Отыз күн бойы ешкімге азап берілмейді!

Бұл айды ахиреттің бақытына қолжеткізуге мүмкіндік деп білу керек, қолдан келгенше көп ғибадат жасау қажет. Аллаһу та'ала разы болатын амалдарды істеу керек. Дін ғұламалары айтады: «Жұма күні мен түнінде және Рамазанның отыз күні мен түнінде ешкімге азап жоқ. Рамазан айы кір киімнің кір жуғыш машинаға кіріп, таза шығуы сияқты. Бірінші күнінен бастап, отызыншы күнге дейін адам тап-таза болып шығады.»

Қыстың қысқа күндерінде ораза ұстау оңай, ал жаздың ұзақ күндерінде, ыстықта ұстау қиынырақ. Әрине, қиыншылықтармен орындалған ғибадаттың сауабы көбірек болады. Бұл айда үзірсіз ораза ұстамау үлкен күнә. Хадис шәрифте:

«Үзірсіз Рамазанда бір күн ораза ұстамаған адам оның орнына бүкіл жыл бойы ораза ұстаса да, Рамазандағы бір күннің сауабына жете алмайды» делінген.

Әһли сүннет ғалымдары Рамазанда былай дұға ететін:

«Йа, Раббым! Ұстаған оразамызды қабыл ет! Сен бізге Рамазанның шапағатын нәсіп ет! Рамазанда кешірген құлдарыңның қатарына бізді де қоса гөр! Әмин.»

Бір күні пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына былай деді:

«Түсімде таңғажайып нәрселер көрдім. Үмбетімнен бір адамды азап періштелері ұстап алған еді. Алған дәреті келіп, оны қиын жағдайдан құтқарып алды... Біреуді көрдім, қабірі оны қысып жатқан еді. Оқыған намаздары келіп, оны қабір азабынан құтқарды... Біреуге шайтандар тиісіп жатқан еді. Жасаған зікірлері келіп, шайтаннан оны құтқарды... Біреудің шөлдегеннен тілі салақтап қалған еді. Ұстаған Рамазан оразасы келіп, шөлін қандырды...

Біреуді зұлмат (қараңғылық) қаптаған еді. Жасаған қажылығы келіп, қараңғылықтан шығарды... Біреуге өлім періштесі келген еді. Ата-анасына жасаған жақсылықтары келіп, өліміне тосқауыл болды, кешіктірді... Біреуге мұсылмандармен сөйлесуге рұқсат берілмеген еді. Сыла-и рахм (туысқандарымен көрісіп-сұрасу) келіп, оған шапағат етті, олармен сөйлесті... Пайғамбарының қасына барғысы келген біреуге тосқауыл тұрған еді. Алған ғұсылы оны қасыма алып келді... Оттан қорғанғысы келген біреуге садақасы келіп, отқа қалқан болды... Біреуді забанилер (азаптаушы періштелер) алып, тозаққа алып бара жатқанда жасаған әмри маруфы және нәхий мүнкәрі келіп құтқарды... Біреу тозақ отына тасталған еді. Аллаһтан қорқып төккен көз жастары келіп, ол жерден құтқарды...

Біреуге амал дәптері сол жағынан берілмекші болғанда Аллаһтан қорқуы келіп, дәптерін оң жаққа өткізді... Сауаптары жеңіл болған біреуге өзінен бұрын өлген бала-шағасы келіп, сауабын ауырлатты... Тозақтың шетінде қорққанынан дірілдеп тұрған біреуге Аллаһу та'алаға деген хусни заны (жақсы ойы) келгенде дірілдеуі тоқтады... Сыраттан қиын өткен біреу жәннатқа келді. Бірақ есіктері жабық еді. Калима-и шаһадаты келіп, оны жәннатқа кіргізді...»