УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (22)

22) Төрт жүз он төртінші бетінде: «Аллаһтан өзгеге дұға ету, өзгеден қиыншылықтан құтылуды тілеу, қажеттіліктерін басқадан күту, мазарларды ұлы деп білу, оларды пұтқа айналдыру, үстіне кесене соғу, кесенелерде намаз оқу, кесенеде жатқандарға ғибадат ету, жүрекпен, сөзбен, ғибадатпен өлілерден бір нәрсе күту үлкен ширк. Бұл тозақта мәңгі қалуға себепші. Аллаһтың атымен өтіріктен ант етуге олар қорқпайды. Бірақ Ахмед Бәдәуи атымен ант етуден тартынады. Бұл болса оны Аллаһтан да үстем, күштірек деп білу деген сөз» дейді.

Кітаптың авторы дұрыс пен қатені араластырып жіберген. Битке ренжіп, тонды өртемекші. Аллаһу та'аланы тастап, өзге өліден немесе тіріден бір нәрсе күту, басқаның атымен өтірік немесе шын ант ету әрине ширк болады. Бұдан иман кетеді. Бірақ бірнеше адам солай істеп жүр екен деп, қабірді зиярат етуге, кесенеде қағбаға қарап Аллаһ разылығы үшін намаз оқып, сауабын мәйітке бағыштауға, Аллаһу та'аланың сүйікті құлын Аллаһтың жаратуына арашы етуге ширк деу, осы себептен кесенелерді, мазарларды құлату Ислам дініне және мұсылмандарға жала жабу болып саналады. Мұсылмандарға кәпір деген адам мұны дұшпандықпен, қасарысып айтқан болса, өзі кәпір болады. Күмәнді болған насстарды қате тәуил етіп айтқан болса, кәпір болмайды, дегенмен бидғатшы болады. Кітаптың бұл жазбасы «Мешіттерге ұрлық жасау үшін немесе мазһабсыздықты үгіттеу үшін баратындар, мешіт имамына жала жауып хабар жеткізу үшін, жағымпаздану үшін, жақсы көріну үшін баратындар бар, олай болса, мешіттерді құлату керек» дегенге ұқсайды. Олай айтатын адам мешіттердің осындай жаман істер үшін соғылмағанын білмейді ме? Мешіт намаз оқу, уағыз жасау, Құран кәрім тыңдау үшін соғылған. Осындай бірнеше жаман қылық бар деп мешітті құлату емес, жамандық істегендерді мешітке, жақсы адамдар арасына жолатпау керек. Жаман, бұзық адамдарды сілтеп, Әһли сүннет болған таза мұсылмандарды мүшрик деп атау, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және әулиелердің, ғалымдардың кесенелеріне құрметсіздік жасау – Ислам дұшпандығы болып табылады.

Үлкен ғалым Абдулғани Наблусидің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Хадиқа» кітабының жүз елу үшінші бетінен бастап ұзақ жазғандарының қысқаша қорытындысы мынадай: «Әдиллә-и шәрия», яғни діни білімдердің қайнаркөзі төртеу: Кітап, сүннет, қияс және ижма. Қияс пен ижма Кітап пен сүннеттен шыққан. Олай болса, діни білімнің негізгі қайнары Кітап пен сүннет. Осы екеуінен алынбаған білімдердің, іс-әрекеттердің барлығы «Бидғат» болады. Бидғат болған сенімдер, білімдер және амалдар – адасушылық саналады. Бұл адамды пәлекетке жетелейді. Мысалы, тасаууфшы, тариқатшы екенін айтатын адамдар бір мүнкерді, яғни ижмамен көрсетілгендерге қайшы бір нәрсе істегенде «Біз батын білімдерін білеміз. Бұл амал бізге халал. Сендер кітаптан үйренесіңдер. Ал біз Мұхаммед алейһиссаламнан сұрап біліп аламыз. Оның сөзіне сенбесек, Аллаһтан сұрап үйренеміз. Шайхымыздың қолдауы бізді марифетуллаһқа жеткізеді. Кітаптан, ұстаздан бір нәрсе үйренуге қажеттілігіміз жоқ. Аллаһ білімдеріне қолжеткізу үшін кітап оқымау, мектепке бармау керек. Біздің жолымыз қате болса, нұрлар, пайғамбарлар, рухтар бізге көрінбес еді. Біз қателессек, харам істесек, түсімізде бізге көрсетіледі, дұрысы үйретіледі. Білім адамдары жаман деп санаған нәрселер бізге түсімізде жаман болып көрсетілмеді, жақсы деп білгеніміз үшін жасап жүрміз» дейді. Осы сияқты сандырақ сөздер – адасушылық, дінді бұзушылыққа жатады. Бұл Ислам дінін мазақ қылу болып саналады. Құран кәрімді және хадис шәрифтерді қорлау, оларға сенбеу деген сөз. Оларда қате және заманға сай келмейтін нәрсенің бар екенін айту деген сөз. Ондай қате сөздерге сенбеу керек.

Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) айтуы бойынша, «Илхам» (аян беру, шабыт) арқылы үкімдерді түсіну мүмкін емес. Яғни Аллаһу та'аланың әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) жүректеріне берген білімдері халал мен харам үшін дәлел, құжат бола алмайды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүрегіне келген илхам әр мұсылманға дәлел. Әр адамның бұған бағынуы керек. Әулиенің илхамы Ислам дініне сай болса, бұл тек өзіне ғана дәлел, басқаларға дәлел бола алмайды. Илхам Кітаптың және сүннеттің мағыналарын түсінуе көмектеседі. Илхам салих мүминдерде болады. Бидғатшылардың және күнәхарлардың жүректеріне шайтанның уәсуәсасы келеді. Жүрекке келетін білімдерге «Илм-и ләдунни» делінеді. Бұл білім рухани және шайтани болады. Біріншісі «Илхам», ал екіншісі «Уәсуәса» деп аталады. Илхам Кітап пен Сүннетке сай, ал уәсуәса қайшы болады. Түс те рахмани және шайтани болады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбар екендігі білдірілуден бұрын алты ай бойы түспен амал етті. Тасаууф ғұламаларынан үлкен әулие Жүнәйд Бағдади (рахимә-һумуллаһу та'ала) «Адамдарды Аллаһу та'аланың сүйіспеншілігіне қауыштыратын жол – тек қана Мұхаммед алейһиссаламның жолы. Бұдан басқа діндер, мазһабтар, тариқаттар, түстер – тұйық көшедей. Адамды бақытқа жеткізбейді. Құран кәрімнің үкімдерін үйренбеген және хадис шәрифтерге бағынған адам – сауатсыз және ғапіл. Оған ермеу керек. Біздің біліміміз, мазһабымыз Кітап пен Сүннет» деді. Мухиддин Араби (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Әулие Ислам дінін ұстанған сайын ілгерілейді. Илхамдары артады. Бірақ әулиелерге келген илхамдар Кітап пен Сүннеттің үстіне шыға алмайды.» Сырри Сақати «Тасаууфтың үш мағынасы бар. Біріншісінде сопының жүрегінде Аллаһу та'алаға деген марифеті уәраның нұрын сөндіре алмайды. Жүрегіндегі марифет нұрымен заттың және қуаттың ақиқаттарын, негіздерін түсінеді және Аллаһу та'аланың есімдерінің, сипаттарының тәжәллилеріне қауышады. Денесіндегі уәра нұрымен Ислам дінінің нәзік білімдерін түсінеді. Әр іс-әрекеті Ислам үкімдеріне сай болады. Екінші мағынасы бойынша, сопының жүрегінде Кітапқа және Сүннетке сай келмейтін білім болмайды. Сай болған-болмағанын захир (сыртқы) және батын (ішкі) білімдерінде терең ғалым болып, тасаууф ғұламалары қолданған сөздерді түсінгендер ажырата алады. Тасаууфтың үшінші мағынасы бойынша, сопының кереметтері Ислам білімдерінің ешқайсысына қайшы болмайды. Ислам үкімдеріне сай келмеген нәрселер «Керемет» болмайды. Бұлар «Истидраж» деп аталады» делінген.

[Жүнәйд Бағдади 298 [м.910] жылы Бағдадта қайтыс болды.]

Әулиелердің сөздерінің, іс-әрекеттерінің Ислам үкімдеріне сай болған-болмағанын білімділердің бәрі түсіне бермейді. Тасаууф білімдерін жақсы білу және тасаууф ғұламаларының сөздерінің мағынасын жақсы түсіну керек. Мысалы, Баязид Бистами (рахимә-һуллаһу та'ала) «Субхани мә азама шани» деді. Тек захири білімі бар болғандар бұл сөзді «Жаратылыстардағы кемшіліктер менде жоқ. Менің қадірім өте жоғары» деген мағынада түсінді. Мухиддин Араби (рахимә-һуллаһу та'ала) бұл сөзді «Аллаһу та'аланың ұлылығын, мүлдем кемшілігі жоқ екенін ең жақсы түрде жеткізу» деді. Пәктеудің пәктеуі деді. Яғни Аллаһу та'аланы Оған лайықты түрде мадақтай алмағанын, тәсбих ете алмағанын көрді. Аллаһу та'ала толықтай пәк күйде тәжәлли еткеніндей, Оның қабілеті мен күші шамасында жасаған тәнзиһ пен тәсбихқа лайықты тәжәллилер де орын алуда. Бұл тәжәллилерді тәсбих етуін өз қабілетін тәсбих ету деп көріп, өзін тәсбих етіп жатырмын деді. Осылайша Субхани дегеннен кейін басқалардың тәсбихтарының төменірек екенін, олардың мадақтауларына байланысты тәжәллилерді көріп, өз тәсбихының лайықтырақ екенін көргенде «Менің қабілетім көбірек» деді. Көрініп тұрғанындай, бұл сөзімен Ислам дініне сай бір нәрсе түсіндіргісі келген. Сәкр жағдайында болғандықтан, басқа сөз таба алмай, нәзік білімдерді бәрі түсіне бермейтін сөзбен айтқан. Осы үлкен әулие Бистам қаласында шәкіртін ертіп, әулие екендігі кеңінен жайылған бір адамды көруге барды. Тақуалығы аңызға айналған бұл адамның қасына барғанда құбылаға қарай түкіргенін байқады. Сәлемдеспей қасынан кетіп қалды. «Бұл адам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында әдептердің бірін орындамады. Әулие болуға қажетті әдептерді де орындай алмайды» деді. Құбылаға әдепсіздік жасау жаман нәрсе. Әһли сүннет ғалымдары жатқанда және отырғанда құбылаға аяқ созуды мәкрух деді. Аллаһу та'ала қағбаны тауаф етуді және тауафта таза болуды әмір етті. Мухиддин Араби (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқанындай, дұғалары қабыл болып жатқанын айтқан кісі Исламның әдептерінің біреуін орындамаған болса, көп кереметі байқалса да, оған сенуге болмайды. Тағы Баязид Бистами айтқан: «Бір адам әулие екенін айтса, тіпті ауада отырса да, ғибадаттарды орындауына, харамдардан сақтануына және Ислам дінін ұстануына қаралмайды, сөзіне сенбеңдер». Қазір діни кітап жазғандарды да осылай бақылап көру керек, Ислам дінін ұстанбайтындардың діни кітаптарын оқымау керек! [Баязид Бистами Хазар теңізінің оңтүстігінде Бистамда, Мухиддин Араби 638 [м.1240] жылы Шамда қайтыс болған.]

[Сырри Сақати 251 [м.865] жылы Бағдадта қайтыс болды.]

[Баязид Бистами 261 [м.875] жылы Бистамда қайтыс болды.]

Абдуррауф Мунауи (рахимә-һуллаһу та'ала) «Жамиуссағир» шәрһінде жазғанындай, ауамның, яғни мүжтәһид болмағандардың сахабаларға тікелей еруінің рұқсат емес екенін ғалымдар бірауыздан айтқан. Бұл сөзбірлігін Имам Әбу Бәкір Рази (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар берген. Мүжтәһид болған адамның төрт мазһабтан өзгеше ижтиһадтарға бағынуы жаиз (рұқсат). Бірақ ұстанған амалында оның барлық шарттарын орындауы қажет. Әбу Сүлейман Дарани (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Көп уақыт бойы көңіліме ойлар келеді. Кітап пен Сүннетке сай деп көрсем, қабылдаймын.» Зүннун Мысри (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Аллаһу та'аланы жақсы көрудің белгісі – барлық мінез-құлықта және бүкіл іс-әрекеттерде Оның сүйікті пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағыну.» [Абдуррауф Мүнауи 1031 [м.1621] жылы Мысырда, Әбу Сүлейман 205 [м.820] жылы Шамда, Зүннун Мысри 245 [м.860] жылы қайтыс болды.]

«Хадиқа» кітабында, жүз сексен екінші бетінде Имам Қасталанидің «Мәуаһиби ләдуния» кітабынан алып жазғаны бойынша, Аллаһу та'аланы жақсы көру екіге бөлінеді: парыз болған және парыз болмаған жақсы көру. Парыз болған жақсы көруде әмірлері орындалады, тыйымдарынан сақтанады. Қаза мен тағдырына разы болады. Харам істеу және парыздарды орындамау осы жақсы көрудің аз екенін көрсетеді. Парыз болмаған жақсы көру нәпілдерді орындатқызады. Күмәнді нәрселерден де сақтануға себеп болады. Бұхаридың Әбу Хурайрадан (радиаллаһу анһ) хабар берген «Аллаһу та'ала айтты: Құлымды маған жақындататын нәрселер арасында маған ең сүйікті болғандары – оған парыз қылған нәрселерім. Құлым нәпіл ғибадаттарды орындауда маған соншалықты жақын болады, оны қатты жақсы көремін. Оны жақсы көргенде оның еститін құлағы, көретін көзі және ұстайтын қолы мен жүретін аяғы боламын. Бар қалағанын беремін. Менен көмек сұрағанда жәрдем беремін» хадис шәрифінің көрсетіп тұрғаны, Аллаһу та'алаға ең сүйікті ғибадат – парыздарды орындау. Бұл жерде аталған нәпіл ғибадаттар парыздармен бірге орындалатындары. Олар осы парыздағы кемшіліктерді толықтырады. Омар бин Әли Фақихани айтады: «Бұл хадис шәрифтің көрсетіп тұрғаны, парыздармен бірге нәпіл ғибадаттарды орындаған адам Аллаһу та'аланың сүйіспеншілігін алады.» Әбу Сүлейман Хаттаби айтады: «Бұл хадис шәрифтің көрсетіп тұрғаны, олардың дұғалары қабыл болады.» Олардың дұға еткендері тілегендеріне жетеді. [Фақихани Искендери Малики 734 [м.1334] жылы қайтыс болған. Әбу Сүлейман Ахмед Хаттаби Бүсти 388 [м.998] жылы қайтыс болған. «Әулиелерден дұға, көмек күту, мұны олардан сұрау ширк болады» деп айту осы хадис шәрифке сенбеу болады.]

Абдулғани Наблуси (рахимә-һуллаһу та'ала) айтады: Жүнәйд Бағдадиден бастап, осы жерге дейін жазғандарымызды тасаууф ғұламаларынан Абдулкәрим Құшайридің (рахимә-һуллаһу та'ала) кітапшасынан алдым. Бейтарап көзқараспен осыларды зертте! Есімі аталған осы тасаууф ғұламаларының, әулиелердің Ислам дініне қалай берілгенін көр! Олар бүкіл кәшфтерін, кереметтерін, көңіл білімдерін, илхамдарын, бәрін Кітап және сүннетпен өлшеуде. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жолынан айрылған сауатсыздардың сөзін келтіріп, Әһли сүннет ғалымдарына, тасаууф ғұламаларына тіл тигізу мұсылманға жарасады ма? Осы әулиелерге және сол Аллаһтың сүйікті құлдарын жақсы көрген мұсылмандарға мүшрик дейтіндерге сенуге болады ма? Әулиелердің кереметтері хақ, дұрыс. Әһли сүннет сенімінде болған және Ислам дінін ұстанғаны байқалған адамдарға Аллаһу та'аланың әдетінен тыс [яғни физика, химия және физиология заңдарының тысында] нәсіп еткен, сыйлаған нәрселері «Керемет» деп аталады. Әулие өзінің керемет иесі екенін айтпайды. Керемет көрсетуді қаламайды. Керемет әулиенің өлісінде де, тірісінде де бола алады. Пайғамбарлар қайтыс болғанда пайғамбарлықтан айрылмағанындай, әулиелер де қайтыс болғанда әулиелік дәрежеден түспейді. Әулиелер Аллаһу та'аланы және сипаттарын біледі. Құран кәрімде көптеген әулиелердің кереметтері көрсетілген. Иса пайғамбар (алейһиссалам) әкесіз дүниеге келгенде хазреті Мәриәмда көрінген кереметтер осылардың бірі. Зәкәрия алейһиссалам хазреті Мәриәмнің бөлмесіне кірген кезде қасында тамақ бар екенін байқайтын. Мұны қайдан алдың деп сұрайтын. Өйткені оған Зәкәрия алейһиссаламнан басқа ешкім кірмейтін. Сонда ол «Аллаһу та'ала жаратты» деп жауап беретін еді.

[Құшайри 465 [м.1072] жылы Нишапурда қайтыс болды.]

Асхаби Кәһфтің кереметтері де Құран кәрімде баяндалған. Олар үңгірде жылдар бойы аш және сусыз қалды. Асаф бин Бәрхияның Бәлқистың тағын Сүлейман алейһиссаламға әкеп бергені де Құран кәрімде жазылған. Асхаби кирамның және табииннің мыңдаған кереметтері кітаптарда жазылған және ауыздан ауызға өтіп жүр. Мазһабсыздардың кереметтерге сенбейтіндігіне таңқалмау керек. Өйткені оларда керемет мүлдем болмағанындай, ұстаздарында және ғалым деп санағандарында ондай нәрселерді байқамайды. Имам Нәжмәддин Омар Нәсәфиден (рахимә-һуллаһу та'ала) кереметті сұрағанда «Аллаһу та'аланың әулиелеріне, яғни сүйікті құлдарына әдетін бұзып, керемет сыйлауы Әһли сүннет бойынша рұқсат» дегендігі Ибн Абидинде, «Мүртәд» бөлімінің соңында жазылған. [Омар Нәсәфи 537 [м.1143] жылы Самарқандта қайтыс болды.]

Әулиелердің аз уақытта алыс жерлерге барғандығы Ибн Абидинде «» соңында жазылған. Бұған қатысты Шафии және Ханафи мазһабтарында фиқһ мәселелері де жасалған. Ибн Хажәр Хитәмидің (рахимә-һуллаһу та'ала) фәтуаларында жазылғанындай, бір әулие тұрған жерінде ақшам намазын оқығаннан кейін батысқа қарай алысқа кетсе, барған жерінде әлі күн батпаған болса, бұл жерде күн батқанда ақшам намазын қайтадан оқуы қажет емес екенін айтатындар көп. Ал Шәмсәддин Рәмли (рахимә-һуллаһу та'ала) қажет болады деген. [Ибн Хажәр Хитәми 974 [м.1567] жылы Меккеде, Мұхаммед Рәмли 1004 [м.1596] жылы қайтыс болған.] Қажеттілік туындаған кезде тамақ, сусын және киім дереу пайда болғаны да көп байқалған. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көкесінің баласы Жафәр Тайярдың (радиаллаһу та'ала анһ) ауада ұшқандығы тарих кітаптарында өткен. Лұқман Сәрахсидің және ол сияқтылардың ұшқаны да баршаға мәлім. Су бетімен жүру, ағаш, тас және жануарлармен сөйлесу де көп байқалған. Аллаһу та'аланың осылай әдетін және заңдарының тысында жасаған нәрселері пайғамбарларда көрінсе «Мұғжиза» деп аталады. Пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) тірі болуы шарт емес. Қайтыс болғаннан кейін де Аллаһу та'ала мұғжиза нәсіп етеді. Осы сияқты, әулиелер қайтыс болғаннан кейін де Аллаһу та'ала оларға «Керемет» береді. Ешбір әулие ешбір пайғамбардың дәрежесіне көтеріле алмайды. Әулиелер, дәрежелері қаншалықты жоғары болса да, Аллаһу та'аланың әмірлері мен тыйымдарына бағынуы керек.

Әулиелердің ең жоғары дәрежелісі – хазреті «Әбу Бәкір Сыддық» (радиаллаһу анһ). Одан кейін ең жоғары дәрежелісі – хазреті «Омар-ул-Фаруқ» (радиаллаһу анһ). Омар (радиаллаһу анһ) мұсылман болмай тұрғанында отыз тоғыз мұсылман бар еді. Бәрі жасырын түрде ғибадат ететін. Ол мұсылман болғанда «Бүгіннен бастап ғибадаттарды жасырмаймыз» деді. Ислам дінінде ашық түрде ең алғаш ғибадат жасаған – «Омар-ул-Фаруқ» (радиаллаһу анһ). Екеуінен кейін әулиелердің ең жоғары дәрежелісі – хазреті «Осман Зиннурайн» (радиаллаһу анһ). Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Руқайя және Үмму Гүлсүм есімді екі мүбәрәк қызымен (радиаллаһу та'ала анһуннә) қатарынан үйленгендіктен, «Екі нұр иесі» деген атақпен абыройланды. Бұл екі жұбайы қайтыс болғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Үшінші бойдақ қызым болғанда, оны да Османға берер едім» деген. Одан кейін әулиелердің ең үстемі – хазреті «Әли-йул-мұртаза» (радиаллаһу анһ). Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук соғысына бара жатқанда хазреті Әлиді Мәдинада Әһли бәйтін (жанұясын) қорғау үшін өз орнына өкіл қылып қалдыруға разы болды және «Сенің маған жақындығың Харунның Мұсаға жақындығындай. Расында, менен кейін мүлдем пайғамбар келмейді» деген. Осы себептен ол мұртаза аталды. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін осы төртеуінің халифалығы үстемдіктерінің ретімен орын алды. Олардан кейін әулиелердің ең үстемдері «Асхаби кирам», яғни сахабалардың барлығы (радиаллаһу анһум әжмаин). Сахабалардың есімдерін және араларындағы қақтығыстарды айтқанда жүрегіміз бен тіліміздің оларға құрметті және әдепті болуы керек. Өйткені олардың бір-бірімен соғысуы ижтиһад өзгешелінен еді. Олардың бұл істеріне де сауап беріледі. Қателескендеріне бір сауап, дұрыс болғандарына екі сауап берілді. «Ашәрә-и мубашшара» деп аталатын он кісінің жәннатқа кіретінін Расулуллаһ хабар берді. Олар: төрт халифа, Талха, Зубәйр, Са’д бин әби Уаққас, Саид бин Зәйд, Әбу Убәйда бин Жәррах және Абдуррахман бин Ауф. Расулуллаһтың мүбәрәк қызы хазреті «Фатима-туз-Зәхра» (радиаллаһу анһ) және оның екі ұлы «Хасан» мен «Хусейн», «Хадиша-тул-Кубра», «Айша Сыддықа» (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бәрінің жәннаттық екеніне сенеміз. Олардан басқа ешкімнің есімін атап жәннаттық екенін айтуымызға болмайды. Басқа ғалымдарды, әулиелерді жәннатқа кіреді деп ойлаймыз, бірақ нақты айта алмаймыз. Сахабалардан кейін әулиелердің ең үстемі «Табиин»-нің үстемдері. Олардан кейін «Тәбә-и табиин»-нің үстемдері (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин).

Кітаптың авторы «Аллаһу та'аланы жақсы көрудің он себебі бар. Тоғызыншысы, Аллаһты жақсы көретіндермен бірге болу, олардың сөздерінен тараған тәтті жемістерді жинау, олардың қасында тек қажет болғанда ғана сөйлеу. Осы он себепке жүгінумен махаббат дәрежелерінен асып, сүйіктіге қауышуға болады» дейді.

Біз де осылай сенеміз. Тасаууф ғұламаларын осы себептен жақсы көреміз. Аллаһу та'аланың сүйікті әулиелерінің қасына осы себептен жиналамыз. Оларды осы себептен мақтаймыз. Осылай істейтіндерге неліктен мүшрик дейді, түсінбейміз.