-2-
МҰСЫЛМАНДАР САУАТСЫЗ ЕМЕС
Мұсылмандық діні мен мұсылмандар туралы жазылған батыстықтардың кітаптарында немесе жариялаған саяхатнамаларында мұсылмандардың өте сауатсыз екендігі, Азия мен Африкада өздерімен қатынас құрған мұсылман халқының көпшілігінің тіпті оқу-жазу білмейтіндігі көрсетіліп, 18 ғасыр мен 19 ғасырдың арасында мәдениет пен ғылым саласында аты шыққан ғалымдардың қатарында бірде-бір мұсылман жоқ екендігі жазылған. Тіпті Ислам дінінің өркендеуге тосқауыл екенін айтқандар да шыққан. Ал кейбіреулері мұсылмандардың сауатсыздық кесірінен христиан дінінің ұлылығын ұғына алмағандықтарын және сол себептен миссионерлердің сонша желіп жүгіргендеріне қарамастан, христиан дінін қабылдамағандықтарын мәлімдеген.
Тарихқа қарайтын болсақ, мәселенің негізінің христиандардың пайымдарына қарама-қайшы екеніне көз жеткіземіз. Өйткені, Ислам діні ғылымды әрдайым мадақтап, мұсылмандарды әрдайым білімге шақырған. Зүмәр сүресінің 9-аятында: «Білетіндер мен білмейтіндер тең болады ма? Білетін адам әлбетте қадірлі» делінген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) болса «Білім Қытайда болса да барып үйреніңдер» және «Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар» және «Барлық мұсылман еркектеріне және бүкіл мұсылман әйелдеріне ілімді іздеу, үйрену парыз!» деген. Исламда ілім ғибадатпен және ғалымның сиясы, шәһидтің қанымен тең деп есептеледі. Мұсылмандардың христиан дінін қабылдамаулары Ислам дінінің христиандыққа қарағанда әлдеқайда қисынды, дұрыс болуына байланысты. Исламда білім мен ғылымның қаншалықты маңызды екенін «Мұсылмандық пен Христиандық» бөлімінде егжей-тегжейлі білдірдік. Ислам – кертартпа дін емес, керісінше барлық жаңалықтарды әрдайым бақылауды және күн сайын жаңа нәрселер ашуды, ілгерілеуді бұйыратын дін болып табылады. Сондықтан Ислам шыққан кезден бастап ғалымдарға аса мән берілген, ғылыми, техникалық тәжірибелер жасалған, мұсылман арабтар медицинада, химияда, астрономияда, географияда, тарихта, әдебиетте, математикада, инженерлікте, архитектурада және осылардың негізі болып табылатын көркем ахлақ пен әлеуметтік білімдерде ең жоғары деңгейге көтерілген, қазіргі кезде де құрметпен еске алынатын құрметті ғалымдар, мамандар, ұстаздар жетілдірген, әлемнің ұстазы, өркениеттің көшбасшысы болған. Ол кезде жартылай жабайы болған еуропалықтар ғылыми білімдерін Ислам университеттерінен үйренген, тіпті Папа Сильвестер сияқты христиан дін адамдарының өзі Андалусия Ислам университеттерінде оқыған. Қазір әліге дейін еуропа тілдерінде «Химия», «Алгебра», «Алгоритм», «Медицина» секілді түбірі арабша-мұсылманша терминдер қолданылады. Өйткені бұл ғылымдар әуелі мұсылман арабтар тарапынан әлемге үйретілген.
Еуропалықтар жерді тегіс және айналасы дуалмен қоршалған деп ойлап жүргенде мұсылмандар алғаш рет жердің домалақ екенін және айналатынын тапты. Мусул қаласы маңында Синжар даласында меридианның ұзындығын өлшеп, қазіргі сандарға қол жеткізді. Сонымен қатар, мұсылман арабтар тым сауатсыз және фанат болған орта ғасыр поптары тыйым салған көне Грек және Рим философиялық кітаптарын аудару ісін қолға алып, олардың жойылып кетуіне жол бермеген. Қазіргі ынсапты христиандардың мойындағанындай, нағыз ренессанс [көне құнды білімдердің қайтуы] Италияда емес, Аббасилер дәуірінде Арабстанда басталған, ол Еуропадағы ренессанстан әлдеқайда бұрын болған. Өкінішке орай, осы үлкен даму әрекеті 17 ғасырда тежеп қалды. Бұған «Христиандардың істегендерінің бәрі мұсылмандарға харам. Оларды қабылдаған немесе солар сияқты істеген мұсылмандар кәпір болады» деп, мұсылмандардың ашылған жаңалықтарға мән беруіне кедергі болған масон және яһуди саясаты және оларға алданған надан дүмшелер себеп болды. Мұсылмандардың соңғы кездердегі ғылым саласындағы жетекшілері Османдықтар болды. Бүкіл христиан әлемі осы Ислам мемлекетінің әлемдегі жетістіктер мен жаңалықтардан құр қалуы үшін оған саяси және әскери шабуылдар жасай бастады. Бір жағынан крест жорықтары, бір жағынан бидғатшылардың ыдыратушы әрекеттері Османдықтардың ғылым мен техникада алға шығуларына кедергі болды. Түріктер ішкі және сыртқы шабуылдардың кесірінен көп зиянға ұшырады. Мықты болған жаңа қарулар жасай алмады. Мемлекетінің кен көздерін жеткілікті түрде пайдалана алмады. Өз отандарындағы өнеркәсіп пен сауданы шетелдіктердің қолына беріп қойды. Ауқаттылық деңгейі төмендеді.
Әлемде күн сайын әрбір салада жаңалықтар ашылып жатыр. Біз оларды тұрақты түрде қадағалауға, үйренуге, үйретуге мәжбүрміз. Тек өнеркәсіп пен техника саласында ғана емес, дін мен ахлақ тұрғысынан да ата-бабаларымыз сияқты болуымыз, жастарымызды иманды, көркем мінезді етіп жетілдіруіміз қажет. Бір кішкентай мысал келтірейік:
Түркілер күрес бойынша бүкіл әлемде жеңілмес саналатын. Шынында да халықаралық күрес жарыстарында әрдайым бірінші орында болып келді. Алайда, соңғы жылдары күрестен ешқандай жетістік көрсете алмадық. Неге екенін білесіз бе? Өйткені, еуропалықтар бұрын күресті білмейтін. Оны бізден үйренді. Бірақ, күресті реттеп, оған жаңа, шапшаң әрекеттер, жаңа ойындар, ережелер қосты. Біз әлі бұрынғы атадан қалған әдісте тоқтап қалдық, оның өзін де дұрыс білмейміз. Әлі күрестегі өзгерістерге назар аудармадық. Әліге дейін шетелдік күресшілерден сабақ алғымыз келмейді. Олар өздері шығарған жаңа тәсілдердің арқасында біздің палуандарды әрі-бері лақтыруда. Міне, сондықтан да дүниелік істерді бізден жақсы білетін адамдардан міндетті түрде үйренуіміз керек. Барлық нәрсені жақсы білемін деп ойлайтын адам не ақылсыз, не рухани ауру болып табылады.
Дініміз діни білімдер мен жаратылыстану ғылымын бір-бірінен ажыратқан. Діни білімдерге, Ислам ахлақына және ғибадаттарға аздаған өзгеріс енгізудің өзіне қатаң тыйым салған. Ал дүниелік істерде, басқа ғылым салаларында түрлі өзгерістер жасауды, табылған барлық жаңалықтарды үйренуімізді және орындауымызды бұйырған. Соңғы жылдары Османлы мемлекетін қолға түсірген зиялысымақтар дініміздің осы бұйрығының терісін орындады. Масондарға алданып, діни білімдерді өзгертуге, дін негіздерін ыдыратуға тырысты. Еуропаның ғылымда өрлеуіне, ашқан жаңалықтарына қарамады. Тіпті, ғылымды, жаңа технологияларды пайдаланбақшы болған түрік сұлтандарын шәһид етті. Масондардың қолында құралға айналып, дамуды технологияда емес, дінде реформа жасауда іздеді. Ғажап болғаны, діни білімдердің тазалығына тиісу соңғы жылдарға дейін саяси партиялар арасында да жалғасты. Өз партияларына қолдау көрсетпегендіктен саясатқа араласпаған пәк мұсылмандарға кәпір деуге дейін барған саясаткерлер шықты. Аллаһқа шүкірлер болсын, осы таза, асыл халықты пәлекетке сүйрейтіндерге «Тоқта!» дейтін құтқарушыларды жаратты. Әйтпесе, қасиетті дініміз бен отанымыздан айрылып, коммунисттердің ауына түсер едік. Әлхамдулиллаһ алә хәзиһ-ин-нимәһ!
Түркияда қазіргі кезде [м.2000 жылы қор университеттерін қосқанда] 57 университет бар. Мұсылман түрік жастары заманауи дүниелік ілімдер мен ғылымды үйренуге және басқа мұсылман мемлекеттерге үлгі болуға тырысуда. 1981-82 жылдары түрік университеттеріне мұсылман елдерден келген студенттердің саны бірнеше мыңға жеткен. Енді сіздерге саналы бір еуропалық кісінің мұсылман елдердегі ғылыми жұмыстар туралы жазған мақаласын ұсынамыз. Бұл мақаланың авторы Джан Феррера есімді француз, мақала «Science et Vie» журналының 724-санында 1978 жылы қаңтарда жарияланған. Мақаланың тақырыбы «Les Universites du Petrole – Мұнай университеттері». Феррера мақаласының бір бөлімінде былай деген:
«Мұхаммед (саллалаһу алейһи уәсәлләм) 632 жылы Мәдинада сүйікті жары Айшаның қолында қайтыс болды. Одан кейінгі жылдарда қазір Сауд Арабиясы деп аталатын жерден шыққан мұсылмандар Атлант мұхитынан Амур өзеніне дейін созылған үлкен Ислам империясын құрды. Мұсылмандар өте қуатты, сабырлы, батыл болумен қатар, соғысты жеңген кезде рақымдылық көрсететін еді. Өткен жерлерінің бәрінде көбіміз әлі білмейтін үлкендікте мәдениеттің негізін қалады. Бағдаттан Қуртубаға дейінгі үлкен территорияда құрылған Ислам университеттері ол кезде білім деңгейі төмен болған еуропалықтар мойындамайтын, тіпті жойғысы келген көне мәдениеттерді жаңадан жандандырды. Птолемей, Эвклид, Архимедтің еңбектерін араб тіліне аударған мұсылмандар Үнді ғалымдарының да шығармаларын өз тілдеріне аударып, оларды да зерттеп, бүкіл әлемге таратты. 8-ғасырда алғаш рет «Aix-la-Chapellede Charlemagne» сарайына халифа Харун Рашидтің атынан қонаққа барған мұсылмандар сарайдағы адамдардың білімсіздігіне және көпшілігінің әріп танымайтындығына таң қалған. Мұсылмандар 9-ғасырда еуропалықтарға алғаш рет сандар мен нөлді үйретті. «Нөл» саны алғаш рет үнділер тарапынан табылған еді. Бірақ, оны еуропалықтарға жеткізген мұсылмандар болды. Сол сияқты, тригонометрияны еуропалықтарға тағы да мұсылмандар үйретті. Алдымен синус [Жәйб] пен косинусты [Тәжәййуб], кейіннен барлық тригонометрияны еуропалықтар мұсылман университеттерінен үйренді. 9-ғасырдан 12-ғасырға дейін әлемде қаншалықты ғылыми және техникалық жаңалық бар болса, олар тек мұсылман университеттерінде оқытылатын еді.
[Османлы мемлекетінен көптеген ғалымдар шықты. Олардың қазіргі мәдениетке қосқан үлкен үлестері арттарында қалдырған құнды кітаптарынан аңғарылады. Солардың бірі – Стамбулда Явуз Сұлтан Сәлим (рахимә-һуллаһу та’ала) мешітінің уақыт белгілеушісі және бас астролог болған Мұстафа бин Әли мырза (рахимә-һуллаһу та’ала). 979 [м.1571] жылы қайтыс болған. «Илам-ул-ибад» атты географиялық және «Тәсхил-ул-миқат фи-илм-ил-әуқат», «Тәйсир-ил-кәуакиб», «Қияфәт-ул-уақт фи-руб-и даирә» атты астрономиялық кітаптарында таң қаларлық мәліметтер бар. 874 [м.1469] жылы қайтыс болған Абдулазиз Уәфаидың (рахимә-һуллаһу та’ала) «Қияфәт-ул-уақт ли-марифәт-и даир» кітабы да қазіргі астрономияны түсіндірген.]
Медицина туралы көне гректер тарапынан жазылған еңбектер орта ғасырда сауатсыз христиандар тарапынан өртелгені үшін олардың түпнұсқалары қазір біздің қолымызда жоқ. Ол кезден әр жерде сақталып қалған кейбір бөлімдер бағдаттық Хусейн ибн Жохағ тарапынан араб тіліне аударылған. Бұл атақты адам Платон мен Аристотельдің шығармаларын да араб тіліне аударған.
Мәмун халифа заманында Бағдаттан шыққан есеп, геометрия және ғылыми кеңес ғалымы үш ағайындының бірі Мұхаммед бин Мұса Харезми күннің биіктігін және жер экваторының ұзындығын өлшеген және намаз уақыттарын белгілейтін астролябия [Руби даирә] құралдарын жасаған. Алгебра кітабы ағылшын тіліне және Астролябия кітабы латын тіліне аударылған. Ол 233 [м.847] жылы қайтыс болған.
Мұсылман астрономдар жердің шар тәріздес екенін дәлелдеп, еуропалықтардың «Жер тегіс, теңізбен алысқа баратын болсақ, ауып кетеміз» деген сенімін теріске шығарды. Дұрыс түрде жердің айналасын өлшеуге қол жеткізді. Еуропалықтарға көп нәрсе үйреткен және ренессансты дайындаған Аббаси империясы, өкінішке орай, біртіндеп ыдырай бастады. 656 [м.1258] жылы монғолдар Бағдатты басып алды. Ол жақты жер мен жексен қылып, мұсылмандар орнатқан үлкен мәдениетті жойды. Ал қазіргі жағдай қандай? Ислам мәдениетінен жаңа бір ренессанс [жаңадан жандану] күтуге болады ма?
Орта ғасырда мұсылмандар алтын, бағалы дәмдеуіштер және хош иісті ағаштарды іздеп тауып, бұлардың бір бөлігін еуропалықтарға экспортқа шығаратын. [Сүлейман алейһиссаламның заманындағыдай.] Қазір қара алтын, яғни мұнай осылардың орнын басты. Ал енді мұсылмандар уақыт өте келе Ұлы Ескендір немесе Наполеон құрған империялары сияқты үлкен мемлекеттерін қайтадан құра алады ма? Арабтар қазір мұнайдың арқасында бай. Қолдарындағы осы бай қазынаны пайдаланып, күшеюге тырысуда. Бұл үшін не істеу керектігін бізге Кувейт зерттеу орталығының басшысы профессор Мұхаммед Әл-Шамали: «Ең алдымен ғылым мен техника саласында ілгерілеуіміз керек. Ол үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын арттырып, ғалымдар жетілдіруіміз қажет» деп түсіндірді.»
Француз жазушысы Феррераның мақаласынан алынған бөлім осы жерде бітті.
Ислам ғалымдарының айтуы бойынша, «Ислам ілімдері» екі бөлімнен тұрады: Біріншісі «Діни білімдер», екіншісі «Жаратылыстану ғылымдары». Ислам ғалымы болу үшін екеуін де үйрену керек. Діни білімдерді үйрену және орындау әрбір мұсылманға қажет. Яғни, «Фарз-ы айн». Жаратылыстану ғылымдарын тек осы іспен айналысатындардың үйренуі және қолдануы керек. Яғни, «Фарз-ы кифая». Осы екі парызды орындаған халық міндетті түрде дамиды. Мәдениетті болады. Құран кәрімде Шура сүресінің 20-аятында Аллаһу та’ала: «Кімде-кім дүние ниғметтеріне қол жеткізгісі келсе, оған қалағанын беремін. Ахирет ниғметтерін қалаған адамға да қалағанын беремін» деген. Қалау тек сөз арқылы болмайды. Себепке жабысу, яғни еңбектену керек. Аллаһу та’ала дүние ниғметтері мен ахирет ниғметтеріне қол жеткізу үшін еңбек еткендерге тілегендерін беретініне уәде етуде. Мұсылман болса да, болмаса да, дүниелік ниғметтерді мен қалағандай еңбектенген барлық адамға беремін дейді. Еуропалықтар, американдықтар, коммунисттер осылай еңбек еткендіктен, дүние ниғметтеріне қол жеткізуде. Орта ғасырдағы мұсылмандар осылай еңбектенгендіктен, мәдениеттің көшбасшысы болған. Аббасилер мен Османдықтардың соңғы кезеңдерінде ішкі және сыртқы дұшпандардың, яғни дін дұшпаны болған масондардың ықпалымен жаратылыстану ғылымдарын үйренуден, үйретуден, ғылым мен өнер саласында жұмыс жүргізуден мақрұм қалды. Мемлекет билігін қолға түсірген надан иттихадшылардың (еуропада тәлім алған жас түріктер партиясының) осы артта қалуға ықпалы көп болды. Осы себептен алып мемлекет ыдырады.
Діни білім иман, ғибадат және ахлақтан тұрады. Бұл үшеуінің бірі кем болса, діни білім толық болмайды. Нұқсанның пайдасы болмайды. Көне римдіктерде, гректерде және Еуропадағы, Азиядағы мемлекеттерде жаратылыстану ғылымдары бар болатын. Бірақ, діни білім нұқсан еді. Сондықтан ғылым мен техникада қол жеткізген жетістіктерін жаман жерде қолданды. Бір бөлігі өнер туындыларын зауықта, ұятсыз жерде қолданды. Біразы техникалық құралдарды адамдарға зұлымдық, қастандық жасауда қолданды. Мәдениетті болу былай тұрсын, бөлшектеніп, ыдырап, жойылып кетті.
Қазірге кезде де мұсылман болмаған социалистік мемлекеттерде жаратылыстану ғылымдары дамыған, техникалық жетістіктері, ауыр өнеркәсібі жоғары деңгейде болғанымен, діни білімдердің үш бөлімінен де мақрұм. Соның кесірінен олар мәдениеттілердің емес, тіпті жабайы адамдар да жасамайтын жамандықтарды жасауда. Ислам ілімдерін меңгермеген мұндай мемлекеттердің соңы жойылып кетуге барады. Тарих қайталанудан тұрады. Сауд Арабиясы мен сол сияқты елдер тарихтан ғибрат алып, тек дүниелік ниғметтер үшін еңбектенумен шектелмей, имандары мен ахлақтарын түзетуі тиіс. Тек ғылымда ғана ілгерілеу оларды мәдениетке жеткізбейді, пәлекеттен, құлдыраудан, жойылудан құтқара алмайды.
Түркия қазір ата-бабалары сияқты еңбектенуде, ғылым тұрғысынан басқа мұсылман халықтардың жетекшісі болып отыр. Бірақ егер жастар жаратылыстану, архитектура және медицина салаларында еңбектеніп, барлық ашылған жаңалықтарды зерттеудің орнына саясат ойындарының құралдарына айналса, топтарға бөлініп, қате ұйымдарға қатысса, бір-бірімен дауласуға кіріссе, оларға жұмсалған еңбекке обал, оларға артылған үмітімізге обал! Жастарымызды осындай зиянды түсініктерден, қате идеологиялардан, қате жолдардан қорғайтын бірінші күш – жүректің таза және мінездің жақсы болуы. Бұл екі ізгіліктің қайнар көзі – дін. Өйткені Ислам діні, жиі қайталағанымыздай, адамның жаман іс жасауының, жаман жолдарға түсіп адасуының алдын алады. Оны мемлекекетіне, мемлекеттің үлкендеріне бағынышты етеді. Оған ең дұрыс жолды көрсетеді. Бұл жердегі мақсатымыз – шынайы Ислам ілімдерін үйрену. Әйтпесе дін атын жамылған, жастарды қате жолдарға сүйрейтін фанаттар, мұнафықтар көрсететін қате пікірлер мен сенімдер емес! Ислам – Әһли сүннет ғалымдарының білдіргеніндей бүтіндеуші дін. Ол ешқашан ыдыратушы және бөлшектеуші болмаған. Ей, қадірлі жастар! Сендерді, батысқа сатылған иттихадшыларшығарған көтеріліс жасау, елді ыдыратып, бөлшектеуге шақыратын араңдатушылардан сақ болыңдар! Өйткені, олар Исламның және еліміздің дұшпандары болып табылады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024