Сұрақ: Ысырап тек ішіп-жеуде ғана болады ма, әлде басқа нәрселерде де ысырап болуы мүмкін бе?
Жауап: Затты өз құнынан төмен бағаға сатып немесе жалға беріп, яки құнынан жоғары бағаға сатып алып немесе жалға алып алдану ысырап болады. Алданып сауда жасауға зәру қажеттілік бар болса немесе көмектесу, садақа беру сияқты ниетпен осылай істесе ысырап болмайды. (Мысалы, қиналып жүрген кедейге көмектесу ниетімен оның арзан затын қымбатқа сатып алу ысырапқа жатпайды, садақа болады.) Мәйіттің кебінін мөлшері мен матасы тұрғысынан Ислам дінінде көрсетілгенінен артық жасау ысырап болады. Абдуллаһ ибн Омар хазреттері былай жеткізген:
«Сад бин Әби Уаққас хазреттері дәрет алып жатқанда Расулуллаһ алейһиссалам оны көріп қалды.
- Ей, Сад! Суды неге ысырап қылып жатырсың? – деп сұрады.
- Дәрет алғанда да ысырып болады ма? – деп сұрағанында, пайғамбарымыз:
- Үлкен өзеннің жағасында болса да, дәретте қажетінен артық су қолдану ысырап болады, - деп жауаптады.»
Қарын ашпай тұрып бір күнде екінші рет тамақтану да ысырапқа жатады. Ахмед Әбу Бәкір Бәйһақи хазреттері кітабында жазған:
«Хазреті Айша анамыз айтып берген. Бір күнде екінші рет тамақ жеп отырған едім. Расулуллаһ алейһиссалам көргенде:
- Ей, Айша! Тек қана қарныңды тойдыру саған бәрінен де жағымды келеді ме? Күніне екі рет тамақтану да ысыраптан. Аллаһу та'ала ысырап етушілерді жақсы көрмейді! – деді.»
Хадими марқұм бұл мәселені былай түсіндірген:
«Расулуллаһ алейһиссалам хазреті Айша анамыздың екінші тамағын қарны ашпай тұрып жегенін түсініп солай айтқан. Әйтпесе, кафараттарда кедейлерді күніне екі рет тамақтандыру керектігі мәлім.»
Дастарханға қажетінен артық нан қойып, кейін бұларды қайтадан жеу үшін алмай қалдырып қою – ысырап. Яғни желінбеген нан үзінділерін тастау және рия, жұртқа көрсету, атын шығару үшін көп нан (немесе түрлі тағамдар) қою ысырап болады.
Дәмді тағамдар жеу, қымбат, жаңа киім кию, биік, үлкен ғимараттар соғу және дін иесі харам қылмаған осы сияқты басқа да нәрселер халалдан табылған, тәкәппарлық пен мақтану үшін болмаған кезде ысырап болмайды. Қажетіне артық болса, тәнзиһән мәкрух болады. Ахиретті көздегендерге өзіне қажет болғанымен ғана қанағат етіп, артығын садақа қылып беру жарасады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024