Құл (кісі) ақысының маңызы

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Неге әулиелерді бәрі жақсы көреді, ал біз бір-бірімізді жақсы көре алмаймыз? Неліктен ренжісеміз, көп түсініспеушіліктер болады? Бұлардың себебі – құл (кісі) ақысына мән бермеу және харамдардан сақтанбау.

Аллаһу та'ала күнәларды екіге бөлген:

1) Өзі мен құлдары арасындағы күнәлар.

2) Құлдарының бір-бірі арасындағы күнәлар, құл ақылары.

 

Аллаһу та'ала өзі мен құлы арасындағы күнәларды кешіреді немесе жазалайды. Бұл Раббымыз білетін іс, бірақ құлдар арасындағы күнәларда міндетті түрде әділет болады. Яғни ахиретте құл ақыларынан бәрі есепке тартылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан:

«Ахиретте сырат көпірінде әрбір мұсылманнан жеті сұрақ сұралады. Біріншісі иманнан сұралады, екіншісі намаздан, үшіншісі оразадан, төртіншісі қажылықтан, бесіншісі зекеттен, алтыншысы ғұсылдан сұралады. Жетінші сұраққа келгенде тіпті пайғамбарлардың өзі, күнәсіз болса да, осы сұрақтан қорқады. Ол құл ақысы.»

Бір адам пайғамбарлар жасаған ғибадаттарды орындаса, бірақ мойнында біреудің бір тиын ақысы бар болса, осы бір тиын өтелмегенше жәннатқа кіре алмайды. Құл ақысы соншалықты маңызды, бір даңқ (жарты грамм күміс) ақы үшін жамағатпен оқылған, қабыл болған 700 намаздың сауабы алынып, ақы иесіне беріледі. Сауабы жоқ болса, оның күнәсі ақысын жеген адамға жүктеледі.

Пайғамбарымыз алейһиссалам барлық сауабынан айрылып қалған адамды былай білдірген:

«Сауаптарын толығымен жоғалтқан адамның қиямет күнінде амал дәптерінде көптеген намаз, ораза және зекет сауабы болады, бірақ кейбір адамдарға әр жақтан зияны тиген. Сауаптары осы ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітірместен сауаптары бітіп қалса, ақы иесінің күнәлары оның мойнына жүктеліп, тозаққа тасталады.»

Міне осы құл ақысының маңызын біліп, одан сақтанған мұсылман ешқашан сөз тартысуға кіріспейді, дауласпайды, ешкімді ренжітпейді, өйткені құл ақысынан қорқады. Әсіресе біреуді ренжітіп құл ақысына бату өте үлкен күнә. Бұл туралы пайғамбарымыз былай деген:

«Бір мүминді ренжіту Қағбаны 70 рет құлатудан асқан күнә.»

 

Діни кітаптарымызда «Әйелінің ақысы мен құқығын сақтай алмайтын адам құл ақысын жемеу үшін үйленбесін» деп жазылған. Яғни әйел тұтқын емес, күң емес, қызметші де емес.

Кейбір ғұламалар құл ақысы өтіп кетпесін деп тіпті өз әйелінен, өз баласынан бір кесе су сұрамай, өздері тұрып барып алатын, ал кейбірлері бұйрық бергендей болмау үшін «Бір кесе су бересің бе?» деп сұрайтын, құл ақысынан қатты қорқатын еді.