Сен ұмыттың бірақ ұмытылмадың

Адамдар Аллаһу та’аланың әмір және тыйымдарына мойынсұнбағандықтан және ислам дінінің бақыт жолынан ажырағандары үшін дүниеде береке қалмады. Ризықтар азайды. Таха сүресінің 124-ші аятында «Мені ұмытсаңдар ризықтарыңды азайтамын.» деп бұйырылады.

 

Сондықтан иман ризығы, денсаулық ризығы, азық ризығы, адамгершілік және мейірімділік ризығы және басқа да көптеген ризықтар азайып кетті. Нахыл сүресінің 33-ші аятында «Аллаһу та’ала құлдарына зұлым етпейді. Оларды азапқа апаратын өздерінің жаман істері. Осылайша олар өз-өздеріне зұлым етеді.» делінген. Бүгінгі қараңғы басқан кезеңде, Аллаһу та’аланы, пайғамбарды, исламды ұмытудың берекесіздіктерін кешкен заманда, әйелі де, еркегі де жұмыс істеп, бір жанұяның нафақасын, күнкөріс жағдайын қамтамасыз ете алмайтындай халге келді. Аллаһу та’алаға сенбейінше, Оның білдірген ислам дініне мойынсұнбайынша, Оның пайғамбарының көркем мінезімен безенбейінше адасушылықпен пәлекет дауылын тоқтату мүмкін болмайды. 

 

Ислам ғалымдарының ұлыларынан Хазреті Ахмет Ғазали былай деген: «Ей адамзат! Аллаһу та’ала барлық нәрсені сен үшін жаратты. Ал сені өзі үшін жаратты. Жер сенің мекенің. Періштелер сенің қорғаушың. Күн саған жарық беруші. Бәрі сен үшін жаратылған. Сен болсаң Аллаһу та’аланың сен үшін жаратқан махлұқтарымен әуре болдың, ниғметтердің иесін ұмыттың. Саған келген сияпаттармен мейірімділіктерден пайдаландың, бірақ оларды саған берушіні есіңе алмадың. Осылайша ниғметтердің шүкірін орындамадың. Саған берген ихсан және мейірімдеріне құрмет етпедің. Ал негізі сен тек қана Аллаһу та’аланы бір деп біліп, оған құлшылық ету үшін жаратылған едің.»

 

Табииннің үстемдерінен Хазреті Хасан Басри хазреті Омар бин Абдулазизге жазған хатында оған және бізге қарата былай деген: «Еш шүбһәсіз бұл дүние өткінші. Мәңгі қалатын жер емес. Дүниедегі шынайы байлыққа оған байланбау, берілмеу арқылы қол жеткізіледі. Жер үстінде жүргендер бір-бірден өлім құшуда. Дүниені үстем тұтқандар қорлыққа, оны жинағандар кедейлікке душар болуда. Дүние у секілді. Білмейтіндер оны жейді, ал ол оны опат қылады, өлтіреді. Дүниеде жараланып жарасының емімен айналысқан адамдай бол. Мұқият бол, оған алданба, оған байланба! Дүние – сәнделіп алған келіншекке ұқсайды. Көздер оған тамсана қарап, жүректер оған қайран, нәпсілер оған ғашық, ал ол болса өзіне ғашықтарды құрдымға итермелейді. Тірі жүргендер өлгендерден ғибрат алмауда. Дүниеге берілген адам мұратына, мақсатына қауыша алмайды. Бір күн болса да көңілі рахат таппайды, жеңіл тыныс ала алмайды. Әрбір күн жаңа бір қам, жаңа бір қасірет деп жүргенде дүниеге белшесінен батып, байланып өмірі де таусылып, ажалы жетеді. Соңында ақырет сапарына азықсыз аттануына тура келеді. Міне осындай жағдайға түсуден сақтан!»

 

Адамды айналдыра қоршаған төрт дұшпаны бар. Оңында шайтан, солында нәпсі, артында жаман дос, ал алдында дүние. Дүние бұл дұшпандардың жетекшісі.

 

Бәріміз де ақырет жолаушысымыз, мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Әрбір адам жолға шығарда жолда, барған жерінде өзіне керек болатын заттарын алады, артығын алмайды. Жолға қажет болмайтын нәрсені алу ақымақтық болады. Сол секілді дүниеден де ақыретке керектілер алынады. Ең ақылды адам өлімге дайындалған адам. Ең ақымақ адам дүниеге табынатын адам. Онсыз да ақымақтар болмағанда дүние қараусыз қалатын еді.

 

Адам бір жерге бару үшін бір жерден көлікке мініп, басқа жерден түседі. Дүние де осыған ұқсайды. Бірақ мінетін көлікті дұрыс таңдау керек. Өйткені соңғы аялдама жаннат немесе жаһаннам болады. Қате көлікке мінген адам өзі қалаған жерге емес, көліктің баратын жеріне барады. Мәселен Парижге ұшатын ұшаққа мінген адам Қағбаға бара алмайды.

 

Шайтан алыстатушы деген сөз. Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігінен, мейірімінен ұзақтататын нәрсе. Үш түрлі шайтан бар. Бірінші шайтан Ібіліс және оның балалары. Ібіліс «Аллаһ рахымды, мейірімді, кешіреді» деп күнә істеуге уәсуәса береді. Адам оны тыңдамаса шайтан кетеді. Бұл шайтанның қулықтары әлсіз. Екінші шайтан нәпсі. Бұл одан да күшті. Шайтан секілді кетіп қоймайды. Өте қырсық, айтқанынан қайтпайтын жаратылыс, қайта қайта қулығына түскенге дейін тырмысады. Ал үшіншісі одан асқан қауіпті. Бұл жаман дос. Дүниеде опасыздыққа, ал ақыретте жаһаннамға түсіреді. Адамның иманын ұрлаудағы шеберлігі соншалықты иманын жоғалтқан адамның өзінің де бұдан хабары болмайды. Әһли сүннетке қайшы болған әдебиеттер де жаман дос болып табылады. Адамдар дұшпанын сырттан іздейді, ал негізінде дұшпан өз ішімізде. Бұл дұшпан өз нәпсіміз.

 

Ғибадаттардың пайдасы Аллаһу та’алаға емес, әркімнің өзіне. Айлыққа жұмыс істейтін дәрігер бір науқасқа дәрі берсе, ол адамның «мен ішкен дәрінің дәрігерге пайдасы жоқ» деп дәріні қабылдамауы ақылға сай емес. Немесе «мен у ішсем дәрігерге қандай зияны бар» деп у ішуі де ақымақтық. Міне сол сияқты «күнәлардың Аллаһқа зияны жоқ» деп әр түрлі күнә жасау ақылды адамның ісі емес. Өлгеннен кейін басына келетіндерді ойланбаған адамның ақылды болуы мүмкін бе? Құран кәрімде жиі жиі «Сендер еш ойланбайсыңдар ма?» деп ескерту жасалған. 

 

Дін ғұламаларынан бір кісі ғафлеттен (қараңғылықтан) өзін тыйа алмаған шәкіртіне насихат ретінде: «Балам, абай бол! Айналаңда адамның көп болуы, қалаған нәрселерін істеулері, жаратқаннан хабарсыз ғафлетте өмір сүрулері сені де ғафлетке түсірмесін (саған да Аллаһты ұмыттырмасын). Өйткені сен жалғыз өлесің, жалғыз күйде қабірге кіресің, жалғыз күйде есеп бересің. Сен дінді, иманды, Аллаһтың әмірімен тыйымдарын ұмыттың. Сен ұмыттың бірақ ұмытылмадың» деп бұйырады.

 

Йа Рабби! Ұмытқан және қателескен нәрселеріміз үшін біздерді есепке тартпа!