Бүгін қасиетті Рамазан айының сегізінші күніндеміз. Раббымызға қанша шүкір етсек те аз. Рамазан – «Он бір айдың сұлтаны», сүннеттерге парыз, ал парыздарға кем дегенде жетпіс есе сауап берілетін мүбәрәк ай.
Хадис шәрифте айтылған: «Үмбетім Рамазан айындағы құндылықтарды білсе, барлық айлардың Рамазан болуын қалайтын еді.»
Ораза ғибадаты тек осы үмбетке ғана емес, басқа үмбеттерге де парыз қылынған. Бірақ олардың оразасы басқа күндерде және басқа айларда еді. Ал бізге осы мүбәрәк айда парыз қылынды. Құран кәрім түскен, ішінде мың айдан да қайырлы Қадір түні бар болған айдың таңдалуы біз үшін ниғмет үстіне ниғмет...
Бізге бір ай ораза ұстауымыз парыз болды. Бұл айды таңдау еркіндігін бізге бермеді, әйтпесе әр ұлт өзіне ыңғайлы бір айды таңдайтын еді. Тіпті ол айдың қайбірі болатындығы туралы пікір таласқа себеп болар еді.
Әлемдегі бүкіл мұсылмандардың бірдей күнде оразаны бастауын және бірдей күнде айтты тойлауы, бірлік пен ынтымақты қалыптастыру үшін ол айды тікелей Раббымыз таңдады.
Рамазанның қамари айлардан болуы да үлкен ниғмет. Егер біз қазір қолданып жүрген шәмси деп аталатын айлардан болғанда, әр жылы бір мезгілде ораза ұстауға тура келетін еді. Кейбір жерлерде күндер өте ұзақ, олар әрдайым сол ұзақ күндерде ораза ұстайтын және үнемі қиналатын еді. Кейбір басқа жерлерде қысқа күндерде ораза ұсталып, олардың қарындары ашпағандықтан, шөлдемегендіктен, нәпістерімен күрестің және Раббымыздың разылығын алу үшін шегілетін қиыншылықтардың ләззатын сезіне алмайтын еді.
Рамазан айы әр жылы он немесе он бір күнге артқа жылжиды. Отыз үш жыл ораза ұстаған адам жылдың барлық мезгілдерінде, барлық айлары мен күндерінде ораза ұстаған болады.
Бұл мүбәрәк ай – рухани сауда мезгілі. Өз маусымында, өз мезгілінде жасалған сауданың табысы ерекше, көбірек пайда түсіреді. Егінді жинау мезгілінде өнім алмасаңыз, кейінірек алуыңыздан жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайсыз.
Бұл айда бізге көптеген сүйіншілер бар. Хадис шәрифте айтылған: «Қалқан адамды қылыштан қалай қорғаса, ораза да адамды тозақ отынан солай қорғайды.»
Оразаның басқа ғибадаттардан өзгешелігі – онда көрсетіп істеу, көз боямашылық жоқ. Ол пенде мен Раббы арасында, басқалардың хабары да болмайды.
Осы себептен Раббымыз былай деген: «Адам баласының оразадан басқа барлық амалдары тек өзі үшін ғана. Ал ораза болса, мен үшін тұтылады. Қулым ішіп-жеуді, нәпсінің қалауларын мен үшін тәрк етеді, оның марапатын мен беремін.»
Көрсетіп істеуден, риядан ұзақ, Аллаһ үшін жасалған ғибадаттар өте құнды болмақ. Нәпіске ең ауыр келетін нәрсе – ықыласпен жасалған ғибадаттар. Өйткені онда нәпістің ешқандай үлесі жоқ...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024