Сұрақ: Дінімізде ажырасу (талақ) туралы кеңірек мәлімет бересіз бе?
Жауап:
1- Ажырасу үшін қолданылатын сөздерді еркектің әйеліне қарата айтуымен талақ яғни ажырасу жүзеге асады. Ажырасу үшін қолданылатын сөздер екіге бөлінеді: Ашық сөздер және астарлы сөздер.
“Талақсың”, “сенен ажырастым” секілді сөздер «ашық сөздер» болып саналады. Бұл сөздерді қалжыңдап немесе қателесіп, байқамай айтқан кезде мағынасын білмесе де ажырасқан болады.
“Болды сені тастадым”, “сені қойдым” деген секілді сөздер де ашық сөзге жатады. Бір немесе екі рет мұндай ашық сөзбен ажырасуға, яғни кері қайтуы мүмкін болған ажырасуға «талақи рижи» делінеді. Бірақ бәрібір үш рет талақ айту ақысының біреуі кеткен болады. Бұл сөздердің кез-келген біреуі бір рет айтылғанда өкінсе, ескі некесіне қайту ниетімен әйелінің қолын ұстаса немесе сүйсе қайтадан неке қидырып отырмай қалған екі неке бауымен жанұялық өмірін жалғастыра береді.
2- Некенің үш бауы болады. Яғни ажырасуға, некені бұзуға себеп болатын "Болды сені тастадым", "қойдым", "талақсың" , секілді сөздер үш рет қайталанып "Талақсың, талақсың, талақсың" деп айтылса немесе "сені үш рет қойдым, үш талақсың" десе, некенің үш бауы бірден үзілген болады. Енді артқа қайтуға болмайтын ажырасу жүзеге асқан болады. Бұлай үш талақ жүзеге асқан жағдайда талақи рижи талақи баинға айналады.
3- “Әкеңнің үйіне кет!”, “Құры кет!”, “Бұдан былай сенің күйеуің емеспін” деген секілді басқа мағыналарда да қолданылатын сөздер “астарлы сөздер” деп аталады. Бұл сөздер ажырасу ниетімен айтылған болса, ажырасқан болады. Бұған талақи баин делінеді, яғни иддет мерзімі ішінде кері қайту мүмкіндігі болмаған ажырасу.
Бұл түрдегі ажырасуда иддет мерзімі өтіп жаңадан неке оқылмайынша ерлі-зайыптылар бірге бола алмайды.
4- Қайын атасына “мен сенің қызыңды қаламаймын кімге тием десе тисін” деп айту және әйелі сыртқа шығу үшін сұранғанда “мен сені жіппен байламадым бара бер”, “Қалаған жағыңа кете бер, маған әйел болмайсың” немесе “бұдан былай сені қаламаймын”, “сенен ажырасуды қалаймын” секілді сөздер айтылса, ажырасуды ниет етпейінше ажырасқан болып саналмайды.
5- Ажырасу мағынасында қолданылуы әдет болған басқа сөздер әйеліне айтылған кезде ажырасуды ниет етпесе де бір “талақи баин” жүзеге асқан болады.
6- Әйеліне анам, қызым, қарындасым деп айтумен талақ болмайды. Бірақ «Қазірден бастап анам, қызым, қарындасым бол» десе талақ болады. Бір талақи баин болады.
7- Астарлы сөзбен ажырасқанда, талақи баинның иддет мерзімінде күйеу әйелінің бөлмесіне кіре алмайды. Әйелі сәндене алмайды, әтір, иіс су себе алмайды, бөтен әйел секілді талақ берген күйеуінен ұзақ тұрады. Иддет мерзімінен кейін жаңадан неке қию керек болады.
8- Талақта мөлшері айтылмаса бір талақ болады. Үш немесе одан көп сан айтылса, үш талақпен ажырасқан болады. “Денемдегі қылдардың санындай”, “теңіздегі балықтардың мөлшеріндей”, “көктегі жұлдыздардай” дегенде де үш талақ болады.
9- Әйеліне талақ беретін еркектің зерек және көзі ашық болуы керек. Мастың, аурудың және күштеп, қорқытылған адамның сөзі, хаты, e-mail, смс, факс арқылы да талақ өтеді. Бұлар әйелдің қолына жеткен кезден бастап ажырасқан болады. Яғни әйел бұл ажырасуды естігенде, хабардар болғанда талақ жүзеге асады.
10- Жындының, алжыған, талып қалған адамның және аурумен және ашуланып не айтып тұрғанын білмейтін адамның айтуы ажырасу болмайды. Бұл екі түрлі болады:
a) Мағынасын білмей, олай айтуды көздемей, қаламай айтылғанда талақ болмайды. Бұл астарлы сөздер үшін. Әйтпесе ашық сөздермен яғни мен «сенен ажырстым», «талақсың» десе, олай айтуды көздемей, қаламай айтса да бәрібір талақ болады.
б) Мағынасын біліп тұрып және өзі қалап айтып, кейін айтқанын ұмыту, білмеу. Бұл сөзін екі куә естіп кейін өзіне айтса ажырасқан болады. Яғни сенен ажырастым деп айтып бірақ кейін мұны ұмытса, «сен осылай деген едің» деп айтылғанда «жоқ мен олай дегенім жоқ, менің есімде жоқ».десе, егер екі куәгер “иә біз естідік ол әйелімен ажырасты” десе ол кезде ажырасқан болады. Егер олай айтылмаса адам мойындамағаны үшін ажырасқан болмайды.
11- Еш қосылмаған болса немесе бір бөлмеде немесе оңаша жерде мүлдем бірге қалмаған болса, бір рет талақ берумен әйел иддет мерзімін күтпестен сол күні де басқа адамға тұрмысқа шыға алады.
12- Күйеуіне немесе басқаларға тілімен, әрекеттерімен зиян беретін, кез-келген бір парызды орындамайтын, мәселен парыз намаздарды оқымайтын, қиянат жасады деген күдік астында болған әйелден ажырасу шарт емес мүстаһаб болады, ажырасу жақсы болады.
13- Парызды орындамайтын мәселен намаздың парыз екендігіне сенгенімен оқымайтын әйелден ажыраспау күнә емес. Күйеуі оған жылы сөзбен намаз оқытуға тырысуы керек, тырыспаса күнәға кіреді.
Отбасылық міндетін атқара алмайтын, мәселен дуаланған (сиқырланған), жыныстық қатынаста әлсіз болған еркектің әйелі ажырасқысы келсе оны жіберуі (ажырасуы) уәжіп болады.
14- Әйелімен басқа басқа үш уақытта бір реттен ажырасқанын білдіретін сөздер айтса немесе бір уақытта "үш талақ" десе, артқа қайтпайтын түрде некесі бұзылады.
Бұндай жағдайда ол әйелмен қайта некеге тұру үшін Хуллә керек болады. Хуллә дегеніміз әйел 3 ай иддет уақытын күтеді. Сосын басқа бір еркекке тұрмысқа шығып, онымен қосылады. Екінші күйеуі одан ажырасады. Әйел тағы 3 ай иддет уақытын күткеннен кейін барып бұрынғы бірінші күйеуімен қайта некеге отыра алады.
Ал бұл болса, еркек үшін масқаралық, төмендік болып табылады. Аллаһу та’ала ажырасу құқығын еркектерге бергенімен бұл құқығын дұрыс қолдануы және әйелдер еркектердің қолында ойыншық болмауы үшін еркектерге бұл “хуллә” деп аталатын масқаралықты жүктеген. Хулле қорқынышынан мұсылман еркек ажырасу сөзін аузына да ала алмайды. Отбасы ішінде ажырасудың әңгімесі де, қалжыңы да бола алмайды.
15- Қорқыту үшін де, қалжыңдап та ажырасу сөзін мүлдем қолданбау керек. Тіпті ажырасуға шешім қабылдаса да бұл сөздерді қолданбау керек. Өйткені кейінірек ажырасу ниетінен қайтуы мүмкін. Жақындарымен, достарымен ақылдасқаннан кейін ажырасуға нақты шешім қабылдағаннан кейін барып бір талақ беру керек. Еш қашан үш талақты бірден бермеу керек. Үш талақты бірден беру харам болып табылады. Өмірдің шарттары адамды көп нәрселерге сабыр етуін, төзуін талап етуі мүмкін. Болмайды деген нәрсе болуы мүмкін. Бір талақпен ажырасса, харам істелмеген болады әрі қайта кіру есігі де толығымен жабылмаған болады. Ажыраспау ешқандай қауіп төнгізбейді. Бірақ ажырасу, әсіресе үш рет талақ беру өте үлкен қатер. Өйткені ниетінен базкешетін болса ол әйелмен некелесуі үшін хулләдан өтуі керек.
16- Иддет – ажырасқаннан кейін әйелдің жаңадан үйленуі харам болған уақыт. Бірінші таза болған күннің басынан үшінші хаиздың соңына дейінгі уақыт. Хаиз көрмесе талақ үшін үш ай, өлім үшін төрт ай он күн күтіледі.
17- Күйеу әйелімен жақсы мәміледе болуы, оған күлімдеп қарап, жылы жүз танытуы, әдемі сөздер айтуы тиіс. Оның қате әрекеттеріне, ақылға қонымсыз сөздеріне сабыр етуі тиіс. Оның дәрежесіне, түсінігіне бейімделуі қажет. Онымен қалжыңдасып ойнауы керек. Азық-түлік, киім-кешек мәселесінде қолдан келгенше кең болуға тырысу керек. Дінімізде әйелдердің білуі парыз болған нәрселерді әлбетте үйретуі керек.
Әйелдің киінуінде, үйден сыртқа шығуында, өте қатты болуы керек және өз бетімен жібермеу керек. Өзін және әйелін күмәнға, жалаға түсіретін жағдайлардан сақтануға қатты мән беру керек. Әйелін бөтен еркектер болған жерге жібермеуі керек, бөтен еркектерді көруіне кедергі болуы керек.
Үй істерімен уақыт өткізуі оның зауқы болуы керек. Онымен қатал мәміледе болмауы керек. Қалжыңдап та, ашуланғанда да ешқашан “ажырасу” деген сөзді ауызға алмау керек, ешқашан “екіншіге үйлену” сөзін қозғамау керек.
Сұрақ: Қандай жағдайларда неке бұзылады?
Жауап: Сенімен ажырастым, талақсың деп айту және ажырасу ниетімен айтылған астарлы сөздерді айту мәселен “құрып кет”, “көзіме көрінбе”, “жоғал” деген сөздермен де неке бұзылады. Сонымен қатар күпірге түсіретін сөз айтқанда иманмен қоса неке де бұзылады.
Сұрақ: Әйеліме құрып кет (жоғал) деген болсам неке бұзыла ма?
Жауап: Құрып кет, жоғал деп айтумен неке бұзылмайды. Егер ажырасу ниетімен айтылған болса бұзылады. Ол да талақи баин (кері қайтпайтын ажырасу) болады. Иддет мерзімі өткеннен кейін қайта неке қидыру керек болады.
Cұрақ: Бір адам әйелімен ұрыс кезінде “мен сені тастадым” десе некесі бұзыла ма әлде “ажырастым” демейінше некесі бұзылмай ма?
Жауап: Тастадым = ажырастым деге сөз. Бір талақпен ажырасқан болады.
Сұрақ: Адам күпірге себеп болатын сөз айтқанда иманы да некесі де кете ме?
Жауап: Иә иманы да некесі де кетеді.
Ажырасу бөлек нәрсе, күпірге түсу бөлек нәрсе. Бұл талаққа жатпайды. Яғни неке бауы үзілмейді. Мың рет күпірге түскен болса мың рет некесін жаңалау керек болады. Бірақ бұл жағдай талақ болып саналмайды.
Сұрақ: Бір рет талақи баин жүзеге асса, яғни бір рет ажырасса иддет мерзімі бойынша бұл ерлі-зайыптылар бөлек тұрулары керек пе? Бір үйде тұра алады ма? Сөйлесулері, көрісулері дұрыс бола ма?
Жауап: Бөтен әйел секілді болады. Адам пасық болса, бір үйде тұрмағандары жақсы. Салих болса, харамдардан қорқатыны үшін бір үйде тұрса болады. Бірақ бөтен әйелмен бөтен еркек секілді тұрады. Қажетінен артық сөйлесе алмайды. Отырып бірге тамақтанулары да жаиз болмайды.
Сұрақ: Еркек талақ берсе, бірақ оны әйелі естімесе ажырасқан болып есептеле ме?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Бір адам әйеліне адамдардың жанында талақ берсе, әйелі мұны 20 жылдан кейін естісе, 20 жылдан кейін ажырасқан бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Астарлы сөзбен әйелінен ажырасқан адам кейіннен мұны әдейі мойындамаса, бәрібір ажырасқан бола ма?
Жауап: Иә, ажырасқан болады.
Сұрақ: Талақи рижи мен ажырасқан адам, ажырасқанын әйелінің есіне түсіру үшін бірнеше рет «болды, сенің шаруаң бітті» десе үш рет талақ берген бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Әйеліме «сенімен ажырасуды қалаймын» деп айтумен талақ берген боламын ма?
Жауап: “Қалаймын” деумен талақ болмайды.
Сұрақ: Екі талақи баиннен кейін бір талақи рижи берілсе үш талақ бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Қайын атама ажырасу ниетімен «қызыңды алып кет» деп айттым. Әйелім бұны естімесе талақ бола ма?
Жауап: Болмайды.
Сұрақ: Әйеліме «Алматыға барғанда сенен ажырасам» дедім. Бұлай айтумен талақ бола ма?
Жауап: Жоқ, келер шақта айтылған сөзбен талақ болмайды.
Сұрақ: Әйеліме «Анаң біздің үйге келетін болса сен менің әйелім емессің» дедім. Анасы бізге келді, некенің бір бауы үзілді ма, яғни талақи рижи болды ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Ұлыма «үйіме кіретін болсаң анаң талақ болсын» дедім. Жанжал кезінде амалсыз кірген екен. Талақи рижи болды ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Талақта қолданылатынын білмеген адамның айтқан сөздерімен талақ жүзеге аса ма?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Әйелден жүкті кезінде де ажырасуға бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Әйелінен ажырасу күнә ма?
Жауап: Күнә емес, халал. Бірақ Аллаһу та’ала халал да болса талақты жақсы көрмейді. Пайғамбарымыз былай деген:
«Аллаһу та’аланың мүлдем жақсы көрмейтін халал нәрсесі талақ.» (Хаким)
Сұрақ: Бір сайтта былай деп жазылыпты: «Бір адам әйеліне “сенен ажырастым” десе, кейін қалжыңдап ажырасудан бастартатынын айтса, ажырасудан қайтқан болады. Хадис шәрифте: “Үш нәрсенің қалжыңы да шын сияқты қабыл етіледі, сахих. Неке, ажырасу, ажырасудан бас тарту” делінеді.» Осындай жағдаймен ажырасудан бас тартқанда некенің үш бауы да аман қала ма әлде біреуі кеткен бола ма?
Жауап: Қалжыңдап ажырасқанда да бір талақ берген (некенің бір бауы үзілген) болып есептеледі, екі талағы (екі бауы) қалады. Рижи талақта еркек иддет мерзімі ішінде сөз немесе әрекетімен бұрынғы некесіне қайта алады. Яғни әйелі қаламаса да жаңадан неке қимай-ақ отбасылық өмірді жалғастыра алады. Қайтадан некеге қайту үшін Ханафи және Маликиде куәгерлерсіз-ақ «бұрынғы некеме қайттым» деп айтуы жеткілікті. Немесе бұрынғы некесіне қайту ниетімен әйелін сүюі немесе шәһуатпен қолынан ұстауы да жеткілікті. Некесі жаңарған болады. Шафии және Ханбәлиде екі куәгердің жанында «бұрынғы некеме қайттым» деуі керек. Бірақ қыздың әкесінің қатысуы керек емес.
Сұрақ: Күйеуім дуаланған, еркектік міндетін атқара алмауда, онымен ажырасқым келеді. Күйеуімнің менен ажыраспай тұрып алуы күнә емес пе?
Жауап: Еркектік міндетін атқарудан әлсіз болған еркектің әйелі ажырасқысы келсе, оны жіберуі, одан ажырасуы уәжіп болады. Яғни ажыраспай ұстап отыруы күнә болады.
Сұрақ: Ұзақ жылдар бөлек тұрған кезде неке бұзыла ма?
Жауап: Ұзақ жылдар бөлек тұрумен неке бұзылмайды. Ажыраспайынша неке бұзылмайды.
Сұрақ: Есі ауысқан адамның некесі жалғаса бере ме?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Ажырастым деумен ажырасқан бола ма? Ажырасу осыншама оңай ма? Еркектің үш рет ажыраса алуға ақысы бар екен, үшіншісін айтқанда ол әйелмен қайта үйлене алмайды екен. Бұлар Құранда бар ма?
Жауап: Дінде дәлел тек қана Құран емес. Тек қана Құран дәлел болғанда Аллаһу та’ала алыңдар осымен амал етіңдер дер еді, пайғамбар жібермес еді. Аллаһу та’ала пайғамбарымызға «Құранды ашықтап түсіндір» деп бұйырған. Барлық нәрсе Құранда ашық жазылмаған. Сондықтан хадис шәрифтер және ғалымдардың түсіндірмелері де дәлел болады.
Бұл тақырыпта Құран кәрімдегі аяти кәрималар:
«Ажырасқан әйелдер үш ай иддет мерзімін күтеді.» (Бақара 228)
«Ажырасу екі рет. Жақсылықпен ұсталады немесе жақсылықпен босатылады.» (Бақара 229)
«Егер еркек әйелімен үшінші рет ажырасатын болса, одан кейін әйелі басқа еркекпен үйленбейінше онымен үйленуі өзіне халал болмайды. Егер кейінгі үйленген кісі де бұл әйелден ажырасатын болса, (екі тарап та) Аллаһтың сырларын сақтайтынына сенімді болса, қайтадан үйленулерінің зияны жоқ. Бұл Аллаһу та’аланың қойған шектеулері.» (Бақара 230)
«Бұл айтылғандар Аллаһтың қойған шектеулері. Абай болыңдар бұл шектен аспаңдар. Кім Аллаһтың шектеулерінен асатын болса, міне солар залымдар, кәпірлер.» (Бақара 229)
Сұрақ: Бір атеистпен талақ туралы сөйлесіп отырған едік. “Бір сөзбен талақ бола ма?” деді. Не деп жауап беру керек?
Жауап: Бұл үкім мұсылмандар үшін, кәпірлер үшін емес деп айтуыңыз жеткілікті. Дініміз солай деген болса, солай. Бір мұсылман үшін үкім мынадай:
Бір сөзбен (ажырастым деумен) адамның әйелі бөтен әйелге айналатыны секілді, бір сөзбен (неке арқылы) бөтен қыз адамның әйелі болады. Бір сөзбен (шәһадат кәлимасымен) мұсылман болады. Бір сөзбен де (мәселен Аллаһ аспанда деумен) адам кәпір болады.
Заңдар бір “иә” деумен шығады, бір “жоқ” деумен қайтарылады. Бүкіл өміріміз “иә” және “жоқ” сөздерімен өтуде. Күнделікті жұмыстарында мұны атеист те біледі және қолданады. Бірақ мәселе дінге келгенде атеисттігін көрсетеді. Адам мынаны ұмытпауы керек: Аллаһу та’ала жаннатты босқа жаратпағаны секілді, жаһаннамды да босқа жаратқан емес.
Қорқытылу арқылы талақ
Сұрақ: Әйеліне зұлым ететін, ұратын, дінге сай киінуіне, өмір сүруіне тыйым салатын, күйеулік міндеттерін атқармайтын, үйге де келмей нафақасын да бермейтін, сонымен қатар онымен ажыраспайтын садист - залым еркекке әйелінің туыстары «әйеліңнен ажырас әйтпесе сені өлтіреміз» деп қорқытса, ол қорқып әйелінен ажырасса бұлай ажырасу дінде сахих бола ма?
Жауап: Иә, сахих болады. Ол әйел иддет уақыты біткеннен кейін басқа адамға тұрмысқа шыға алады. Басқаға үйленгеннен кейін бұрынғы күйеуі оны кері ала алмайды. Дін кітаптарында былай делінеді:
«Күштеп, қорқытылған адамның сөзі, хаты, телефон шалуымен де талақ яғни ажырасу Ханафи мазһабында сахих болады. Басқа үш мазһабта сахих болмайды. Қауіп тоқтағаннан кейін қорқытылып әйелінен ажырасқан адамның әйелі басқаға тұрмысқа шықпаған болса және бұрынғы күйеуімен үйленгісі келетін болса, тағы екі талақ ақысы қалғаны үшін қайта некесін қиып үйленуі сахих болады.»
Талақи баин және талақи рижи
Сұрақ: Талақи баин және талақи рижи арасындағы айырмашылық неде?
Жауап: Талақ ажырасу деген сөз. Талақи баин толық ажырасу деген сөз. Талақи рижи ашық ажырасу дегенді білдіреді. Мәселен “сенен ажырастым” десе талақ рижи болады. Бірақ қалаған уақытында ескі некесіне қайта алады. Иддет мерзімі біткенге дейін қайтпаса талақи рижи талақи баинға айналады. Үш талақ ақысының бірін жоғалтқан болады.
Ал талақи баинде астарлы сөздермен ажырасады. Ажырасу ниетімен «әкеңнің үйіне кет» деп айту секілді. Иддет мерзімі өтпей тұрып ол әйелмен үйлене алмайды. Ажырасу ниеті болмай тұрып айтса талақ болмайды.
Талақи рижидің талақи баиннен өзгешеліктері мыналар:
1- Некені жаңалау керек емес. “Ескі некеме қайттым” деп әйелінің қолынан ұстауы жеткілікті. Баинде болса иддет мерзімі өтпей қайтадан неке қиылмайды. Иддет біткенде де әйелі разы болса ғана неке қиыла алады.
2- Мәһрді көбейтудің керегі болмайды. Ал баинде жаңадан неке оқылатын болғандықтан қалаған мәһрін сұрай алады.
3- Куәгерсіз үйлене алады. Баинде болса иддет біткенде екі куәгер болуы шарт. Өйткені бұл жаңа неке болып табылады.
4- Әйел разы болмаса да еркектің мен “ескі некеме қайттым” деп айтуы жеткілікті. Баинде болса әйел разылық білдірмейінше үйлене алмайды.
5- Иддет мерзімі ішінде ерлі-зайыптылардың бірі өлсе, біреуі екіншісіне мирасшы болады. Ал баинде бола алмайды.
6- Иддет мерзімі ішінде еркек өлсе әйелдің иддеті өлім иддетіне айналады, яғни төрт ай он күн күтеді. Баинде болса қалыпты иддеті біткенде басқаға тұрмысқа шыға алады.
7- Әйел рижиден кейін күйеуінің алдында сәндене алады. Бірақ баинде иддет мерзімі ішінде сәндене алмайды.
8- Әйел күйеуімен бір үйде қала алады. Ал баинде қала алмайды. Тек бөлек бөлмелерде қала алады. Яғни бір-біріне бөтен болады.
9- Талақи рижи некені түп-тамырымен үзбейді, аздап ақау тудырады. Рижи жаралауға ұқсайды, баин болса өлтіруге ұқсайды.
10- Рижи талақта Ила, зыхар өтеді. Қазф етсе (жезөкшесің деп жала жабылса) лиан керек болады.
Ила: Әйеліне төрт ай немесе одан да көп уақыт айтып немесе уақыт айтпай «саған жақындамаймын» деп ант ету. Төрт ай ішінде жақындамаса бір талақи баин болады. Төрт ай ішінде антын бұзатын болса ант кәффаратын беруі керек болады.
Зыхар:Еркектің әйелін немесе әйелінің жүзін, басын, әурет жері секілді мүшелерін махрем туысының қарауы харам болған жеріне ұқсатуы. Мәселен «Сенің басың анамның арқасына ұқсайды» деген секілді сөздер. Кәффаратсыз әйеліне жақындауы, құшақтауы, сүюі, бірге жатуы харам болады. Зихар кәффараты оразаның кәффаратымен бірдей.
Лиан: Әйеліне зина еттің немесе бұл бала менен емес десе, әйелі әкімнен лиан сұраса, әкім лиан жасауын әмір етеді. Лиан жасау үшін алдымен еркек «сөзім рас» деп ант етеді. Төрт рет қайталайды. Бесіншісінде «Өтірік айтып тұрсам Аллаһтың лағынеті маған болсын» дейді. Кейін әйел төрт рет «Аллаһ куәм болсын бұл адам маған зина еттің деумен өтірік айтты.» деп ант етеді. Бесіншісінде «Оның айтқаны рас болса Аллаһтың ашуы маған түссін.» дейді. Кейін әкім бұларды бір талақ баинмен ажырастырады.
Қазф: Намысты қызға немесе әйелге “зина еткен” деп жала жабу.
Мас адамның сөздерінің үкімі
Сұрақ: Мас адамның талақ беруі және күпірлікке себеп болатын сөздер айтуының дінімізде бір күші бар ма, яғни оның сөзі өте ме?
Жауап: Жындының, баланың, алжыған адамның, ұйқыдағы адамның және аурумен және ашу үстінде не айтып тұрғанын білмейтін адамның айтуымен талақ болмайды. Бұл екі түрлі болады:
Мағынасын білмей, олай айтуды көздемей, қаламай айтылғанда талақ болмайды. Және мағынасын біліп тұрып және өзі қалап айтып, кейін айтқанын ұмыту, білмеу. Бұл сөзін екі куә естіп кейін айтса ажырасқан болады.
Талып қалған, жынданған, дәрі немесе спиртті ішімдік ішу арқылы мас болған адамның дәреті бұзылады. Талақ беретін еркектің көзі ашық болуы керек. Мастың сөзі немесе хатымен талақ өтеді. Шафии мазһабында мастың сөзімен талақ өтпейді.
Мас кезінде білмей күпірге себеп болатын сөз айтқан адамның иманы кетпейді. Мүртәд болмайды. Бірақ мас кезіндегі әйелінен ажырасуы және сауда-саттығы сахих болады.
Күйеуінен ажыраспаған әйел басқаға тұрмысқа шыға алмайды.
Сұрақ: Бір жағдайға байланысты түрмеге түстім. Әйелім ұзақ жылдар бойы түрмеде қалатынымды ойлап басқа біреуге тұрмысқа шығыпты. Бұл жағдайдан мүлдем хабарым болмады. Көп ұзамай түрмеден шықтым. Әйелім жаңа күйеуінен ажырасып қайтадан менімен үйленді. Бірақ ажырасқаннан кейін иддет мерзімін күту деген нәрсе бар екен, біз иддет уақытын күтпедік. Күнә болды ма?
Жауап: Ол онсыз да сіздің әйеліңіз еді. Сіз одан ажырасқан жоқ едіңіз. Оның басқаға тұрмысқа шығуы жаиз емес еді. Қайтадан сізбен бірге болуы үшін иддет мерзімін күтуі керек емес, тіпті неке қидыруы да керек емес. Бірақ қашанда некені жаңартып тұру жақсы болады. Сіз одан ажыраспайынша әйеліңіз басқаға мүлдем тұрмысқа шыға алмайды.
Ажырасу ниетімен
Сұрақ: Бір адам әйелінен ажырасу ниетімен «әкеңнің үйіне кет» деген секілді астарлы сөз айтқан болса, әйелі «ажырасу ниетімен айтып тұрмысың?» десе, ол «жоқ, қыдырып қайтуың үшін айттым» деп мойындамаса әйелінен ажырасқан бола ма?
Жауап: Иә, ажырасқан болады, өйткені мұнда ниетке қаралады.
Ажырасу арызы
Сұрақ: Әйеліммен бірге адвокатқа барып ажырасуға шешім қабылдадық деп арыз жаздық. Арызға ажырасуға шешім қабылдадық деп қол қойдық, діни тұрғыдан бір талақ берілген бола ма?
Жауап: Иә.
Қорқытылып ажырасу
Сұрақ: Шафии мазһабында күштеп, қорқытылған адамның сөзімен талақ өтпейтінін білетін Ханафи талақ беруі үшін қорқытылғанда талақтың сахих болмауы үшін Шафии мазһабын тақлид етсе бола ма?
Жауап: Иә, жаиз болады.
Талақи баин
Сұрақ: Ажырасу ниетімен әйеліме «Сені әйелім ретінде ұстасам Аллаһ менің жанымды алсын» деп айтумен бір талақи баин бола ма?
Жауап: Иә.
Иддет мерзімі ішінде талақ
Сұрақ: Ілміхал кітабының талақ бөлімінде «Рижи болса да, баин болса да үштен аз талақ берілген әйелге иддет уақыты ішінде қайтадан талақ беруге болады» делінеді. Бір талақ берумен онсыз да әйелінен ажырасқан күйде емес пе, екінші талақ беру өтпейді емес пе?
Жауап: «Иддет уақыты ішінде қайтадан талақ беруге болады» делінген. Өйткені әйел әлі де болса ол адамның әйелі саналады. Еркек нафақа беру мәжбүрлігінде болады. Әйел де бұл мерзімі бітпей тұрып басқаға тұрмысқа шыға алмайды. Өлім иддетінде де әйел иддет мерзімі бітпей тұрып басқаға тұрмысқа шыға алмайды, өлген адамның әйелі саналады. Өлі денесіне қарай алады.
Үш талақ
Сұрақ: Ілміхал кітабында басқа басқа үш уақытта бір реттен ажырасудың үш талақ болатыны айтылған. Бір адам бір уақытта «сенен ажырастым, сенен ажырастым, сенен ажырастым» десе немесе бір сағат аралықпен үш бөлек жерде «сенен ажырастым» десе де үш талақ бола ма?
Жауап: Иә, некенің үш бауы да үзілген болады.
Сен маған харамсың
Сұрақ: Ілміхал кітабында «Еркек әйеліне “сен маған харамсың” десе, ажырасуға ниет етпесе де бір талақи баин жүзеге асады.» делінген. Бұл сөз астарлы болса неге ниет керек емес? Ал егер бұл ашық сөзге жататын болса, онда неге талақи рижи болмайды?
Жауап: Бұл қағидаға бағынбайтын жеке бір жағдай. «Сен маған харамсың» сөзі астарлы болуына қарамай ашық сөздегі секілді ниетке қаралмайды. Астарлы сөз болғандықтан талақи баин болады.
Сен харамсың
Сұрақ: Ажырасу еркі өзінде болған әйел, күйеуіне «сен харамсың» десе ажырасқан бола ма?
Жауап: Ажырасқан болмайды. Егер «сен маған харамсың» десе ажырасқан болады.
Өйткені еркек некелі болмаған бүкіл әйелдерге харам болып табылады. “Сен маған харамсың” деген кезде, кімге харам екені білдірілген болады. Ол кезде талақ өткен болады.
Бірінші талақты растау
Сұрақ: Адвокатқа барып «Әйеліммен ажырасуға шешім қабылдадым» деп арыз жаздым. Адвокат маған «Сенімдісіз бе, әйеліңізбен ажырасуды қабыл еттіңіз бе?» деп сұрағанында «иә» дедім. Кейін өкіндім. Арызға «Ажырасуға шешім қабылдадым» деп қол қойған кезде бір талақ өткен болды ма? Адвокат сұрағанда «иә» дегенімде екінші талақ айтылған болды ма?
Жауап: Ажырасуға шешім қабылдадым дегеніңізде бір талақ айтылған болды. Адвокатқа «иә» деп жауап бергеніңізде бірінші сөзіңізді растаған болдыңыз. Екінші талақ айтылған болып есептелмейді.
Әйеліне қызым деп айту
Сұрақ: Бір адам әйелімен сөйлесіп келгенде «кіммен сөйлестің» деп сұрағандарға «қызыммен сөйлестім» десе немесе әйелінің суретін көрсетіп «мынау менің қызым» десе некесіне зияны бар ма?
Жауап: Жоқ, зияны жоқ. Сол секілді тікелей әйеліне «қызым», «анам», «қарындасым» деп айтумен де талақ болмайды. «Бұдан кейін анам, қарындасым бол» десе бір талақи баин жүзеге асқан болады.
Мубах нәрсемен мас болу
Сұрақ: Азық, дәрі секілді мубах нәрселерді қолдану арқылы мас болған адамның, мас кезінде айтқан сөзімен талақ өткен бола ма?
Жауап: Ғұламалар арасында бұл жағдайға талақ болады дегендер де бар, талақ болмайды дегендер де бар (Рәддул мухтар)
Мұндай жағдай да әр ықтималға қарсы некені жаңарту керек болады.
Шартқа байланысты ажырасу
Сұрақ: Бір адам әйеліне «пәлен жерге баратын болсаң үш талақпен боссың» десе, әйелінің ол жерге міндетті түрде баруы керек болса, бұдан құтылудың шарасы бар ма?
Жауап: Иә, шарасы бар. Әйелінен бір талақпен ажырасады. Иддет уақыты біткеннен кейін әйелінің басы бос болатыны үшін қалаған жағына барып келе алады. Кейін некелерін қайта қияды. Бұдан кейін әйелі ол жақа барса да талақ болмайды. Баудың бірі үзілген болады, қалған екі баумен некелік өмірін жалғастыра береді. (Ни’мәтул ислам)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024