Өлмей тұрып өлу

Расулуллаһ алейһиссалам «Муту қаблә ән тәмуту, яғни өлмей тұрып өліңдер» деп бұйырған. Аяти кәрималарды пайғамбарымыз ашып түсіндіргеніндей, пайғамбарымыздың сөздерін де мүжтаһид болған ислам ғұламалары ашып түсіндірген. Бұл хадис шәрифті ислам ғалымдары былай деп ашықтаған:

«Дүниеде сеніп, иман келтірген нәрселердің бәрі өлгеннен кейін көрінеді. Адам өліп ақиқаттарды көргенінде қандай жағдайда болатын болса, тірі кезінде қандай амалдар жасаған болып өтуін қалайтын болса, қазірден бастап соларды жасауы, өлмей тұрып өлуі дегенді білдіреді».

Амалдардың, ғибадаттардың қадірі иманның дәрежесімен өлшенеді. Ғибадаттардың нұрлылығы ықыластың мөлшерімен өлшенеді. Иман неғұрлым кәміл, жетік болса ықылас та соғұрлым көп болады. Амалдар да соншалықты дәрежеде нұрлы және қабыл болады. Иманның кәміл болуы және ықыластың толық болуы марифатқа, яғни Аллаһу та’аланы тануға байланысты. Ал марифатпен шынайы иман, өлмей тұрып өлуге байланысты. Бұл хал кімде көп болса оның иманы соншалықты кәміл, жетік болады. Сондықтан хазреті Әбу Бәкірдің иманы бүкіл мұсылмандардың имандарынан үстем болды. Пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкір туралы «Жер бетінен кім тірі өліні көргісі келсе Әбу Кухафәның баласына қарасын!» деп бұйырған.

Өлмей тұрып өлген адам ешкіммен таласып-тартыспайды, өтірік айтпайды, ғайбат етпейді, ешкімді ренжітпейді, ешкімнің малына, мүлкіне, мансабына көз тікпейді. Ақыретте беретін есебін, ол күні қандай халде болатынын ойлайды және дүниеде жүріп өз есебін көреді. Онсыз да пайғамбарымыз «Өлмей тұрып өліңдер. Есепке тартылмай тұрып өздеріңді есепке тартыңдар!» деп бұйырған.

Өлгеннен кейін болатын нәрселерді ойлайтын адамнан және ол күні қор болмау үшін өзін исламға сай ұстаған адамнан ешкім шағымданбайды. Бұл адам да ешкімнен шағымданбайды. Ешкімнен шағым келмейді, ешкімге де шағым түсірмейді. Өйткені өліден ешкімге зиян келмейді.. Пайғамбарымыз «Өлімді көп еске алыңдар. Өлімді еске алу адамды күнә істеуден қорғайды және ақыретте зиянды болған нәрселерден сақтануға себеп болады» деп бұйырған.

Хазреті Имам Раббани былай деген:

«Тозақтан құтылғысы келетін адам халалдар мен харамдарды жақсы үйренуі керек, ризығын халал жолмен тауып, харамдардан қашуы керек. Діннің иесінің тыйым салған нәрселерінен сақтануы керек. Исламның шектеулерінен сыртқа шықпауы керек. Ғафлет (қараңғылық) ұйқысы қашанға дейін созылмақ, құлақтағы мақта қашан алынбақ? Ажал құшқанда адам оянады, көздері, құлақтары ашылады. Бірақ ол кездегі өкіну, «аһ ұрудың» пайдасы болмайды. Қорлықтан басқа қолға түсер нәрсе болмайды. Бәрімізге өлім жақындап келеді. Ақыреттің сан-түрлі азаптары адамдарды күтуде. Адамның өлгені оның қияметінің келгенін білдіреді. Өлім оятпай тұрып, қапы қалмай тұрып оянайық! Аллаһу та’аланың әмірлерін және тыйымдарын үйреніп, бірнеше күндік болған өмірімізді бұларға сай өткізейік. Өзімізді ақыреттің азаптарынан құтқарайық! Тахрим сүресінің 6-шы аятында: «Ей иман келтіргендер, өздеріңді және бала-шағаларыңды оттан қорғаңдар, ол оттың отыны адамдармен тастар» делінеді».

Иманды, ақылды болған және балиғат жасына толған еркекпен әйелдерге мүкәлләф делінеді. Мүкәлләф адамдардың өлімді еске алуы сүннет болып табылады. Өйткені өлімді көп еске алу, Аллаһу та’аланың әмірлерін мықтап ұстануға және тыйымдарынан сақтануға себеп болады. Харам істеуге деген батылдықты азайтады. Пайғамбарымыз былай бұйырған: «Ләззаттарды, ойын-сауықты тоқтататын өлімді көп еске алыңдар!»

Бұл дүние адамның қонақ үйі. О дүниемен салыстырғанда зындан тәрізді. Дүние фәни, өткіншіл көрініс. Көлеңкеге ұқсап ақырын ақырын тартылып жоғалады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Адамдар ұйқыда, өлгенде оянады!»

Дүние өмірі түс секілді. Өлім оятқанда түс бітеді, шынайы өмір басталады. Мұсылманның өлімі – өмір. Және де шексіз өмір!

Бір кісіге:

- Сен өлесің, - деген екен.

- Өлгенде қайда барамын, - деп сұрағанында:

- Аллаһу та’алаға, - делінеді. Сонда әлгі кісі былай дейді:

- Олай болса жақсылықтар тек өзінен келетін Раббыма қауыштыратын өлімнен қорқынышым қалмады.

Адамның айналысып жатқан жұмысы негізгі мақсатын ұмыттырмауы керек. Негізгі мақсатымыз бай болу, шен, атақ иесі болу емес, ақыретті қолға түсіру болып табылады. Әр кезде соңғы демнің уайымымен өмір сүру керек. Қорқусыз, уайымсыз өмір сүру қауіпті. Негізі судың аққан бағытына қарай баратын жері белгілі болады. Бірақ миллионда бір ықтимал болса да мұның терісі де болуы мүмкін. Сондықтан қорқу керек. Өйткені пайғамбарымыз: «Ақылды адам – өлмей тұрып есебін көрген, өлімнен кейін өзінің пайдасына жарайтын нәрселерді жасайтын адам» деп бұйырған.