Барлық жанды азыққа мұқтаж. Ішіп-жемей өмір сүру мүмкін емес. Бірақ аузымызға кірген әр азыққа мұқият болуымыз керек. Халал азық іздеу, өзінің және асырауға міндетті болғандарының ризықтарын табу – ғибадат. Хадис шәрифте: «Халал напақа іздеу әр мұсылманға парыз» делінген. Ал басқа хадис шәрифте: «Сондай күнәлар бар, оларды тек бала-шағаның ризығын халалдан табуда көрген қиыншылықтар ғана кешіргізеді» делінген.
Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Жұмыс істеңдер, ешкімге мұқтаж болмай өмір сүріңдер. Жұмыс істемей отырып алып "Йа, Раббым, маған ризық бер" деп ешкім дұға етпесін! Өздерің де білесіңдер, аспаннан алтын да, күміс те жаумайды...»
Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен бірге отырғанында бір жас жігітті көріп қалады, ол таңертең ерте уақытта жылдам жүріспен базарға кетіп бара жатқан еді. Сонда кейбірлері «Бұл жас жігіт жастық шағын, бар күшін Аллаһ үшін жұмсағанда жақсырақ болмас па еді?» десті. Мұны естіген пайғамбарымыз алейһиссалам: «Олай айтпаңдар, оның бұл талпынысының өзі ғибадат және Аллаһ үшін саналады» деді.
Хазреті Омар бір адамды әрдайым мешітте көреді, бұл оның назарын тартып, қасына барып сұрайды: «Сенің күнкөрісіңді кім қамтамасыз етеді, қажеттіліктеріңді қайдан аласың?» Бұл сұраққа әлгі адам: «Біз екі ағайындымыз, мен мешітте ғибадат жасаймын, ал бауырым жұмыс істеп ақша табады, бір үйде тұрамыз» деп жауаптайды. Сонда хазреті Омар оған «Онда бауырыңның тапқан сауабы сеніңкінен көбірек екен» дейді.
Бір адам Суфиян Сәури хазреттерінен: «Жамағатпен намаз оқығанда қай сапта тұрудың сауабы көбірек?» деп сұраған екен. Сонда ғалым «Сен жеген азығыңа мұқият бол, міндетті түрде халал болсын, одан кейін қай сапта тұрсаң да бәрібір» деп жауап беріпті.
Хадис шәрифте былай делінген: «Табысы харам болған адам оны садақа қылып берсе, садақасы қабыл болмайды. Егер өзіне алса, бұл оның тозақ азығы болады.»
Ибраһим бин Әдхам хазреттері айтқан: «Кәмілдікке жеткендер (әулие болғандар) жеген азықтарын мұқият бақылау арқылы кәмілдікке жеткен.»
Халал азық таба алу, әсіресе қазіргі заманда, өте қиын екенін мойындау керек. Хадис шәрифте де бұған ишара бар: «Үмбетіме сондай заман келеді, үш нәрсе өте сирек кездеседі, сәйкесінше өте құнды болады, олар: халал ақша, Аллаһ үшін сені жақсы көретін дос және бидғаттардан ұзақ сенім мен ғибадат.»
Аса мұқият болуымыз керек болған ең маңызды нәрсе – аузымызға кірген әрбір азықты, қалтамызға түскен әрбір тиынды бақылау. Харам және күмәнді болғандарынан сақтану. Осылай өмір сүретін болсақ, дүниеде де, ахиретте де бақытты боламыз...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024