Парызды орындамау харам

Сұрақ: Рамазанда ораза ұстамау, бес уақыт намаз оқымау және зекет бермеу күнә ма? Әлде бұларды орындамаған адам тек сауаптан ғана мақрұм қалады ма?

Жауап: Бұлар парыз. Парыздарды орындамау үлкен күнә. Парыз – Аллаһ орындауды нақты әмір еткен ғибадаттар.

Ораза туралы Құран кәрімде былай делінген:

«Ей, иман келтіргендер! Ораза сендерге дейінгі үмбеттерге парыз болғанындай, сендерге де парыз.» (Бақара 183)

«Ораза сендерге санаулы күндер болып жазылды (парыз қылынды), сендерден кімде-кім науқас немесе жолаушы болса, ұстай алмаған күндер шамасында басқа күндерде ораза ұстайды. Кәрілік немесе жазылып кету үміті қалмаған ауру сияқты тұрақты себебі болып, ораза ұстауға шамасы жетпейтіндерге фидия қажет. Фидия – бір кедей тоятындай мөлшер. Бұдан тыс кім өз қалауымен қайырымдылық жасаса, бұл өзі үшін одан да жақсырақ. Егер шындықтарды түсінсеңдер, барлық қиыншылықтарға қарамастан ораза ұстауларың сендерге қайырлырақ.» (Бақара 184)

 

Ораза туралы екі хадис шәриф:

«Аллаһу та'ала сендерге Рамазан оразасын парыз қылды.» (Нәсаи)

«Көкжиекте көлденең жайылған шапақта намаз оқу халал болады және Рамазанда тамақ жеу харам болады.» (Қуртуби)

«Ораза – діннің ең үлкен парыздарының бірі болып, ішіп-жеуге және жыныстық қатынасқа тыйым салатын, нәпіске ауыр келетін ғибадат. Жамандыққа шақыратын нәпісті ол құлдыратады.» (Рәддул мухтар)

Намаз туралы Құран кәрімде былай делінеді:

«Намаз – мүминдердің мойнына уақыттары белгілі болған парыз.» (Ниса 103)

 

Зекет туралы Құран кәрімде былай делінеді:

«Алтын мен күмісті (мал-мүлікті, ақшаны) жинап, Аллаһ жолында жұмсамағандарға (зекетін бермегендерге) өте ауыр азапты хабарла! (Зекеті берілмеген мүліктер) ақшалар тозақ отында қыздырылып, иелерінің маңдайларына, бүйірлеріне, арқаларына (мөр басқандай) басылады. Бұл өздерің үшін жинаған байлықтарың. Жинағандарыңды (азабын) татып көріңдер делінеді.» (Тәубе 34, 35)

Ибн Мажа хабарлаған хадис шәрифте пайғамбарымыз «Зекеті берілмеген мал-мүлік жылан болып иесінің мойнына оралады» дегеннен кейін мына аяти кариманы оқыды:

«Аллаһ нәсіп еткен мал-мүлікте сараңдық көрсеткендер (сол мал-мүліктің зекетін бермегендер) дұрыс істедік (бай болып қала береміз) деп ойлайды. Алайда олар өздеріне жамандық жасаған болады, ол мал-мүлік тозақта (жылан кейіпінде) мойындарына оралады (оларды шағады) (Али Имран 180)

Аңғарылғанындай, парызды орындамаған кісі тек сауаптан ғана мақрұм қалмайды, оған ауыр жазалар беріледі. Ал парызды орындаған кісі үлкен сауаптарға қауышады.