Әйел, еркек және ақыл

Сұрақ: Әйелдің еркекке қарағанда ақылдырақ екенін, осы тұрғыдан әйелге көбірек құқық беру керектігін айтып жүргендер бар. Барлық әйел барлық еркектен ақылды ма?

Жауап: Әуелі ақылдың не екенін білу керек. Аллаһу та'ала ақылды хақты қатеден, жақсыны жаманнан, пайдалыны зияннан ажырату үшін жаратқан. Қай нәрсенің хақ, қай нәрсенің қате, қайсысы жақсы, қайсысы жаман екені тек қана бүкіл жаратылысты жоқтан бар қылған Аллаһу та'аланың көрсетуімен аңғарылады. Адамдардың жақсы немесе жаман деуімен бір нәрсе жақсы немесе жаман болып қалмайды. Өйткені біреудің ойынша жақсы болған нәрсе басқа адамның ойынша жаман. Мысалы, үйленудегі неке қию мұсылмандардың ойынша қажетті, жақсы амал, ал кейбір дінсіздердің ойынша бос тірлік. Осы себептен дініміз ақылды адамды қалай сипаттаса, соған қарай шешім қабылдау керек. Ақыл туралы хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ақылды адам – Аллаһқа және пайғамбарға сенеді және ғибадаттарын орындайды.» (Ибн Мухбәр)

«Ең ақылды адам – Аллаһу та'аладан қатты қорқатын, Оның әмірлері мен тыйымдарына ең жақсы түрде бағынған кісі.» (Ибн Мухбәр)

«Ақылды адам – нәпсін есепке тартатын және өлімнен кейін болатындарға дайындалып амал ететін кісі.» (Тирмизи)

«Адамдар тарақтың тістері сияқты тең (бірдей). Үстемдіктері ғибадат ерекшелігі арқылы шығады.» (Ибн Лал)

«Адамдардың жасаған қайырымдылықтарының марапаты ақылдарының мөлшеріне қарай беріледі.» (Әбушшайх)

«Барлық нәрсенің тірегі бар. Ал мүминнің тірегі ақыл. Адам ақылының шамасында ғибадат етеді.» (И.Ғазали)

«Аллаһ алдында ең қадірлілерің – ақыл тұрғысынан ең үстем болғандарың.» (И.Ғазали)

Ақыл тұрғысынан ең үстем болған адам – діннің әмірлері мен тыйымдарын ұстанатын кісі. Адамның ғибадаты ақылының шамасында болатындығы – сенімі мен амалы ең дұрыс болған кісі басқасына қарағанда ақылдырақ деген сөз. Еркектерден және әйелдерден жәннаттық болғандар бар болуымен қатар, тозақтық болғандары да бар. Олай болса, әйелдің еркектен немесе еркектің әйелден ақылдырақ екендігін мәлімдеуге болмайды.

Айқындап кету керек болған тағы бір жайт – ақыл мен зеректік бір емес. Екеуін бір-бірімен шатастырмау керек. Бір кәпір мұсылманнан зерек болуы мүмкін, бірақ ақылды бола алмайды.

Аллаһу та'ала әйел мен еркектің дене құрылысын өзгеше етіп жаратқан. Танк пен такси көлігін салыстыруға болмайды. Екеуінің міндеті екі түрлі. Әркім өз міндетін біліп, соған қарай әрекет етсе, ретсіздіктің алды алынған болады. Әйел мен еркек арасында айырмашылық болуымен қатар, еркек пен еркек, әйел мен әйел арасында да айырмашылық бар. Бәрі бірдей қабілетте емес. Адамдар робот сияқты жаратылмаған.

Әйел мен еркектің теңдігін жариялап, әйелдер істей алмайтын жұмыстарды оларға тапсыру, мысалы зауытта ауыр жұмыстар істеткізу әйел құқықтарын құрметтеуге жатпайды. Әйелдерді әскерге алмау да оны қорлауға жатпайды. Әйелге жаратылысына, ақылына, ой-өрісіне, сезімі мен қабілетіне сай жұмыстар беру керек.

Қазіргі таңда әйелдердің құқықтарын қорғап жүргендей болып көрінгендер сөздерінде шыншыл емес. Егер шынымен де әйел құқығын қорғаса, алдымен әйелді пайдалану құралына айналдырған, сауда тауарларын жарнамалауда қолданып жатқан идеологияға қарсы шығар еді. Алайда әйелдің осы жолда құрметі мен қадірі тапталып, кәдімгі тауар күйіне айналдырылуда. Осы қайғылы жағдайға қарсы шықпағандардың әйел құқығы мәселесінде ауыз көпіртіп сөйлеуі күлкілі.