Хадис ғалымы

Сұрақ: Хадис ғалымы деп кімді атайды?

Жауап: Хадис ғалымдары – өте жоғары, үстем адамдар. Рауилерімен (риуаят етушілерімен) бірге жүз мың хадис шәрифті жатқа білетін адам «Хафыз» деп аталады. Құран кәрімді жаттаған адамға хафыз емес, «Қари» делінеді. Қазіргі таңда хадис шәрифтерді жатқа білетін адам болмағандықтан, қари орнына кейбір елдерде қателікпен хафыз деп аталып жүр.

Екі жүз мың хадис шәрифті жатқа білетін адам «Шәйх-ул-хадис» деп аталады.

Үш жүз мың жаттаған адам «Хужжәт-ул-ислам» деп аталады.

Үш жүз мыңнан көп хадис шәрифті рауилерімен, дәлелдерімен бірге жаттаған адам «Хадис имамы» және «Хадис мүжтәһиді» деп аталады. Қазіргі таңда әлемде осы денгейде Ислам ғалымы жоқ.

Дұрыс екендігі бүкіл Ислам ғалымдары тарапынан мақұлданған хадис кітаптарынан алты данасы бүкіл әлемде танымал болған. Бұл алты кітап «Кутуб-и Ситтә» деп аталады. Кутуб-и Ситтәні жазған алты үлкен ғалымдар мыналар:

1) Имам Бұхари: Есімі Мұхаммед бин Исмаил. Хадис кітаптарында қысқаша «Х» әрпімен белгіленеді.

Әр хадисті жазатын кезде ғұсыл алып, екі рәкат намаз оқитын, истихара жасайтын еді. «Бұхари-и Шәриф» кітабын 16 жылда жазған. Жүздеген шәрһі (түсіндірмелері) жасалған. Бұлардан имам Қасталанидің, Айнидің және Ибн Хажәрдің шәрһтері танымал.

2) Имам Мүслим: Қысқаша «М» әрпімен белгіленеді. «Жами-ус-Сахих» атты кітабының көптеген шәрһтері бар болып, олардың ең мәшһүрі Имам Нәуәуидің шәрһі.

3) Имам Малик бин Әнас: «Ма» әрпімен белгіленеді. «Муватта» атты кітабы – алғаш жазылған хадис кітабы. Кейбір ғалымдар Кутуб-и Ситтәні ретімен атағанда «Муватта» орнына Ибн Мажаның «Сүнән» кітабын атаған. Ол қысқаша «МЖ» әріптерімен белгіленеді.

4) Имам Тирмизи: Имам Мұхаммед бин Иса. «Т» әрпімен белгіленеді. «Жами-ус-Сахих» атты хадис кітабы өте құнды. «Мәариф-ус-Сүнән» атты шәрһі ең құнды шәрһ.

5) Имам Әбу Дауд: «Д» әрпімен белгіленеді. «Сүнән» атты кітабының көптеген шәрһтері бар.

6) Имам Нәсаи: Есімі Әбу Абдуррахман Ахмед бин Әли. «С» әрпімен белгіленеді. «Сүнән-и Сағир» кітабы Кутуб-и Ситтәдан.

Ибн Әсир Кутуб-и Ситтәдағы қайталануларды алып тастап, бәрін «Жами-ул-Усул» атымен жалғыз бір кітапта жинақтаған. Мәшһүр және өте құнды хадис кітаптарынан Имам Ахмед бин Ханбал хазреттерінің «Мүснәді» «Х», Әбу Я’ланың «Мүснәді» «Я’ла» және Абдуллаһ Даримидің «Мүснәді» «ДР», Ахмед Бәззардың «Мүснәді» «З» әрпімен белгіленеді. Бұл кітаптар «Мәсанид» деп аталады.

Одан бөлек Имам Суютидің «Жами-ус-Сағир уә Кәбир» кітабы, Бәйһақидың «Мүснәд» және «Дәлаил» кітаптары, Хакимнің «Мүстәдрәк» кітабы, Табаранидың «Мужәм-ул-Кәбир», «Сағир» және «Әусат» кітаптары, Хәйсәмидің «Мәжма-уз-Зәуаид» кітабы мәшһүр. Усул-и хадис ғылымын үйрететін Имам Нәуәуидің «Тақриб» кітабы және мұның Суюти тарапынан жасалған «Тәдриб-ур-Рауи» шәрһі кең таралған. Осы күндері хадис кітаптарының жаңа мазмұндары жасалуда.