Сұрақ: Ризық деген не? Адамның жеген нәрселері ме, әлде жемегендері де кіреді ме? Адамның ризығы уақыт өте көбейеді ме, азаяды ма? Еңбектенбесе де ризық келеді ме?
Жауап: Ризықтың бірнеше мағынасы бар:
1) Ризық дегенде ішіп-жейтін нәрселер аңғарылады. Көпше түрі «Әрзақ», ризықтар дегенді білдіреді. Адамдар ризық дегенде осыны түсінеді.
2) Ризық – тек қана ішіп-жейтін және қолданатын нәрселер. Ішіп-жемейтін және қолданбайтын нәрсе ризық болып саналмайды. Көп табыс мүлікті арттырады, бірақ ризықты арттырмайды. Ризық әуелден тағдырда бекітілген. Екі хадис шәриф мағынасы:
«Ешкім ризығын бітірместен өлмейді.» (Хаким)
«Ешкім нәсібінен артық ризыққа қауыша алмайды. Ризығына қауышып, жемегенше өлмейді. Өзі қаламаса да, ризығы оған беріледі.» (Хаким)
3) Адамға пайдасы болған заттық және рухани барлық нәрсе – ризық. Бір аяти кариманың мағынасы:
«Дүние өмірінде олардың күнкөрістерін (заттық, рухани барлық ризықтарын) араларында біз бөлістірдік.» (Зухруф 32)
Адамдар Ислам дінін тәрк еткені үшін, яғни Аллаһу та'аланың әмірлері мен тыйымдарына бағынбағаны үшін және Ислам діні көрсеткен бақыт пен шаттық жолынан айрылғаны үшін дүниеде берекет қалмады, заттық және рухани ризықтар да азайды. Бір аяти кариманың мағынасы:
«Мені ұмытсаңдар (заттық және рухани) ризықтарыңды қысқартамын.» (Таха 124)
Сондықтан иман ризығы, білім ризығы, көңілдің ризығы, мал-мүлік ризығы, мансап ризығы, бала-шаға ризығы, денсаулық ризығы, азық-түлік ризығы, адамгершілік пен қамқорлық ризығы және басқа да әр түрлі ризықтар азайды. Бұл ризықтардың барлығы дүние жаратылмай тұрып ежелде бөлістірілген. Көңілдің ризығы – діни білім. Намаз – рухани ризық.
Адамдар мен жануарлардың ажалдары мен тынысының саны белгілі болғанындай, әрбір адамның тәнінің және рухының ризықтары да белгілі. Ризық еш өзгермейді, азаймайды, көбеймейді. Ешкім ешкімнің ризығын жей алмайды. Ешкім өз ризығын жеместен, бітірместен өлмейді. Ризық айлыққа, мал-мүлікке, жұмыс істеуге байланысты емес. Бірақ сонда да ризық үшін еңбектену дініміздің бұйрығы.
Адамдар беске бөлінеді
Адамдар ризық табуда сенім тұрғысынан беске бөлінеді:
1) Ризықтың тек қана жұмыс істеу арқылы келетініне сенеді. (Кәпірлер)
2) Ризықтың әрі Аллаһтан, әрі жұмыс істеу арқылы келетініне сенеді. (Мүшриктер)
3) Ризықтың Аллаһтан келетінін біледі, бірақ ризықты береді ме, бермейді ме деп уайымдайды. (Мұнафықтар)
4) Ризықтың Аллаһу та'аладан келетініне сенеді, бірақ еңбектенгенде Аллаһқа қарсы күнә істейді. (Пасықтар)
5) Ризықтың Аллаһтан келетініне және еңбектенудің себепке жабысу екеніне сенеді. Жұмыс істегенде Аллаһу та'алаға қарсы шықпайды, харам істемейді. (Салих мұсылмандар)
Аллаһу та'ала былай деген:
«Ей, Мұса, кімде-кім оған берген ниғметімді менен біліп, өзінен деп білмесе, ниғметтерімнің шүкірін жасаған болады. Егер ризығын өз еңбегінің жемісі деп біліп, менен келгенін білмесе, ниғметтің шүкірін жасамаған болады.»
Аллаһ ризыққа кепіл
Сұрақ: Аллаһ ризыққа кепіл ме? Кепіл болса, онда неге ризық үшін еңбектену керек?
Жауап: Аллаһу та'ала әркімнің ризығына кепіл. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай:
«Аллаһу та'ала ризығын бермейтін ешбір жанды жоқ.» (Худ 6)
Бір хадис шәриф мағынасы мынадай:
«Ризық үшін қайғырма! Тағдырда жазылған (ежелден ажыратылған) ризық сені табады.» (Исфәхани)
Бір хадис құдси:
Халақтукә ли нәфси, фәла тәл’аб,
Уә тәкәффәлту би ризқикә фәла тәт’аб.
Мағынасы: Сені өзім үшін жараттым, басқа нәрсемен әуре болма! Мен кепіл болған ризық үшін уайымдама!
Аллаһу та'ала ризыққа кепіл, бірақ еңбектенуді де әмір еткен. Еңбектену – ризықтың келуіне себеп. Жұмыс істемей ризық күту Аллаһу та'аланың әміріне қайшы.
Жер астындағы байлықтар
Сұрақ: Имам Бәйһақи жеткізген «Ризықты жердің астынан іздеңдер!» деген хадисі кен орындарын іздеуді білдіріп тұр ма?
Жауап: Білмейміз, кен орындары болуы мүмкін, мұнай немесе табиғи газ болуы мүмкін. Егін шаруашылығында жердің жақсы өңделуі болу мүмкін. Бәрі бірге болуы да мүмкін. Біз білмейтін басқа бір нәрсе болуы да мүмкін. Нақты мынау деп айту қате болады.
Халал және харам ризық
Сұрақ: Ризық деген не? Харам болған нәрселер ризыққа жатады ма?
Жауап: Ішіп-жейтін, қолданатын және пайдасы тиетін нәрселердің бәрі ризық. Ішіп-жемесек, қолданбасақ, пайдасы тимесе, біздің мүлкіміз болса да, ризыққа жатпайды. Мәселен, екі нан алдық, біреуін жедік, екіншісі жеместен қайтыс болдық делік. Тек жегеніміз ғана ризық болады. Бір үй сатып алдық, бірақ ол үйде тұрмадық немесе жалға беріп, ақшасын алмадық, тіпті ақшасын алсақ та, ол ақшаны жұмсап пайдаланбаған болсақ, ол біздің ризығымыз емес деген сөз.
Ризық дегенде әдетте жейтін нәрселер аңғарылады. Үй, киім-кешек, қолданған және пайдаланған барлық мүлкіміз ризық болып саналады. Тіпті харам жолмен тапсақ та, ризық болады.
Ақылды негізге алған Мутәзилә адасқан ағымы «Харам нәрсе ризық емес» деген болса да, Әһли сүннет ғалымлары «Халал да, харам да ризыққа жатады» деді. Бір хадис шәриф мынадай:
«Әлбетте ешбір құл тағдырда жазылған ризығына қауышпағанша өлмейді. Олай болса, ризықтарыңды іздегенде жақсы жолды ұстаныңдар, халалды алыңдар, харамнан сақтаныңдар!» (Хаким)
Ризықты ойлау
Сұрақ: Аллаһ ризыққа кепіл болса, еңбектенбестен ризықты күтіп отыруға рұқсат па?
Жауап: Аллаһу та'ала ризыққа кепіл, бірақ еңбектенуді де әмір еткен. Жұмыс істеу – ризықтың келуіне себеп. Жұмыс істемей ризық күтіп отыру Аллаһу та'аланың әміріне қайшы. Ол ризық үшін еңбектенуді себеп қылған. Жұмыс істемей ризық күтіп отырған адам аштықтан өлуі мүмкін. Осындай жағдайда «Аллаһ ризыққа кепіл еді ғой, ризық ежелден тағдырға жазылған еді ғой» дейтіндер шығуы мүмкін. Бұл жағдайды Аллаһу та'ала ежелден білетін еді. Бұл пенде жұмыс істемейді, аштықтан өледі деп тағдырына жазылған. Жұмыс істеу ризықты арттырмайды, бірақ ризықтың келуіне еңбектенуді себеп қылғандықтан, бұл әмірге бағыну шарт.
Имам Ахмед хазреттері насихат сұраған бір адамға былай деді:
Аллаһу та'ала сенің және бүкіл әлемнің ризығына кепіл. Ризық үшін (бұйрыққа бағынып, еңбектеніп, шараларды орындағаннан кейін) ойлануға еш қажеттілік жоқ, өйткені Аллаһу та'ала тарапынан барлық ризықтар бөлістірілген. Еңбектену арқылы өз үлесіңе түскен ризығыңа қауышасың. Бір садақаға он есе сауап берілетініне қарайтын болсақ, жұмыс істеген адамға қайтарымы берілетініне еш күмән жоқ. Тозақта азап берілетінін білетін адамның күнә істеуге қалайша батылдығы жетеді? Барлық істер Хақ та'аланың тағдырымен жүзеге асады. Кедеймін деп байларды көре алмаудың, қызғанып қиналуының ешқандай пайдасы жоқ. Бір хадис шәриф мағынасы:
«Аллаһу та'ала еңбектенген бір құлына аз ризық берсе, ол құл қарсы шықпай, кедей жағдайына сабыр етсе, Аллаһу та'ала бұл құлымен мақтанып, періштелеріне "Куә болыңдар, бұл құлымның әрбір азығына жәннатта бір зәулім сарай және бір дәреже сыйлаймын" дейді.» (Ислам Ахлақы)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024