Адамзаттың орны қайда?

Сұрақ: Барлық жаратылыстардың ішінде адамзаттың орны қай жерде?

Жауап: Адамдардың дәрежелері барлық жаратылыстың дәл ортасында. Ислам дінін ұстанғандардың дәрежесі көтеріліп, періштелерден үстем болады. Ал нәпістеріне және жаман достарына еріп, Ислам дінінен алыстағандардың дәрежесі төмендейді.

Адам рухы жағынан періштелерге, денесінің құрылымы жағынан жануарларға ұқсайды. Рух жағын күшейткен адам періштелерден де үстем болады. Өйткені дене адамды періштеліктен алыстатып, жануарларға жақындатып тұрғанда ол төмендеуге қарсы тұрып, дәрежесін көтерген. Періштеде жануарға жақындататын денесі жоқ. Жақсылықтары періштелікпен бірге жаратылған.

Кімде-кім денесін қолдап, нәпсін күшейтетін болса, жануарлардан төмен болады. Аллаһу та'ала «Тіпті олар жануарлардан да төмен» деп сондай адамдардың жаман екенін көрсеткен. (Араф 179, Фурқан 44)

Өйткені жануарларда ақыл жоқ. Періштелерге ұқсайтын рухтары да жоқ. Олардың шәһуаттарына (құмарлықтарына) еруі күнә болмайды. Адамдарға ақыл нұры берілгендіктен, нәпістеріне еруі, дұрыс жолдан адасуы өте жаман болады. Адамдардың, жануарлардың өмір сүруге бәрінен де қажет болғаны – ауа. Ауасыз бірнеше минуттан артық шыдай алмайды, бірден өледі. Ауа іздеп табумен, қиыншылықпен қолжеткізілетін нәрсе болғанда, ешкім оны іздейтіндей уақыт та өмір сүре алмас еді. Осыншалықты жедел қажет болған өте маңызды затты Аллаһу та'ала барлық жерге жайылған, жаратылыстардың өкпесіне дейін өздігінен оңай кіретіндей түрде жаратқан. Өмір сүруге су мұншалықты маңызды емес. Адамдар мен жануарлар суды іздеп табатындай уақыт өмір сүре алады.

Сондықтан суды іздеп табу қажеттілігі бар. Жануарларда ақыл болмағандықтан және бір-біріне көмектеспегендіктен, азықтарын табуда өзара жәрдемдеспегендіктен, олар азықтары мен киімдерін дайындай алмайды. Осы себептен азықтарын пісіруі, даярлауы қажет емес. Шөп пен өлексе жейді. Терісіндегі жүнімен жылынады. Қорғану құралдары денелерінде жаратылған. Олар бір-біріне мұқтаж емес.

Ал адамдар осылардың бәрін даярлауға, ойластыруға мәжбүр. Егін егіп, өнім жинап, нан жасамағанша қарнын тойдыра алмайды. Жіп иіріп, киім тігіп, тоқымамен айналыспағанша киіне алмайды. Қорғану үшін ақылдарын, зеректігін қолдануы, жаратылыстану ғылымын үйреніп, өнеркәсіп құруы қажет.

Әр жануарда бар болған үстемдіктің бір-бір түрінен адамда жинақталған. Адамның бойында жаратылған осы үстемдіктерді шығаруы үшін ақылын қолдануы, ой-өрісін дамытуы, еңбектенуі қажет. Бақыт пен пәлекет есіктерінің кілті адамның қолына берілген. Жоғарылауы немесе төмендеуі күш жұмсауына және еңбектенуіне байланыстырылған. Ақылын, ой-өрісін пайдаланып, бақыт жолын көріп, сол жолда жүруге тырысса, бойында жаратылған ізгіліктерге, құндылықтарға қолжеткізіп, дәрежесі көтеріледі де, періштелерге жетеді. Аллаһу та'аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауышады. Ал егер нәпістің зиянды қалауларына еріп, жаратылғанындай жануарлық дәрежесінде қалса, керісінше төмендеп, түбіне түседі. Пәлекеттен пәлекетке, тозаққа дейін жетеді.