Қарыздар кісіге уақыт беру

Сұрақ: Қарызын өтей алмай жүрген адамға қарызын қайтару уақытын созу, яғни уақыт беру керек пе?

Жауап: Қарызын шынымен де өтей алмай жүрген адамға уақыт беру парыз, көп сауап. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Қиямет күнінің үрейінен құтылуды және Аллаһу та'аланың қамқорлығында болуды қалаған адам қиналып жүрген қарыздар кісіге уақыт берсін!» (Табарани)

«Қиналып жүрген адамға жеңілдік берген немесе сондай адамның қарызын өтеген адамды Аллаһу та'ала қиямет күні үрейден, қорқыныштан және қиыншылықтардан құтқарады.» (Мүслим)

«Кедей қарыздарға қарызын өтеуге жеңілдік берген адамға күнде сол қарыз шамасындай садақа сауабы жазылады.» (И.Ахмед)

«Кімде-кім қарызын өтей алатындай уақытқа дейін кедейге уақыт берсе, күнәларына тәубе етуі үшін Аллаһу та'ала да оған уақыт береді.» (Табарани)

«Қиыншылықтан құтылу, мақсатына жету және Арштың көлеңкесінде болуды қалаған адам қиналып жүрген кісінің қарызын қайтару мерзімін созсын немесе сол қарызды кешіп жіберсін!» (Абдуррәззақ)

«Қияметте күнәсі көп болған бір мұсылман есепке тартылады. Ол адам "Менің еш жақсылығым жоқ. Тек қызметшіме кедей болған қарыздар кісілерді қинамауын, мүмкіндіктері болған кезде қайтар деп айтуын, бір нәрсе сұраса, тағы беруін, қолын бос қайтармауын айтатын едім» дейді. Аллаһу та'ала ол адамды кешіріп, оған: "Ей, құлым, бүгін сен кедейсің, мұқтажсың. Сен дүниеде менің құлдарыма жанашыр болғаныңдай, бүгін біз де саған жанашырмыз" дейді.» (Бұхари)

 

Сұрақ: Кейбір кісілерде алашағым бар еді. Қарыздарын қайтаратын шамалары жоқ. Қайтарсын деп қинасам, күнә бола ма?

Жауап: Иә, қарызын қайтара алмай жүрген кедейлерді қинау харам. Хадис шәрифтерде былай айтылады:

«Қиямет күнінің қиыншылықтарынан құтылуды қалаған адам қиналып жүрген кісіден алашағын кейінге қалдырсын немесе кешіп жіберсін!» (Мүслим)

«Бір мұсылманға Аллаһ разылығы үшін қарыз берген адамға әр күніне садақа сауабы беріледі. Кедейден алашағын тез қайтаруын сұрамаған адамға әр күніне мүлкінің бәрін садақа қылып таратқандай сауап жазылады.» (Хаким)

«Кімде-кім кедейдегі алашағын кешіктірсе немесе кешіп жіберсе, Аллаһу та'ала да қиямет күні оны өз қамқорлығына алады.» (Табарани)