Он бір айдың сұлтаны жақындап қалды

Он бір айдың сұлтанына қауышуымызға санаулы күндер қалды. Нәсіп болса, 5 мамыр, жексенбі күні кешке алғашқы тарауих намазын оқып, дәл сол түні алғашқы сәремізді ішеміз. 6 мамыр, дүйсенбіде ораза ұстаймыз, иншаллаһ...

Рамазан айы келгенде сүйікті пайғамбарымыз алейһиссалам былай дейтін еді: «Рамазан келді. Бұл айда жәннат есіктері ашылады, тозақ есіктері жабылады, шайтандар байланады. Бұл айға жетіп, бірақ Раббымыздың мейірімі нөсер жаңбырдай жауып жатқан осы айда кешірімге қауыша алмаған адамға обал болсын. Бұл айда қауыша алмаса, онда қашан қауышады?»

Ораза ғибадаты тек осы үмбетке ғана емес, басқа үмбеттерге де парыз болған еді. Бірақ олардың оразасы басқа күндерде және басқа айларда еді. Ал бізге Рамазан айында парыз болды. Құран кәрім түскен, ішінде мың айдан да құнды Қадір түні бар болған Рамазан айының таңдалуы біз үшін ниғмет үстіне ниғмет болды.

Рамазан айы рухани сауда мезгілі. Өз мезгілінде жасалған сауданың табысы өзгеше, көп пайда түсіреді. Егіннің өнімі өз уақытында жиналмаса, кейінірек жинаудан жақсы нәтиже шықпайды.

Бұл айда бізге көп сүйіншілер бар. Хадис шәрифте былай делінеді: «Рамазан айын ораза ұстап, ғибадаттармен, харамдардан сақтанып, марапатын Раббынан күтіп өткізген мүминнің барлық күнәлары кешіріледі. Анасынан жаңадан туылғандай күнәсіз болады.»

Оразаның басқа ғибадаттардан ерекшелігі – онда көз боямашылық, мақтанушылық, рия болмайды. Ол құлы мен Раббы арасында, ешкімнің хабары да болмайды.

Мысалы, намазымызды оқыған кезімізде біздің қалай намаз оқитынымызды көрсін, бізді мақтасын деп іштей ойлауымыз мүмкін. Зекет берерде де дәл осылай ойлай аламыз. Қажылық онсыз да көпшілікпен бірге жасалатын ғибадат, жасырыла алмайды.

Ораза – жасырын ғибадат, ешкім біле алмайды, одан тек қана Жаратушымыздың хабары болады.

Осы себептен Раббымыз айтады: «Адам баласының бүкіл амалдары өзі үшін, бірақ оразадан басқа. Ораза мен үшін. Адам ішіп-жеуін, нәпсінің қалауларын мен үшін тыяды, мұның марапатын мен беремін.»

Көрсетуден, риядан ұзақ Аллаһ үшін жасалған ғибадаттар өте құнды. Нәпіске ең қиын келетін нәрсе – ықыласпен жасалған ғибадаттар. Өйткені онда нәпістің ешқандай үлесі жоқ.

Әйел әулиелерден Рабия Адуия хазреттері бір дұғасында былай деген: «Ей, Раббым! Сенің разылығыңды ала алған болсам, маған жеткілікті болар еді. Басқалардың разы болуы-болмауы, ұнатуы-ұнатпауы мүлдем маңызды емес. Өйткені топырақтың үстінде не бар болса, бәрі ақыр соңында топыраққа айналады.»

Дұрысы да осы емес пе?