Қабір – дүниедегі өмірдің соңғы тұрағы, ал ахиреттегі өмірдің алғашқы тұрағы. Жәннат пен тозақ өмірі сол жерде басталады. Хазреті Осман (радиаллаһу анһ) қабірді зиярат еткен кезде көз жасын төгіп жылайтын, тіпті мүбәрәк сақалы суланып кететін еді. Қабірде жатқан адам кім болса да бәрібір, көп жылайтын. Мұның себебін көргендер сұраған екен:
- Қабірде жатқан кісі туысыңыз емес, жақыныңыз емес, неліктен қайғырасыз?
- Мен пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тікелей өзінен естідім. «Қабір – не жәннат бақшаларының, не тозақ шұңқырларының бірі!» деді.
Қабірдің жәннат бақшаларынан бола алуы үшін күнәлардан сақтану керек.
Фудайл бин Аяз хазреттері: «Аллаһу та'аланы танығаннан кейін Оған қарсы шығатындарға таң қаламын» деген.
Қарсы шығу, яғни күнә істеу қолдағы ниғметтердің кетуіне және Аллаһу та'аланың азабының келуіне себеп болады.
Харам істеушілер әрдайым қорқынышта жүреді, көңілдері тыныш таппайды. Жамандықтың соңында жүргендер әрдайым қор болады, қадірлі бола алмайды.
Мұхаммед Рабхами (рахимәһумуллаһ) айтқан: «Харамдар үлкен және кіші болып екіге бөлінген болса да, кіші күнәлардан да үлкен күнә сияқты сақтану қажет. Ешбір күнәні кішімсінбеу керек, өйткені Аллаһу та'ала азабын күнәларының ішіне жасырған. Кіші деп мән берілмеген күнә Аллаһу та'аланың алдында үлкен болуы мүмкін. Аллаһу та'ала кек алушы!»
Хасан Басри (рахметуллаһи алейһ) бір мазардың қасынан өтіп бара жатқанда қабір басында жылап отырған қызды көріп қалады. Ол қайтыс болған әкесіне күйініп сөйлеп жатты:
«Ей, әкешім, күнде кешке асыңызды мен әзірлеп беретін едім, бүгін кешкі асыңызды кім әзірледі? Күнде жатарда төсегіңізді мен дайындайтын едім, бұл түні кім дайындады?»
Сонда үлкен ғалым әлгі қызға «Бұл сұрақтарды қоюдың уақыты өтіп кетпеді ме? Сен әкеңе сұрақ қойғың келсе, онда соңғы демін иманмен бере алған ба, Мүнкәр-Нәкір періштелерінің сұраққа тартуы қалай өткен, қабірі тозақ шұңқыры ма, әлде жәннат бақшасы ма, осыларды сұра!» деген.
Қорыта айтқанда, ұмытпауымыз керек болғаны, дүние – қиял, адам әлсіз. Дүниеге миллиардтаған адам келіп, белгілі бір уақыт өмір сүріп, өліп кетті. Олардың кейбірлері бай, кейбірлері кедей. Кейбірлері әдемі, кейбірлері ұсқынсыз. Біреулері залым, біреулері мазлұм (зұлым көрген). Ол жағдайларының бәрі де өтіп кетті. Олардың бір бөлігі иман келтірген мұсылман еді, қалғандары сенбеген кәпірлер еді. Олардың бәрі жоқ болды, енді қиямет күні тіріледі. Сенбегендер, иман келтірмегендер мәңгі азап шегеді...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024