Діндегі он негіз

Сұрақ: Ислам дінінің негіздері қандай?

Жауап: Табараниде өткен бір хадис шәрифте Ислам дінінің мына он негізінің бірі нұқсан болған адамның зиянда екендігі хабарланған:

 

1) Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадун Расулуллаһ деп айту.

Мұсылман болу үшін осы калима-и тәухидті сеніп айту керек. Мұсылман болған адамға ең алдымен «Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадун Расулуллаһ» калимасының мағынасын білу және сену парыз. Бұл «Калима-и тәухид» деп аталады. Қысқаша мағынасы: «Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Мұхаммед алейһиссалам Оның Расулы (елшісі)». Расулуллаһқа сену дегеніміз – Оның жеткізгендерінің бәрін қабыл ету, сену және бәрін ұнату деген сөз.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Амалдардың құндысы – Лә илаһа иллаллаһ деп айту.» (Хаким)

«Лә илаһа иллаллаһты көп айтып имандарыңды жаңартыңдар!» (Табарани)

«Лә илаһа иллаллаһ деген адам бәле-жала мен қиыншылықтардан құтылады.» (Бәззар)

 

2) Намазды үзбей оқу.

Намазды дұрыс оқыған адам Аллаһу та'аланың санауға келмейтіндей көп болған барлық ниғметтеріне шүкір еткен болады. Расында, «Намаз – шүкірдің барлық бөлімдерінің жиынтығы» делінген. Намаз – діннің тірегі, намазды тәрк еткен адам дінін құлатқан болады. Құран кәрімде былай делінеді:

«Иман келтіріп, жақсы амалдар істейтін, намаз оқитын және зекет беретіндердің марапаттары Раббыларының дәргейінде. Оларға қорқыныш пен қайғы жоқ.» (Бақара 277)

 

3) Зекет беру.

Құран кәрімде зекет көп жерде намазбен бірге бұйырылған. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһқа және Расулына сенген адам мал-мүлкінің зекетін берсін!» (Табарани)

«Зекет беру арқылы мұсылмандықтарың кәмілдікке жетеді.» (Бәззар)

«Зекет бермейтін адамды Аллаһу та'ала лағнеттейді.» (Нәсаи)

 

4) Ораза ұстау.

Рамазан айында бір ай ораза ұстау парыз. (Бақара 185)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ораза ұстаған адам – досым, ал ұстамаған – дұшпаным.» (Бәйһақи)

«Рамазан оразасын ұстап қайтыс болған адам жәннатқа кіреді.» (Дәйләми)

 

5) Қажылыққа бару.

Киелі Мекке қаласына барып қайтқанға дейін үйінде қалдырған бала-шағасын асырай алатындай мүліктен артылған ақшамен ол жаққа барып қайта алатын адамның өмірінде бір рет Қағбаны тауаф етуі және Арафатта тұруы парыз. Құран кәрімде былай делінген:

«Жолына шамасы жететіндердің Бәйтуллаһқа қажылыққа баруы – Аллаһтың адамдардың мойындағы ақысы.» (А.Имран 97)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Қажылығы қабыл болған адамның барлық күнәлары кешіріледі.» (Бәйһақи)

«Қажылық жолында жұмсалған ақшаға жеті жүз есе артық сауап беріледі.» (Бәйһақи)

«Қажылық жасау үшін Меккеге бара жатқанда және ол жақтан қайтып келе жатқанда қайтыс болған адамға ахиретте таразы құрылмайды, ол есепке тартылмайды және күнәлары кешіріледі.» (Исфәхани)

 

6) Жиһад ету.

Маңызды ғибадат. Құран кәрімде былай делінген:

«Аллаһ жолында жиһад етіңдер де, құтылыңдар.» (Маида 35)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Адамдардың ең үстемі – мал-жанымен Аллаһ жолында жиһад еткен кісі.» (И.Ахмед)

«Жиһадтың ең құндысы – парыздарды орындау.» (Табарани)

 

7) Әмри маруф.

Жақсылыққа шақыру, жаю деген сөз. Хадис шәрифте былай делінген:

«Мүмкіндігі бола тұра әмри маруф және нәхий мүнкәр жасамаған адам бізден емес.» (Тирмизи)

 

8) Нәхий мүнкәр.

Жамандықтан арылту деген сөз. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Шәһидтен үстем мүжаһид – әмри маруф және нәхий мүнкәр жасаған кісі.» (И.Ғазали)

 

9) Жамағатқа қосылу.

Бірлікте мейірімділік, ал айрылуда Аллаһтың азабы бар. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жамағаттан айрылған адам етбетімен тозаққа түседі.» (Табарани)

 

10) Жақсы амал.

Аллаһу та'алаға ұнайтын амалдар. Оларды істеген мұсылманға сауап беріледі. Аллаһу та'алаға ұнайтын амалдардың ешқайсысын істемейтін адам, әлбетте, үлкен зиянға ұшырайды. Құран кәрімде былай делінген:

«Мені (жақсы амалмен) зікір етіңдер, мен де сендерді (мейіріммен) зікір етейін.» (Бақара 152)

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһу та'ала жақсы амалдан қапы қалғандарды жақсы көрмейді.» (Дәйләми)