Сұрақ: Тәубесі жасалған күнәні қайтадан істеп, артынша тағы тәубе еткен адамның ісі дұрыс па?
Жауап: Тәубе еткен болса да, күнә істеуді жалғастырып, «Қазір күнә істей берейін, не болса да тәубе етсем кешіріледі ғой» десе, орынсыз іс жасаған болады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Күнә істеуді жалғастырып, тілімен истиғфар еткен адам Раббын мазақ қылған болып саналады.» (Бәйһақи)
Бір адам шын көңілімен, ендігәрі істемеу шартымен тәубе еткеннен кейін нәпсіне еріп, сол күнәні қайтадан істеп қойса, кейін тағы өкініп тәубе етсе, Аллаһу та'ала күнәсін кешіреді. Осылай тәубесін мың рет бұзса да, артынша тәубе ету керек. Бір аяти кариманың мағынасы:
«Кімде-кім күнә істеп немесе өзіне зұлымдық жасап, кейін өкініп Аллаһу та'алаға истиғфар етсе, Аллаһу та'аланы өте мейірімді, кешірімді және қамқор күйде табады.» (Ниса 110)
Тәубеден кейін қайтадан күнә істеген адамның қайта-қайта тәубе етуі сахих болады. (Бәриқа)
«Тәубе еттім» деп құр сөзбен айтумен тәубе болмайды, өйткені тәубенің сахих болуы үшін үш шарт қажет:
1) Дереу күнәні доғару керек.
2) Күнә істегеніне Аллаһу та'аладан қорққандықтан ұялу және өкіну керек.
3) Бұл күнәні ендігәрі мүлдем істемеуге шын көңілмен сөз беру керек.
Аллаһу та'ала шарттарына сай болған тәубені қабыл ететіндігіне сөз берді. Ол тәубе етушілерді жақсы көреді, кешіреді. Кейіннен сол күнәні қайтадан істесе, тәубесі бұзылмайды. Екінші тәубе қажет болады. Тәубе еткен күнәсі есіне түскенде күнә істегеніне қуанса, қайтадан тәубе ету керек. «Күнәні қайтадан істеп қойсам тәубем бұзылады» деп тәубе етпей жүру сауатсыздық, надандық және шайтанның алдауы. Әр күнәдан кейін дереу тәубе ету парыз. Тәубені әдейі кешіктіргенде күнә екі еселенеді. («Хақ сөздің дәлелдері» кітабы)
Сұрақ: «Ислам ахлақы» кітабында «Күнәнің дүниедегі зиянын ойлап, күнәдан бастарту тәубеге жатпайды» делінген. Олай болса, зинаның мүлікке тиетін зиянын ойлап одан бастартсақ, тәубе етпеген боламыз ба?
Жауап: Ол үкім күнә істеуді тоқтатпай жалғастырған адамға қатысты айтылған. Дүниедегі зиян дегенде тек мал-мүлікке тиетін зиянды ойламау керек. Мысалы, ешкім көрмейтін кезде ұрлық жасап, адамдар бар жерде немесе біреу көріп тұр деп жасамаса, ұрлық жасағанына тәубе еткен болып саналмайды деген сөз. Ұсталып қалса, қамауға алынады, дүниесіне (өміріне) зияны тиеді. Зина да осындай. Үнемі зина істеп жүріп, бірақ жұрт арасында сөз шығудан қорқып зина жасамаса, зинаға тәубе етпеген болып саналады. Сөз шықса, жаман атты болады. Бұл болса дүниесіне зиянын тигізеді.
Күнәні доғармаған адам
Сұрақ: Бір адам белгілі бір күнәні үздіксіз істеп жүріп, артынша тәубе етсе, кейін қайтадан дәл сол күнәні істеуді жалғастырса, тәубесі қабыл болады ма?
Жауап: Күнәні доғармағанша тәубесі қабыл болмайды. Екі хадис шәриф мағынасы мынадай:
«Күнәні доғармастан истиғфар еткен адам Раббын мазақ қылып жатыр деген сөз.» (И.Асакир)
«Күнәға тәубе етіп, кейін сол күнәні қайтадан істеген, кейіннен тағы истиғфар еткен адам үшінші рет қайтадан күнә істеп артынша тәубе етсе, төртінші рет істегенде үлкен күнә жазылады.» (М.Раббани 2/66)
(Бірақ тәубесін мың рет бұзып, артынша шын көңілімен тәубе етсе, тәубесі сахих болады.)
Бір жас жігіт тәубе етіп, бірақ сонда да күнә істеуді доғармаған екен. Басына бәле-шала келгенде бір ғалымға барып: «Мен тәубе еткен болсам да Аллаһ маған бәле-жала жіберіп жатыр, бұл қалай болғаны?» деп сұрайды. Сонда ғалым «Тәубе дегеніміз – ендігәрі ол күнәні істемеу деген сөз. Күнәні доғармай, тоқтатпай тәубе ету Раббын мазақ қылу болып саналады. Қабыл болатын тәубе – сол күнәнің бұдан былай еш қайталанбауы деген сөз» деп жауап береді.
Тәубеден кейін күнәні доғар!
Аллаһты мазақ қылуға ұял!
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024