Түркістанның (Орта Азияның) Мәрв қаласы әкімінің бір қызы бар еді. Аймақтағы алдыңғы қатарлы байлар, мансап пен атақ-даңқ иелері осы қызын сұрап келгенде ол ешқайсысына бермеді. Осы кісінің Мүбәрәк есімді бау-бақшасына қарайтын қызметшісі бар еді. Бір күні әкім одан жүзім сұрады. Әкеліп берген жүзімі әлі піспеген екен, басқасын сұрады. Басқасын әкелгенінде ол да қышқыл болып шықты. Сонда әкім «Бақшада соншама жүзім бар, неліктен піспегендерін әкелдің?» деді. Мүбәрәк: «Мырзам! Жүзімдердің қышқылын-тәттісін білмеймін!» деп жауап берді. Әкім: «Субханаллаһ, екі ай бойы баудасың, қайсысының қышқыл, қайсысының тәтті екенін әлі білмейсің бе?» деп ұрсты да, «Неліктен жеп көрмедің?» деп сұрады. Сонда қызметші: «Сіз мені бауыңыздағы жемістерді қорғауым үшін жұмысқа алдыңыз. Оларды рұқсатсыз алып жеуім дұрыс бола ма?» деп жауап берді.
Әкім Мубәрәктің бұл жағдайына таңқалды. Одан «Менің бір қызым бар, көп адам оны сұрап келуде. Не істерімді білмеймін. Сен бұл жайында не ойлайсың?» деп сұрады. Мубәрәк былай жауаптады:
«Мырзам! Адамдар күйеу баланы сауатсыздық дәуірінде ата-тегіне, яһудилер мен христиандар бет-әлпетіне, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында діндарлығына қарайтын еді. Ал қазіргі заманда адамдар мал-мүлкі мен мансап-абыройына қарауда. Осылардың ішінен қалағаныңызға қарап таңдаңыз.»
Бұл жауапты естіген әкім: «Мен діндарлық пен тақуалықты таңдаймын, қызымды саған тұрмысқа бермекшімін» деді. Жігіт өзінің қызметші екенін, бұл жағдайда сол қызбен үйленуін жұрт дұрыс түсінбейтінін жеке-жеке айтып түсіндірді. Бірақ әкім шешімін қабылдап қойған еді. «Тұр, үйге барайық» деді.
Үйіне барып әйелінен «Мына жігіт салих, діндар және тақуа құл. Қызымызды онымен үйлендірмекшімін, сен не ойлайсың?» деп сұрады, әйелі «Өзің біл, бірақ қызымыздан да сұрап көрейік» деп жауаптады. Анасы жағдайды қызына түсіндіріп, әкесінің ниетін айтып бергенінде қызы да бұл мәселеде ата-анасына толықтай жүгінгенін жеткізді. Әйел қыздың разы екенін әкесіне айтты, сөйтіп некелері қиылды...
Бірақ Мубәрәк қырық күн бойы қызға еш жақындамады. Анасы бұл жағдайды естіп, шыдай алмай «Қызымызды қызметшіңе бердің, осыншама уақыт өтті, ол қызымыздың бетіне де қарамапты ғой, бұл не тірлік?» деп күйеуіне шағымданды. Сонда әкім жігітке:
«Ей, Мубәрәк! Қызымнан ұялып жүрсің бе?» деп сұрады. Бұған күйеу бала:
«Мырзам, ол не дегеніңіз? Сіз әкімсіз. Қызыңыз күмәнді азық жеген болуы мүмкін. Күмәнді азықтан аулақ болу үшін осы күнге дейін күттім, оны халал азықпен тамақтандырдым. Бәлкім Аллаһу та'ала бізге салих перзент береді. Бұдан басқа ешқандай жаман ойым жоқ» деп жауаптады. Қырық күн өткеннен кейін әйеліне жақындады. Осы жанұядан күндердің бірінде келешекте үлкен ғалым мен әулие болатын «Абдуллаһ бин Мубәрәк» есімді бала дүниеге келді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024