Орта намаз қайбірі?

Сұрақ: Құран кәрімде «Орта намазды үзбей оқыңдар!» делінген. Бес уақыт намаздың арасында бұл намаз неліктен жасырылған. Орта намаз дегеніміз ол қай намаз?

Жауап: Нақты белгілі емес. Орта намаздың қай намаз екендігінің айқын көрсетілмеуі адамдардың әр намазды орта намаз болу ықтималын ойлап, әр намазға аса мән беруі үшін. Орта намаз туралы ғалымдарымыз 23 түрлі қаулы айтқан. Олардың кейбірлері мыналар:

Имам Малик «Мәшһүр болған қаулы бойынша, орта намаз – таң намазы» деген. Сахабалар мен табииннен кейбір кісілердің қаулылары осындай.

Тағы Асхаби кирамнан және табииннен кейбір кісілер орта намаздың бесін намазы екендігін айтқан.

Ислам ғалымдарының көбі және Ханафи мазһабының үкімі бойынша, орта намаз – екінді намазы. Бір хадис шәрифте «Орта намаз – екінді намазы» делінген. (Әбу Дауд, Тирмизи)

Орта намаз туралы төмендегідей айтқан ғалымдар да болған:

1) Ақшам намазы.

2) Құптан намазы.

3) Бес уақыт намаздың бірі.

4) Намаздардың уақыттары, шарттары, рукіндері. Осыларға мұқият болған адам намазды толықтаған және оны қорғаған, осылайша орта намазға мән берген болады.

5) Жұма күні жұма намазы, басқа күндері бесін намазы.

6) Таң намазы мен құптан намазы.

7) Екінді мен таң намазы.

8) Ораза мен Құрбан айт намаздары.

9) Барлық намаздарды жамағатпен оқу.