Әбу Ханифа тіркесінің мағынасы қандай?

Сұрақ: Араб тілінде «Әбу» – «Әке, ата» дегенді білдіреді. Арабтар тұңғыш балаларының атымен аталады. Нуман бин Сабиттің қызының аты «Ханифа» еді. Әбу Ханифа – Ханифаның әкесі деген сөз. Неліктен Әбу Ханифаны дұрыс сенген адам деп сипаттайсыз?

Жауап: Сіз не араб тілін білмейсіз, не әдейі Әбу Ханифа атағына қырсығып жатырсыз. Егер әр уақытта «Әбу» сөзі «Әке» дегенді білдірсе, онда мыналар қандай мағынаны білдіреді?

Әбу Жәһл – Жәһлдің (наданның) әкесі деген сөз бе? Әбу Жәһлдің тұңғыш баласы Жәһл ме еді?

Әбу Хурайра – Мысықтың әкесі деген сөз бе? Оның тұңғыш баласы мысық болды ма?

Әбу Бәкір Сыддық – Сыддықтың әкесі деген сөз бе? Сыддық деген баласы бар ма еді?

Әбу Тураб – Топырақтың әкесі деген сөз бе? Хазреті Әлидің тұңғыш баласы топырақ болды ма?

Мұндай фразеологизмдер қазақ тілінде де бар. Бірнеше мысал келтірейік:

«Ас атасы – нан» деген мақал бар.

«Қазақ бидайының атасы», «Ақ күріштің атасы» тіркестері бұл дақылдардың атасы екенін білдірмейді.

«Жылқы атасы — Қамбар ата,

Сиыр атасы — Зеңгі баба,

Түйе атасы — Ойсыл қара,

Қой атасы — Шопан ата,

Ешкінің иесі — Сексек ата» мақалы да аталған төрт түлік малдың аталары екенін көрсетпейді.

Әбу Жәһл – «Қас надан» деген сөз. Ал Әбу Ханифа – «Дұрыс сенген, Ислам дініне байланған адам, шынайы мұсылмандардың атасы, яғни имамы» дегенді білдіреді.

Әбу Хурайра – «Мысықтарды жақсы көретін адам, оларға жанашыр кісі» деген сөз.

Әбу Бәкір Сыддық – «Үнемі дұрыс сөйлеуші, Расулуллаһты растаушы» деген мағынаны білдіреді. Сіз басқа сахабалар растамады ма, дұрыстықты айтпады ма дейсіз. Әрине бәрі дұрыс. Бірақ Әбу Бәкірдің дұрыстығы баршаға танымал еді. Пайғамбарымыздың миғражға барғанына бәрі қарсы шыққанда ең алғаш ол растады. «Расулуллаһ барып келдім деген болса, дұрыс айтады» деді және аты Әбу Бәкір Сыддық болды.

 

Бәрі дұрысшыл адамдар

Сұрақ: Егер «Әбу Ханифа» – Ханифаның әкесі емес, «Дұрысшылдардың атасы» болса, мына адамдар дұрысшыл емес пе? Әли, Ибн Аббас, Миқдат, Салман, Аммар бин Ясир, Абдуллаһ ибн Әби Уәфа?

Жауап: Құран кәрімде Асхаби кирамның барлығының жәннаттық екендігі білдірілуде (Хадид 10). Сахабалардың бәрі дұрысшыл адамдар, ешбірінде арамдық жоқ. Арамдық сіздің қисыныңызда. Сахабалардың әрбірі Әбу Ханифа. Имам Ағзамға осындай атақ берілгенде қалғандары жаман болып қалады ма? Көптеген ғалымдарға түрлі атақтар берілген. Мысалы Имам Ғазалиге «Хужжәт-ул-Ислам» делінген. «Исламда сөзі дәлел болатындай үлкен ғалым» дегенді білдіреді. Осыдан басқа ғалымдар үлкен емес деген мағына шығып тұр ма?

Имам Раббаниге «Раббани» делінген, қалғандары (әстағфируллаһ) шайтани емес. Имам Раббанидің баласы Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттеріне де «Уруәт-ул-вусқа» делінген, «Ұстану керек болған берік жіп» деген сөз. Басқа ғалымдар берік емес деген мағына шықпайды.

Шафии ғалымдарының бірі Мұхаммед Рәмлиге «Шәмсәддин – діннің күні» атағы берілген. Басқа ғалымдар күн емес деген мағынаға келмейді.

«Тадж-уш-шәриа – Шариғаттың бас тәжі», «Нәжмәддин – діннің жұлдызы» деген сияқты атақтар алған ғалымдар да бар. Бұл ғалымдарға осындай атақ берілгенде қалғандары жамандалған болып қалмайды. Имам Ағзам дұрысшылдардың имамы болғанда, қалғандары дұрысшыл емес деуге болмайды.