Асхаби кирамның ұлыларының бірі болған Салман Фариси хазреттері өте жомарт кісі еді. Күндік табысының көбін тарататын, өз еңбегімен күн көретін еді. Кедейлерді әрдайым тойдырып, олармен бірге отырып тамақтанатын. Өте кәрі болған кезінде де өз жұмыстарын өзі істейтін. Айналасына халық жиналып, «Заттарыңызды біз тасиық» деп көмектеспекші болғанда оларға: «Жоқ, мен өзім алып барамын» деп бермейтін еді.
Кәрі болуына қарамастан әр уақытта ілім үйренетін. Мұның себебін сұрағандарға «Ілім көп, бірақ өмір қысқа. Олай болса, дінде зәру (қажет) болған ілімдерді үйрен! Жүрек пен дененің жағдайы соқырдың және шолақ адамның жағдайы сияқты. Соқыр ағаштың түбіне барады, бірақ онда жеміс бар екенін көре алмайды. Шолақ ағаштағы жемісті көреді, бірақ ала алмайды. Аллаһтың ниғметтерін жүрек білуі және сенуі керек, ал дене оған талпынуы керек, сонда ахиреттегі шексіз ниғметтерге қауышу нәсіп болады» дейтін еді...
Салман Фариси хазреттері күндердің бірінде бір түйе жүгі азық-түлік сатып алды. Мұны байқап қалған бір кісі:
– Йа, Салман! Осыншама азық-түлікті не істемекшісің? Бәрін бітіруге өмірің жететінін білесің бе? – деп сұрады. Сонда оған:
– Нәпіс напақасын алған кезде адам жайбарақат болады. Одан кейін азығын және басқа бір нәрсені ойламастан Аллаһу та'аланы зікір етумен айналыса алады. Адамның қажетті азығы түгел болса, ол ғибадаттарына сенімді және уәсуәсалардан сақ болады, – деп жауап берді.
Оны мазақтап, жаман сөздер айтқан адамға ол былай деді:
«Егер ахиретте күнәларым ауыр, сауаптарым жеңіл болса, сенің айтқаныңнан әлдеқайда жаманмын. Ал күнәларым жеңіл, сауаптарым ауыр басса, онда сенің сөздеріңнің маған еш зияны жоқ!»
Салман Фариси хазреттері көп жылайтын еді. Мұның себебін сұрағандарға былай жауап беретін:
«Үш нәрсе мені үздіксіз жылатады. Біріншісі, Расул алейһиссаламның қайтыс болуы. Одан айрылуға шыдай алмай, үздіксіз жылай беремін. Екіншісі, қабірден тұрған кезімде жағдайым қандай болады, соны білмегенім үшін жылаймын. Үшіншісі, Аллаһу та'ала мені есепке тартқан кезде жәннаттық боламын ба, әлде тозақтық боламын ба, білмеймін. Ол кезде жағдайым не болады, білмеймін?!»
Салман Фариси хазреттері өлім жағдайында төсегінде жатқанда да жылады. Себебі сұралғанда:
«Дүниеден айрылып жатқаным үшін жыламаймын. Бірақ Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Дүниеден айрылған кездеріңде жиғандарың бір жолаушының азығынан артық болмасын» деген еді. Міне осы себептен жылаудамын» деді. Алайда қайтыс болған кезінде қалдырған мал-мүлкінің құны он дирхам шамасындай-ақ еді...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024