Ханафи мазһабында қабір үстіне басу, отыру, ұйықтау, дәрет бұзу мәкрух. Өйткені бұл әрекеттер опасыздық, қорлық жасау болып саналады. Хадис шәрифте: «Қабір үстіне басудың орнына отты басуды таңдаймын» делінген. Бұл сөздер адамға өлгеннен кейін де құрмет көрсету керектігін хабарлауда. Яғни дініміз өлілердің керемет иесі, яғни құрметті екендігін көрсетуде. Керемет – әдеттен тыс жасалған іс екендігін жоғарыда жазған едік. Адамның жер бетінде жүруі, отыруы әдет болғандықтан, мұсылманның қабірінің үстіне баспау, отырмау оған керемет, яғни сый-сияпат болуда. Әр мұсылманға өлгеннен кейін осындай керемет берген дініміз білім, даналық иесі болған әулиелерге одан да құнды кереметтер де нәсіп болатындығын көрсетуде.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бақи» мазарын зиярат етіп, мазардың қасында түрегеп тұрып дұға ететін еді. Бұл да өлілердің керемет иесі екендігін көрсетуде. Өйткені, мұсылманның қабірінің басында жасалған дұғаның қабыл болатынын білмегенде, ол жерде дұға етпес еді. Мұсылманның қабірінің басында дұғаның қабыл болуы оның керемет иесі екендігін көрсетуде. Әр мұсылманда осындай керемет бар болса, әулиелерде (рахимә-һумуллаһу та'ала) одан көбірек болатындығы анық.

Мұсылман өлген кезде оны жуындыру, кебіндеу және жерлеу керек. Дініміз осыны әмір етуде. Бұл әмір мұсылманның өлгеннен кейін де керемет иесі екендігін көрсетуде. Кәпірлердің және жануарлардың өлілерінде бұл керемет жоқ.

Мұсылман өлген кезде нәжістенеді. Оны бұл нәжістен құтқару, тазалау үшін жуындыру әмір етілді. Бұл әмір мұсылманның өлгеннен кейін де керемет иесі екендігін көрсетуде.

«Жамиул-фәтауа» кітабында «Ғалымдардың және сәйидтердің қабірлерінің үстіне ғимарат, кесене салдыру мәкрух емес» делінген. Тағы осы кітапта «Өліні жуындырушының таза болуы қажет. Жүніп (ғұсылсыз) болуы мәкрух» деп жазылған. Бұл да мұсылманның өлгеннен кейін керемет иесі екендігін көрсетуде. Алайда тірі кезінде әр мұсылман керемет иесі болмайды. Тек әулиелер ғана тірі кезінде керемет иесі. Имам Абдуллаһ Нәсәфидің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Үмдәт-ул-итиқад» кітабында «Әр мұсылман ұйқыда да мұсылман болғанындай, өлгеннен кейін де мұсылман. Сол сияқты пайғамбарлар өлгеннен кейін де пайғамбар. Өйткені, пайғамбар болған және иман иесі болған – рух. Адам өлгенде рухында ешқандай өзгеріс болмайды» делінген. Адам – дене деген сөз емес. Адам – рух деген сөз. Дене – рухтың уақытша мекені. Қадірлі болғаны үй емес, үйдің ішінде тұратындар. Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымызға адам кейіпінде көрінетін еді. Көбінесе Дыхия есімді сахабаның кейіпінде көрінетін. Сахабалардың кейбірлері Жәбрейіл алейһиссаламды адам кейіпінде көрді. Жәбрейіл алейһиссалам адам кейіпінен шығып, өз кейіпіне енгенде, рух сияқты болғанда жоқ болып кетеді деуге болмайды. Кейіпін өзгертті деп айтылады. Адамның рухы да осы сияқты. Адам өлген кезде рухы бір әлемнен басқа әлемге өтеді. Рухтың осындай өзгеріске ұшырауы кереметінің қалмайтындығын көрсетпейді. [«Жамиул-фәтауа» кітабының авторы Мұхаммед Самарқанди Ханафи 556 [м.1162] жылы, Абдуллаһ Нәсәфи Ханафи 710 [м.1310] жылы Бағдадта қайтыс болды.]

Әулиенің өлгеннен кейін де керемет иесі болатындығын көрсететін көптеген оқиғалар мен хикаялар кітаптарда жазылған. Мысалы, үлкен әулие Мұхийддин Арабидің «Рух-ул-Қудс» кітабында Әбу Абдуллаһ бин Зәйн-ул-бури Ишбилидің әртүрлі кереметтері жазылған. Бір түні Әбул Қасым бин Хамдин есімді бір адамның Имам Мұхаммед Ғазалиге қарсы жазылған, оны жамандаған кітапты оқып отырғанда көздері соқыр болып қалды. Дереу сәжде етіп, жалбарынды. Бұл кітапты ешқашан оқымайтындығына ант етті. Аллаһу та'ала қабыл етіп, көру нәсіп етті. Бұл Имам Ғазалидің өлгеннен кейін орын алған кереметін көрсетуде.

Имам Яфии «Раудур-Рияхин» кітабында жазғанындай, әулиелердің бірі қабірдегілердің дәрежелерінің көрсетілуін сұрап дұға етті. Бір түні әртүрлі қабірлер көрсетілді. Біреулері тақтай үстінде, біреулері жібек төсекте, біреулері хош иісті гүлдердің арасында, біреулері қуанышты, біреулері жылаған, ал біреулері күлген еді. Бір дауыс естіді. «Олардың бұл жағдайы – дүниедегі амалдарының жемісі» деген еді. Көркем мінезділер, шәһидтер, нәпіл оразаларды да ұстайтындар, Аллаһу та'ала үшін бір-бірін жақсы көргендер, күнә істегендер, тәубе еткендер бөлек-бөлек жағдайда еді. Қабірдегі жағдайлары кейбір әулиелерге ұйқысында, ал кейбірлеріне ояу кезінде көрсетіледі. Имам Яфиидің (рахметуллаһи алейһ) «Кифаят-ул-Мутәқад» кітабында кейбір әулиелердің әкесінің қабірінің басына барып, сөлескендігі жазылған.

Алқаи «Әс-сүннәт» кітабында жазғанындай, Яхия бин Муин айтып берген: «Менің сенімді, жақын мазаршы досым бір күні маған «Таңқалдыратын көп нәрсе көрдім. Ең көп таңқалғаным, бір мәйіттің муәззиннің (азаншының) азанын қайталағанын естідім» деді.» [Хибәтуллаһ Алқаи (рахметуллаһи алейһ) 418 [м.1027] жылы қайтыс болды.]

Әбу Нуайм «Хилия» кітабында жазғанындай, Шайбан бин Жисрадан естідім. Сабит-ул-бәнаниді қабірге қойдық. Хамид-ут-тауил де қасымда еді, қабірдің кірпіші түсіп қалды. Сабиттің қабірде намаз оқығанын көрдім. Сабит тірі кезінде үнемі «Йа, Раббым! Бір құлыңа қабірде намаз оқу кереметін нәсіп ететін болсаң, маған да нәсіп ет!» деп дұға ететін. [Абдуллаһ Яфии 768 [м.1367] жылы Меккеде, Яхия бин Муин Бағдади Шафии 233 [м.848] жылы Мәдинада, Әбу Нуайм Исфәхани 430 [м.1038] жылы қайтыс болды (рахметуллаһи алейһим әжмаин).]

Имам Тирмузи, Хаким, Бәйһақи жеткізген: Абдуллаһ ибн Аббас айтып берді: «Бірнеше сахабамен сапарда шатыр құрдық. Ол жерде қабір бар екенін білмеген едік. Біреудің «Мүлк» сүресін басынан соңына дейін оқығанын естідік. Мәдинаға келгенде мұны Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып бердік. «Бұл сүре мәйітті қабірдегі азаптан құтқарады» деді.» Әбул Қасым Сади «Исфах» кітабында осы оқиғаны жазып, «Бұл оқиға мәйіттің қабірде Құран оқитындығын дәлелдеуде» деген.

Ибн Мәндәһ хабар берген: «Талха Убәйдуллаһтан хабар беріп айтып берген: «Орманда едім. Кеш болды. Абдуллаһ бин Амир бин Хизамның қабірінің қасына отырдым. Қабірде өте әсем дауыспен Құран оқығанын естідім. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар бердім. «Мұны оқыған Абдуллаһ. Аллаһу та'ала рухтарды алғанда жәннаттағы орындарында сақтайды. Әр түні таңға дейін қабірлеріне жібереді» деді. [Мұхаммед ибн Мәндәһ (рахметуллаһи алейһ) 395 [м.1005] жылы қайтыс болды.]

Адам өлгенде рухы да өлмейді. Рух денеден өзге болмыс. Қабірдегі денемен топыраққа айналғаннан кейін де байланысы үзілмейді. Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын оқымаған сауатсыздар мен мазһабсыздар және тозаққа түсетіндігі хабар берілген жетпіс екі топтағы адасқандар рухтың денеден бөлек болмыс екенін білмейді. Адам өлгенде әрекеті жоқ болғанындай, рухтың да дененің бір сипаты, ерекшелігі екендігін, әрекеттің жоқ болғанындай рухтың да жоқ болатындығын санайды. Әулиелер де, барлық адамдар сияқты өледі, топыраққа айналады, адамилығы және руханияты қалмайды дейді. Өз мәйіттерін құрметтемейді, қорлайды. Әулиелердің қабірлерін зиярат етіп, олармен берекеттенуді, тәуәссул етуді жоққа шығарады. Бір күні Уәли Арслан Димишқидің қабірін зиярат етуге бара жатқан едім. Адасқандардың бірі «Топырақты зиярат етуге болады ма?» деді. Бұған таңқалдым. Мұсылман екенін айтқан адамның осылай сөйлегеніне қынжылдым.

Хадис шәрифте: «Қабір не жәннат бақшаларының бірі. Не тозақ шұңқырларының бірі» делінген. Бұл хадис шәриф рухтардың шіріген денелермен бірлескендігін айқын көрсетіп тұр. Мұсылмандардың қабірлерінің құрметті, мүбәрәк екендігін көрсетуде. Ғалымды мазақ қылған, дұшпандық жасаған адамның кәпір болуынан қорқылады.

Мәйіттер де, тірілер де Аллаһтың жаратылысы. Ешқайсысының ештеңеге әсері жоқ. Барлық нәрсеге әсер етуші тек қана Аллаһу та'ала. Бірақ, мұсылманның өлісіне де, тірісіне де құрмет көрсету уәжіп. Өйткені, мұсылмандардың өлілері де, тірілері де Аллаһу та'аланың «Шә’аир»-ы болғандықтан, құрмет көрсетілу керектігін Құран кәрім әмір етуде. «Хаж» сүресінің отыз екінші аятында «Аллаһу та'аланың шә’аирына құрмет көрсету жүректердің тақуалығынан туындайды» делінген. Шә’аир – Аллаһу та'аланы еске салатын, көрсететін нәрселер деген сөз. Ғалымдардың, салихтардың өлілері мен тірілері – шә’аир.

Ғалымдарды, әулиелерді құрметтеу, оларға тағзым ету әртүрлі болады. Олардың бірі, оларға тақтайдан табыт жасау және қабірлерінің үстіне күмбез жасау. Сәлделерінің үлкен болуы, киімдерінің кең және таза болуы да оларды құрметтеу үшін. «Жами-ул-Фәтауа» кітабында ғалымдардың, әулиелердің, сәйидтердің қабірлерінің үстіне ғимарат, кесене жасаудың мәкрух емес екендігі жазылған. Әулиелердің қабірлеріне жақтырмай қарамау, құрмет көрсету үшін сандық, жамылғы және сәлде қою, оларды қабірде жатқандарды қор көруден қорғау, құрметке себеп болу ниетімен жасау біз үшін жаиз (рұқсат). Сәләф-и салихин (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин) заманында бұлар жасалмайтын еді. Бірақ, ол кезде бәрі қабірлерді құрметтейтін еді. Фиқһ кітаптарында «Уәда (қоштасу, соңғы) тауафтан кейін артымен шегініп Мәсжид-ил харамнан шығу керек. Осылай шығу арқылы қағбаға құрмет көрсетілген болады» деп жазылған. Сәләф-и салихин артымен шегініп шықпайтын еді. Бірақ олар қағбаны құрметтеуде кемшілік жібермейтін еді. Қағбаның сыртын жамылғымен қаптау бұрындары жоқ еді. Бұған кейіннен фәтуа берілді, шариғи үкіммен бекітілді. Қабірлердің үстін жамылғымен қаптау да осы сияқты рұқсат болуда. Хадис шәрифте: «Кімде-кім жақсы, яғни Ислам дініне лайықты жол ашатын болса, бұл жолда жүргендердің әрқайсысына берілген сауап жол ашқан адамға да беріледі» делінген.

«Жами-ул-Фәтауа» кітабында жазылған: «Қабір үстіне қол қоюдың сүннет немесе мүстаһаб екендігін көрсететін хабар көрмедік. Рұқсат емес деп те айта алмаймыз.» Бұлардың харам екендігін айтатындардың ешқандай дәлелі, құжаты жоқ. Бұларды харам дей алу үшін «Әдиллә-и әрбәа»-ның бірінен, яғни «Құран кәрім», «Хадис шәриф», «Ижма-и Уммет», «Қияс-и Фуқаха»-ның бірінен дәлел көрсету керек. Мүжтәһид болмағандар жасаған қиястардың (салыстырмалардың), дәлелдердің еш маңызы жоқ. Кейбір сауатсыздар «Әулиелердің қабірлеріне құрмет көрсетілсе, олардан берекет пен көмек сұралса, олардың тілектерді орындайтындығын, Аллаһу та'ала сияқты әсер ететінін ойлатындар бар. Осылайша кәпір, мүшрик болады. Біз сол себептен оларға бөгет боламыз және қабірлерді, кесенелерді бұзамыз. Оларды осылай қорлаған кезде бәрі олардың ештеңе істей алмағандығын, оларды қорлаудан сақтай алмағандығын түсініп, кәпір болудан, мүшрик болудан құтылады» дейді. Адасқандардың бұл сөздері күпірге жатады. Бұл Перғауынның сөзіне ұқсап кетеді. «Мүмин» сүресінің жиырма алтыншы аятында «Жіберіңдер, Мұсаны өлтірейін. Ол Раббысына жалбарынып, өзін менен құтқарсын. Оның сендердің діндеріңді өзгертетіндігінен және жер бетінде бүлік шығаратындығынан қорқамын» делінген. Бұл сауатсыздар Аллаһу та'аланың әулиелерді жақсы көретіндігін, сүйіктілерінің дұғаларын қабыл ететіндігін, өлгеннен кейін рухтарының тілектерін жарататындығын жоққа шығарады. Олар болжаммен, күмәнмен, көзқараспен және қиялмен сөйлейді. Ақты қарадан ажырата алмайды. Мұсылман болған адам мың жылдан бері келе жатқан «Үммет-и Мухаммадия»-ның адасуда екенін айта алмайды. Оларға су-и зан (жаман ойда болу) ете алмайды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұнафиқтардың барлығын, яғни кәпір бола тұра мұсылман көрінгендерді білсе де, ешқайсысын жария қылмады. Сұрағандарға «Біз сөзге, іс-әрекетіне, көрінісіне қараймыз. Жүректерін тек Аллаһу та'ала ғана біледі» деп жауап беретін. «Кәшф-ун-нур» кітабынан аударма тәмәм болды.

Мұсылманның сөзінде немесе ісінде жүз мағына бар болса, яғни жүз нәрсе аңғарылса, олардың бірі ол адамның иманды екенін көрсетсе, ал тоқсан тоғызы кәпір екенін көрсетсе, ол адамның мұсылман екендігін айтуымыз керек. Яғни күпірді көрсететін тоқсан тоғыз мағынаға қаралмайды. Иманды көрсететін бір мағынаға қаралады. Сондықтан мұсылмандарға кәпір демеу, мүшрик демеу керек. Мұсылмандарға су-и зан етпеу (олар туралы жаман ойда болмау) керек. Бұл сөзімізді қате түсінбеу керек! Мұны қате түсінбеу үшін екі жайтқа мән берген жөн. Біріншісі, сөз немесе іс иесінің мұсылман екендігі айтылды. Әйтпесе, кәпірдің бір сөзі немесе бір ісі былай тұрсын, көп сөздері мен іс-әрекеттері иманды көрсетсе де, ол кәпірге мұсылман болды деуге болмайды. Бір француз Құран кәрімді мақтаса, бір ағылшын Аллаһ жалғыз десе, бір неміс философ ең жақсы дін – Ислам десе, олардың мұсылман болғандығын айтуға болмайды. Кәпірдің мұсылман болуы үшін «Аллаһ бар. Ол жалғыз. Мұхаммед алейһиссалам Аллаһтың пайғамбары. Оны әлемнің барлық жеріне қияметке дейін келетін бүкіл адамзатқа пайғамбар қылып жіберді. Оның әр сөзіне сендім» деп айтуы және иманның алты шарты мен отыз үш парызды дереу үйреніп, бәріне түгелдей сенуі қажет. Мән беру керек болған екінші жайтқа келер болсақ, сөздің немесе істің жүз мағынасы болса делінген. Әйтпесе жүз сөзден немесе жүз істен бірі иманды көрсетсе, тоқсан тоғызы күпірді көрсетсе, ол адамға мұсылман делінетіндігі айтылмады. Өйткені, адамның тек бір сөзі немесе ісі айқын түрде күпірді көрсетсе, яғни иманды көрсететін ешқандай мағынасы болмаса, ол адамның кәпір екендігі аңғарылады. Басқа сөздері мен істерінің иманды көрсетуі, иманды екендігін білдіруі ол адамды күпірден құтқара алмайды, мұсылман екендігіне үкім берілмейді!

«Кәшф-ун-нур» кітабы қол жазбасы болып, Стамбұлда, Сүлеймания кітапханасында бар. Алғаш рет 1397 [м.1977] жылы Пәкістанның Лахор қаласында өте көркем түрде басылған, 1398 [м.1978] жылы Стамбұлда көшірмесі алынып, «Минхат-ул уәһбия» кітабымен бірге басылған.