Сұрақ: «Әйелдер – сендердің егістіктерің» деген аятпен анал немесе орал жол сияқты қатынастарға рұқсат берілген деп айтып жүргендер көбейіп келеді. Бұларға дінімізде тыйым салынған емес пе?
Жауап: Ол аяти кариманың мағынасы мынадай:
«Әйелдер сендердің (бала жетілдіретін егін егу) егістіктерің. Олай болса, (бала жетілдіру үшін ұрық егетін егістіктеріңе, яғни ұрықтану төсегіне) қалағандарыңдай (өздерің қалаған түрде, күндіз-түні) келіңдер. Өздерің үшін алдынан жақсы амалдар жіберіңдер (қайырлы перзенттер жетілдіріңдер). Сондай-ақ, Аллаһтан қорқыңдар және әлбетте Аллаһтың алдына шығатындарыңды біліңдер. Иман келтіргендерге (жәннатты) сүйіншіле!» (Бақара 223)
Бұл аятта бала жетілдіру туралы айтылған. Одан бұрынғы аятта әйелдеріңе рұқсат етілген жолдан жақындаңдар делінген. Сол аятта да егістік делінген. Егістік – өнім өсіретін, жетілдіретін жер деген сөз. Егістікке ұрық егілетін жер белгілі. Басқа жерден ұрық егілсе, өнім шықпайды. Бұл аяттың түсу себебі тәфсирлерде былай түсіндірілген:
Яһудилердің «Әйелдің артынан алдыңғы мүшесіне жақындаса, бала қыли болады» деп айтуына орай Аллаһу та'ала ондай нәрсе болмайтынын, алдыңғы мүшеге жақындау шартымен кезкелген түрде қосылуға болатынын айтқан.
Бұл аяттың анал немесе орал қатынасқа еш қатысы жоқ. Сондай-ақ, артынан қосылу үлкен күнә. Пайғамбарымыз «Әйеліне артқы мүшесінен жақындаған адам – малғұн» деген.
Әйеліне артқы жолдан жақындаған адам мен еркекпен қосылған адам үкім тұрғысынан бірдей. Өйткені ластық шығатын жердегі лас және жиіркенішті нәрселер етеккір қанынан көбірек. Етеккір кезінде қан нәжісі бар болғандықтан халал жолдын өзі харам болуда. Осы тұрғыдан ластық жолы болған артқы мүше одан да жаман. (Қуртуби тәфсирі)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024