Хазреті Шахи Нақшибәндтің бір шәкірті ұстазынан нәпсінің жамандықтарын естіп, бір күні таудың шетіне бір таса жерге келіп, «сенің жамандықтарың үшін» деп басын әр жерге соққылап, өзін ұра бастайды. Ол жерге бір салих кісі келіп «Не істеп жатсың балам?» дегенінде, өз нәпсін жазалау мақсатымен өзін қинап жатқанын айтады. Сонда ол кісі «Балам нәпсің саған емес, Аллаһқа дұшпан, пайғамбарға дұшпан, дінге дұшпан! Сен егер нәпсіңе дұшпандық етпек болсаң, оның жолы бар. Нәпсің сені қай жағынан алдап жатса, сен оны сол жағынан ұр. Сен алдымен дұшпаның қай жерден шабуылдайтынын біл, кейін оның алдын алып шарасын қамдан! Оның дұшпандығынан сақтану үшін дініңді үйрен! Сен өзіңді ұру арқылы оны одан сайын күлдіріп, қуантып жатсың.» дейді. Кейін «Менің мына айтқандарымды Аллаһ разылығы үшін істейтін болсаң сонда нәпсің тәрбиеге келеді.
1) Иман келтіресің, әһли сүннет ақидасында боласың!
2) Ілім үйренесің, осылайша нәпсіңнің шабуылынан қорғанасың және адамдарға дінін үйретесің!
3) Харамдардан сақтанасың!
4) Парыздарды орындайсың!
5) Ақыл сұрамай, кеңеспей тұрып еш нәрсе істемейсің! Өйткені нәпсті ең қатты әлсірететін нәрсе біреуден ақыл сұрау. Себебі нәпсі үнемі “мен білемін” дейді.» деп сөзін аяқтайды. Шәкірт «жарайды ата» деп басын көтеріп қарағанында әлгі салих кісі орнында жоқ болады. Ол мүбәрәк кісі Қыдыр ата екен. Шәкірт медресеге қайтып келгенінде хазреті Шахи Нақшибәнд күлімдеп одан не болғанын сұрайды. Шәкірт болғандарды айтқанында «Қыдыр алейһиссалам бізді өте жақсы көргеніндей шәкірттерімізді де жақсы көреді. Саған келіп ақиқатты білдіріпті.» деп кейін былай дейді:
- Бесіншісінде саған не деген еді?
- Сұрамай тұрып еш нәрсе істеме деді.
- Ал сен өзіңді ұрғылаудан бұрын келіп менен сұрадың ба?
- Жоқ.
- Олай болса бұдан былай сұрамай, кеңеспей тұрып еш нәрсе істемеймін деп маған уәде бер...
Хақ та’ала «Ей хабибім бір шешім қабылдаудан бұрын кеңес, ақыл сұра және сұрағаннан кейін шешіміңнен қайтпа» деп бұйырған. Хазреті имам Әбу Юсуф былай деген: «Өз ақылымен әрекет еткен адам өкінеді. Ұлылардың жолында “Ұстазыма қауыштым ақылымды тастадым.” деген сөз бар. Сұрамаған жағдайда міндетті түрде өкінеміз. Өз ақылымен әрекет еткен адам осы дүниеде немесе ақыретте міндетті түрде зиянын көреді. Әулиелердің сөзі бос емес.»
Хазреті Омар бин Абдулазиз құптан намазынан шығып үйіне барар жолда әндетіп, теңселіп келе жатқан бір масты көреді. «Менің халифалығымда алдыма мастың шығып тұрғаны несі» деп дереу тәртіп сақшыларына «ұстаңдар оны» деп хабар береді. Сақшылар оны ұстап кісендеп әкетіп бара жатқанда «Аллаһ және Мұхаммедтің құрметіне мені халифаның алдына алып барыңдар, оған айтар бір ауыз сөзім бар» дей береді. Адамдары халифаға келіп «Тақсыр әлгі мас айтатын сөзім бар деп қоймай жатыр, не істейік?» дейді. Халифа: «келсін айтсын» дейді. Мас халифаның алдына келіп жақындайды да кенеттен жүзіне түкіріп жібереді. Бәрі “болды мұның шаруасы бітті, енді құтылмайды” деп ойлайды. Бірақ халифа «кешірдім, босатыңдар» дейді. Сонда айналасындағылар «Тақсыр бұған екі есе жаза берудің орнына неге кешірдіңіз?» дейді. Хазреті Омар бин Абдулазиз былай деп жауап береді: «Ертең ақыретте амалдар Аллаһу та’аланың алдына екі түрде ұсынылады. Аллаһ үшін болғандар және нәпсі үшін болғандар. Менің ол масқа бермек болған жазам Аллаһ үшін еді. Бірақ түкірген кезінде нәпсім де араласып өш алуға тырысты. Егер өзімді ұстамағанымда нәпсім үшін жаза берген болар едім, ал мұның есебін мен ақыретте бере алмаймын. Адамдар не істесе де бәрінің есебін түк қалдырмай береді. Олардың тек қана Аллаһ үшін жасағандары құтылады. Неге енді мен бір мастың кесірінен Раббымның алдында қиындыққа түсейін.»
Аллаһты танып Ариф болғандар тек Аллаһ туралы айтып, адамдарды бақытқа қауыштыру үшін тырысады. Ондай Арифтердің басқалардан айырмашылығы – олар бір адамның көңіліне назар салғанда оның салих па, әлде фасық па екендігін сол сәтте-ақ аңғарады. Бұларды әһли марифат дейді (марифат иелері). Ал әһли керемет (керемет, ғажайып қасиет иелері) болса Аллаһтан гөрі махлұқтарды көбірек танығаны үшін сөздері де, істері де махлұқтарға, адамдарға таратылған болады. Яғни олар дүниелік нәрселермен айналысады, жоғалған нәрселерді, болашақтағы және өткен шақтағы нәрселерді білуге, ашуға күш салады. Олар махлұқтарға тән құпияларды білумен айналысады. Ал әһли марифат болған Арифтер мұндай өткіншіл нәрселерді мүлдем ойларына да алмайды. Сол себепті адамдар ғұламалар арасынан жаннатқа және Аллаһу та’аланың ризалығына алып баратын сырларды үйрететін марифат иелеріне мән бермейді. Керісінше махлұқтардың, адамдардың сырларын біліп қойып айтатын ғажайып қасиет иелеріне көбірек ден қояды, солардың артынан ереді. Ондайлардың Аллаһу та’аламен болған байланыстары онша жақсы болмағандықтан ақыреттегі жағдайлары да екі талай. Марифат иелері дүниеге және дүниенің ішіндегі таңғажайып нәрселерге, атаққа абыройға, байлыққа мүлдем мән бермейтіндері үшін үнемі азшылықта болады. Таң-ғажайып нәрселер көрсететін кісінің айналасы адамға толы болады, жұрттар оларды ұлы кісілер деп ойлайды. Марифат иелерінің айналасында әрдайым аз адам болады, олардың қадірін білетіндер де аз болады...
Хазреті Шахи Нақшибәнд: «Нағыз керемет - әһли сүннет жолымен жүру болып табылады.» деп айтқан. Олай болса, исламнан, тақуалықтан нәпсті тәрбиелеуден, зікірден көзделінетін мақсат махлұқтардың сырларын білу емес, шынайы мұсылман болуды білу деген сөз. Шынайы мұсылман болу үшін өз басынша амал жасағандар дүниеде де қияметте де өкінеді. Мұсылмандар басы бос жаратылған емес. Шынайы ғұламалардың кітаптарын оқып, олардың насихаттарына құлақ салмағанша пайғамбардың жолын ұстану мүмкін емес. Пайғамбардың айтқаны бойынша жүрмегендер де Аллаһқа бағынбаған болады.
Ғұламалардың бұлағына арық болған адам шынайы мұсылман болып табылады. Ал егер өзі бұлақ болуға тырысса, ол бұлақтан лас аралас су ағатын болады. Ғұламалрдың бұлағына арық болғандар таза болады, ол суда лас болмайды, микроп болмайды. Бұл арықтың суының азайып көбеюі қолменен басқарылмайды. Ғұламаларға болған құрметі, махаббаты қаншалықты көп болса бұл арықтан су соншалықты көп ағады. Яғни судың ағуы күрек себебімен емес, құрмет себебімен болмақ.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024