Сеніп дұға ету керек

Әһли сүннет ғұламалар былай деген:

Барлық нәрсені Аллаһу та'ала жаратады. Барлық болмыс Оның мүлкі. Одан басқа біреуден бір нәрсе үміт ету өте орынсыз. Өйткені құлдар, нәтижеде аманатшы ғана. Аманатшыдағы заттар аманатшыныкі емес, басқаларға тиесілі. Ол өзгенің затын оның рұқсатынсыз басқа біреулерге бере алмайды. Барлық нәрсенің шынайы иесі Аллаһу та'ала болса, онда барлық нәрсені Аллаһу та'аладан келетінін білу және Одан тілеу керек. Бұл жұмыс істемей Құдайдан тамақ сұра дегені емес. Тілегенде сол тілектерге алып баратын Аллаһу та'ала жаратқан себептеріне жүгіну қажет. Аллаһу та'ала себептерге жүгінгендерді жақсы көреді. Құлдың себептерге жүгінуі өзінің әлсіздігін көрсетеді. Құлшылық дегеніміз осы. Себепке жүгінгеннен кейін мұсылман нәтижені Аллаһтан күтеді, ал кәпір себептен күтеді.

Аллаһу та'ала таза (бейкүнә) ауызбен жасалған дұғаны қабыл етеді. Осы тұрғыдан егер мүминдер бір-біріне дұға етсе, ол дұға қабыл болады. Өйткені бір мүминнің ауызы басқа мүмин үшін таза саналады. Одан бөлек бір періште «Йа, Раббым, мына құлың пәлен бауырына оның хабарынсыз, артынан дұға етіп жатыр, сұрағандарын осы құлыңа да бер» деп дұға етіп тұрады. Періштелердің дұғасы да қабыл болады, өйткені олар мүлдем күнә істемейді. Қорыта айтқанда, әрі дұға етілген, әрі дұға еткен кісі ұтады.

Аллаһу та'ала Құран кәрімде дұғаларды қабыл ететіне уәде беріп: «Менен сұраңдар, Маған дұға етіңдер,  қабыл етемін» деген. Аллаһу та'ала дұға етушінің қолын бос қайтармайды. Жағдай осындай бола тұра, кейбір мүминдер көп дұға етеді, бірақ нәтижесін бірден көрмегені үшін ренжиді. Марқұм Хусейн бин Саид хазреттері осы жайында: «Аллаһу та'аланың мейірімді болғаны соншалық, қабыл болған дұғалардың нәтижесін құлдары ең қиналған кезінде береді» дейтін еді.

 

Көмекке келеді

Мысалы адам қайтыс боларда өте ауыр азаптар шегеді. Сол уақытқа дейін нәтижесі берілмеген әлгі дұғалар осы кезде көмекке келеді. Адам қабірге жерленгенде үрейге түседі. Өмір бақи тілеген дұғаларының бәрі қабірде көмекке келеді. Мизан таразында сауабы кем болып қалса, адам тозаққа кетеді. Дұғалар осында да көмекке келеді. Сырат көпірінен өтіп бара жатқанда және құл (кісі) ақылары есептеліп жатқанда да осылай көмекке келеді. Қысқасы, тәубе-истиғфар жасағаннан кейін Аллаһу та'алаға хуснизан етіп (жақсы ойда болып) дұға ету керек. Кейін «Раббым міндетті түрде қабыл етеді» деп сену керек. Әйтпесе «Қабыл бола ма екен?» деп күмәнданып дұға ету дұрыс болмайды.