Сұрақ: Бір сәләфи жігіт «Мазарда Құран оқуға болмайды» дейді. Мазарда Құран оқу сүннет емес пе?
Жауап: Иә, сүннет. Үш хадис шәриф мағынасы мынадай:
«Өлілеріңе Ясин оқыңдар!» (И.Ахмед)
«Ясин сүресін оқыңдар. Онда он берекет бар: 1) Аш адам оқыса, тояды. 2) Киімсіз адам оқыса, киінеді. 3) Бойдақ оқыса, үйленеді. 4) Қорқып тұрған адам оқыса, сақ болады. 5) Қайғылы адам оқыса, шаттыққа бөленеді. 6) Жолаушы оқыса, сапарда жәрдем көреді. 7) Жоғалған нәрсе табылады. 8) Науқас оқыса, шипа табады. 9) Өліге оқылса, азабы жеңілдейді. 10) Шөлдеген адам оқыса, суға қауышады.» (Дәләми)
«Ата-анасының немесе басқа біреудің қабірін әр жұма күні зиярат етіп, Ясин сүресін оқыған адамға Аллаһ Ясиндегі әріптер санындай кешіреді.» (И.Рафии)
Ахмед бин Ханбал хазреттері «Мазарға кіргенде Фатиха, Құл әузулер (Фалақ, Нас) және Ихлас сүрелерін оқыңдар! Сауабын өлілерге бағыштаңдар! Сауабы бәріне тиеді» деді. Хадис шәрифте де: «Кімде-кім мазардың қасынан өтіп бара жатқанда 11 рет Ихлас сүресін оқып, өлілерге бағыштаса, оған өлілер санындай сауап беріледі» делінген. (Әтфал-ул мүслимин – Имам Биргиуи)
«Мазарда Құран кәрім оқу сүннет.» (Сәйид Ахмед Тахтауи)
«Мазарда отырып Құран кәрім оқу жаиз (рұқсат).» (Халаби-и кәбир, 496-бет)
«Мазарда Құран кәрім оқып, сауабын өлілерге бағыштау керек.» (Фәтауа-и Хиндия, 5-том, 350 бет)
«Мазарда дауыс шығарып немесе дауыссыз Мүлк сүресін немесе басқа сүрелерді оқуға болады.» (Захира)
«Құран кәрімнің дауысын естіртіп өлінің рахаттануына ниет еткен адам дауыс шығарып оқиды.» (Хания)
Сәләфи жігіт мазһабсыз Ибн Тәймия және шәкірті Ибн Қайымның сөздерін келтіргеннен кейін «Қабірімді мейрам қылмаңдар» және «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, үйлеріңде намаз оқыңдар» хадистерінің қабірде Құран оқудың бидғат екенін көрсеткенін айтуда.
Хадис ғалымдарының бірі Абдулазим Мүнзири хазреттері «Қабірімді мейрам қылмаңдар!» хадис шәрифін түсіндіргенде «Қабірімді мейрам сияқты жылына бір рет зиярат етумен шектелмеңдер! Әр уақытта зиярат етуге тырысыңдар!» деген мағынада айтылғанын білдірген. Ал «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар» хадис шәрифі «Үйлеріңді намаз оқымаумен қабірлерге ұқсатпаңдар» дегенді білдіреді, өйткені мазарда намаз оқылмайды. Сондықтан «Қабірімді мейрам қылмаңдар» хадис шәрифінің мағынасы «Қабірімді зиярат етуге мейрам сияқты бір күнді белгілемеңдер! Яһудилер мен Христиандар пайғамбарларының мазарларын зиярат еткенде жиналып, сазды аспап шалып, мейрам қылатын еді. Сендер де олар сияқты жасамаңдар, зиярат еткенде мейрамда харам нәрселермен ойын-сауық құрғандай сазды аспап шалмаңдар, рәсім ұйымдастырмаңдар» деген сөз. (Ф.Билгилер)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024