Иса алейһиссалам яһудилер бұзған хақ дінді түзету үшін жіберілген. Яғни, шынайы Исауилік – түзетілген яһуди діні болып табылады. Иса алейһиссалам Матвей Інжілінің 5-бабының 17-аятында жазылғаны бойынша: «Мені діндерді немесе пайғамбарларды құрту үшін келді деп ойламаңдар. Мен құрту үшін емес, толықтыру үшін келдім» деген. Христиандықтың негізі және қазіргі қолымыздағы Інжілдер туралы осы кітаптың 3-бөліміндегі «Құран кәрім және қазіргі Тәурат пен Інжілдер» деген тақырыпта түсіндірме берілген. Қалағандар сол бөлімнен оқи алады.
Иса алейһиссалам білдірген алғашқы Исауилік туралы мәліметтерді қамтитын алғашқы Інжіл көптеген өзгерістерге ұшыраған, оған адамдар тарапынан көптеген қосымшалар, қате сенімдер енгізілген, Аллаһу та’аланың әмірлері мен сөздері жойылған. Осылайша, Інжіл қасиетті кітап сипатын жоғалтты. Құран кәрімде Иса алейһиссаламға берілгені білдірілген «Кітап»-тың қай кітап екені туралы Әл-хадж Абдуллаһ бин Дастан Мұстафа (рахимә-һуллаһу та’ала) [қайтыс болған жылы 1303 (м.1885)] есімді ұлы Ислам ғалымы «Изаһ-ул-мәрам фи Кәшф-из-Зулам» атты түрік тіліндегі еңбегінде былай дейді: «Иса алейһиссаламды яһудилер ұстап алып асқысы немесе өлтіргісі келген кезде қолындағы Інжілді де не отқа жақты, не жыртып тастады. Ол кезде әлі Інжіл әлемге таралмаған және Иса алейһиссаламның діні әлі орнықпаған болатын. Өйткені, Иса алейһиссалам тек екі жарым - үш жыл ғана дінге шақырған. Сол себептен Інжілдің тағы бір нұсқасының жазылған болуы мүмкін емес. Иса алейһиссаламның сахабалары өте аз және көпшілігі сауатсыз болатын. Сондықтан оларда да жазбаша дәлел болуы мүмкін емес. Інжілдің басқа жазылған нұсқалары жоқ еді және Иса алейһиссаламнан басқа ешкім оны жатқа білмейтін. Тағы бір ықтимал мынау болуы мүмкін: Иса алейһиссалам туылғанынан 325 жылдан кейін Изник [Никея] мәжілісінде көптеген Інжілдер «қате», «негізсіз», «дұрыс емес» деп өртелген еді. Шынайы Інжілдің солардың арасында өртелген болуы да әбден мүмкін.»
Інжілге көптеген қосымшалардың енгізілгендігін және Аллаһу та’аланың бұйрықтарымен қатар көптеген адам жазбаларының да кездесетіндігін қазір барлық христиандар да мойындайды. Інжілдің алдымен ибрани тілінде жазылғаны және кейіннен латын және грек тілдеріне аударылғаны ақиқат. Ибрани тіліндегі нұсқасы грек тіліне аударылған кезде көптеген қателіктер жіберілген, пұтқа табынушы гректердің «Бір Аллаһ» сеніміне қарсылығынан және Інжілді Платон философиясына сәйкестендіруді қалағандықтан, ақылға сыйымсыз Тәслис (үш құдай) сенімі пайда болған.
Платон философиясы бойынша көптеген пұтқа табыну, әр құдай үшін жеке пұт жасау дұрыс емес. Тәңірлер ақиқатында үштік болады.
Біріншісі – Әке. Ең ұлы жаратушы және қалған екі құдайдың әкесі.
Екіншісі – Негізгі, көрінетін тәңір болып, көрінбейтін Әкенің уәзірі. Бұл – «Логос – қасиетті сөз» болып табылады. Христиандардың Иса алейһиссаламды «Логос», қасиетті сөз деп атағандығы және оны құдай деп қабылдағаны Иоан Інжілінің басында жазылған.
Үшіншісі – көрінетін және белгілі болған Әлем, «Табиғат». Міне, гректер мен римдіктер де христиандықты осыған ұқсатқысы келген. Иса алейһиссалам: «Мен тек қана сендер сияқты адаммын» деген болса да, Оны Аллаһтың баласы деп қабылдаған, бұған «Қасиетті рух»-ты да қосып, әке, ұл, қасиетті рух деп аталатын үш құдай жүйесін құрған. Алайда, ибрани тілді Інжілдерде қолданылатын «Әке» сөзі Аллаһу та’аланың ұлы құдірет иесі екенін, Иса алейһиссалам үшін қолданылған "ұл" сөзі Оның тәндік баласы емес, Аллаһтың «сүйікті құлы» дегенді білдіреді. Ал, "қасиетті рух" – Аллаһу та’аланың Иса алейһиссаламға берген пайғамбарлық құдіреті болатын. Құран кәрімде бұл мәселе былай баяндалуда: Тахрим сүресінің 12-аятында: «Иман келтіргендерге мысал болатындардың бірі – Имран қызы Мәриям. Ол намысын [харам мен арсыздықтан] сақтады. Оған [біз жаратқан] рухтан үрледік. Ол Раббының сөздері мен кітаптарын растады. Ол Раббына бағынушылардан еді» делінген.
Исауилік шыққан кезде бұл Тәслис (үш құдай) сенімі жоқ еді. Жоғарыда есімі аталған Дастан Мұстафа (рахимә-һуллаһ) былай дейді: «"Үш құдай пікірін" алғаш рет философ Платон тапты. Павлос есімді яһуди оны христиандыққа қосты. Бір риуаят бойынша б.з. 200 жылы кейін Сибелиус есімді поп бұл фитнаны қайтадан жаңғыртты. Ол кезге дейін адамдар тек бір Аллаһқа және пайғамбар ретінде Иса алейһиссаламға сенетін. Сибелиустың ұсынысы көптеген христиандар тарапынан теріске шығарылып, шіркеулер арасында қанды даулар орын алды, көп қан төгілді. Француз тілінен араб тіліне аударылған сол дәуірдің тарихында бұл мәселе айқын жазылған. 200 жылы тек әке және ұл пікірі ұсынылған. Оларға қасиетті рух сенімінің де қосылу шешімі одан 181 жылдан кейін, яғни 381 жылы Византия императоры Теодосиус заманында Стамбулда құрылған рухани мәжілісте қабылданған. Бұл шешімге қарсы шыққан көптеген папалар бар.» Папа Хонориус ешқашан үш құдай жүйесі болған «Тәслис» сенімін қабылдамаған. Хонориус қайтыс боғаннан көп жылдан кейін діннен қуылған болса да үш құдай сенімін қабылдмағандар жаңа ағымдар құрған. Әсіресе Иса алейһиссаламның ойдан салынған суреттері мен мүсіндерінің жасалуы, олардың шіркеулерге қойылуы және крест белгісінің қасиетті белгі ретінде танылуы сияқты мәселелер көптеген қайшылықтарға, тіпті қанды соғыстарға себеп болып, тек б.з. 700 жылы ғана шіркеулер бұларды қабылдаған.
Христиандардың Исауилік (Насраният) дінінің негізін өзгертуі, папаны күнәсіз деп қабылдауы, поптарға күнәні кешіру сияқты құқық берілуі, адамдарды күнәхар болып туылады деп санауы, әсіресе Інжілде жазылса да, соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламды қабылдамауы, қазірдің өзінде Інжіл деген кітаптарына әрдайым өзгертулер енгізуі Аллаһу та’аланың азабына душар қылған. Ниса сүресінің 171-аятында: «Ей, кітап иелері! Діндеріңде асыра сілтемеңдер! Аллаһу та’ала туралы тек хақты айтыңдар. [Оны нұқсандықтардан пәк қылыңдар және ұлды болды деп жала жаппаңдар.] Мәсих Иса – Мәриямның ұлы, Аллаһу та’аланың расулы, пайғамбары. «Кун» (бол) деген бұйрықпен жаратқан жаратылысы, оны Мәрмяға берді және Ол Аллаһу та’аладан басқа рухтар сияқты бір рух. Аллаһқа және пайғамбарларына сеніңдер! Құдай үшеу демеңдер! Бұл сөзден бас тартуларың сендер үшін қайырлы. Аллаһ – тек бір жалғыз Илаһ! Баласы болмайды. Көктер мен жердегі барлық нәрсе Оның иелігі. Ол жаратты» деп бұйырылған.
Аяти кәримада Иса алейһиссаламның «Рух» деп айтылуы әртүрлі тәфсирленген. «Рух» делінуі Жәбрейіл алейһиссаламның Оны хазреті Мәриямға үрлеуі және хазреті Мәриямның сол демнен жүкті болуын білдіреді. Сол үрлеу «рух» деп аталған. Немесе рух – Аллаһу та’аладан келген уахи. Бұл хазреті Мәриямға сүйіншіленген және Жәбірейіл алейһиссаламға үрлеу бұйырылған және Иса алейһиссаламға «Кун» [бол] делінген. Яки бұл «Кун» деген бұйрық. Біреудің тынысы, сөйлеуі сөйлеушіге қарағанда не болса, рух та Аллаһу та'алаға байланысты сол болады деген.
Інжілді өзгерткендер үшін Бақара сүресінің 79-аяти кәримасында: «Кітапты өз қолдарымен жазып, оны аз бір ақшаға сату үшін оны Аллаһу та'аланың сөзі» дегендерге обал! Жазған қолдарына обал! Табыстарына обал!» делінген. Және Ихлас сүресінің 1-4 аяттарында «Айт: Аллаһ бір, еш нәрсеге мұқтаж емес, барлық нәрсе Оған мұқтаж. Тумаған және туылмаған. Оған ұқсайтын [тең келетін] ешнәрсе жоқ» делінген.
Төмендегі хикаяны Харпуттық Исхақ мырзаның (рахимә-һуллаһу та’ала) түрік тіліндегі «Дийа-ул-қулуб» кітабынан алып отырмыз:
Алғаш рет иезуит қоғамының екі попы қытайларды христиан дініне шақыру үшін Кантон қаласына келген еді. [Иезуит – 918 (м.1512) жылы поптар құрған миссионерлік қоғамы.] Кантон қаласының әкімінен христиан діні туралы уағыз айту үшін рұқсат сұрады. Әкім оларға мән бермеген болса да, иезуиттер оны күнде келіп мазалағандықтан, «Мен бұл мәселеде Қытай патшасынан рұқсат алуым керек. Оған хабар беремін» деді де, мәселені Қытай патшасына білдірді. Патшадан келген жауапта «Оларды маған жібер. Не қалайтынын білейін» делінгендіктен, иезуиттерді Қытайдың орталығы болған Пекинге жіберді. Мұны естіген буддист дінбасылар әбігерге түсіп: «Бұл адамдар христиандық деген атпен шыққан жаңа дінді біздің халқымызға таратуға тырысуда. Олар қасиетті Будданы танымайды. Осылайша, халқымызды қате жолға түсіреді. Өтінеміз, оларды бұл жерден қуыңыз!» деп патшаға жалынды. Патша: «Әуелі, не дейтінін тыңдайық. Шешімді содан кейін қабылдаймыз» деді. Мемлекеттің қайраткерлері мен дін адамдарын жинап, бір мәжіліс құрды. Иезуиттерді осы мәжіліске шақырып, «Таратпақшы болған діндеріңнің негіздері қандай, айтып беріңдер» деді. Бұған иезуиттер былай жауап берді:
«Аспан мен жерді жаратқан Аллаһ жалғыз. Бірақ, сонымен қатар үшеу. Аллаһтың жалғыз ұлы мен қасиетті рух та Аллаһ болып табылады. Бұл Аллаһ Адам мен Хауаны жаратып, жәннатқа кіргізді. Оларға барлық ниғметтерді берді. Тек бір ағаштың жемісін жемеуді бұйырды. Шайтан Хауаны алдап, екеуі Аллаһтың бұйрығына қарсы шығып, сол ағаштың жемісін жеді. Осыған орай, Аллаһу та'ала оларды жәннаттан шығарып, дүниеге жіберді. Бұл жерде олардың балалары, немерелері тарады. Бірақ, олардың барлығы әкелерінің істеген күнәсімен кірленген. Барлығы күнәхар. Бұл жағдай дәл 6000 жыл жалғасты. Ақырында, Аллаһу та’ала адамдарға мейірімділік етіп, олардың күнәларын кешіру үшін оларға өз баласын жіберуден және осы жалғыз баласын күнәнің кәффараты (өтемі) ретінде құрбан етуден басқа шара таба алмады. Міне, біз сенетін пайғамбар, Аллаһтың ұлы Иса осы. Арабстанның солтүстігінде Құдыс деген бір қала бар. Құдыста Жәлилә деген жердің Насыра (Nazareth) деген ауылында Мәриям есімді қыз бар еді. Бұл қыз Юсуф деген ағаш ұстасымен атастырылған болса да, әлі бойдақ еді. Бұл қыз бір күні оңаша жерде отырғанда қасиетті рух келіп, оған Аллаһтың баласын салды. Яғни, пәк қыз жүкті болды. [Бұдан кейін атастырылғанымен бірге Құдысқа бара жатқанда Бәйт-ил-лахмда (Вифлеемде)] бір қорада ақырда босанып, ұл тапты. Аллаһтың ұлын ақырдағы жем ыдысының ішіне салды. Шығыстағы дінбасылары оның дүниеге келгенін көкте бірден пайда болған жұлдызға қарап біліп, сыйлықтарын алып, оны іздеуге шықты. Оны осы қорадан тауып алып, оған сәжде жасады. Иса деген Аллаһтың ұлы 33 жасына дейін уағыз жүргізді. Қанша рет «Мен Аллаһтың баласымын. Маған сеніңдер, сендерді құтқаруға келдім» деген және өлілерді тірілту, соқырлардың көзін ашу, ақсақтарды жүргізу, алапестерді емдеу, теңіздегі дауылды тоқтату, екі балықпен он мың кісіні тойдыру, суды шарапқа айналдыру, қыста жеміс бермегендіктен інжір ағашын бір белгімен қурату сияқты көптеген мұғжизалар көрсеткен болса да, оған сенгендер өте аз болды. Ақырында, сатқын яһудилер оның үстінен римдіктерге шағым жасап, оның крестке керілуіне себеп болды. Бірақ, Иса кресте өлгеннен 3 күн өтіп қайта тіріліп, өзіне сенгендерге көрінді. Одан кейін аспанға шығып, әкесінің оң жағына отырды. Әкесі дүниенің барлық істерін оған тапсырды. Міне, біз уағыздайтын діннің негіздері осындай. Бұған сенгендер о дүниеде жәннатқа, ал сенбегендер тозаққа барады» деді.
Бұл сөздерді тыңдаған Қытай патшасы: «Сендерге бір неше сұрақтарым бар. Осыларға жауап беріңдер» деді де сұрақтарын қоя бастады: «Алғашқы сұрағым: Сендер Аллаһты әрі жалғыз, әрі үшеу дейсіңдер. Бұл екіні екіге көбейткенде бес болады деген сияқты қисынсыз сөз. Осыны маған түсіндіріп беріңдер!» деді. Поптар жауап бере алмады. «Бұл Аллаһтың сыры. Бұған адамның ақылы жетпейді» деді.
«Екінші сұрағым: Жерді, көкті және барлық әлемді жаратқан құдіретті Аллаһ құлдарының бірі істеген күнә үшін бұдан тіпті хабары да болмаған бүкіл ұрпағын неге күнәхар санайды? Оларды кешіру үшін өз ұлын құрбан етуден басқа шара қалайша таба алмайды? Бұл оның ұлылығына жарасады ма? Бұған не дейсіңдер?» деді. Поптар жауап бере алмады. «Бұл да Аллаһтың бір сыры» деді.
«Үшінші сұрағым мынау: Иса бір інжір ағашынан мезгілсіз уақытта жеміс сұраған. Ағаш жеміс бермегеннен кейін оны қуратқан. Мезгілсіз жеміс беру ағаштың істей алмайтын нәрсесі. Осылай бола тұра Исаның бұған ашуланып, ағашты қуратуы зұлымдық емес пе? Пайғамбар залым болады ма?» деді. Поптар тағы да жауап бере алмады: «Бұл істер – рухани істер. Аллаһтың құпиясы. Адамның ақылы бұған жетпейді» деді. Осыдан кейін Қытай патшасы: «Мен сендерге рұқсат беремін. Барыңдар, Қытайдың қалаған жерінде уағыз жүргізіңдер» деп оларға рұқсат берді. Олар патшаның алдынан шыққаннан кейін патша мәжілісте отырғандарға қарап: «Мен Қытайда мұндай бос нәрселерге сенетін ақымақ табылады деп ойламаймын. Сондықтан бұл адамдардың осы қате сенімдерін уағыздауында ешбір зиян көрмедім. Мен бұларды тыңдаған азаматтарымыз дүниеде қандай ақымақ қауымдардың бар екенін, олардың қате нәрселерге сенетінін көріп, өз діндерінің қадірін жақсы түсінетініне сенімдімін» деді.
Патшаның айтқандары өте дұрыс, арадан 2000 жыл өтсе де, христиан миссионерлерінің табандылығана қарамастан қытайларды христиан дініне кіргізу жүзеге аспады. «Жауап бере алмады» деген кітабымызда поптар жауап бере алмаған көптеген сұрақтар жазылған. Сол жақтан оқуыңызды сұраймыз!
Қолымыздағы әр түрлі тілдерде жазылған кітаптардан түсінгеніміз бойынша, Иса алейһиссаламның анасы хазреті Мәриям (Мария) Бәйт-ул-муқаддастың бір бөлмесінде жалғыз өзі тұратын. Бұл бөлмеге Зәкәрия алейһиссаламнан басқа ешкім кірмейтін. Жәбрейіл алейһиссалам хазреті Мәриямға бойдақ бола тұра бір баласы болатынын және ол баланың пайғамбар болатынын хабарлады. «Мират-и Каинат» кітабындағы риуаяттардың бірі бойынша «Хазреті Мәриям Зәкәрия алейһиссаламның әйелі болған нағашы әпкесінің үйінде ғұсыл алып жатқанда Жәбрейіл алейһиссалам адам кейпінде көрініп, оның үстіне үрледі. Ол осылайша жүкті болды. Көкесінің ұлы Юсуф Нәжжармен «Бәйт-ул-лахм»-ға барды. Иса алейһиссалам сол жерде туылды. Үшеуі Мысырға барып, 12 жыл тұрды. Насыраға барып орналасты. Осы жерде 30 жасында пайғамбар болды. Сондықтан Иса алейһиссаламға иман етуші «Насрани», ал бәрі «Насара» деп аталады. Інжілде жазылғаны бойынша, ол туылған кезде аспанда өте жарық жаңа жұлдыз пайда болды.»
Кейбір философтар мен коммунистердің пікірінше, бұлардың барлығы аңыздан құралған. Иса деген адам жоқ. Париж университетінің профессоры Эрнест Ренанның айтуынша, Мәриям мен Юсуф үйленген болатын. Иса алейһиссалам қалыпты түрде ата-анадан дүниеге келді. Тіпті, бауырлары да болған дейді. Ренанның бұл пікірі оның папа тарапынан діннен қуылуына себеп болды. Бірақ, атеисттер оның пікірін бірден қабылдады.
Құран кәрім мына нәрсені айқын түрде білдіреді: Иса алейһиссалам күйеуге шықпаған хазреті Мәриямның ұлы. Жоғарыда айтқанымыздай, Аллаһу та’ала оған қасиетті рухтан берген. Бұл жағдай Бақара сүресінің 87 және 253-аяттарында білдірілуде. Бұл аяти карималарда: «Мәриям ұлы Исаға айқын мұғжизалар бердік. Қасиетті рухпен қуаттандырдық» делінген. [Бұл аяти каримада айқын мұғжизалар берілгендігі білдірілген. Әли Имран сүресінің 48, Маида сүресінің 46 және 110, Хадид сүресінің 27-аяттарында Иса алейһиссаламға Інжіл кітабының берілгендігі анық айтылған.] Бойдақ қыз Мәриямнан туылғандығы туралы Әли Имран сүресінің 45-аятында және жалғасында «Періштелер айтты: Әй, Мәриям, Аллаһ саған «КУН» (бол) деген бұйрықпен бірден жаратылатын, есімі Мәриямұлы Иса Мәсіх болатын, дүние мен ахиретте қадірлі және Аллаһу та’алаға жақын болатындардан және адамдармен бесікте және өскенде сөйлесетін салих, тақуа баламен сүйіншілейді. Мәриям: О Раббым! Маған ешқандай ер кісі жақындамаса, мен қалай ұлды боламын?-деді. Періште айтты: Аллаһу та’ала осылайша қалағанын жаратады. Бір нәрсенің болуын қаласа, оған «КУН» (Бол) дейді, ол нәрсе дереу болады» делінген.
Иса алейһиссалам бесікте жатқанда сөйлеген. Бала кезінде өте таңқаларлықтай зерек болған. Өзіне қойылған сұрақтарға керемет жауаптар берген. Бұл жағдай оның ерекше адам болатынын көрсететін еді. Құдыста уағыз жүргізуді бастады. Тек үш жылға ғана созылған пайғамбарлығы кезінде Құран кәрімде де айтылған көптеген мұғжизалар көрсетті. Өлгендерді тірілтті. Алапес ауруларын жазды. Соқырлардың көзін ашты. Иса алейһиссалам үйі жоқ, кезіп жүретін, күн батқан жерде түнді дұға етумен өткізетін пайғамбар еді. Өте мейірімді, қамқор, жұмсақ мінезді, кішіпейіл адам болған. Көрсеткен мұғжизаларынан ұялатын, емдеген адамдарының алғыстарын айтуының алдын алу үшін ол жерден кетуге асығатын. Хауарилер [Оған сенген он екі адамның] айтқан дөрекі сөздерін [мысалы, бірге кемеде кетіп бара жатқанда шыққан қатты дауыл кезінде суға батып кетуден қорқып, оған «Бұл дауылды неге тоқтатпайсың? Суға батып, бәріміздің құруымыз маңызсыз ба?» деген сияқты сөздерді] жауапсыз қалдырып, үндемей, олардың дөрекі әрекеттерін дереу кешіретін. Өзі туралы жаман сөздер айтқаны үшін Петрус есімді хауари тарапынан құлағы жұлынған бағбанның құлағының қайтып орнына жабысуы үшін Аллаһу та'алаға дұға етуден тартынбаған, бағбанмен бірге жаны қиналған еді.
Інжілде үкімдер [әмірлер мен тыйымдар] өте аз еді. Иса алейһиссалам жаңа дін әкелгенін айтпаған. «Мен жаңа дін құрып жатқан жоқпын. Мен бәни Исраил пайғамбарлары (алейһимуссалауату уәттәслимат) әкелген, қазір бұзыла бастаған бір Аллаһқа сенетін хақ дінді түсіндіру үшін келдім» дейтін. Олай болса, исауилікті жаңа дін деп қабылдау дұрыс емес. Исауилік – бір Аллаһ діні болған Ибраһим алейһиссалам және Мұса алейһиссаламның дінімен бірдей. Иса алейһиссалам өз уағыздарын жазған жоқ. Аллаһу та’ала жіберген Інжіл де сақталмады. Қазіргі христиандардың қолындағы «Қасиетті кітап» Тәураттан алынған бөлімдер (Ескі өсиет) пен Матвей, Марк, Лука және Иоанның кейіннен жазған Інжілдері және расулдар туралы жазылған шәкірттердің хаттарынан, яғни (Жаңа өсиет)-тен құралған. Бұл төрт жазушының кітаптары бір-біріне сай келмейді. Бір оқиға туралы бір-бірінен өзгеше әр түрлі жазбалар жазылған. [«Құран кәрім және бүгінгі Тәурат пен Інжілдер» бөліміне қараңыз!] Басқа хауарилер жазған Інжілдер жиналып, өртелген. Бұл оқиға, жоғарыда да айтқанымыздай, б.з. 381 жылы Константинополде құрылған, бірақ бұдан да бұрын 325 және 364 жылдары жиналған [король Константин және король Теодос дәуірлерінде] діни мәжілістерде және синодтарда орын алған, өртелген бұл Інжілдердің арасында Мұхаммед алейһиссаламның келетіні туралы кеңінен жазылған «Барнабас» (Варнава) Інжілі де жойылған. Кейіннен жазылған бұл төрт кітаптың авторларынан Иоаннан басқа ешкім Иса алейһиссаламды өмірінде көрмеген. Харпуттық Исхақ мырзаның (рахимә-һуллаһу та’ала) кітабында берілгені бойынша, бірінші Інжіл Иса алейһиссалам туылғаннан 65, екінші Інжіл 60, үшінші Інжіл 55-60, ал төртінші Інжіл 98 жылдан кейін жазылған. Тек Иоанн Інжілінде [Иоанн – Иса алейһиссаламның нағашы әпкесінің ұлы еді] «Аллаһ адамдарды өте қатты жақсы көретіні соншалық, өз баласын оларға жіберді» деген тіркес бар еді, бұл жердегі «өз баласы» деген сөздің «ең сүйікті құлы» деген мағынаға келетіні ақиқат. Басқа Інжілдерде мұндай сөз жазылмаған. Иса алейһиссалам бұл Інжілдерде Аллаһу та’алаға «Әке» деуінен бұл сөздің «Қасиетті, құрметті болмыс» деген мағынаны беретіні бірден аңғарылады. Інжілдердің бір бөлімінің Иса алейһиссаламның туылуынан кем дегенде 70 жылдан кейін жазылғандығы мынадан белгілі: Матвей Інжілінің 27-бабының 50-аяты мен оның жалғасында жазылған «Иса алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін ғибадатхананың пердесі жоғарыдан төмен қарай жыртылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, таулар жарылды. Қабірлер ашылып, қасеиттілердің денелері орнынан тұрып, киелі қалаға [Құдысқа] кіріп, көптеген адамдарға көрінді» деген суреттеме Рим императоры Титус б.з. 70 жылы Құдысты талқандаған кезде бұған қатты ренжіген бір яһудидің кітабынан өзгертілмей алынған.
Америкалық Інжіл тәфсиршісі Нортон Эндрюс [1786-1853] «Бұл хикая өтірік. Мұның айқын дәлелі мынау: Құдыстың қиратылуына ренжіген яһудилердің Мешіт Ақса туралы айтқан нәрселерінің арасындағы өтіріктердің бірі осы. Кейіннен бір адам мұны Иса алейһиссаламның крестке керілу кезеңіне сәйкес деп көріп, Матвей Інжілінің бір шетіне жазған, ал кейіннен өзі сияқты бір жазушы оның көшірмесін жазған кезде мұны Матвей Інжіліне қосып жазып жіберген. Бұл мәтін өздері сияқты бір аудармашының қолына түсіп, сол күйде аударылған» деген. Матвей мұны өз дәуірінде болғандай, өзі көрген сияқты кітабына қосып жазудан тартынбаған. Негізінде Матвей Інжілінің де Матвейдің тарапынан жазылған-жазылмағандығы жөнінде талас-тартыстар бар. Кейбір еуропалық тарихшылар Матвей Інжілінде екі түрлі пікір бар екенін, ал осыдан Інжілдің екі адам тарапынан жазылғаны аңғарылатынын мәлімдеген. Қазіргі ынсапты христиан дін адамдарының өзі қазіргі христиандардың қолындағы Інжілдің Аллаһтың сөзі деп қабылдауға келмейтінін мойындауда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі Інжілдерде Аллаһтың сөзі болған кейбір бөлімдер бар. Мұсылман үшін ең дұрыс болған әрекет – Інжілдегі Құран кәрімде көрсетілген мәселелерді қабылдап, Құран кәрімге қарсы келетін тұстарын [адам тарапынан қосылғандықтан] қабылдамау, ал Құран кәрімде не қабылданбаған, не теріске шығарылмаған мәселелерді жақсылап зерттеп, Ислам сенімдеріне сай келетінін түсінгеннен кейін оларды дұрыс деп қабылдау.
Иса алейһиссалам яһудилер бұзған хақ дінді түзету үшін жіберілген еді. Яһудилер Оны ұнатпады. Жалған пайғамбар деп санады. Оны «Исраил королі болғысы келеді. Римдіктерге қарсы халықты арандатуда. Өзін Аллаһтың баласы деп санап жүр. Өйткені Аллаһқа "Әке" деп атайды» деп, римдіктерге арызданды. Христиандардың сенімі бойынша Құдыстағы римдіктердің яһуди әкімі Пилатус Иса алейһиссаламды ұстатып, Хиродеске жіберді. Хиродес бұған қатты қуанды. Өйткені, Онымен танысып, мұғжизаларын көргісі келетін. Иса алейһиссалам Хиродестің сұрақтарына жауап бермеді. Сонда Хиродес Оны Пилатусқа қайтарып жіберді [Лука 23-бап]. Пилатус көріпкелдердің және яһудилердің айтуымен крестке керу үшін яһудилерге тапсырды [Інжілдер]. Христиандар Иса алейһиссаламның крестке керіліп, сол жерде қайтыс болғанына, бірақ кейіннен тіріліп, көкке шыққанына сенеді. Ал мұсылмандар Иса алейһиссаламның крестке керілмегеніне, тікелей көкке көтерілгеніне, крестке керілген адамның оның тұрған жерін римдіктерге аздаған ақшаға айтып берген [хауари болған] Яхуда [Иуда] екеніне сенеді. Құран кәрімде бұл мәселе баяндалған. Ниса сүресінің 156-158-аяттарында: «Сондай-ақ, яһудилердің Исаны қабылдамауларына және Мәриямға жала жабуларына және Аллаһтың расулы Мәриямұлы Исаны өлтірдік деуіне байланысты оларды лағнеттедік, рахметімізден қудық. Алайда, олар Исаны өлтірген жоқ, крестке де керген жоқ. Бірақ, оларға бір ұқсастық жасалды. [Яхуда Иса алейһиссаламның кейпіне енгізілді және оны асты.] Бұл мәселеде өздері де келіспеушілікке түсіп, күмәнда. Олардың бұл мәселеде бір мәліметтері жоқ. Тек бос болжамдардың соңында. Олар ақиқатында Исаны (алейһиссалам) өлтірген жоқ. Аллаһ Оны өз қабатына көтерді. Аллаһ ұлы, үкімінде даналық иесі» делінген.
Иса алейһиссалам аспанға көтерілгеннен кейін Насраният діні ақырындап әлемге тарала бастады. Бастапқы кезде бұл жаңа дінге пұтқа табынушы римдіктер мен гректер қатаң түрде қарсы шықты. Исауилер ұсталып, өлтірілді. Цирктегі жыртқыш аңдарға жегізілді. Бірақ, хақ діні өзін танытуда және жақсы көрілуде жалғасын тапты. Өкінішке орай, уақыт өте келе шынайы Інжіл жойылды. Мұнафық Павлостың «Исаның крестке керілуі даналық, әділдік және құтылу. Өйткені, Аллаһ адамдардың күнәларын кешірту үшін өз ұлын құрбан еткен» деген мағынасыз пайымдауы қазіргі христиан дінінің сенім негізін қалыптастырды. Иса алейһиссалам ешқашан адамдардың күнәхар болып туылғанын айтпаған, дегенмен қазіргі христиандық былай сипатталады:
1) Адамдар дүниеге күнәхар болып келеді. Өйткені, алғашқы адам болған Адам алейһиссалам Аллаһқа бағынбаған, сол себептен жәннаттан шығарылған.
2) Адамнан кейін келген бүкіл адамдар осы күнәні мойнына алады.
3) Иса алейһиссалам адамдарды осы күнәдан құтқару үшін дүниеге келген Аллаһтың баласы болып табылады.
4) Аллаһу та’ала адамдардың күнәсін кешіру үшін өз ұлын крестке кергізген.
5) Дүние – қиындықтың мекені. Дүниеде рахат өмір сүруге тыйым салынады. Адамдар азап шегу және ғибадат ету үшін жаратылған.
6) Адамдар тікелей Аллаһу та'алаға ғибадат ете алмайды. Аллаһу та’аладан ештеңе сұрай алмайды. Тек дінбасылар [поптар] адамдардың орнына Аллаһқа жалбарына алады және олардың күнәларын кешіре алады.
7) Христиандарды папа басқарады. Папа күнәсіз. Оның әрбір іс-әрекеті дұрыс.
8) Адамдардың денесі мен рухы бөлек. Адамның рухын тек поптар тазалайды. Дене болса әрдайым күнәхар болып қалатын лас нәрседен тұрады.
Осы ақылға қонымсыз қисынсыз пайымдарға байланысты яһуди дінін түзетуге тырысқан Иса алейһиссалам қойған Насраният діні негізінен алыстап, христиандық деген қате дінге айналған. Христиандықтың қайтадан шынайы Насраният кейіпіне айналуы үшін көптеген істер атқарылған. Лютер деген поп протестанттықты құрып, кейбір түзетулер енгіземін деп, бұл илаһи дінді толығымен өзгерткен, бұзған.
Міне, Ислам діні Иса алейһиссаламнан кейін осы қателердің бәрін түзету, жолдан шыққан және барған сайын бұзылып жатқан «Бір Аллаһ» дінін қайтадан илаһи кейіпке енгізу үшін келген. Аллаһу та’ала негізінде бүкіл дін кітаптарында «соңғы пайғамбардың (алейһиссалату уәссәләм) келетінін» және бұл соңғы пайғамбардың адамдарды ең тура жолға, хидаят жолына салатынын баяндайды. Бұл сөз Тәуратта да, көптеген өзгерістерге ұшыраған Інжілде де бар. Иоанн Інжілінің 16-бабының 12-13-аяттарында «Менің сендерге айтатын көптеген нәрсем бар. Бірақ, сендер әлі оларға шыдай алмайсыңдар. Бірақ, ол келген кезде сендерді ақиқатқа жеткізеді» деп Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келетіні білдірілген. Барнабас Інжілінің 72, 96, 136, 163-баптарында хазреті Исаның хауарилеріне «Соңғы пайғамбар келетінін, есімінің Ахмед болатынын, ол келгенге дейін бұзылатын Інжілді қайтадан түзететінін және жаңа кітап әкелетінін, өзінің крестке керілмегенін, крестке керілген адамның орнын айтып берген Яхуда екенін» айтқандығы ашық түрде жазылған. Құран кәрімнің Саф сүресінде бұл жайт расталған. Саф сүресінің 6-аятында: «Мәриямұлы Иса (алейһиссалам): Ей Исраил ұлдары! Дұрысы, мен менен бұрын келген Тәуратты мақұлдаған және менен кейін келетін, есімі Ахмед [Мұхаммедпен бір мағынада] болған бір пайғамбарды (алейһиссалату уәссәләм) сүйіншілейтін, Аллаһу та’аладан сендерге жіберілген пайғамбармын, – деген. Бірақ, ол пайғамбар [Мұхаммед алейһиссалам] оларға келген кезде бұл айқын сиқыр деді» делінген.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024